Орталық Азия мемлекеттері өз тәуелсіздігін алғалы тыныш өмір оншалықты көп бола қойған жоқ. Тек Қазақстан мен Түркіменстан елдерінде жағдай біршама тұрақты болғандығын жоққа шығаруға болмайды. Ал, Қырғызстан Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерінде тұрақсыздық сол тәуелсіздік ала салысымен немесе тәуелсіздіктерін алмай тұрып басталды. Оның басты себебі, ислам дінінің радикалды бағыты-уаххабиліктің Кеңес Одағы тарамай тұрып-ақ жоғарыда аталған үш республикаларда ықпалының артып үлгеруімен байланысты болды. Кеңес өкіметі жылдарында ислам дінінің уаххабилік бағытын халық санасына байқатпай сіңдіру саясаты өз жемісін берді. Кеңес Одағы кезеңінде Орталық Азия мен Қазақстан Діни Басқармасының Ташкент қаласында орналасуы және Өзбекстанның Одақ көлеміндегі негігізгі діни орталық қызметін атқаруы, Діни Басқарма муфти З.Бабахановтың уаххабилер бағытының өкілі болуы Кеңес Одағы мұсылдмандары арасына уаххабилік идеологияның ықпалының таралуына ықпал етті. Бұхара медресінде оқыған сопылық тағлымы жоқ шәкірттердің көпшілігі уаххабилік бағыттың жаршыларына айналды. 1970 жылдар ортасына қарай Өзбекстан мен Тәжікстан көлемінде олар діни ықпалды күшке айналып үлгерді. Оларға қарсы күрескен Мұхаммеджан Хиндустани сияқты ғұламалар қуғынға түсіріліп, түрмеге жабылды. Бұл Орталық Азияға исламның уаххабилік бағытының тез арада таралуына ықпал еткен негізгі фактор болғандығын көрсетеді. 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырамай тұрып, діни бағыттар арасындағы қайшылықтан Тәжікстан территориясында азамат соғысы басталып кетті. Өзбекстан іші де уаххабилік бағыттағы түрлі ағымдар жергілікті үкімет орындарымен қатар өздерінің билік жүйесін қалыптастыра бастады. Мемлекет астанасындағы мешіттердің өзі ханафилер мешіті, уаххабилер мешіті болып екіге жарылды. Ферғана аңғарында діни ахуал ушығып, билікке бағынудан қалды. Осы кезеңде Президент Ислам Каримовтың табандылығы арқасында мемлекеттің тұтастығы сақталып қалды.
Бұл кезеңде Қазақстан территориясында да уаххабилік идеологияның ықпалы біртіндеп арта бастаған болатын. Қазақстан жеріне уаххабилік төрт бағытта кіргенін атап өтуіміз керек. Бірінші – елімізге шеттен келген оралман ағайындардың арасында уаххабилік бағытты ұстанатын кісілердің болуы; екінші – Батыс Қазақстан облыстарына мұнай кеніштерін игеруге келген шетелдік инвесторлармен бірге уаххабилік бағыттың уағызшыларының келуі; үшінші – Солтүстік Кавказ халықтары арасына уаххабилік идеологияның ықпалының артуы мен олардың Батыс облыстарға әсері; төртінші бағыт – Өзбекстандағы уаххабилік идеолгияға қарсы күрестің күшеюі ол жақтан қуғынға түскен уаххабилер серкелерінің Қазақстанға қашып өтуімен байланысты болды. Бұл үдерістің бұдан әрі қарай кең өріс алуына Араб елдерінде діни кадрларды дайындау тікелей ықпал етті.
