ОМАРӘЛІ ӘДІЛБЕК: ТҮЙТКІЛДІ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ЖОЛМЕН ШЕШУ КЕРЕК

Уақыты: 2018-09-01 Көрлімі: 4772 Сипаттама

Қытайдағы қандастарымызға билік тарапынан саяси қысым көрсетіліп жатқаны туралы айты...

сұхбат.JPG

 

Қытайдағы қандастарымызға билік тарапынан саяси қысым көрсетіліп жатқаны туралы айтылып, жазылғалы бір жылдан асты. Сондай жүйеге шыдамаған Сайрагүл Сауытбай шекараны заңсыз бұзып елге оралды. Осы оқиғадан кейін Алматыдан бір топ қоғам өкілдері Қытайға іссапармен барып қайтты. Біз сол сапарды ұйымдастыруға дәнекер болған «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы Омарәлі Әділбекпен әңгімелескен едік.

 

Jas qazaq: Омарәлі мырза, сіздер жақында бір топ қоғамдық ұйым өкілдері мен саясаттанушылар Қытайға іссапармен барып қайттыңыздар. Сол сапардың негізді мақсатын айта кетсеңіз. 

О.Әділбек: Біздің Қытайға барудағы негізгі мақсатымыз – арғы беттегі қысым көріп отырған қазақтар мәселесін дипломатиялық жолмен сөйлесіп, шама келсе, жағдайды көзбен көріп қайту еді. Сол мақсатпен «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, саясаттанушы Расул Жұмалы сынды бір топ азаматтармен бірге барып қайттық. Астанадан 12 адам, Алматыдан 5 адам, ҚХР Қазақстандағы елшілігінің консулдықтық басқармасының басшысы Гу Мин бастаған жалпы 18 адам бардық. Бізді әуежайдан Қазақстанның Қытайдағы елшілігінде істейтін Елдар деген бауырымыз күтіп алды. Түс кезінде елшіліктің кеңесшісі  Әбу-Тәліп Аймаханов келді. Сол күні сағат үште Қытайдың «Біртұтас майдан» дейтін ұйымның басшысы Тан Тяньсин қабылдады. Айтпақшы, бұл ұйым 1937 жылы құрылған. Мұны «Біртұтас майдан» деп аударуға болады. 1937 жылы  Жапония Қытайға басып кірген кезде, Ши ян оқиғасы болды ғой. Содан компартия бірігіп «Біртұтас майдан» құрды. Бұл Жапондарға қарсы құрылған Қытай ұйымы болатын. Қазір құрамына бірнеше департмент қарайды. Біз барлық кездесуде 6 түрлі мәселені көтердік.

cd6dbfed-b533-4bb7-8e32-a190b5f46ad4.jpg

 

Jas qazaq: Бізге сол 6 түрлі сауалыңыз керек еді, қандай тақырыптар көтердіңіздер?  

О.Әділбек: Бірінші, бөлініп-жарылған отбасылар мәселесі. Отбасы мүшелерінің біреуі немесе бірнешеуі Қазақстан азаматы, қалғандары Қытай азаматы болып қалғандар бар. Міне осындай бөлініп-жарылған отбасылардың мәселесін қойдық. Екінші, зейнетақының тоқтатылу мәселесі. Қытайда көп жыл қызмет істеп, жасы жетіп зейнетке шыққан немесе ШҰАР үкіметінің тиісті қаулылары негізінде денсаулығына байланысты зейнетке шыққан азаматтар Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін, олардың зейнетақысы бұрыңғы өздері қызмет еткен мекемелері тарапынан жоқ сылтаумен тоқтатылып, олардың өмірбақи бейнетінің зейнетін көру мүмкіндігінен айырып тастауда. Мемлекеттік қызметкерлер деген кімдер, зейнеткерлер және әскерден шегінгендер мемлекет қызметкеріне жата ма? Шетелде жалпы 62 млн-нан астам қытай болса, солардың біразы Қытай зейнетақысын еш қиындықсыз алып отыр. Неге қазақтар ала алмайды? «Біртұтас майдан» министрлігінің орынбасары Тан Тяньсин мырзаға осы мәселені айттық. Расул саяси жағын көтерді. Қалғанымыз жалпылама сөйледік. Әңгіме қызу болды, талай пікірлер айтылды.

