Ғазиз Телебаев. Мен көрген Алтынбектің қаталдығы

Уақыты: 2018-09-12 Көрлімі: 1194 Сипаттама

Редакциядан: Бүгін, 12 қыркүйек мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлыны...

A905D14A-E1D5-4EB0-A844-09781FF10613_w1023_r1_s.png

Редакциядан: Бүгін, 12 қыркүйек мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының туған күні. Хантаңірің баурайында туған қазақтың хантаңіріндей биік тұлғасының туғанына 56 жыл. Қайтпас сапарға аттандырғанымызға да 12 жылдың жүзі болыпты. Аз ғана ғұмырында  ұлт мүддесі үшін риясыз жасаған жұмыстарының нәтижесінде халық жүрегіннен мәңіглікке орын алған еді. Саясат саханасында өз қолтаңбасын қалдырып, ұлтқа, елге қызмет жасаудың үлгісін де қалдырып кетті. Бүгінгі күні Алтекеңнің сол шәкірттері мен ізбесарлары түрлі салада азат елімізге қызметін көрсетуде. Туған күніне орай сол азаматтардың бірі Ғазиз Телебаевтың мақаласы "Жас Алашта" жарық көріпті, редакцияның рухсатымен назарларыңызға ұсындық.

Алтынбек Сәрсенбайұлын алғаш 1994 жылы көрдім. Ол кезде мемлекеттік хатшы, белгілі жазушы Әбіш Кекілбаевтың қарамағында жұмыс істейтінмін. Сол кездері ұлттық кеңес деген болатын. Кеңес жиындарын ұйымдастыруға мемхатшылық жауапты еді. Президент өзі басқарған осы ұлттық кеңесте Алтекеңді бірінші рет көрдім. Баяндама жасады. Сөзі салмақты және өтімді екені алғашқы әсерден-ақ байқалды. Кеңестің ұйымдастырушысы өзіміз болғандықтан, жиын соңына қалып, жұрттың тарауын күтіп жүрдік. Ал жиын соңында президент Н.Назарбаев,  Алтынбек Сәрсенбаев және Марат Тәжин үшеуі оңаша қалып, ұзақ сөйлескені есімде. Ол кезде, қателеспесем, Алтекең бұқаралық ақпарат агенттігін басқарды. Мәкең президент әкімшілігінде ақпараттық салаға жетекшілік жасады.


  Ұлттық кеңестің міндеті  Қазақстанның мемлекеттік тұжырымдамасын дайындау, бекіту, іске қосу еді. Тәуелсіздігімізге аса қажетті осындай құжаттардың қабылдануына Алтынбек бір кісідей тікелей араласты.


1997 жылы ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі құрылды. Ол кезде Қазақстанның либералды қозғалысын ұйымдастырмақ болып жүргенмін. Содан министрлікке шақырды. Онда ішкі саясат атты жаңа департамент құрылды. Оған дейін мұндай департамент болмаған-ды. Ішкі саясатпен бұрынырақта тек орталық комитет, кейініректе президент әкімшілігі айналысты.  Ішкі саясат департаментін ашу Алтынбектің идеясы еді. Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі деген атауды да өзі қойды.


  Алтекең ішкі саясатқа қатысты түрлі сұрақтармен министрлік, үкімет айналысуы тиіс деп білді. Ішкі саясат департаменті ол кезде саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, дін мәселелері, жастар, гендерлік саясат, қоғамдық келісім, ақпараттық қауіпсіздік, ұлттар достығы сияқты күрделі мәселелерді қарастырды. Қазір осы салалардың әрқайсысында жеке-жеке мемлекеттік органдар бар.


  Ал Алтекең жаңадан ашқан ішкі саясат департаменті осы салалардың  әрқайсысының тұжырымдамасын бекітіп, саясатын қалыптастыруы керек болды. Жастар саясаты, үкіметтік емес ұйымдар, тағы да басқа көптеген мәселе бойынша заң жобаларын дайындадық.  Осы жұмыстың барлығын Алтекең жасақтаған команда зор құлшыныспен атқарып шықты.


