Көз алда әлем “ғаламдық қоғамдық гигиеналық дағдарыс” пен ғаламдық экономикалық дағдарысты қатар бастан кешіруде. Жершарындағы экономика-қаржы үдерістерінде, қазірше, мынадай үрдістер айқындалып қалды. Әлемнің басты экономикаларымен бірге, өзіндік өндіріс қуатымен халықаралық бөліс пен саудаға араласа алатын мемлекеттер “халықаралық иек сүйегіштік” факторынан, яғни елішілік тұтынуда немесе ұлттық шаруашылықтың көзеулі саласында мәлім бір елге тәуелді болып қалудан арылуға ұмтылуда. Мұның көш басында АҚШ жүр. “АҚШ мүддесі бәрінен жоғары” ұранымен билікке жеткен Трамптың ғаламдасудың қазіргі жүлгесіне қырын көзқараста болып келгені белгілі. Коронавирус білтесін тұтатқан жершарындық жеткізу желісінің үзілуі, оның осы позициасын бекіте түсті. “Біз мәңгілікке шетелдерге сүйенбей өмір кешетін ел болуымыз керек” деп мәлімдеді ол(24.03.2020). “АҚШ тауарларын сатып алу заңын” қабылдауды(Ақүйдің сауда кеңесшісі Peter Navarro) дәріптейтін, “мемлекет бола тұра, өзімізден қандай шешуші тауарлар өндірісін өзімізде қалдыруымызды сұрайтын мезгіл жетті. Тіпті оның бізге аса тиімді болмайтынын көре тұрсақта”(сенетор Marco Rubio) сынды үндер әр тұстан көтерілуде. Ақүйдің экономикалық кеңесінің басшысы Larry Kudrow: “Біз... АҚШ кәсіпорындарының Қытайдан көшіп келуге жұмсаған шығындарын 100% өтеп береміз” деп уәде етіп отыр. Өткен айда-ақ Трамп шетелдердегі өндірістік компаниялардың елге көшуіне пәрмен түсірген болатын. Бұл бағытта Англия мен Австралия да аса белсенді қимылдауда. Өйткені, бұл елдердің экономикасы соңғы жылдары қатты “қуыс өзектеніп” кеткен еді, яғни өндіру-өңдеу саласының экономикадағы үлесі жеке-жеке 9% және 6%-ке түсіп қалған-ды(АҚШ--11%). Бұл тақырыпта Австралияның ұстанымы тіптен айқын. Бейне елдің премьер-минстрі Scott Morrison-ның пайымындай: “Ашық сауданың неше ғасырдан бері мемлекетіміздің гүлденуінің өзегі болып келгендігі ақиқат. Дегенмен, енді елдің экономикалық тәуелсіздігін де мұқият електен өткізудің қажеттілігі туындап отыр.” Әмәлиятта, Австралия үкіметі әйгілі Dow Chemical компаниясының бұрыңғы атқарушы-жетекшісі Andrew Liveris басшылық ететін өндіру-өңдеу секторы жұмыс тобына жаңа өнеркәсіптік жобасын жаздырып жатыр. Көптен ұмыт болған үкіметтің сатып алу бағдарламасы жолға қойылуда. Жапон үкіметі де экономиканы сергіту шараларынан 2.2 млрд$ қаржыны ажыратып алып, өндіріс базаларын Қытайдан елге көшіруге, 200 млн$-ды Жапон кәсіпорындарын басқа елдерге алып шығып кетуге жұмсағалы отыр. Франция презитденті Маcron “пандемияның аңғартқаны сол, біздің кейбір тауарлар мен қызметті нарықтық заңнама-ережелерден аулақ ұстауымыз тиіс екен. Азық-түлік, тұрмысқа қарайласатын және оны қамтамасыз ететін құзыретімізді басқаларға беріп қою ақымақтыққа саятын әрекет болып шықты” дейді. Германия концлері Angela Merkel еуроодақтың нарықты құтқарудың қазына минстрлері жиналысында “...бұл нарықтың қазіргі кезде Азияда болғанына қарамастан, өзімізді өзіміз қамтамасыз ете алуымыз, яғни аз дегенде өзіміз сүйеніш ететіндей жасап шығару секторын жасақтауымыз шарт” деп көрсетті.
