Қазақстанда жоғарғы билік транзиттік жолмен ауысып, Қасым-Жомарт Тоқаев ел президенті болғаннан бері бір айға таяп қалды. Осы аралықта Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанның екі облысы мен оңтүстік және солтүстігіміздегі көрші елдерде сапарда болды. Қазақ тілді басылымдар «Егемен Қазақстан» және «Айқын» газеттерінде сұхбат берді. Міне осы 4 сапар мен сұхбаты президент Тоқаевтың саяси стратегиялық бағытын көрсетер қадамы деп түсінуге болады.
Қасым-Жомарт Кемелұлының президент ретіндегі бірінші сапары Түркістаннан басталды. Алғашқы сапарын Түркістаннан бастау себебін «Егемен Қазақстан» және «Айқын» газеттеріне берген сұхбатында «Түркістан тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының қасиетті мекені. Түркістан – сан ғасырлық адамзат шежіресінің куәгері және өркениет жауһары. Қарап отырсаңыз, халқымыздың арғы-бергі тарихында ел бастаған, қол бастаған тұлғаларымыз да аса жауапты сәттерде, күрделі саяси шешімдер қабылдайтын уақыттарда Түркістанға тағзым ете барған», - деп түсіндірген еді. Сонымен бірге Түркістан облысы Қазақстандағы ең жан саны тығыз орналасқан, демографиялық өсімі жоғары өңір. Соған қарап президенттің бұл сапарының мәні өткен тарихымызға, ұлы тұлғаларымызға тағзым мен құрмет білдіре отырып, бабалар аманаты мен бүгінгі қазақ халқы алдындағы жауапкершілікті сезіну мен қызметті бастауы деп бағамдауымызға болады.
Түркістан қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының қасиетті мекені болса, қазіргі кезде түрік елдеріннің тұтастығы мен береке-бірлігі де аса маңызға ие. Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелге жасаған екінші мемлекеттік сапары Өзбекстанға бағытталуы түрік әлемінің достығы мен бірлігіне деген ұстанымын көрсеткендей. Президентіміздің Ташкенттегі «Бізді тіліміздің бірлігі, дініміз, ортақ тарихымыз бен біртұтас тағдырымыз біріктіреді. Халықтарымыз – Орталық Азиядағы ежелгі әрі ұлы өркениеттің мұрагері»,- деген осы бір сөзі тек бір өзбек халқына ғана қаратылмаса керек.
Ресейге жасаған сапрына келсек, «Адам досын да, жауын да өзі таңдайды, ал көршіні құдай таңдайды» деген сөз бар. Қазақстанның оңтүстік шекарасы үш түрік елімен шектессе, солтүстікте Ресей, шығыста Қытай тұр. Бұл елдердің бәрімен Қазақстан достық қарым-қатынаста. Оның ішінде империриялық пиғыл көрсеткісі келетіндері де жоқ деуге келмейді. Сол үшін қай-қайсысымен болсын достық қарым-қатынасты сақтаған ләзім. Осы мақсатта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көршілермен болсын, алыс-жақындағы өзге елдермен болсын тату, бейбіт қарым-қатынас пен көп векторлы саясатын сақтауды Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге сапары арқылы көрсетсе керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» және «Айқын» гезетіне берген сұхбатында «Инвестиция, экспорт және индустрияландыру – экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, оны әртараптандыруға қол жеткізудің шешуші факторлары. Қазіргі заманның қарқыны өте жылдам. Мемлекет пен бизнестің, сондай-ақ орталық пен өңірлердің жұмыстарын үйлесімді түрде жүргізуіміз керек. Бүгінде Қазақстан шетел инвестициясын тарту үшін қолайлы ахуал орнықтырды. Инвестиция өз-өзінен келе салмайды. Біз, бірінші кезекте, әлеуетті инвесторларға жағдай жасауымыз қажет» деген еді. Сол үшін де елдегі екінші сапарын ел экономикасының тірегі болған, мұнайлы өлке маңғыстаудан бастады. Маңғыстау облысы Қазақстанды теңізбен байланыстыратын жалғыз теңіз сауда порты орналасқан жер. Сонымен бірге шетелдік және ұлттық ірі компаниялар орналасқан. Сондықтан бұл сапар, президенттің экономикалық саясат пен елдегі әлеуметтік мәселлерді шешудің бағыт-бағдарын айқындауға арналған деуімізге болады.
ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев президент ретінде алғашқы сұхбатын мемлекеттік тілдегі ақпарат құралдарында берді. Бұл да мемлекеттің тілге деген қолдауы деп тануымызға болады. Өйткені аталмыш сұхбатында «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады. Осы тұрғыда, балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет», - деп мемлкеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесін көтере беретінін айтып өткен. Сонымен бірге бұған дейін үш тілді білім беру жүйесі туралы пікірін білдіріп, қазақ тіліне басымдылық берілетінін жеткізген.
Ел егемендігін алғанда қазақ елі қандасына құшақ жая қарсы алған. Бұл жайында Тоқаев сұхбатында да, Маңғыстау облысына жасаған сапары кезінде де шетелдегі қандастар туралы пікірін білдіріп, қандастарды Атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалмайтынын айтты.
Қасым-Жомарт Кемелұлы президент міндетін атқарғаннан бері президенттің кеңесшілері мен аппарат басшыларына жас та, білікті мамандарды тарта білді. Осы жылдың 9 маусымында президент сайлауын өткізетінін жариялады. Қазір сарапшылар президент сайлауына Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысып, басым дауысқа қол жеткізіп, Қазақстан Республикасының президенті болып сайланауы мүмкін деген болжамдар жасауда. Қасым-Жомарт Кемелұлының жоғарыдағы жасаған қадамдарының барлығы осы болжамдардың орындалуына себеп боларлықтай шешім, болашаққа бастар қадамы болса керек.
Тұрдыбек Құрметхан
Jebeu.kz