Зимбабенің бұрынғы президенті Роберт Мугабе 60 жылдарынан бастап ұлт азаттық күресіне басшылық жасады, 1980 жылы ел дербестігін жариялап, президент болғаннан 2017 жылы әскери қысыммен орнынан кеткенге дейін 37 жыл билікте отырды. 2019 жылдың 6 қыркүйекте 95 жасында дүниеден озды.
Мугабе көзі тірісінде Африка елдері басшыларының бірсыпырасының құрметіне ие болды, қара нәсілділердің теңдігі мен әділдікке қол жеткізудің рухани көсемі ретінде бағаланды. Ол көз жұмғанда Африка жұрты бір алыбынан айырылғанына қам көңіл болды. Орта Африка (ОА) президенті Рамапһоса оны “еркіндік күрескері”, “Африка отаршылдыққа қарсы күресінің жеңіскері” деп бағалады. Елдегі оппозиция лидерінің өзі оның елдің ұлт азаттық істеріне қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Билігінің алғашқы мезгілінде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жасаған еңбегі оның маңызды мұрасы деп бағаланды. Деседе, Мугабенің топырағы кеппей жатып оның атына айтылған сындар да жетіп артылады. Сынның басым бөлігі оның билігінің соңғы кезіндегі экономикалық құлдырау мен саяси іріп-шіруге саяды. 2000 жылғы іске асырылған “жедел жер реформасының” ақтардың қолынан жерді тартып алып, қараларға үлестіргені отаршыларға соққы беріп, тарихи әділдікті қалпына келтіру сияқты көрінгенімен, елдің тіректі шаруашылығы – ауылшаруашылығын тұралатып қана қоймай, елді батыстың 20 жылдық жазалауына ұрындырды. Ақтардан алынған сапалы жерлер қатардағы халыққа емес, Мугабенің жоғары жіктегі жақтастарына бөлініп берілді. Ол билік жүргізген шақтарда жемқорлық өршіп, дағдарыс үдеп, қарапайым жұрт ашшылықтан арылған жоқ. Оппозиция қанды жанышталып, билік партиясы сайламды шеңгелдеп алды. Оны сынайтындар 1980 жылғы 20000 Ндебеле қауымының қырғынына алып келген “Гукула Нунди операциясын” еске салуды ұмытпайды. Әуелі, “Мугабе тым кеш өлді”, егер ол 90 жылдардың ортасында жар асқанында, Зимбабве халқының тартар тауқыметі де шамалы жеңілдеп, оның көзі тірісіндегі сәулелі еңбектері де өз бағасымен қалар еді дейтіндер де бар.
Мугабе, айтары жоқ, ел атасы. 37 жыл бойы Партиялық-саяси жүйеде, идеологияда, дипломатияда тікелей әмірін жүргізді. Оның саяси мұрасы Зимбабенің бүгіні мен келешек дамуына ұзақ әм терең ықпал ететін болады.
Бір партия көлеңкесіндегі демократия
Зимбабенің саяси жүйесі көппартиялық пен мерзімді сайлауды қамтыған демократиялық сипатқа ие. Бірақ, іс жүзінде, елді Мугабенің Африка ұлттық одағы – отаншылдар майданы партиясы(ҰO) билеп-төстеп келді. Мугабе үшін демократия тек форма, ҰО-тың мызғымас үстемдігі ғана шынайы мәні бар мұратқа айналды. 1980 жылы оның ҰО парламенттегі 100 орынның 57-ін ғана иелеген. Қалған 43 орын Демократиялық одаққа тиеселі болды. Бірақ, Мугабе билікке келгеннен кейін Демократиялық одақты қысымға алып, 1987 жылы ҰО-қа қосылуға мәжбүр етті. Сонымен, іс жүзіндегі бір партиялық жүйе қалыптасты. 90 жылдары Зимбабеде экономикалық дағдарыс туындап, батыспен байланысы нашарлады, оппозициялық күштер пайда болды. Оппозициялық MDC партиясы 2008 жылғы сайламда алғашқы турда Мугабені ұтып алды. ҰО-тың өз қолдаушыларына жасауы ықтимал қанды жаныштауынан именген MDC екінші тұрдан шегініп шықты. Сайлам кезінде сайлаушыларды сатып алу, МDС жақтастарына құқай көрсету, медиaны шеңгелдеу дегендер ҰО-тың үйреншікті дағдысына айналды. Осылайша, 2013 жылға сайламда да ҰО басымдықпен билікке қалды.