Орталық Азия елдеріндегі мұндай діни-рухани үдерістер Батыс елдері тарапынан бақылаусыз қалған жоқ. Зерттеу орталықтары тарапынан бақылауға алынып, Орталық Азия елдеріндегі діни ахуалдың сараптамасы жасалып отырды. Батыс елдерінің бұл бағыттағы жұмыстарының пәрменді жүруіне Франция мемлекетінің Ташкент қаласында арнайы ғылыми-зерттеу институтын ашуы тікелей ықпал етті. Ол институт жергілікті зерттеушілерді пайдалана отырып, Орталық Азияның тарихын, экономикалық әлеуетін, саяси ахуалын, діни-рухани бағыттағы үдерістер тарихын жан-жақты зерттеді. Сонымен бірге, қазіргі кезеңдегі діни-рухани бағыттағы үдерістерді де, ол үдерістердегі уаххабилік бағыттың ықпалының арту себептеріне де талдау жасады. Мұндай зерттеу жұмыстары өзге батыс елдері тарпынан жүргізіліп отырды. Және бұл зерттеу жұмыстарының нәтижелері АҚШ пен Батыс елдерінің Орталық Азиядағы саясатын айқындауда пайдаланылғаны анық. Жалпы Орталық Азияға қатысты Батыс елдерінің саясатының бағыт-бағдарының қай бағытта өрбігендігін американдық зерттеушілердің сараптамалық талдауына сүйене отырып, көз жеткізуге болады. Алайда, бұл жарияланған зерттеу еңбектерде жарияланған материалдар АҚШ-тың Орталық Азияға қатысты саясатын толығымен ашып бермейтінін түсінуіміз керек. Өйткені, ешбір мемлекет өзінің сыртқы саясатының бағыт-бағдарын ашып көрсетпейді. Бірақ АҚШ пен Батыс елдерінің Орталық Азиядағы саясатында мұндағы діни-радикалдық қозғалыстарға белгілі дәрежеде орын беріліп отырғандығына көз жеткізу қиын емес. Ол үшін АҚШ-тың Орталық Азия мемлекеттерінің шегарасына қалай жақындап, әскерін Ауғанстан жеріне қалай кіргізгенін еске аласақ жеткілікті болар. Орталық барлау басқармасының ұйымдастыруымен сол ұйымның қызметіндегі Усама бен Ладеннің террористік «Ал-Каида» ұйымының Нью-Йорктегі сауда орталығына жасаған шабуылы АҚШ әскерінің Ауғанстанға баса көктеп кіруіне мүмкіндік берді. Осы кезеңде уаххабилік бағыттағы ұйымдар АҚШ-тың басты одақтасы, әрі сол елдің қолшопары екендігін дәлелдеген болатын. Оның соңы Ирак мемлекетін бсып алып, Саддам Хусейнді дарға тартумен аяқталды. Ол кезеңде АҚШ өздеріне ирактық шииттіктерді өздеріне одақтас етті. Одан кейінгі кезеңде уаххабилер көмегімен Батыс мемлекеттері мен АҚШ Жер Орта теңізі жағалауындағы мұсылман мемлекеттерінде төңкерістер жасап, Тунис, Ливия, Мысыр сияқты мемлекеттерде билікті ауыстырғаны белгілі. Жалпы атауы «Араб көктемі» деп аталған бұл саяси компанияның мақсаты өздерінің тәуелсіз саясатын жүргізбек болған мұнайға бай Араб мемлекеттерін тізе бүктіріп, өздеріне қолайлы қуыршақ билеушілерді билік басына әкелу болатын. Алғашқы кезеңде Батыс елдерінің жоспары кедергісіз іске асты.
2011 жылы кезек Сирияға келгенде үлкен қарсылыққа тап болды. Ең бастысы бұл саяси оқиғалардың барлығы әлемге үкімін жүргізіп отырған екі алпауыт мемлекеттер тобының тіке-тіресі аясында жүріп жатты. Бір жағынан Батыс Европа мен АҚШ және оның одақтастары, екінші жағынан Ресей мен Қытай және Иран бірігіп, екі лагерді құрады. Оның үстіне НАТО әскерлерінің Ресей шегарасына жақын келіп, орналасуы, Украинадағы төңкеріс пен ондағы батысшыл күштердің билік басына келуі, Ресейдің саяси белсенділігін күрт арттырды. Қырымды Украинадан тартып алып, Донбасс пен Луганск облыстарын Киевтің саясатын қолдамауға, қарсы шығуға көндірді. Оның есесіне АҚШ пен Батыс Европа елдері Ресейге қарсы санкциялар салып, қыспаққа алды. Есесіне Ресей, Сирияға әскерін кіргізіп, Сирия мемлекетін күйреуден аман алып қалды. Сол кезеңде Сириядағы соғыс АҚШ пен Батыс елдері мен Ресей бастаған Шығыс блогы арасындағы соғыс болатын. Ресей әскерінің қолдауымен сириялықтар «Ислам халифаты» әскерлерін тықсыра бастаған кезде Батыс елдері Сириядан, Ирактан шығарылған «Ислам халифаты» әскерін астыртын, Ауғанстанның солтүстігіне, Орталық Азия мемлекеттері шегарасына әкеліп орналастыра бастады.
