Ұлттық қоғамдық кеңестің хатшысы Ерлан Қарин жаңадан құрылған ұйымның бұған дейінгі диалог алаңдарынан айырмашылығы неде болатынын түсіндірді, деп хабарлайды деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Ерлан Қарин ұйымның бұған дейін жұмыс істеген диалог алаңдарынан ауқымдылығымен ерекшеленетінін атап өтті.
«Кейбір сарапшылардың әлеуметтік желілерде Ұлттық кеңесті бұған дейін құрылған диалог алаңдарымен салыстырмалы түрде талдап жатқанын мен де байқадым. Бұл теңеулер дұрыс емес. Себебі ол алаңдар нақты бір мәселе төңірегінде құрылған уақытша диалог алаңдары болатын. Мысалы, Жер комиссиясы жер туралы заңнамаға өзгерістер енгізу мақсатында құрылған алаң болатын. Ал бұл (Ұлттық кеңес - авт.) тұрақты түрде жұмыс істейтін консультативтік кеңес органы болады. Президентке үнемі қоғамдағы әртүрлі алаңдататын мәселелерді ескеруге, қоғам өкілдерімен тікелей диалог арқылы пікір алмасу барысында тиісті бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін болады», - деді ол.
Ұлттық кеңес хатшысы ұйымның құрамын анықтау кезінде тұрақты түрде қоғамдық мәселелермен шұғылданған, өз саласының мамандарын тартуға басымдық берілгенін айтты. «Қазір бізде ситуциялық лидерлер көп. Ал біз тұрақты түрде елмен жұмыс істеп жүрген адамдарды тартуға тырысты. Сонымен қатар оның өз саласындағы біліктілігі де ескерілді. Тек «күйіп тұрға тақырыптармен» ғана шұғылданбай, өз мақсаты мен міндетін айқын атқаратын адамдарды топтастыруға тырыстық», - деді Ерлан Қарин.
Еске сала кетсек, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі туралы Жарлыққа қол қойды. Сондай-ақ кеңестің құрамына кімдер енгені белгілі болды.
Jebeu.kz