МЕМЛЕКЕТШІЛ ҒАЛЫМ

Уақыты: 2021-01-14 Көрлімі: 1513 Сипаттама

- Зардыхан Қинаятұлының 80 жасқа толғанына орай орай

Нәбижан Мұқаметханұлы тарих ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры...


- Зардыхан Қинаятұлының 80 жасқа толғанына орай

Нәбижан Мұқаметханұлы тарих ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры

1514433935_article_b.jpeg

         Мемлекетшілідік идеологиялық ағым ретінде ХІХ ғасырда Еуропада өріс алған болатын. Онда мемлекетшілік идеяны патриотизмдік рухпен ұштастырып, «мемлекет бәрінен жоғары тұрады» деген сананы азаматтар жадына терең сіңірді. Сондай-ақ ұлттық тәуелсіздік пен мемлекеттік біртұтастықты нығайту – азаматтардың ең басты парызы екенін анықтап, мелекеттік тәуелсіздік пен жеке азаматтар арасындағы қатынастың өмір мен өлімге саятын маңызын түсіндірген болатын. Сондан болар, қазіргі еуропалықтардың санасына мемлекеттердің үлкен кіші болуына қарамастан теңдік пен өзара құрмет қағидаты қатаң сақталып келеді.

Ал Қазақстанда ел тәуелсіздігі қайта қалпына келген соң ғана мемлекттілік мәселесі көтерілді. 2015 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұйғаруымен республика көлемінде Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығы салтанатты түрде аталып өтілді. Бұл іс жүзінде дербес Қазақ хандығы немес Қазақ мемлекеті 1465 жылы құрылған дейтін тұржырымының ресми түрде жариялануы болды. Бұл тарихи тұжырым жайдан-жай жасалған жоқ, соған дейін отандық тарих ғылымында жүргізілген жан-жақты терең зерттеулердің нәтижесінде қабылданды.

         Отандық тарих ғылымында Қазақ мемлекеттілігінің тарихын зерттеудың кешенді жобасын алғаш ұсынған ғалым Зардыхан Қинаятұлы еді десем қателесе қоймаспын. Зақең аға Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі ретінде «Қазақ мемлекеттілік тарихы» атты жобаны ұсынған, оны сол кездегі институт директоры, профессор Мәмбет Қойгелдиев қолдап мемлекеттік зерттеу нысанына енгізді, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі қаржыландырды. Тақырыпты зерттеуге З.Қинаятұлының өзі жетекшілік жасады, зерттеу тобына З.Қинаятұлы, Н.Мұқаметханұлы, Ә.Даулетханұлы, Ә.Қайдарова, Б.Е.Көмеков, Қ.Өскенбай, А.Исин, К.А.Пишулина, Н.Атығаев (кіпта көрсетілген реті бойынша) қатарлы кәсіби тарихшылар қатысты. Зерттеу нәтижесінде «Қазақ мемлекеттілігің тарихы (ежелгі және ортағасырлық кезең)», «История Казахской государственности (древность и средневековье)» деп аталған екі тілдегі монография 2007 жылы «Адамар» баспасынан шықты (қазшасы. 432 б.; ор. 416 б.).

         Бұл еңбектің басты жаңалығы - қазақтың мемлекеттілік тарихының генезін Қазақстан аумағында салтанат құрыған ежелгі және ортағасырлық мемлекеттерден қарастыруында болды. Монографияда Сақ бірлесті (б.з.д. VII-б.з.ІІ ғ.), Үйсін мемлекеті (б.з.д.ІІ ғ. - б.з.VI ғ.), Қаңлы мемлекеті (б.з.д.ІІ ғ. - б.з.VI ғ.), Батыс Түрік қағанаты (603 - 659 ж.), Түркеш қағанаты (692 - 766 ж.), Қарұлық қағанаты (692 - 766 ж.), Қарахан мемлекеті (ІХ - ХІІ ғ.), Оғыз мемлекеті (ІХ-ХІІ ғ.), Қимақ қағанаты (ІХ - ХІІ ғ.), Қыпшақ хандығы (ХІ-ХІІ ғ.), Керейт хандығы (ІХ - ХІІ ғ.), Найман ұлысы (ІХ - ХІІІ ғ.) арасындағы тарихи сабақтастықтарды жалғай отырып, қазақтың ұлттық мемлекетінің қалыптасу процессінің дамуын әр түрлі тіл-жазуда жазылған мол тарихи деректермен дәйектеген. Сонымен бірге Қазақ мемлекетінің Ақ Ордадан ХVII ғасырға дейінгі даму үдерісін пайымдаған. Бұдан Зардыхан Қинаятұлының қазақ мемлекеттілігі тарихының негізі және даму процесіне ұстанған концепциясының ғылымилығын көруге болады.

