Д.Абаев: Алтын Орда қалалары қайта қалпына келтіріліп, тарихи-материалдық кешен құрылады

Уақыты: 2021-10-28 Көрлімі: 622 Сипаттама

Бүгін Атырауда «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференц...

photo5463032348942643981_bjC3hTZg.jpg

Бүгін Атырауда «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр. Жиынға қатысқан ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев Алтын Орданың қазақ халқы үшін қаншалықты маңызды екеніне тоқталып өтіп, келесі жылы осыған қатысты қандай жобалар іске асатынын айтты. Оның айтуынша, 2022 жылдан бастап шетел архивтеріндегі Алтын Ордаға қатысты материалдарды іздеу жұмыстары күшейтіледі, республика аумағындағы Алтын Орда қалаларын қайта қалпына келтіріледі, сонымен бірге Уикипедиядағы Алтын Орда тақырыбына қатысты қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі контентті жаңалау, алтынордалық эпостар желісімен балаларға арналған ертегілердің шығарылады. Бұл туралы Strategy2050.kz тілшісінің материалын назарларыңызға ұсынамыз. 

«Алтын Орда - тамыры терең тарихымыздың бір парағы ғана емес, бұл - қазақ ұлты мен мемлекеттілігінің алтын бесігі. Біз сан түрлі ұлыстар мен ру-тайпалардан құралған Ұлық Ұлыстың қазанында қайнап, жеке ұлт болып қалыптастық, дербес хандық құрдық.Бұған тарихпен әсіре мақтану деп емес, генетиктер дәлелдеген дерек деп қараған жөн. Оған қоса Жошы Ұлысы – дала мемлекеттілігінің архетипі, бастау бұлағы. 1465 жылы Керей мен Жәнібек хандар негізін қалаған Қазақ хандығының құрылу себебін Әбілқайырға көңілі толмаған 200 мың халықтың үдере көшкені деп қана қарастыруға болмайды. Қандай күшті болса да, өкпе мен реніш мемлекет құраушы идея бола алмайды», - деді Дәурен Абаев.

Оның сөзінше, алғашқы хандардың түпкі ойы – Алтын Орда жобасын қайта жаңғыртып, Жошы Ұлысының аумағын, онда тұратын халықты біріктіру.

photo5463032348942643983.jpg

«Жылдар өте бұл жобаны ұлы хандарымыздың бірі – Қасым хан жүзеге асырды. Ол Орынбордан Мауреннахрға дейінгі алып аймақты бағындырып, билік жүргізді. Елбасы 2014 жылы Ұлытаудың төрінде берген сұхбатында Алтын Ордадан Қазақ хандығына дейінгі сабақтастық желісін айқындап бергені бекер емес. Бұл идеяны Шоқан Уәлихановтың «қазақтар өздерін алтынордалықтардың ұрпағы санап, құрметтейді» деген сөзі де қуаттай түседі», - деп толықтырды ол. 

Оның айтуынша, сан ғасыр өтсе де, Алтын Орданың мәні мен маңызының халқымыздың санасында берік сақталуы сондықтан.

«Әз-Жәнібек, Едіге, Тоқтамыс, Асан қайғы сияқты Алтын Орда кезіндегі қайраткерлер туралы жыр-дастандар төл фольклорымыздың ажырамас бөлігі. Өзбек хан сүнниттік ханафи мәзһабын Ұлы даланың дәстүрлі діні ретінде берік орнатты. Кенесары Қасымұлына дейінгі қазақ билеушілерінің бәрі де Жошы ханнан тарайды. Жаңа елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласын Ұлы далада әсем шаһарлар салған Ұлық Ұлыс билеушілері ғұрпының жалғасы деуге болады», - деді ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары.



ХХІ ғасырдағы алтынордалық 7 қағида

Ол, сондай-ақ, биыл мамыр айында елордада өткен конференцияда ХХІ ғасырдағы алтынордалық 7 қағиданы баяндағанын еске салды. Оның пікірінше, бұл – бүгінгі заманға бейімдей отырып, бабалар өсиеті ретінде басшылыққа алатын Ұлық Ұлыстың орасан зор тарихи мұрасы. Осылайша, сол қағидаларға бір тоқталып өтті.

Бірінші қағида – мықты «билік вертикалі» арқылы орталықтан басқарылатын мемлекет. Бұл өзіне сеніп тапсырылған жұмысқа лауазымды тұлғаның дербес жауап беруін білдіреді.

Екінші қағида – меритократия немесе басшылыққа лайықты адамдардың келуі.

Үшінші қағида – әкімшілік басқарудың тиімділігі.

Төртінші қағида – ғылым-білім ғұрпы.

Бесінші қағида – диалог мәдениеті.

Алтыншы – дипломатия мәдениеті.

Жетінші – адами құндылықтар.

«Осы жеті бағыттың негізінде өз заманында Алтын Орда жобасы жүзеге асырылды. Олардың мүлтіксіз орындалуы Ұлық Ұлыстың өркен жайып, дәуірлеген ғасырына жол ашты. Бұл негізгі қағидалар бүгін де бізді болашаққа батыл көз тігіп, ХХІ ғасыр талабына сай жаңғыруға бастайды», - деді Дәурен Абаев.