Әлем экономикасында көрініс берген тағы бір үрдіс — шетелдік капиталдың сатып алу жолын кесудің шараларын іздену болып отыр. Індеттің кесірінен жарнасы құнсыздап, банкротқа тақаған еуропа кәсіпорындары сатылымға шығарылуға мәжбүр. Аталған кәсіпорындардың шетел капиталының, әсіресе, мемлекеттің жасырын қолдауымен бәске қатысады деп қаралатын Қытай капиталының қолына өтіп кетпесі үшін, еуроодақ шұғыл шарларға қол артуда. Одақтың бәсекелестік істері өкілі Margrethe Vestager еуропа елдерін жантәсілім кәсіпорындардың жарнасын сатып алу арқылы Қытай қауыпін ысыруға шақырады. Одақтың сауда-саттықты қадағалаушы органдары мүше елдердің әділетсіз мәмілілердің алдын алуда қолдарын қақпайтындарын ашық білдіруде. Жуықта Англия да Қытайдың Canyon Bridge жекелік қорының ағылшынның чип өндіретін жоғары технологиялы Imagination серіктестігінің құны 550млн фунд-стерлинг жарнасын сатып алуының жолын кесті. Сөйтсе, анау қордың артында Қытайдың мемлекеттік инвестициялық қорына қарасты “Guoxin” ЖШС тұрғаны белгілі болған.
Әлемнің экономикалық өміріндегі тағы бір айтулы үрдіс “Қытайсыздану” жорығы. Қытайдың соңғы 30 жылда “әлем фабрикасына” айналғаны белгілі. Халықаралық сауданың еркін тәбиғаты мен халықаралық жұмыс бөлісінің қажеті және оның өзінің де жанкешті талпынысы Қытайды осы тетікке ие етті. Алайда, осы реткі індет көптеген мемлекеттердің өзінің шамадан тыс Қытайға тәуелді болып қалғандығын аңғартты. Енді халықаралық сауда мен интеграцияның қатысушылары жапа тармағай онан іргесін аулақ салуға көшуде. Атышулы У хан қаласы жабылғанннан кейін екі аптадан соң, Қытайдан жеткізілетін бөлшектердің іркілуіне байланысты, Hyundai көлігінің Кореядағы зауыты тоқтап қалды! Осыған ілесе, әлемнің әр түкпіріндегі Қытаймен жұмыс жасайтын кәсіпорындардан тақылеттес хабарлар ағыла бастады. Әлем Қытайға тәуелді болып қалғанын шынайы түйсінді. Қытайда инвестициясы бар, ұтықтас мәнерлеу зауыттары бар, Қытайлық құрастыру нысандарына шикізат немесе бөлшектер жіберіп құрастыртатын жобалары бар батыс елдері, енді ондағы зауыттарын немесе объектілерін өз елдеріне болмаса өз мүдделеріне тиімді саналатын үшінші елдерге көшіре бастады. Әсілінде, бұл үрдіс Қытайдағы жұмысақысының өсуімен өндірістің өзіндік құнының артып кетуіне немесе Қытайдың шетел капиталына қадағалауы мен орынсыз килігуіне байланысты 2017-18 жылдардан басталған-ды. Мұның да көш басында АҚШ тұрғанын көріп отырмыз, ол өндірісті тура елге, болмағанда іргедегі Мексикаға тартуды қолай көреді. 9 сәуір АҚШ үкіметі Сhina Telecom-ның АҚШ-дағы лицензиясын қайтарып алды. Жапония да ондағы зауыттарын алып шығып кетуге қамданып жатқанын баяндадық. Еуропа елдері көбінеки зауыттарын оңт-шығыс азия елдеріне жөткеуді құп көреді. Мұнда талдау Вьетнам, Индия, Бангладеш сынды елдерге түсуде.
Алда әлем экономикасын мұнан да ауқымды, тіпті, адамзат тұспалдай алмаған бетбұрыстық өзгерістер күтіп тұруы ықтимал. Қазіргі беталыстан қарағанда, егер коронавирус біршама уақытқа, мысалы жылдан аса созылып кетсе, әлемнің қолданыстағы экономика-қаржы жүйесі ыдырап тынуы немесе аты бар да заты жоқ қаңқаға айналып қалуы да кәдік. БҰҰ мен ДСҰ-ның беделі мен ықпалы, онсыз да, сын көтергісіз халге жетті. Кеше ғана ДДСҰ-на жарналық үлесін тапсыруды уақытша тоқтатумен сес көрсеткен Трамптың, ертеңгі күні жоғарғы аталған ұйымдарға да қаражат бөлуден бас тартып жатса, таңғаларлық әңгіме болмай қалуы мүмкін. Әлемдік “біріншінің” позициасы осындай неғайбыл күйде тұрғанда, “екінші”(Қытай)болса, пандемияның бас кезіндегі жіберген кінасын жуып-шаюмен қоса, қуатына ене бастаған өндірісінен пайдаланып, “вирусты сәтті құрықтаған ел” бейнесінде жершарының бұрыш-бұрышына медбұйымдар жеткізіп, реті келсе әлемдік қоғамдық гигиена саласының көшбасшысы атануға тыраштануда. Еуроодақ өз қотырын қасуға мұрса таппай әлек.