Батыс елдерінің бұл саясатының өзіндік себептері болды. Мақсат – Батыс елдерінің қыспағына түскен Ресей мен Қытай арасындағы саяси-экономикалық одақтың арасында жатқан Орталық Азия елдерінде саяси тұрақсыздықты одан әрі үрлеп, соғыс отын тұтату болатын. Екі алпауыт мемлекет арасында соғыс өрті тұтанар болса, онда олардың бұл соғысқа алаңдамауы, араласпай қалуы мүмкін емес. Бұл Қытайдың да, Ресейдің де мүддесіне сай келмейтін еді. Алайда, АҚШ пен Батыс елдері өздерінің мұндай мақсаты барлығын барынша бүркемелеп келді. Оның үстіне жыл өткен сайын Орталық Азия елдеріне Қытайдың саяси-экономикалық ықпалы артуы, бір жағынан Ресей мен Қытай арасындағы бәсекелестікті күшейтсе, екінші жағынан Батыс коалициясының Орталық Азия елдеріне ықпал ету тетігінен мүлде айырлып қалу қаупін тудырды. Осыны сезінген АҚШ пен Батыс елдері бұл өңірдегі саясатқа араласу мүмкіндігін іздеп бағуда. Әрине, бұл саясатта АҚШ өзінің бірден жетістікке жете қоюына күмәнмен қарайды. Бірақ, Орталық Азияға бағытталған саясатынан толығымен бас тартуға ниеті жоқ. Сонда олардың Орталық Азия елдеріндегі негізгі одақтасы кім? Және олар өз саясатын кімдер арқылы іске асыруы мүмкін?- деген сұрақ туындары анық. Оның жауабы оншалықты қиын емес. Қаншама жылдар бойы сынақтан өткен, қаншама елдерде мемлекеттік төңкеріс жасап, қаншама халықты қанға бөктірген уаххабилік-салафилік бағыттағы халықаралық ұйымдар Батыс елдерінің кез-келген тапсырысын орындауға дайын. Олар уаххабилік-салафилік идеологияның Орталық Азия елдерінде ықпалының күн санап артып келе жатқанын олар жіті бақылап отыр.
Бұл ағымның ықпалы соңғы жылдары Қазақстанда еселеп артып келе жатқанын есепке алып отырғандығына дау жоқ. Қазіргі күні көптеген елдер Қазақстанды уаххабилік-салафилік идеолгия ықпалындағы ел ретінде тізімдеріне кіргізіп қойды. Соның бір Қытай елі. Олар Қазақстанды уаххабилік бағыттың ықпалы басым 26 елдің санатына кіргізіп қойған. Қытайдың қазақтарға қарсы жазалау шараларының басталуына Қазақстандағы уаххабилік-салафилік бағыт жетекшісін қытайлық қазақтар арасындағы уаххабилік бағыттағы жастардың шақыруымен Үрімжіге барып, солармен кездесуі себеп болғандығын Қытайдан келген отандастар айтып жүр. Ал, Қырғызстан мен өзге республикалардағы діни-рухани ахуалды да дұрыс деп айтуға тура келмейді. Мысалы, осыдан төрт жыл бұрын Бішкек мешіттерінің біріндегі имам өз уағызында жұма намазына жиналғандарға «Сирияға барып не қыласыңдар? Соғыссаңдар осы жерде жетеді ғой, - деп уағыз айтқанына куә болғанын шәкіртіміз айтты. Демек, бұл республикаларда уаххабилік-салафилік бағыт өкілдерінің ықпалы қаншалықты екендігін көрсетеді. Алайда, бұл республикаларда уаххабилік-салафилік бағытқа қарсы сопылық тариқаттардың қайта жандандыру бағытындағы жұмыстар жүргізіліп жатқандығын айтуымыз керек. Алайда, олар радикалды бағыттағы діни ұйымдардың ықпалына қарсы дәл қазіргі күні қарсы тұра алатын рухани күш бола алады дегенге сену қиын. Ең бастысы сопылық жолды басқарып отырғандардың халықты соңына ерте алатындай рухани қуаты бар ма? Мәселе сонда. Оның үстіне Орталық Азия республикалары арасындағы сирек болса да, болып тұратын кикілжің де бұл аймақтағы саяси ахуалдың күрделену ықтималдығы барлығын көрсетеді. Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шегара аймағында осы жылдың өзінде екі қақтығыс орын алды. АҚШ пен өзге Батыс елдерінің назарынан бұл үдерістер де тыс қалып жатпаған болу керек. Алайда, олардың бұл оқиғаларға қатысы бары-жоқтығы белгісіз. Бірақ, Қырғызстандағы қытайларға қарсы қозғалысқа АҚШ-тың қатысы барлығын жоққа шығаруға болмайды. Мысалы, Қырғызстан мен өзге республикаларда Евгений Бунин дегенің аты аталып жүр. Қырғызстанға Бунин келген кезде қырғыздардың Қытайға қарсы әрекеттері күшейеді екен. Өткен жылғы желтоқсан айындағы қырғыз ағайындардың Қытайға қарсы наразылық акциялары кезінде 02-28 желтоқсан аралығында Бунин Бішкекте болады. Бұл кездейсоқтық па? Әлде ...? Және оның сондай әріптесі Ауғанстаннан да табылыпты. ФБ-да жарияланған мына бір поста былай жазылыпты: «Мансур Паштин және оның «жаңа пуштун саясаты» ағылшындар мен американдықтардың және үндістандық саясатты қолдаушылдар тарапынан қолдау тауып отыр. Сонымен бірге, ол саясатты Кабулдағы олардың қуыршақтары да қолдайды. Мақсаттары – осы аймақтағы Ресей мен Қытай мүдделеріне нұсқан келтіру» - дейді Ариф Хасан Хан Ахунзада.