Бұдан бөлек, ол президент өз мақалаларының бірінде «тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек» деп бекер айтпағанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл – маңызды месседж. Ол тарихты кәсібилендіруге бағытталған беталысымыздың айнымастығын айшықтайды. Мұндай шешуші мәселеге үстірт қарауға болмайды.

«Біздің басты мақсатымыз – ұлттық болмысты қалыптастырып, тарихи жадыны қайта құру және қазақстандық патриотизмді нығайту. Осы ретте идеология саласындағы түйткілдің бәрін «Алтын Орда» шешеді деуге болмайды. Бұл – төл тарихымызды шынайы тәуелсіз және егемен мемлекет ұстанымы тұрғысынан түсіндіру бойынша атқарылып жатқан ауқымды әрі кешенді жұмыстың бір бөлігі», - деді ол.

Осы орайда, Дәурен Абаев мынадай міндеттерді орындау қажеттігін атап өтті:

●                тарих ғылымын фрагменттік пен біржақтылықтан арылту;

●                ұжымдық тарихи жадтың негізі ретінде тарихтың жаңа жалпыазаматтық моделін құру;

●                дала өркениетін дамудан тысқары деп сипаттайтын еуроцентристік көзқарасты еңсеру.

«Формациялық, әлем-жүйе және басқа да сатылы тұжырымдамалар Еуразияның аграрлық мал шаруашылығын адамзат дамуының жанама, тұйық бағыты ретінде қарастыратыны жасырын емес. Ұлттық тарихқа деген мұндай көзқарас ұжымдық деңгейдегі кембағалдықты қалыптастыратыны сөзсіз. Мұның соңы ғылыми білімге деген теріс көзқарасқа, жалған тарихқа құмартуға, өзін құрбан сезініп, ксенофобияға бой алдыруға әкеледі», - деді ол.


Бірақ бұл, оның сөзінше, еуропалық ғылымның зияткерлік мұрасынан мүлде бас тарту дегенді білдірмейді. Дегенмен, мұндай тұжырымдамалар ұлттық тарихтың міндеттерін ескере отырып қолданылуы керек.

Сонымен бірге:

●        қоғамда көнетүрік, түрік және қазақ көшпелі мал шаруашылығының бірегейлігі мен өркениеттік құндылығы, сондай-ақ, оның әлемдік өркениеттегі рөлі туралы түсінік қалыптастыру;

●        Ұлы Дала, Ұлы дала өркениеті ұғымдарын өзектендіріп, ғылыми дискурсқа енгізу;

●        еліміздегі тарих ғылымының деректанудан бастап палеогенетикаға дейінгі барлық саласының кешенді дамуын қамтамасыз ету қажет.

Сондай-ақ, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары «Алтын Орда» тақырыбын насихаттау бойынша бірқатар бастаманы мемлекет басшысы мақұлдағанын еске салды. Олардың келесі жылдан бастап жүзеге асыру қажеттігін айтып өтті.

Бірінші, шетел архивтеріндегі Алтын Ордаға қатысты материалдарды іздеу жұмыстарын күшейту;

Екінші, республика аумағындағы Алтын Орда қалаларын қайта қалпына келтіріп, соның негізінде тарихи-материалдық кешен құру бойынша жоспар дайындау;


Үшінші, ғылыми монографиялардың шығуын пысықтау. Мысалы, «Жошы», «Берке», «Өзбек» хандар туралы;

Төртінші, «Ұлық Ұлыс» энциклопедиясының шығуын пысықтап, Уикипедиядағы Алтын Орда тақырыбына қатысты қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі контентті жаңалау;

Бесінші, Ұлық Ұлыстың Жошыдан Кенесарыға дейінгі хандары туралы, Алтын Орданың рухани және материалдық мәдениеті, қалалары мен сауда саясаты жайлы деректі фильмдер сериясын шығару мәселесін пысықтау;

Алтыншы, алтынордалық эпостар желісімен балаларға арналған ертегілердің шығуын қамтамасыз ету;

Жетінші, Алтын Орда тақырыбы бойынша ашылған тың деректерді ескере отырып, мектеп және жоғарғы оқу орнындағы Қазақстан тарихы пәні бағдарламасының мазмұнын өзектендіру.

«Бұл – ғалымдар мен сарапшылардың атсалысуымен ғана жүзеге асатын жұмыстар. Тізе қосып қимылдасақ қана жоғарыда айтылған өршіл мақсаттарға қол жеткіземіз. Біз ұсыныстар мен бастамаларды әрдайым құптаймыз, нәтижелі диалог орнатуға дайынбыз», - деп түйіндеді Дәурен Абаев.

Назерке Сүйіндік 

Дереккөз: strategy2050


Пікір жазу
  • Орта Азияның тұңғыш саяси эмигранты
    Қазақ ою-өpнегінде қандай сыр бар?