Көріп отырғанымыздай, “әркім өз басымен әуре”. Коронавирус біздің де жаба тоқып келген жабуымызды ашып, жарамызды аршып кетті. Қазақстан да энергетика экспорты мен тұтыну және химбұйымдары, құрылыс материалдары, орта-шағын тұрпатты жабдықтар импортында Қытайға жоғары тәуелділікте. Оған қаржылай қарызымыз қаншама. Осы жағдаяттар ел қатарлы Қытайға кіріптарлық мәселесін мықтап ойлануды талап етеді. Алып бара жатқан өндірістік жүйеміз жоқ болғандықтан, коронавирус еліміз үшін экономикамызды жалаң шикізаттық бағыттан аршып, көпбағдарландырудың, экономикалық тәуелсіздікті мүмкіндігінше жасақтап-жабдықтаудың оңтайлы орайын да ұсынып отыр. Мысалы, мемлекет пандемия жағдайында бизнесті жықпау мен оны көтермелеуге қауқарынша қаржы бөлді. Мемлекеттің арықарай осы қаржыны нақтылы өндірістік жобаларға, таза жасап шығару-өңдеу бағытына тартуға тиянақтауы, әрбір тыйынның шұлық тоқылатын жіп талшықтарына, астау құятын пластик түйіршіктеріне жұмсалуын қадағалауы шарт. Осыны қамтамасыз ете алмасақ, атаулы қаржы біткенде баяғы таз қалпымызда отыратын боламыз! Шынтуайтында, экономиканы отандастырудың, қазірге дейінгі көз алдаушы бағдарламаларынан мүлде бөлек, сауатты да икемді тұжырымдамасын тездетіп талдап, жасайтын және іске қосатын мезгіл жетті. Өз өндірісімізді жасақтамай, өте-мөте халық тұрмысы мен елдік қауыпсіздікке саятын өңдеу-өндіру саласын отандастырмай толық қанды тәуелсіз мемлекетпіз деудің өзі бос әгугәй. Үкімет, сондай-ақ, ағымдағы “Қытайсыздану” үдерісінен үлес алып қалуға қам жасау керек. Дамыған елдердің инвестициялық тәуекелді әртараптандыру ниетімен “әлем фабрикасынан” өндірістерін шегіндіріп, оған лайықты тұрақ іздеп жатқандары белгілі болды. Өйткені, “барлық жұмыртқаны бір себетке салудың” тақырға отырғызарын сезінді. Оларға ендігі керегі— өндірістің өзіндік құны төмен, нарыққа енудің шарттары ақылға сиярлық және қабылдарлық жеңіл болатын жайлы инвестициялық климат, бизнестегі ашықтық. Елімізде нарық табалдырығы тым биік саналмайды, жұмыс күшінен тартып, барлық өзіндік құнға әсер ететін факторлар анау Қытайдағыдан әжептәуір арзан. Геоэкономикалық орналасуымыз ыңғайлы. Транспорттық-өткізгіштік әлеуетіміз мығым. Саяси тұрақты елміз. Тек коррупция мен бюрократтық әкімшілік созбұйдашылдық пен немқұрайдылықты жеңсек, қызықтырмаса да, ойлантарлық инвестициялық климат жасақтауға әбден болады. Сөйтіп, еуропа елдерінің, Жапонияның, Австралияның, Канаданың Қытайдан бас тартып, соны жұрт іздеген өндірістерін тартуға мүмкіндігіміз ашылар еді. Ал, олардың өндірісін тартудың өмірлік-стратегиялық мәні, экономикалық тиімділік, экологиялық жауаптылық, әлеуметтік жауапкершілік, нарықтық бәсекелестік жағының қай-қайсысынан болсын, айтпаса да түсінікті. Бұл үшін енді биліктің сыбайластық пен коррупцияны ауыздықтайтын, ашықтық пен тұнықтықты қамтамасыз етерлік ерік-жігері керек. Әрине, анау қоғамның наразылығын қозғаған 52 жобаның іске қосылғандарына қадағалауды күшейту мен енді іске асырылуға тиістілерінің экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, қауыпсіздік аспектлерін қоғамның қатысуымен сүзгіден өткізу, олардың ашықтығы мен лоббизмнен адалығын қамтамасыз ету, өз алдына бөлек әм өзекті әңгіме.
Құрмет Қабылғазыұлы
Jebeu.kz