Үшінші, тіркеуден шығу мәселесі. Бұрыңғы тәртіп бойынша, Қытайдағы тұрғылықты тіркеуінен шықпай-ақ, Қазақстан азаматтығын қабылдаған азаматтар Қазақстан паспортымен Қытайға барған сапарында қос азаматтығы бар адам ретінде ұсталуда. Бұл кісілер Қытайдағы туыстары немесе таныстары арқылы тіркеуден шығайын десе, ШҰАР-дың жергілікті үкіметі оған рұқсат етпей, олардың Қытайға қайтып баруын талап етуде. Ал барғандар қос азаматтық иеленуші есебінде жауапқа тартылуда. Бұл да барып тұрған белден басу. Төртінші, Қазақстанда оқып жатқан студенттер мен оқушылар 2017-2018 жылдың қысқы демалысында Қытайға демалысқа қайтқан жерінен паспорттары жиналып алынып, жіберілмей, тұтастай оқуын тастауға мәжбүр болған. Мұны да өзекті тақырып ретінде қойдық.

Бесінші, Қазақстан азаматтығын қабылдаған қазақтар (Бұрын Қытай азаматтары болған) Қытайға сапарлау кезінде Қытайдың кеден немесе шекара қызметі тарапынан жөн-жосықсыз сұраққа алынып, ар-намысы тапталуда.

Алтыншы, ШҰАР-дың ішінара жергілікті мекемелері Қытай азаматтарының Қазақстандағы туысқандарына туысшылау шақыртуын жіберуге немесе туыстық қатынастарын растауға рұқсат бермей, нәтижесінде Қытайдан келіп Қазақстан азаматтығын алған, этникалық қазақтар Қытайға бару визасын ала алмай, қалыпты адами, туыстық қарым-қатынастан шектеліп, қиындық көруде.

d28dfdbc-36ff-4b62-b792-2696cc693bfb.jpg

Jas qazaq: Саяси үйрену орталығы туралы көп айтылады. Ол қандай орталық? Ел ішіндегі сөздерге қарағанда, бұл орталықтың тәртібі түрмеден еш кем емес дейді. Осы рас па?

О.Әділбек: Саяси үйрену орталығы – азаматтарға тәрбие беру орталығы деп есептеледі екен. Олар ол жерден қол өнер үйреніп шығады деп түсіндірді бізге. Сонымен бірге діни тұрғыда білімдерін жетілдіреді деп түсіндірді. Оңтүстік Шинжаңда, яғни Қашһар жақта діни экстремизммен уланған адамдар өте көп болыпты. Солар былтыр тамыз айынан кейін солтүстік Шинжаңға да келген көрінеді. Ол жақта да заңға томпақ келетін біраз іске мұрындық болған сияқты. Біз «Саяси үйрену орталығына азаматтарды қандай мақсатпен қамап отырсыздар? Олар қанша уақыт жатады?» -деген сұрақтарды қойдық. Алайда оған қытайлар тарапынан нақты жауап ала алмадық. 1-2 таныстарымның лагерде болғанын білем. Олар 40-50 күндей жатып шықты. Бірақ олар әлі бұл жаққа келе алмай отыр. Ал енді Қазақстан азаматынан екі-үш жігіт отырып шықты.


Jas qazaq: Өз аузыңыздан естиікші, сол саяси үйрену орталығына қандай айыппен қамап жатыр?

О.Әділбек: Саяси үйрену орталықтарына жіберудің себеп-сылтауы қырық түрлі. Мәселен, ұялы телефонында діни мазмұндағы мәлімет болғандар; шет елдерге шыққанда сол мемлекеттің әлеуметтік желісін пайдаланғандар; Араб елдеріне немесе Түркияда сапарда болғандар; Қазақстандық өнер жұлдыздарына лайк басқандар; Қытайдағы тиісті мекемелерге айтпай, Қазақстанның ықтиярхатын алғандар; Саяси үйрену орталықтарында қамалған туысқандарын іздеп барып, себебін сұрастыруғандар қамалыпты. Қысқасы, көбін қисынсыз себептерге бола қамаған. Ауыл молдаларын, мешітке жылу атағандарды алып кеткен. Оның үстіне, әр аудан, әр мекеменің ұстанған ұстанымы, саясаты бір-біріне ұқсамайды, бір жүйелі емес. Осыдан барып бейберекетсіздік пен әлеуметтік үрей қалыптасуда. Қазір сол орталықтарда жасы жетпістен асқан сырқат шал да, Қазақстанда кәмелетке толмаған бірнеше баласы бар жас ана да «тәрбиеленіп» жатыр. Кейбірі бір жылдан бері қамалуда. Керісінше, ата-анасы Қытайға барып, қайтып келе алмай, өздері Қазақстанда таныс-туыстарын паналап, күн көріп жатқан балалар да көп. Қазір Қазақстан қоғамы осы бөлініп-жарылған отбасылар мәселесіне ерекше назар аударуда. Осы орайда, үшінші күштер мен кейбір ұйымдар болмағанды болдырып, отқа май құйып жатқанын айта кету керек. Олар Қазақстанмен Қытай арасында от көсеуге құлшынып отыр. Біздер Қытайдың қоғамды тыныштандыру саясатына құрметпен қараймыз, керек болса, қолдау білдіреміз. Сонымен бірге, жергілікті үкіметтің «шаш ал десе бас алатын» солшыл саясатын жоққа шығармаймыз. Мұндай ұстаным тонның ішкі бауындай болып отырған Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасына сызат түсіруі мүмкін. Содан алаңдаймыз.