 Заридыхан Қинаятұлы артына 15 томдық мұра қалдырды. Соларды саралап қарасақ, Ғалымның зер сала зерттеген тақырыбының көбі - Қазақ мемлекеттілігінің тарихы екенін аңғарамыз. Өйткені жаңға тәуелсіздік алған Қазақстан елінде, тарихта дербес мемлекеті болмаған дейтін сандырақтар көп айтылатын-ды. Олардың көздеген мақсаты - тарихта ұлттық мемлекеті болмаған елге қолдан жасалған мемлекеттің өмір сүруге құқығы жоқ деген пікір қалыптастырып, ел тәуелсіздігін мансұтау екені анық. Қазақ та ғана емес, тіпті жалпы көшпенділерде мемлекет болмаған дейтін көзқарасты уағыздайтын еңбектер шетелдерде көп жазылған.

Міне, осындай қате әрі аса қауіпті көзқарастарға тойтарыс жасау үшін, Зардыхан Қинаятұлы қазақтың мемлекеттік тарихына қоса көшпенділердің тарихтағы мемлекеттік құрылымдарын және олардың өзіндік ерекшеліктерін терең де жан-жақты зерттеп, көшпенділерде мемлекет болғанын, соның ішінде қазақ мемлекеттілігінің аймақтық бірлестіктерден, рулық одақтастық құрғанын, одан елге, ұлысқа, ұлттық мемлекетке көтерілген тарихи даму процессін бұлжымас фактілермен дәйектеп, ғылыми теориялармен пайымдаған.

Бұл сөзімізге мысал ретінде ғалымның мына еңбектерін келтіреміз: «Қазақ мемлекеттілігі және Жошы хан» («Елорда» баспасы, 2004 жылы, 344 б.) атты күрделі монографиясын баспадан шығарды. Кейін оқырмандардың сұранысы бойынша оны тың деректермен, жаңа қорытынды тұжырымдармен толықтырып қайта бастырды («Елтаным баспасы» баспасы, 2014 жылы, 360 б.). Бұл ғылыми еңбегінде ғалым қазақтық ұлттық мемлекетінің қалыптасу негізін  терең зерттеген. Автор аталмыш еңбегінде Жошыны қазақ хандығының атасы деп санап, оның саяси өмір тарихындағы ақтаңдақтары толықтырады; екіншіден, Ақ Орда мемлекеті төрт құбыласын тең басқан мемлекет екендігін талдап көрсетіп, бірнеше жаңа көзқарастарды ортаға қойылған: «Ақ Орда қазақтың алғашқы мемлекеті»; «Қазақтың алғашқы ақ тулы Ақ Ордасы Сығанақта тігіліп, Қазақ билік династиясы сонда қалыптасты»; «1465-1466 жылдары құрылған Қазақ хандығы іс жүзінде Ақ Орданың жаңаша қайта шаңырақ көтеруі болып табылады»; «Қазақ халқы өзінің атамекен жері, тілі мен мәдениеті, мемлекеттілік ежелгі үдеріс салты бар ұлт ретінде қалыптасу процесі ХІV ғасырдың соңы – ХV ғасырдың басында аяқтады және ол Қазақ мемлекетінің жаңа биікке көтерілуінің алғы шартын қалады» т.б.