ҰО-тың заңдылық дағдарысы
Мугабе ҰО монополиясы мен өзінің жеке бас үстемдігін сақтап қалу үшін, ҰО-тың билік жүргізуінің заңдылық негіздемелерін бекітуге ұмтылып отырды. Ол екі жолмен іске асырылды. Біріншісі, саяси және бизнес элитасын қолдап-қолпаштап, елдің саяси ресурстарын соларды өзіне тартуға жұмсады. Әсіресе, әскерилердің қамын жақсы жасады. Табысы тартымды кен және энергетика салалары генералдармен іліктес топтарға берілді. Мысалы, елдің мұнай импортын қамтамасыз етіп тұрған Бейра порты тұтастай армияның ықпалында болды. ҰО-тың қанатының астына зейнеттегі әскерилер қауымдастығы, ҰО жастар қанаты, мемлекеттік қызметкерлер, ұстаздар мен дәрігерлер тартылды. Мемлекеттік бюджеттің 90%-і осылардың жалақысына жіберіліп келді. Инфлияция кезінде үкімет жалақыны көтеру, үстеме ақы төлеу сияқты тәсілдермен үкімет қызметкерлерінің аузын жауып отырды. Мугабе мен ҰО-тың билік құру заңдылығы идеологиялық үгіттермен де бекемделіп отырды. ҰО-тың идеологиясында әділдікке ұмтылу мен империялизмге қарсы тұру сынды социялистік түспен бірге, прагматикалық мақсатқа құрылған батыстық либерализм қатар сақталған-ды. Дегенмен, оның ұстыны ұлтшылдыққа сайды. Мугабе ҰО пен оның қарулы күштеріне басшылық жасап, ақтардың билігін аударып тастап, қаралар билігін орнатты. Бұл оның билігінің заңдылығына тәбиғи таған болды, ол осы еңбегін қайталай үгіттеу арқылы да ұлт пен мемлекетті қалыптастырудағы үлесін халықтың есіне салып отырудан жалыққан емес. “төңкеріс”, “тәуелсіздік”, “отарлауға қарсылық”, “қараларға теңдік әперуді” ұран еткен ұлтшылдық ҰО-тың басты идеологиясы болды. Осы идеология қайта айланып келіп Мугабе мен ҰО билігінің заңдылығын таныту мен әспеттетуге қызмет етті. Әскерилердің МДС сайламды жеңіп алған күннің өзінде оларды қолдамайтындықтарын, өйткені елді ел еткен ҰО екенін айтқаны бар. 2008 жылғы сайлам кезінде Мугабе де “Біз МDС-нің елді билеуіне жол бермейміз әрі мәңгілікке...мені жаратушы ғана биліктен кетіре алады” деп соққан-ды.
Қорғаштау торы мен ұлтшылдық идеология Мугабенің үстемдігін қамтамасыз етумен бірге, оны өзінің тұтқынына айналдырды. Ол саяси-бизнес элитасының мемлекеттік ресурстарды шеңгелдеуіне жол беруге мәжбүр болды. үкімет пен сот кәсіби адамдардан аналардың тамыр-таныстарының қолына өтті. Нәтижесінде, мемлекеттік басқаруда өнімділік болмады, экономикалық саясат қожырады, жемқорлық қаулады... Әсіре ұлтшылдық идеологияның әсерінен салқын қанды экономикалық саясатқа орын қалмады.
Өзінің билік мұрагері мәселесінде де Мугабе ишара білдірмей жүріп алды. Ол өзінің 100 жасайтынын аузынан тастамағанымен, оның қалған кәрі қойдың жасындай жасы, аяқ-қолы балғадай көкірегінде көрік қызған қатыны Грасенің жан алқымға алуы оны шешім жасауға итермеледі. 2018 жылы БАҚ-на сұхбатында қорғаныс минстрі Сидней Секерамайды партия басшылығына әкелетінін айтқан еді. Бірақ бұл таңдау көптің көңілінен шыға қоймады. Көпшілік бұл орынға, өте-мөте әскерилердің қолдауын табады деген вице-президент Мнангагуа лайық деп тұспалдайтын. Ал әскерилер Грасе бастаған Г40 тобының да, Секерамайдың да өздерімен мүдделес бола алмасына бек сенімді-тін. Бұған Мугабе “мылтық саясатты емес, саясат мылтықты басқаруы керек, бұл-принцип” деп ескертті. Жағдайды қате межелеген ол 2017 жылдың 6 қарашасында Мнангагуаны вице-президенттіктен алып тастады. Іле-шала әскерилер оның өзін орнынан шеттетті. Күлкілісі сол, Мугабе ылғи да өзінің билігінің заңдылық негізі және мемлекеттің идеологиясының қайнары санайтын “төңкеріс” өзінің түбіне жетті. “Төңкерістік мұрамызды қорғауға келгенде, Армия бір шетте қарап отыра алмақ емес” деп жариялады қорғаныс минстрі генералы Кеуенга Мугабені үй қамаққа аларда.