7d404983-bb0b-43bf-9d07-75b74099a2f4.jpg


Jas qazaq: Қос азаматтығы бар азаматтар тұтқындалып жатыр деген не сөз? Осыған түсініктеме бере кетіңізші.

О.Әділбек: Қазақстан мен Қытай арасында қос азаматтық деген мәселе жоқ. Мен осыны бұрыннан айтып жүрмін. Қазақстан Кеңес одағының құрамынан шыққан ел. Тұрақты тіркеу дегенге қараймыз. Ал Қазақстан азаматтығын алған кезде, біз бірінші Қытайдың паспортын өткізіп, содан кейін ғана Қазақстанның төлқұжатын аламыз. Ал дамыған Еуропа елдерінде басқаша. Мәселен, Сингапурды айтыңыз. Содан соң Европада екі паспортпен жүре береді. Ал Қытай азаматтары шетелге біржола кетсе де, тіркеуден өшпей тұрады. Шыңжаңның жергілікті билігі осыны қос азаматтық деп сынықтан сылтау іздеп отыр.

Jas qazaq: Бұл мәселені шешудің бейбіт, өркениетті жолы бар ма?

О.Әділбек: Әрине, ондай жолы бар. Қытай біздің тарихи көршіміз. Біздің бұрынғы хандарымыздың бәрі қытаймен мықты дипломатиялық қарым-қатынас жасап, жер-су, шекара мәселесінің бәрін бейбіт жолмен шешіп отырған. Оның үстіне, қазір Қазақстан мен Қытай Шаңхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер. Терроризмге қарсы тұруға екі ел де қол қойған. Біздің іссапар да осы өркениетті жолға жатады. «Жас Алашқа» берген сұхбатымда айтқан болатынмын. «Біз бұл мәселені халықаралық дауға айналдырмайық. Бізді ұйғырлар ісімен немесе Тибет, Тайван ісімен араластырып жатқан адамдар бар. Олар арқылы қазақтың дауын халықаралық дауға айналдырып жатыр» - дегем. Ал ол жағынан қытай бізді онша тыңдай бермейді. Қытай конституциялық мемлекет емес, партиялық, ақпараты жабық мемлекет. Олар кейбір БҰҰ конвенсияларың орындайтын немесе орындамайтын кездері болады.

5c32e177-b990-4abe-82b7-f6918c621837.jpg

Jas qazaq: Ондай кезде не істеу керек?

О.Әділбек: Мұндай жағдайда түйінді қоғамдық ұйымдар арқылы, Елбасы арқылы шешуімізге болады. Мен «КТК» арнасына берген сұхбатымды айтқам. Мәселені бір шешсе, Елбасы шешеді - деп. Одан кейін сыртықы істер министрлігінде де мықты мамандар болуы керек. Өйткені Қытайдың көптеген мүддесі бар біздің елде. Мұнай-газда үлкен үлестері бар. Екі елді байланыстыратын «Батыс Қытай – Батыс еуропа» дәлізі салынды. Демек, мәселені шешудің өркениетті жолы бар. Қытайлар дипломатиялық қатынасқа мықты әрі мүдделі. Олар кез-келген істі сәтті келісім арқылы шешудің жолы мен қыр-қсырын жетік меңгерген. Қытаймен бірлесіп ашқан кәсіпорындар көп. Ол екі ел үшін де тиімді. Осындай кәсіпорынға оралмандарды тартып еңбек күшін байланыстырудың да жолы бар. Біздің сапарымыз Елбасының маусым айындағы сапарының жемісі деп ойлаймын.

