Дүкен Мәсімханұлы «Nur Otan» партиясының мүшесі ретінде кезекті партия ішілік іріктеу - праймеризмге қатысуға шешім қабылдапты. Мен оның бұл шешімін толықтай қолдаймын. Өйткені мен Мәсімханұлы Дүкенді біршама жақсы білемін деп айта аламын. Мен 1985 жылы Пекин университетіне ассистенттер аспирантуасына барғанда Бейжин Ұлттар университетінде оқып жүрген Дүкенмен таныстым. 1987 жылы ол университетті озат бітіріп мен қызмет ететін Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясының Ұлттар әдебиетін зерттеу институтына ғылыми қызметкер болып келді. Содан бастап етене араласып кеттік.
Дүкен екеуміз тарихи Отанға бір мезгілде оралдық. 1993 жылдың көктемінде мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына докторантураға келдім, ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шыстану Факультеті қытайтану кафдрасына қытай тіл-әдебиеті мұғалімі болып келді. Тәуелсіз Қазақстанға оралумен Дүкен екеуміздің өміріміз, тағдырымыз түбегейлі өзгерді. Елдегі бостандық Дүкен Мәсімханұлының талантын одан сайын аша түсті. Ол білікті ұстаз, зерделі ғалым және дарынды ақын ретінде қоғамға тез танылумен қатар, оның ұйымдастырушылық қабілеті де ашыла түсті. 1999-2002 жылдары аталған оқу орнында кафедра меңгерушісі қызметін атқарды.
2002 жылы ол Л.Н.Гумилев атындағы Еурразия университетіне ауысып барып, 2019 жылға дейін сол университеттің шығыстану және қытай филологиясы кафдерасының меңгеруші қызыметін, 2019-2020 жылдары аталған университеттің жанынан құрылған қытйтану ғылыми зерттеу институтының директооры, 2020 жылдың маусым айынан Р.Б.Сүлейменов атныдағы Шығыстану институтының дирокторы қызыметін атқарып келеді.
Отанға оралған 27 жылдан бері Дүкен Мәсімханұлы Отан үшін, ел үшін тәуелсіздікті нығайту жолында білім беру, ғылыми және көркем шығармашылық салада жанқиялықпен қызмет етіп, ауыз толтырып айтарлықтай зор табыстарға қол жеткізді. Атап айтқанда оның 30-дан астам әдеби, ғылыми, аударма еңбектері баспадан шықты, оның ішінде бір үлкен сөздік бар. Ол сөздіктің жаңалығы мен ерекшелігі туралы мен өз кезінде арнайы мақала жаздым. Сондай-ақ Мәсімханұлы осы жылдар ішінде белгілі ғалым, академик Р.Нұрғалидың ғылми жетекшілігімен филология ғылымдарының кандидаты және докторы ғылыми дәрежесін абыроймен қорғап, отандық ғылыми мектептің қайта қортыуынан өтті.
Мәсімханұлы Дүкен қашанда ұлт тағдыры, мемлекет болашағы жөнінде толғанста жүреді. Соның бірі қазақ халқының қайта бірегейлену мәселесі еді. Ол Алматыда тұрған кезінде, яғни 2000 жылы «Қазақстан» ұлттық арнасынан «Алтын бесік» хабарын жүргізіп, шетелдердегі этникалық қазақтардың тарихи отанға оралуы және елге келген қандастардың дөп келіп отырған өзекті мәселелерін көтеріп, Елбасының диаспора саясатының тиянақтануына белсенді рөл атқарғанын атап айтуға тиіспіз.
Дүкен Мәсімханұлы Астанаға барған соң да, кәсіби және шығармашылық жұмыстарының көптігіне қарамастан, қандастар проблемасымен де айналысты. Ол 2004 жылы елордада құрылған қандастардың «Ата жұрт» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып сайланып, қандастарға қатысты заңдық, құқықтық мәселелерді шешуге аянбай атсалып келеді. Сондықтан мен Дүкен Мәсімханұлын қандастар мәселесін ғылыми теориялық тұрғыдан да, практикалық тұрғыдан да терең білетін тұлға деп санаймын.
Мені сүйіндіретіні - Дүкен Мәсімханұлының отаншылдығы мен табиғи дарыны қабысқан еңбекқор азамат. Ол кемел жасқа келген мына шағында халықтық үмітін ақтайды, отанның жүктеген міндетін ақаусыз атқара алады деп санаймын. Сондықтан мен өзім Мәсімханұлы Дүкенді қолдаймын және жұртты оны қолдауға шақырамын!
Нәбижан Мұқаметханұлы
тарих ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жанындағы «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының» директоры.
Алматы, 21.09.2020 жыл.
Jebeu.kz