Сайрагүл Сауытбай бостандыққа шықты. Ол ең әуелі, әрине тәуелсіздіктің − сұраушысы барлықтың − жеңісі. Онан кейін Сайрагүлдің өзінің жеке шешімшеңдігі мен қайсарлығының және отбасының жеңісі. Сосын Сайрагүлдің барша тілеулестерінің жеңісі.
Сайрагүлдің бостандығы әлеуметтік пікір мен халық қалауының құдыретін паш етті. Ол билік пен бұқара арасының, айтылып жүргендей, мүлдемге жымдаспастай ажырап кетпегендігін, “халық қаласа хан түйесін сояр” дейтін пәлсафаның әлі күшінде екендігін көрсетті.
Сайрагүлдің
бостандығы бізді сенімсіздіктен арылуға жетелейді. Сот үкімі шыққанға
дейін жұрт Сайрагүлдің отанға қалдырылатынына және осында бостандыққа
шығатынына сенімді бола алған жоқ. Сот үкімі бізді халық ретінде,
жершарында тіркеуде тұрған дербес ел есебінде өзімізге сенімді болуды,
өз билігімізге сенім артуымызды үйретті.
Сайрагүлдің бостандығы бізді Қытай үрейінен арылуға жетелейді. Қытай алып ел, әлемдегі екінші ірі экономика. Бірақ ол, өздері даурығып жүргендей, күшті ел емес. Әскери әлеуеті, ғылым-техникалық қарымы, өркениет өресі тұрғысынан ол әлі де батыстың оқушысы. Әлемде “Қытай үрейі” деген бар. Осы әфсана біздің елде соңғы кездері, неден екені белгісіз, көзсіз өршіп кетті. Сайрагүлдің бостандығы бізге өзімізге мығым болсақ төніп тұрған жаудың жоқ екенін, болса да бірлігі бекемді ала алмайтындығын дәлелдеп берді.
Сайрагүлдің бостандығы бізді даңғазалықтан арылуға жетелейді. Сайрагүл ісі басталғалы айғай-аттанның, өсек-дақпырттың, ақылмандықтың неше нұсқасына куә болдық. Ең шешуші кезеңде сауатты ұйымдасу, заңға жүгіну, ұстамды әрекет берекесін берді. Сонымен бірге, ол кәсібиліктің біздің өміріміздің ұстынына айналуы керектігін ұғындырды. Оны істің оған құқыққорғаушы Абзал Құспанның кіріскенінен кейінгі үдерісінен аңғаруға тиіспіз.
Құрмет Қабылғазұлы
Jebeu.kz