Дипломатиялық тығырықтар
80 жылдары Мугабе батыстың алқауында болды. Ең бастысы ол келісімді ұлттық саясат жүргізіп, елдегі ақтардың байлығы мен мүдделерін қорғай білді. Әлеуметтік әділеттік және теңдікті қамтамасыз ету мақматында әлеуметтік инвестициялық саясатқа иек артты. Нәтижесінде, тегін міндетті білім беру жолға қойылды, елдегі емдеу шарт-жағдайы жақсарды, үстеме емдеу ақысы тағайындалды. Зимбабве африкадағы тұрғындарының хат тану салыстырмасы ең жоғары елге айналды, балалардың шетінеуі ересен кеміді. Африканың үмітіне баланған елге батыс елдері айрықша жылы қабақ танытты. Алайда, жоғары әлеуметтік шығындар мен үсті-үстіне көтерілген үкімет қызметкерлерінің жалақысы өнімділігі төмен және еркіндігі тежеулі экономикалық жүйе жағдайында, бюджетті теріс балансқа кіргізіп жіберді. Ал бюджет жыртығын жамау мақсатындағы ақша басып шығару мен қарыз алу инфлияцияны ушықтырып, елді қарызға батырды. 90 жылдарға жеткенде Зимбабе халықаралық қаржы ұйымдарына(ХҚҰ) қол жаюға мәжбүр болды. Елдегі жағдай опозицияның бас көтеруіне алып келді. Олардан қорыққан Мугабе экономикалық пайдалар ұсыну жолымен зейнеткер әскерилер қауымдастығы, жастар ұйымдарының қолдауына ұмтылумен бір уақытта, барлық қара нәсілділердің ілтипатына іліну үшін “жедел жер реформасын” бастап жіберді. Жер реформасы батыс елдерінің шамына тиеді де, АҚШ, Англия қатарлы елдер Зимбабеге санкция енгізеді. Алдынғы қарыздарын уақытылы қайтара алмаған оған 2000 жылдан бастап ХҚҰ несие беруін тоқтатады. Бұл жағдайды онан бетер қыйындатады.
Осындай жағдайда Мугабе Индия, Ресей, Қытайға қол артты.
Бұл елдер, әсіресе Қытайдың Зимбабенің экономикалық әлеуетіне қызыққанымен, елдегі экономикалық мешеулік, мемлекеттік басқарудағы берекесіздіктер, өндіру-өңдеушіліктің жетілмеуі сияқтылардың барлығы аталған елдер инвестициясының келуіне тосқауыл болуда.
Мнангагуаның мүмкіндігі
Тәуздікелсік қозғалысына басшылық жасаған жылдарынан бері есептесек, Мугабе Зимбабені жарты ғасыр билеп, артына айта жүрер біраз мұра қалдырыпты. Ақтардың үстемдігін аударып, ұлттық мемлекет құрып, байырғы жер иелерінің құқықтарын қайтарып алуға ерен еңбек сіңіргені қандай ақиқат болса, кейінгі өзімбілемдік пен ебедейсіз басқарудың салдарынан елді батпаққа батырып кеткені де сондай шындық. Зимбабеде халықтың сауаттылығы Африканың өзге елдері қиялдай алмайтын деңгейде, сөйте тұра миллионнан артық халық көрші ОА-ға тентіреп күн көруде. Жылдарға созылған экономикалық тоқырау мен бюджетті қысып ұстау саясаты елдің инфрақұрылымының тозуы мен халық тұрмысының күйзеліс жағдайына алып келді. Бір кездері түстік Африканың астық қамбасы болған ел Мугабе билігінің соңғы кездеріне жеткенде астықтан халықаралық жәрдемге сүйенетін халге жетті. 1980-2017жылдар аралығында халықтың орта жасы әзер дегенде 60-тан 61-ге көтерілді. Әрине, Мугабе сияқты элитаның жасы басқа әңгіме, оның шарты жетілген Сингапор емханасында көз жұмғанын айтпағанның өзінде!
Мугабенің Зимбабеге қалдырған басты мұрасы оның елдің саяси өміріне ықпалы болмақ. ҰО-тың бір партиялық дара билігі оны партия ішілік те, парламенттік те бақылаудан арашалап алды. Партияның билігінің заңдылық негізі деп пайымдалған саяси-бизнес элитасын қанатының астына алу мен ұлтшылдық идеология айланып келіп партияның өзін тұтқынға алып, әскерилердің араласуына апарып соқты. Мугабенің ұлттық саясаты оның батыспен араздығына түрткі болды. Түлеп келе жатқан дамушы елдер оның саяси ұстанымына жылы қарағанымен, оған инвестиция құюға құлықсыз. Оларға тек Зимбабенің жаратылыстық байлығы қызық.
Мнангагуа шыға сала реформаға ділгірлігін байқатты. Ол осы аталған келеңсіздіктермен күресетінін танытты. Алайда, әскерилердің сүйемелімен билікке келген оның алар асуы Мугабеден де биік сияқты. Өйткені, Мугабенің саяси мұрасын сүріп тастау үшін оған ең әуелі өзінің “ұшып кетпеуін” қамтамасыз етуі керек. Айта келсеңіз, сол жүйенің мүшесі ретінде, оның өзі де Мугабенің саяси мұрасының бөлшегі іспеттес. Жасы 77-ге келген мұрагердің қанша шабарын уақыт көрсетер.
Finanstimes басылымының Қытай тіліндегі нұсқасынан ықшамдап аударған
Құрмет Қабылғазыұлы
Jebeu.kz