Нұрхалық Абдырақын: Абай заман ақыр жастарының ауыруын дәп басып көрсеткен

Уақыты: 2019-10-22 Көрлімі: 1407 Сипаттама

Адам деген өте күрделі тіршілік иесі, бір сәт тәрбиеден арылса, өзін-өзі қатты тізгінде...

Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл

22552720_731511267035384_6122959177031101756_n.jpg 

Адам деген өте күрделі тіршілік иесі, бір сәт тәрбиеден арылса, өзін-өзі қатты тізгіндеп, ішкі «менімен» үздіксіз сұхбатта болмаса тез «релістен» шығып кететін өте әлсіз жаратылыс. Ұлы Жаратушы адам тәнін жаратып оған (әлмисақта тозаң ретінде жартақан иман сіңген) жанын салды, оның азығы ретінде білім нұрын құйды, барлық заттың атын үйретті, періштеден дәрежесін үстем етті.... сонымен бірге екі қасының ортасына нәпсіні орналастырды. Ол адамды тоқтаусыз азғырып, жамандыққа шақырады, адам тәнін жақсылық пен жамандықтың күрес майданы етті.... демек, адам әр кез емтиханда... сынақта... Екі дүне бақыты да соры да осы емтихнға байланған.  

Пайда, мақтан, әуесқой - шайтан ісі,

Кәні біздің нәпсіні тыйғанымыз?

Мү'мин болсаң, әуелі иманды бол,

Пендеге иман өзі ашады жол. -Абай

Бір ұлтты тәрбиелегің келсе, оның жастарын тәрбиеле деген пирнципті мықты ұстанған Абай жастарға бүй деп өлең арнайды....

Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,

Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.

Сөз зергері неге ойын арзан, күлкі қымбат деп отыр. Қазақ тегінде арзан күлмейтін, табиғатында тектілік бар, логикалық ойлау өресі аса жоғары ұлт. Алысты ойлап терең күлетін халық, соның дәлелі бүгінгі кең-байтақ дала. Алайда бүгігі КВН, толып жатқан аты барда заты жоқ, мән-мағынасыз жеңіл күлкіге құрылған сатира театрлары қазақты ойланбай сөйлейтін, өтірік, жеңіл күлетін есірікке айналдырды. Тележәшікті тектейтін, асылы мен жасығын тексерістен өткізетін бізде еш мекеме жоқ, бетімен кеткен,  құдды жүгенсіз атқа мінген адам сияқты жастар дөйдалаға кетіп барады.

Елдің көбі қап арқалап базарға нан үшін шапқылаған, отбасы институты жұмысын тоқтатқан. Егемендікке енді қол жеткен сол жылдарда қараусыз қалған балалар, бүгінде жігіт болып ат жалын тартып мінді, бұл жастардың сөзі тіптен түйеден түскендей.... Солардың пысықтары мамық орындыққа жамбасы тие бастады.... Қол астындағы аға буынның қабағын кірбең басты, бір тауда тұрып бір таудың шөбін аңсаған киік іспетті олар зейнет жасын аңсай бастады... Әлсіз буынды пайдаланғысы келетін, кең байтақ далаға көз салтын жаман инеттілерден Алла сақтасын елімізді.

Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік,

Ер табылса жарайды, қылса сұхбат.

Жалған, арзан күлкі адамдардың ойсыздыққа алып бара жатқанына өкінеді. Нағыз ерліктің ойдағы ерлік екенін тілге тиек етеді. Ойы жоқ адамды кім дейміз? Шірікін, ойлы, сөз түсінетін жанмен әңгімелесіп ел келешегін ақылдасса деп тамсанады Абай. Бүгінде біздер жалған күлетін, жалған мақтайтын, жалған жазатын, жалған уәде беретін, жалған зат сататын болып алдық.

Кейбіреу тыңдар үйден шыққанынша,

 Кейбіреу қояр көңіл ұққанынша.

Сөз мәнісін білерлік кейбіреу бар,

Абайлар әрбір сөзді өз халынша.

Қазақ ақылманы Абай «біреу бар үйде мақұл, сыртта батыл» деп бастап өлеңінде құйма құлақпен ақпа құлақты салыстырады. Әр кім өз шамсы келгенше әр сөзді әр түрлі түсінеді дейді. Бүгі жастарға ойшыл ишара жасағандай.... Сөздің ішкі мәнін түсінетін жастар өте аз, ойлау өзгерді, ұлт өзгерді.... Заманның ауыр жүгімен ақша, ақша деп жасына жетпей стресте жүретін, ойы он бөлек, санасы сан бөлек, сөз түсінбес бас десе, құлақ дейтін жандар көбейді....

Шын көңілмен сүйсе екен, кімді сүйсе,

Бір сөзімен тұрса екен, жанса-күйсе.

Қырмызы, қызыл жібек бозбалалар,

Оңғақ пұлдай былғайды, бір дым тисе.