Осы тақырыпты ғалым терең бойлай отырып, қазақ мемлекеттілігін тіпті де кең тарихи уақыт пен кеңістікте қарастырып, екі кітаптан тұратын «Шыңғыс хан және Қазақ мемлекеті» атты монографиялық зерттеу еңбегін 2010 жылы баспадан шығарды («Тарих тағылымы» баспасы, 728 б.). Бірінші кітабын Шыңғыс ханның этнотегі, саяси өмір тарихына арналған. Оны автор «Шыңғыс қаған тақырыбы әбден иі қанған тақырыптардың бірі. Қазақ жұрты шындықты білсін деп жаздым. Әйтпегенде біз үшін ол аса актуальды тақырып емес» деп түсіндіреді. Ал «Қазақстан моңғол ұлыстары билігі дәуірінде» деп аталатын екінші кітабында, автор қазақ тарихына қатысты өзекті мәселелерді терең зерттеген. Әсіресе, моңғол шапқыншылығының салдарын терең қарастырған. Қазақ хандары әулеті, қазақтың этнотерриториясы, қазақ ұлтының қалыптасуының өзіндік ерекшеліктері мен ұлыстық жүйенің әсері қатарлы күрделі де маңызды мәселелерге жан-жақты талдау жасаған. Зақең түйіндеген әрбір ғылыми тұжырымдары, оның келтірген сенімді түпнұсқа деректерімен айғақталып, теориялық пайымдармен дәйектеп отырады. Ол өзі де «мен аса бай тарихи деректерге сүйене отырып, мәселеге ғылыми жауап беруге тырыстым» дейді.

Ғалымның монографияларының қай-қайсы да мол деректер негізінде зерттеліп, ғылыми теориялық пайымдармен тұжырымдалып отырады.

Зардыхан Қинаятұлы Қазақ хандығын – Қазақ мемлекетін халықарада мойындату үшін, «көшпенділерде мемлекет болмаған» дейтін бұрынан келе жатқан тарихи-идеологиялық ағымға үзілді-кесілді қарсы көзқарасын пайымдаған ғалым. Сондай-ақ ол республикалық және халықаралық конференцияларда аталған мәселе бойынша ашық пікірсайысқа шығатын ғалым ретінде де танылмал тұлға болатын. Өйткені ол өзінің тарихи деректері мен ғылыми теорияларына бек сентін-ді. Оның «Тарихқа көзқарас» («Мерей» баспасы, 2017, 1-том, 456 б.) деп аталатын ғылыми-танымдық мақалар жинағына енген «Көшпенділер мемлекетінің пайда болу ерекшеліктері мен типі: Қазақ мемлекеттілігін кезеңге бөлу мәселелері» атты ғылыми мақаласында, көшпенділер мемлекетін типтеп көрсетеді: 1) Тайпалар одағы, 2) Ел, Ұлыстар, 3) Ұлыс, елдер бірлігі немесе держава, империя деп жіктеп, әрқайсысына өздерінің тарихи тәжірибесі негізінде талдау жасай отырып, қазақ мемлекеттілігілігін ежелгі хұн, түрік және ортағасырлық моңғолдың ұлыстық жүйесінің трансформациялануынан өтіп, жетілген түрі Қазақ хандығы деп пайымдауы, іс жүзінде көшпенділер мемлекеттілігінің тарихи жүйесін тұрғызып, жаңа теориямен пайымдаған. Автор қазақ мемлекеттілігі тарихын алты кезеңге бөліп қарастырады: 1) Сақ, Хұн, Үйсін дәуірі, 2) Түрк мемлекеттері дәуірі, 3) Моңғол ұлыстары билігі дәуірі, Ақ Орда дәуірі, 4) Қазақ хандығы дәуірі, 5) Ресей, Кеңес Одағы отаршылдығы дәуірі, 6) Тәуелсіз Қазақ мемлекеті дәуірі. Міне, бұдан ғалымның тарихи логика бойынша қазақ мемлекттілік тарихын кезеңдеу - дәуірлеуін көреміз.

Ғалымның мақалар жинағының 1 томынан «Көшпенділердің оянуы: Кіші Азиядағы алғашқы көшпенді мемлекет», «Қазақ мемлекеті қай дәуірден басталады», «Қазақ даласындағы мемлекеттік өркендеудің сабақтастығы», «Ақ Орда қазақтың алғашқы мемлекеті ретінде танылуы керек», «Сығанақ алғашқы қазақ мемлекеті – Ақ Орданың астанасы», «Взгляды Л.Н.Гумилева на вопрасы образования государственности у кочевых народов» деген сияқты мемлекеттік тарихты зерттеген мақаларын көреміз. Ал «Тарихқа көзқарастың» атты мақалар жинағының ІІ-томында: «Қазақ хандарының ата – тегі шежіресі»,  «Қазақ хандығы құрылуының алғы шарттары, мемлекеттің сипаты»,  «Қазақ хандарының атасы Орысхан Шымтайұлы»  «Қазақстан тарихын дәуірлеудің теориялық, методологиялық мәселелері» атты еңбектері жинақталған. Мұндай арнайы тақырыптық зерттеулер Зардықан Қинаятұлының қазақтың мемлекеттік тарихын зерттеуге қаншалықты күш салғанын, және оның табысты болғанын көрсетеді.