Жаңадан құрылған ішкі саясат департаментін басқаруға Қарағандыдан Нұралы Бектұрғановты шақырды. Өзім де осы департаментке бардым.  Алтекең Нұралы Сұлтанұлы және орынбасары Лев Тараковпен бірігіп кадр іріктеді. Сонда кімдерді шақырды дейсіз ғой? Берік Әбдіғалиев, Ғалым Шойкин, Айдос Сарым, Ерлан Сайыров, Дархан Қалетаев, Талғат Ешен сияқты тағы да басқа талантты жастарды шақырды. Біз бәріміз осы Алтекеңнің министрлігінде қалыптастық, шыңдалдық. Кейіннен Астанаға біріміз қалмай бірге көштік.


  Астанаға көшу  қазір айтқанға да, көшкенге де оңай. Осы күнге дейін бас қалаға үш мәрте көшіп келіппін. Есімнен, әрине, біріншісі кетпейді.


Біз еш ойланбастан Алтекеңе ілесіп жүре бердік. Келе сала бізге дейін радио бөлімі болып тұрған облыстағы телеорталықтың ескі ғимаратының екінші қабатына орналастық. Бірінші қабатта кеңсеміз. Кейбір жігіттер жұмысқа кейде тәпішкемен барады. Нұралы Сұлтанұлы онысына ренжіп ұрысқан болады.


 Целиноградтың қалпындағы Астана Алматы сияқты жайқалған әдемі, жанға жайлы қала емес-ті. Сұрықсыз, түнерген аспаны ашылмайтын, қара суығы мен аязы адамды аямайтын қала. Сонда да еңсеміз түскен емес. Себебі Алтекеңмен жұмыс істеу керемет еді.  Көп бастық телефонмен нұсқау беріп, ананы-мынаны былай істе деп жатады. Алтекеңде оның бірі де жоқ.  Тікелей шақырып алады. Бастықпын демейді. Жүзбе-жүз сөйлесу – жұмыс істеу әдеті. Жастарда не мәселе бар, оның шешімі қандай, жастар не ойлайды, не қиындық көріп жүр, олардың жағдайын жақсарту үшін білім, әлеуметтік қорғау, денсаулық, қорғаныс министрліктерінің жұмыстарын қалай үйлестіреміз, тұжырымдаманы қалай жасаймыз, саясатты неден бастаймыз дегендей сұрақтарға ойыңды сұрап біледі. Ұсыныс-пікірлеріңді мұқият тыңдайды.  Мені тыңдап болған соң, жастар секторындағы басқа мамандарды дәл осы тақырыпқа жеке-жеке шақырып сөйлеседі. Сосын барлығын жинап алып, «пікірлеріңді білдім, мынандай ұсыныстар бар, бағыт былай болса қалай?» деп, жалпы талқылауға және салады. Сосын барып «ал енді бағыт-бағдар айқын, енді жазыңдар, атқарыңдар» деп тапсырма беретін. Ары қарай өзіміз де тоқтай алмай іске кірісіп кететінбіз. Өйткені Алтекең мәселені жүзбе-жүз сұрайтынын білетіндіктен, небір сұрақтарға іштей дайындалып, ізденіп жүруші едік. Жалпы, жиынға түскенде басқа да ұсыныстарды естіп, олардың дұрыс-бұрысына көңіл бөлетінбіз. Сөйтіп, жазатын, атқаратын шаруаға сақадай сай тұрушы едік.


 Алтынбек кеңсеге келмесе, министрліктің жұмысы тоқтап қалмайтын. Себебі ол бар тізгінді өзіне тартып алмайтын. Жұмыс істей білетін маманға кедергі келтірмейтін. Қайта қолдап, қолпаштап отыратын. Өзінің жұмыста жоқтығы да көп байқалмайтын.


 Кейбір жерлерде бастық келмесе, жұмыс жүрмей қалады. Болмаса бастық кешке үйге кетпесе, қарамағындағылардың бәрі кете алмай отырады ғой. Біз Алтекеңнің кезінде мұндайдың бірін де көрмедік. Рас, қажет болған кезде түні бойы жұмыс та істедік. Ал жұмысыңды атқарып тастасаң, кешкі 6-да үйге кете беретінбіз.  Өмірімнің, мемқызметтегі ең қызықты жылдарым осы 1997 мен 2003 жылдар аралығында Алтекеңнің қарамағында істеген жылдар болды. Өзіме де, жігіттерге де өте жақсы дәуір болды. Керемет еді. Жұмысқа құлшынып барып ұнаған нәрсеңді істеуден басқа қандай бақыт керек?! Және сол еңбегіңе  айлық төлейді ғой. Рас, ақшасы өте аз еді. Мардымсыздау болды. Бірақ бізге ол маңызды болмаған да сияқты. Өйткені Алтекең Астанаға көшіп келген министрліктің барлық қызметкерлеріне бір айдың ішінде қызметтік пәтер алып берді. Басқа министрліктің қызметкерлері сияқты сең соққан жаңқадай екі ортада қалмадық.