Қытай билігі Шинжаңдағы қазақтар мәселесіне сыртықы күштердің араласқанын сезді. Шинжаңның тыныштығы әуелі біз үшін керек. Өйткені, Шинжаң көп ұлтты өлке. Сол көп ұлттың бірі – біздің қандастарымыз. Біз бұл сапарда кездесуде болған барлық басшыларға Шинжаңдағы жергілікті атқарушы билік пен орган заңды асыра сілтеп жатыр дегенді ашық айттық. Олар «Ол жағын мойындаймыз» - деді. «Біз осы мәселенің барлығын ескеріп орталық үкіметке жібереміз» - деді. Сыртқы істер министрінің көмекшісі, бұрынғы елші Чжан Ханьхуэй мырзамен де кездестік. Ол «Асыра сілтеу бар. Бұл уақыт еншісіндегі мәселе. Көп ұзамай шешіледі» - деді бізге.



786ceb7b-7b99-4360-9971-2542f2d6b3b0.jpg


Қытайдан шыққан атақты әнші Күмән Шүленбаева деген кісі бар, сол кісінің де балалары саяси лагерге кіріп кетіпті. Қарапайым халықтар ғана емес, қазақтың сүт бетіндегі мықтыларының көбі саяси лагерге қамалыпты. Осындай арыздардың бәрін өздеріне тіркеп алды. Астанадан барған Мәруан деген қызымыз Күнес деген ауданда ұлттық ою-өрнекпен өрнектелген ыдыс-аяқтарды, арабша жазу жазылған ыдысты, киім-кешекті жиып алғанын, өртегендерін айтқанда, әлгі департамент басшылары мен құзырлы мекемелердің бастықтарының бәрі таңқалды. «Мұны біз білмейді екенбіз» - деді. Осындай заңсыз әрекеттердің орын алғанын барынша жеткіздік. Біз барарада сол мекемелердің бәрін жазып, тақырыбын қойып, алдын ала хат дайындап алғанмын. Олардан жауап күтетінімізді айттық.


Jas qazaq: Сапарларыңыздың мақсаты – қандастардың мәселесі, бірақ сіздер Бейжің мен Ухан, Үрімжі жақтан ғана қайтқан сияқтысыздар ғой. Қазақтар қоныстанған ауылдарға жол түспеді ма?

О.Әділбек: : Бәрі қытайлар жасаған жоспар, солар белгілеген күн тәртібімен болды. Үрімжіде болдық. Ол жерде сыртқы істер министрлігінің департамент басшысы күтіп алды. Түстен кейін 12 департаменттің басшысы келіп, 2 сағатқа созылған кездесу өтті. Еңбек департаменті, саяси заң комитеті , мәслихат департаменті, сауда департаменті, халықты әлеуметтік қорғау департаменті сияқты белді-белді мекеме басшылары мен оның орынбасарлары келді. Алдымен олар сөйледі. Біздің мақсатымыздан алдын ала хабары бар екен. Олар бірден өз баяндамаларын бастап кетті. Қызыл цифрларды ойнатты. Мен сол жерде сыртқы істердің өкілі Гу Минге смс жаздым. Мыналар тоқтайтын емес. Уақыт болса өтіп жатыр - дедім. Жиналыс бітуге 40 мин қалғанда олар баяндамасын аяқтады. Содан кейін сөз тізігінін өзім алып, мәселені ашық айта бастадым. «Қытай Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы елдердің бірі. «Бір жол - бір белдеудегі» маңызды серіктеспіз. 25 жылда біздің Елбасы 18-19 рет ісспармен келді, Қытай төрағасы Ши жиң пиң Қазақстанға 5 жылда 3 рет іссапармен барды. «Бір жол – бір белдеу», бұл халықтар арасындағы достықты ту еткен жоба. Ал әкесі баласын көре алмай, баласы ата-анасына жете алмай отырса, бұл сол жобаларға қарсы ұстаным болмай ма? 100 ден астам студенттеріміз қайта алмай отыр. Олардың не кінәсі бар? Зейнеткерлерді неге жібермей, ақшасын бермей отырсыздар? Шинжаңдағы бұл бассыздықтың бәрі Бейжің саясатына, қытай заңына қайшы» - деп, мәселені ашық қойдым.

dab33e5a-1fe7-409d-8546-e63c484ffd33.jpg

Осыдан кейін Шыңжаңның өлкелік партия комитетінің саяси бюро мүшесі әрі күнделікті қызметке жауапты орынбасар төраға Чжан Чуньлинь деген кісі қабылдады. Оның қасында орынбасары қазақ жігіт болды. Ол жерде жарты сағаттай пікір алыстық. Содан кейін, саяси бюроның мүшесі қонақасы берді. Қонақасыда біраз мәселелер көтерілді. ШҰАР саяси бюросының мүшесіне мәселені ашық айтамыз деп, біраз шамдандырып алдық. Қытайдың Бейжіңдегі сыртқы істер министрлігінің өкілі «Қазақ пен қытайдың арасында шешілмейтін мәселе жоқ. Барлығы шешіледі» деген. Соны Жаң мырзаға жеткіздім.