Ойшыл бұл жолдарда сүйудің жауапкершілігі туралы сөз қозғап, лапылдағын сезімдік танымыды, ақылдық танымға ауыстыруды, тұрақты берік, шын махаббатты дәріптейді, адам тағдырмен ойнамауды ескертеді. Жастық өтеді, арты өкініш, реніш болмасын деп жастарға ақыл айтады. Адам өзін сүйген соң өзгені сүйуге бастайды. Ол үшін адам өзіндегі бар жаман қылықтан, тәкапарлықтан, күншілдіктен, қызғаншақтықтан, іштарлықтан арылса ғана өзгені сүйе алады. Біреуге істеген жақсылығыңды ұмыт, біреудің саған істеген жамандығын ұмыт сонда өзіңді де өзгеніде шын сүйесің. Онсыз сүйулер жалған...

Керек іс бозбалаға - талаптылық,

Әр түрлі өнер, мінез, жақсы қылық.

Кейбір жігіт жүреді мақтан күйлеп,

Сыртқа пысық келеді, сөзге сынық.

Жастарды жақсы мінез, жақсы қылыққа үйір болуға шақырады. Жалған мақтанға әуес болма деп толғайды. Бүгінде тапқаны тамағына жетпейтін мақтаншақ жастар ең соғы модельдегі қымбат қолфонды кредитке алып, қымбат көлікті әке-шешесін қарызға байлап алып, өтірік пысық кейіпке еніп алшаңдай басатын ауруға тап болды.

Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,

Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз!

Күншілдіксіз тату бол шын көңілмен,

Қиянатшыл болмақты естен кеткіз!

Қысқа бес күндік өмірде тату бол, дүниеңмен бөліс, біріңді-бірің ту сыртыңды бере жамандама, күндеме, жүндеме, өзара қиянат жасама дейді ақын.

Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,

Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып.

Біріңді бірің ғиззәт, құрмет етіс,

Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып.

Жолдастық, сұхбаттастық - бір үлкен іс,

Оның қадірін жетесіз адам білмес. Деп ақын жігіттерге сөйлеу әдебін еске салып, қанша дос болсаңда өзара сөз тосып сөйле, сыйла, құрметте, ынтымақты болуда дәріптейді. Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін демей ме қазақ. Алланың ұлылығы мен өзіңнің өлетініңді ұмытпай бірге жүрген күндердің қадіріне жетіңдер, жетесіз надан болмаңдар дейді.

Ақын мына өлең жоларын бүгінгі біздің жастарға қаратқандай:

Заман ақыр жастары,

Қосылмас ешбір бастары.

Біріне бірі қастыққа

Қойнына тыққан тастары.

Бір жерде жұмыс істейтін бүгіні жастар бір столдың басында өтірік отырады, шын іштесіп, шүйркелесіп ит тірліктен бір сәтке серги алмайды.... Отырыстары одан сайын оларды мұңдандырады, жындандырады.... Тіпті, тойлардың өзінде қабағы түйулі туыстар бас қосады....

Саудасы – ар мен иманы,

Қайрат жоқ бойын тыйғалы.

Еңбекпен етті ауыртпай,

Құр тілменен жиғаны.

Олар пайда үшін, ақша үшін ар мен иманын сатады,  өздерін бір күндік зат сияқты ойлайды, бар болашағын бүлдіреді. Ойда қайрат, бойда күш жоқ, тез байығысы келеді, тез бастық болғысы келеді, ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүретін аяңкөс жастарды сынайды.

Өнімсіз іске шеп-шебер,

Майданға түспей несі өнер?

Сиырша тойса мас болып,

Өреге келіп сүйкенер.

Өреге келіп сүйкенген сиыр байқұс ананың жаз бойы, бұзау еміп қоймасын деп түнде сиыр сауып, азанымен айран ұйтып, құрт қайнатып, сықпалап жасаған, өре үстіне жайған бар асылын төңкеріп аяққа таптайды. Жаман жігіт өнімсіз іспен айналысып, өзінде өзгені бір сәтте аяққа таптайды деп сынайды ақын.

Күлмеңдеп келер көздері,

Қалжыңбас келер өздері.

Кекектеп секек етем деп,

Шошқа туар сөздері.

Өзі мыжың, сөзі жылжың, қылжақпас бүгінгі шыбық тимес шыңқ етер ез жігіттерді Абай ауызға алып ондай болма деп ескеретеді. Ұлт дәрігері Абай ақырзаман жігіттерінің ауыруын дәп басып көрсетеді.

 

Нұрхалық Абдырақын

Jebeu.kz

Пікір жазу
  • Тимур Козырев: Қазақстан – Алтын орданың тікелей мұрагері деген тарихи шындықты қайтару керек
    Зікірия Жандарбек: Орталық Азиядағы діни-рухани үдерістер астарында не бар?