  Алтекеңді сырттай білетіндер мінезі қатал, түсі суық деп жүретін. Рас, мемлекеттің күрделі мәселелерімен тікелей айналысып, ауыр ойдың құшағында жүргендіктен болар, қабағы үнемі қатулы көрінетін. Шынын айтқанда, қаталдығы бар еді. Онысы шешім шығарған сәттерінде анық байқалатын. Алтекең мемлекетшіл тұлға еді. Кез келген мәселені қарастырғанда мемлекетке мұның не пайдасы бар деген тұрғыдан қарайтын. Мемлекетке пайдасыз бастамаларды қабылдатпауда ешкімнің көңіліне қарамайтын қаталдығы немесе қажетті шешімдерді қабылдауға 

келгенде асқан батылдығы бар еді.


  Мемлекетшіл нағыз саясаткер Алтекеңдей болса керек-ті. Бірақ адами қарым-қатынаста,  керісінше, өте жұмсақ еді. Өте толерантты болды. Адамды тыңдай білуші еді. Ойын білгісі келетін. Өзінің білімі өте терең-ді. Мәскеуде оқығаны, өздігінен көп ізденгені айқын көрініп тұратын. Әлем классиктерінен үзінді келтіріп, мысалдар айтып отыратын. Бізде қазақи немесе орыстілді деген түсінік бар ғой. Алтекең билингвизмнің ең жоғары деңгейіне жеткен адам еді. Қазақша-орысша бірдей, қамшы салдырмайтын.


Мәскеуде оқыса да, орысша жақсы білсе де, Ресейге қарай қисаймайтын. Алтекең менің түсінігімде шын мәнінде ұлтшыл еді. Бірақ оның ұлтшылдығы өзге ұлыс өкілдерін кемсітіп, өз ұлтын дабырайтып көтермелеу емес еді. Өзге ұлыс өкілдері министрлікте, үкімет құрамында қызмет етті ғой. Міне, солардың бәріне Алтекең терең білімімен өз ұлтын мойындатып, құрметпен қарататын.


 Қызметте жүрген соң бәріне жағу, бәрінің көңілін табу мүмкін емес. Саяси алаңда Алтынбекпен сөздері жараспағандар да болды. Бірақ


Алтекең «анау анандай, мынау мынандай» деп оларға деген көзқарасын бізге таңбайтын.


  Алтекеңмен  соңғы рет «Ақ жолда» жүрген кезінде жолығыппын. Кеңінен отырып сөйлесіп, біраз мәселені талқыладық. Қазақстанның жарқын болашағына деген сенімі зор еді. Оның оппозицияға кету шешімі кезінде көбімізді қатты ойландырғаны рас. Уақыт өте түсіндік. Қазақстанға, Қазақстан мемлекеттілігіне төніп тұрған қауіп-қатерді сейілту үшін сондай қадамға барыпты. Сол қатерге төтеп беретін басқа жолы да болмапты.


Астанаға көшіп барған жылы министрліктің дәлізінде дастархан жасап, ұжыммен Наурызды атап өткен едік. Енді ойлап қарасам, Алтекеңнің қарамағында істеген алты жылдың ішінде ұжым болып бастығымызды туған күнімен кезекке тұрып құттықтап, сыйлық та бермеппіз. Алтекең ондайды жақтырмаушы еді. Бүгін көзі тірі болса мемлекет қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы 56 жасқа толар еді…  


Ғазиз Телебаев, Қазақстан философтары конгресінің вице-президенті, профессор.

Дереккөз: "Жас Алаш"

Jebeu.kz

Пікір жазу
  • ОМАРӘЛІ ӘДІЛБЕК: ТҮЙТКІЛДІ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ЖОЛМЕН ШЕШУ КЕРЕК
    "Адамзат. Шексіздік. Мәңгілік" атты әдеби форумға хат"Адамзат. Шексіздік. Мәңгілік" атты әдеби ф