Бөліну мен бірігудің ескерткіші

Уақыты: 2021-04-06 Көрлімі: 38099 Сипаттама

“Сонымен Ресей империясы Қазақ даласын отарлауды Әбілқайыр арқылы Кіші жүзден бастауд...

Снимок.JPG

“Сонымен Ресей империясы Қазақ даласын отарлауды Әбілқайыр арқылы Кіші жүзден бастауды жоспарлап, 1731 жылы алғашқы ресми елшісін жіберді. ....... ХVIII ғасырдың 30-жылдары қазақ қоғамының саяси өміріне Ресейдің орталық саясат факторы қосылды”.(21бет).

“Цин патшалығы Жоңғарларға жорық жасау қарсаңында қазақтарға елші жіберіп байланыс жасаған болып, олардың райын — реакциясын барлап баққан болатын.......Алайда Абылай......мәселені соғыспен емес, дипломатиялық тәсілмен шешуді жөн көріп, цин әскерлерінің алдыңғы шеп қолбасына елші жіберіп, ат тарту етіп, бейбіт мәмілеге келіп, өзара сауда жасауға уағдаласты. Осылайша Қазақ хандығы мен Қытай Цин патшалығы арасында тікелей байланыс басталады”.(25бет).

“ХVIII ғасырдың соңғы жартысында Алтайдағы ежелгі Атажұртына қайта барып орын тепкен қазақтың Абақ керей руларының біраз бөлігі жайлы жайылым жер іздеп, Х1Х ғасырдың екінші жартысында Алтай тауының теріскей бетіндегі моңғол жеріне қоныс аудары бастады, және біраз бөлігі Тянь-шанның (Тәңір тауының) шығысына қарай көшіп, Еренқабырға, Баркөл аудандарына барып қоныс тепті”(36бет).

“Қазан төңкерісіне дейін қазақ аймақтарының көлемін одан кейін ҚазАКСР-і кезеңіндегі жер көлемімен салыстырғанда, Орал, Орынбор, Қостанай және Ақмола облыстарынан 11%-ға азайған……. Демек, біршама қазақтар отырған жерлерімен бірге Ресей құрамында қалып қойған. Міне, бұл Ресей мемлекетіне қазақтардың заңды түрде танылуы еді”.(43бет).

“Ал орталық Азиядағы ұлттық әкімшілік аумақтарды, Кеңес өкіметі 1924 жылы жүргізген зор көлемдегі этникалық территорияларды анықтау науқаны арқылы белгіледі. Соның нәтижесінде......қазақ халқының құрамдас бөліктері де отырғaн жерімен бірге басқа көршілес республикалардың азаматына айналып кете барды”.(45бет).

“Қазақтардың Атамекенінен алыс шетелдерге босып кетуі ХХ ғасырдың 40 жылдары Қытай қазақтарынан басталды”. (50бет).

Бұл тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұқаметханұлының «Халықаралық фонемен: қазақ халқының бөлінуі мен тұтастану үдерісі» («Қазақ университеті баспасы», 2021жыл). монографиясындағы мәліметтер. Аңғарғандарыңыздай кітапта қазақтың нешелеген елге бөлініп қалуының тарихы мен себептері тайға таңба басқандай анық та ұғынықты баяндалады. Кітап ғылыми ортада танылған тарихи жазба деректерге сүйене отырып, қазақ қауымының қашан, қалайша, қандай ішкі және сыртқы факторлардың ықпалымен тұтастығынан ажырап, бөлініп кеткендігін жүйелі, ретімен, қолмен ұстап, көзбен көргендей аса ұғынықты етіп баяндап, ұлтымыздың талқыға толы тарихының суретін көз алдымызға жайып салғандай болады.

Автор ары қарый шетелдегі қазақтардың тағдырын, олардың сол елдер азаматтары ретінде өмір сүрген ортасының тарихи дамуы мен қым-қуыт өзгерістерінің үдерісі ауқымында қарастырады. Сол ортадағы тұрмыс тіршілігі мен кәсіп дағдысының, санасы мен психологиясының, өмірлік танымы мен мәдениетінің сол елдердің саяси жүйесі және мәдениетінің ықпалымен орасан өзгерістерге ұшырағанын, әуелгі діңінен әр қилы деңгейде ауытқи бастағанын, “саяси жатсынуын” нақтылы деректермен тәптіштей баяндайды. Кітапты оқу барысында сіз, тіпті,  қазақтар отырған сол елдердің таяузаманнан бергі тарихынан мағлұмат алып шығасыз.Түрлі елдерде бөлініп қалып, әрқилы өмір сүргенімен, “қазақы сананың әлеуметтік және рухани әлеуетінің” тегеуірінділігінен нәр алған “ұлттық бауырмалдылық” пен Атажұртпен үзіліп кетпеген мәдени байланыстардың арқасында, отырған елдерінде “ішкі бірлікті” бекем сақтауының нәтижесінде этникалық қауымдастық есебінде сақталып қалғаны қолға таяқ ұстатқандай тұшымды дәйектеледі.

“Мың өліп, мың тірілсе де” өшпеген ұлттық сананың - ұлттық тұтастану санасының Қазақстан республикасының тәуелсіздігін жариялануымен бірден дүр беріп қауашақ жайғанын да автор аса шабытты леппен, бірақ нанымды құжаттамалық деректермен суреттеп берумен қатар, Атажұртқа бет алған көш ағынын ұлттың жадысының қатпарларында сүрленіп жатқан осы тұтастану санасынан қуат алуымен түсіндіреді. Осы көштің жарқын парақтарын елге келіп қызмет етіп, еліміздің өркенденуне есе қосып жатқан азаматтардың табысты да шабытты еңбектерінен нақтылы “тірі мысалдарымен” әдіптеп көрсетеді.

Қысқасы, профессор Нәбижан Мұқаметханұлының аталған еңбегі ұлтымыздың тартысты тарихы барысындағы бөлінуі мен азаттықтан кейінгі қайта бірігу үдерісінің ершімді ескерткіші сияқты. Отаршылардың сұрқия мүдделері үшін жадымыздан әдейі өшіруге әрекеттенген және өше бастаған тарихи санамызды жаңғыртып, бір-бірімізден ажырап қалған тарихымызды қайыра үйрететін жүйелі оқулық іспетті.

 Құрмет Қабылғазыұлы

Jebeu.kz

Пікір жазу
  • Әлихан Бөкейханның экономикалық көзқарасы
    Сұрапыл жылдар сұлбасы