Расул «Ақпарат анық болмағаннан кейін, неше түрлі өсек-аяң өріп жүр. Біз саяси лагердің біреуін көрсек» деген өтініш айтты. Бірақ олар жолатпады. Сапардың басында бізге «Бейжің, Ухан, Үрімжіге ғана барасыздар» деген болатын. Біз қазақтар көп шоғырланған Алтай, Тарбағатай, Іленің біреуін көрсек деген өтініш айтқан болатынбыз. Олар әрең келісті. Соның өзінде бізді Құлжаға апарып, Қорғас сауда орнымен таныстырды. Құлжаның ішінде 120 мың халқы бар Қазаншы деген ұйғыр ауылын көрсетті. Бұрынғы көне үлгідегі үйлер сақталыпты, 58 отбасы қолөнермен айналысады екен. Этно ауыл ғой. Мақсаттары – аз ұлттардың татулығын көрсету. Сол күні Құлжа қаласына қона алмадық. Үрімжіге кері қайттық. Құлжадағы зиялы қауым өкілдерімен жолықсақ деген ой да орындалмады. Құлжаға деген саясат бөлек екен.

c61a190a-04c8-4f3b-87eb-dbff23d3be5b.jpg

Jas qazaq: Болашақта Қытайдағы қазақтар мәселесі қалай шешілуі мүмкін? Ол жақтағы қазақтар ұлт ретінде сақталып қала ма?

О.Әділбек: : Мені алаңдататыны да осы сауал. Ол жағын ойлану керек. Өйтені қазірдің өзінде 20 жастан төменгі жастар қазақ тілін білмейді. Қазақ тілі, қазақ телеарналары дегендер - аты бар, заты жоқ формалды дүние ғана. Қазақ тілі тек отбасылық тілге айналып қалған. Егер, олар ұлтын сақтап қалғылары келсе, шығар жол – Қазақстан. Біздің мына ұлан-байтақ жерде кемінде 30 миллион адам болуы керек. Ал Алтайдың арғы жағындағы қандастарымыз ұлт ретінде қалады дегенге өз басым сенбеймін. «Пойыз» жүріп кетті. Енді тоқтамайды. Өйткені, қытайдың 200 жылдық ұлы жоспарының, соңғы 100 жылдығы басталып кетті. Бұл 100 жылдықта қытай тілі, діні, ділі ұқсас бір біртұтас ұлт болып ұйысуды жоспарлаған.

a95c3ede-8e8b-4ec4-83fb-4dd556a4e36b.jpg

Айтпақшы, Қорғастағы еркін сауда айлағына барғанда, 18 адамды бастап жүрген мені және Астанадан келген Думан Қалмет пен Хафиза Мұхамедәлі үшеуімізді шекарада бір сағаттан артық ұстады. Бізді бастап жүрген елшілік қызметкері Гу Миң мен Үрімжі, Құлжадан қосылған Сыртқы істер мекемесінің басшылары «Бұл ұятты жағдай болды ғой» деп қысылды. Мен «Қайта жақсы болды, өте дұрыс болды. Кеше біз осы мәселені Бейжіңде, Үрімжіде айтқанда, сіздер сенбегенсіздер. Менің қасымда ауданның басшысы, облыстың басшысы жүрсіздер. Мені осылай ұстап тұр. Сонда қарапайым халықтың жағдайы не болады? Қайта осыған риза болып тұрмын. Осыдан кейін қаншама халықтың қиналып жатқанына көздеріңіз жететін болды» - дедім.

Сапар жалпы жағынан сәтті аяқталды. Бұдан былай да біз кез келген мәселені дипломатиялық жолмен шешуге ұмтылуымыз керек. Аттан мен айғай, мәселені шешпейді.

Әңгімелескен Жарас КЕМЕЛЖАН

Дереккөз: "Жас Қазақ"

Автордың рухсаты бойынша сайтымызға сұхбаттың толық нұсқасы жарияланды.

Jebeu.kz

Пікір жазу
  • Расул ЖҰМАЛЫ: Қытайдағы 1,5 млн қазақ – екі ел арасындағы алтын көпір
    Ғазиз Телебаев. Мен көрген Алтынбектің қаталдығы