Зардықан Қинаятұлын қазақтың мемлекеттілігінің тарихы қана емес, тәуелсіз Қазақстанның дамуы болашағы қатты толғандыратын. Бұған мысал ретінде оның мына бір-екі еңбегін атап айтуға болады: «Еуроазияшылық қазақты қайда апара жатыр?» («Жас алаш» 15 мамыр, 2004 ж.) деген мақасы мен жоғар мінберден айтылған «Қазақстанда,  қазақтарда ешқашан шекара болған жоқ» деген пікірге қарсы уәж айтқан «Біз тарихтан қазақтың өз орнын іздеп жүрміз» деген сұхбаты («Жас қазақ» 20 қазан 2006 ж.). Міне, бұлар Зақаңның мемлекетшіл патриот, нағыз ғалым екенін көрсетеді. Оның мемлекеттік мүдде тұрғысынан ізгі ниетпен айтқан сыни пікірлерінің маңыздылы қазір де өзектілігін жоғалтқан жоқ. 

Еуропа ойшылары: ғалымдар қоғамға сыни көзқараспен қарауы керек, ізгі ниеттегі сыншылдық - дейді. Мен Зақаңды осындай ғалымдардың бірі және бірегей деп айтар едім.

Мен Зардыхан Қинаятұлымен әріптес болып біраз жыл бір бөлімде жұмыс жасадым, жалпы 20 жылдай етене жақын араластым, ол кісіні өзіме үлгі тұттым, аға санатым, ол кісі де мені туған бауырындай жақсы көрді. Зақаң аға айықпас ауырумен ұзақ ауырды ғой, жиы-жиы көңіл-күйін сұрап тұрдым. Бір күні ол кісі маған телфон шалып: Нәбижан, мен енді бір ай ішінде өмірден өтемін, жазған «Найман хандығы: тарихы және мәдениеті» деген монографиям және баспаға дайындаған екі томдық ғылыми-танымдық мақалар жинағым бар еді. Соларға Жәркен (ұлы - Жармұқамет) екеуің ие болсаң, сен өзің соларды мұқият қарап шығып, баспадан шығаруға көмектессең - деді. Мен қатты тоқып кеттім, тапсырмасын орыдауға уәде бердім.

Сонымен үш томдық қолжазбасының ғылыми редакциясын қарап баспаға дайындадым. Марқұмның жылдық асы қарсаңында, Сабыржан Мұқаметханұлы Зардыхан ағаның өзіне берген уәдесі бойынша «Найман хандығы: тарихы және мәдениеті» атты аса қомақты монографиясына демеушілік жасады; «Тариққа көзқарас» атты ғылыми мақалалар жинағының 1-томының баспадан шыңуына Омарәлі Әділбек жетекшілік ететін «Жебеу»  Респубикалық қоғамдық бірлестігі көмек көрсетті, «Мерей» баспасы 2017 жылы бұл кітаптарды сапалы басып шығарды. Енді міне Зақаңның туғанына 80 жыл толуына орай «Тариққа көзқарас» атты ғылыми мақалалар жинағының 2-томын «Алтын жұлдыз компаниялар» тобының басшысы Алтынғадысұлы Жаннаттың демеуімен «Мерей» баспасы шығарып отыр.

Осы орайда, аса қадырлі Қинаятұлы Зардыхан ағаның өсиетін орындап, борышымды өтегенімді айта кеткім келеді. Ағаның аруағы риза болғай! Марқұмның артына қалдырған мол ғылыми, мәдени мұралары халқының рухани азығы болып қала береі сөзсіз.

 

Алматы, 2020 жыл 17 қараша.

 

Ескерту: 20 қараша 2020 жыл «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» «Отандастар қоры» ұйымдастырған, мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-ғалым Зардыхан Қинаятұлының 80 жылдығына арналған «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы және Зардыхан Қинаятұлы» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайын-конференцияда жасалған баяндаманың толық мәтіні.

 

 

 

                                                                                                  

 

                 

        

 

 

        

        


Пікір жазу
  • Омарәлі ӘДІЛБЕКҰЛЫ. Құдық
    З. ҚИНАЯТҰЛЫНЫҢ КӨШПЕНДІЛЕР МЕМЛЕКЕТІ ЖӨНІНДЕГІ ТЕОРИЯСЫ