Демек, Батыс коалициясының Орталық Азия мен Орталық Азия елдерін біртұтас аймақ ретінде қарастырып, бұл жердегі тұрақсыздықты өздерінің саяси мүдделеріне пайдалану жолдарын, болмаса, тұрақсыздықты қолдан ұйымдастыруды да ойластырып отырғандығын жоққа шығаруға болмайды. АҚШ пен өзге Батыс елдерінің Орталық Азия елдерінде Қытайға қарсы бүлік шығаруға мүдделі болып отырғандығы туралы «Фонд стратегической культуры» атты электронды басылымда жарияланған Алексей Пахолиннің «США в Центральной Азии – как стравить китайцев с казахами и киргизами» атты мақаласында АҚШ-тың Орталық Азия елдері халықтарын Қытайға қарсы қою саясаты жүргізіліп жатқанын және ол саясатты жүргізіу үшін кім қаржы бөліп отырғандығын ашып жазды. Егерде АҚШ пен Батыс елдерінің ондай пиғылы болмаса, соңғы екі жыл көлемінде Сириядан шегінген ДАИШ жасақтарын Ауғаныстанның солтүстік аймақтарына не үшін әкеліп орналастырып жатыр? Және олардың көпшілігі тәжік, өзбек, қырғыз және орыс тілінде сөйлейтіндер екендігін, жергілікті Ауған әскерлерінің оларға қарсы тұруға шамасы келмейтінін жергілікті билік өкілдері мәлімдегенін «Фергана.ру» сайты жазды. Сол сайттың тілшісіне берген сұхбатында Ауған мәжілісінің депутаты Хадж Захир Қадир былай дейді: «Мен және менің достарым ДАИШ-тың шетелдік жалдамалы әскерлерді ешқандай белгісі жоқ тікұшақтар Нангархар облысындағы Ачин ауданынан елдің солтүстік аудандарына апарғанының куәсі болдық. Сонымен бірге, ДАИШ жасақтарына тікұшақтармен үлкен жәшіктерге салынған заттарды (қару ма, тамақ па? белгісіз) және су жаңа мотоциклдерді оларға апарғанын көрдік.». АҚШ бастаған Батыс елдері бұл әрекетті бостан босқа жасап жатпағаны белгілі. Негізігі нысана Орталық Азия елдері болып отырғандығы дау тудырмайды. Сондағы мақсат не? Кейбір сарапшылардың пікірінше, Ресей мен Қытай арасындағы Орталық Азия елдерінде бүлік шығару арқылы, Ресей мен Қытайдың бірілігін әлсіретуді көздейтінін алға тартады. Бұл пікірдің түбінде шындық жатқандығына көз жеткізу қиын емес. Ресейдің Тәжікстан жерінде үлкен әскери күшті ұстауы мен Қытайдың жақында Ауғанстанның шығысына әскер кіргізіп, әскери база орналастыруы біздің бұл пікірімізге дәлел болса керек. Өйкені, Солтүстік Бадахшанның таулы аймақтарында ұйғырлардың қарулы жасақтарының топтасып жатқандығы туралы жоғарыда аталған сайтта жүр. Осы мәселенің күрделеніп бара жатқанын Ресейдің ФСБ басшысы Александр Бортников Ауғанстанның солтүстігіне «Ислам халифатының» экстемистік топтарының шоғырландырылып жатқандығы туралы хабарлап, олардың қолында химиялық қару жасау мүмкіндігі барлығын және ол химиялық қаруды жеткізу құралдарының да олардың қолында барылығын ашық мәлімдеді. А.Бортниковтың бұл мәлімдемесі біздің осы мақала шеңберінде көтеріп отырған мәселеміздің Орталық Азия елдері үшін қауіпті факторға айналып бара жатқандығын нақтылап көрсетіп отыр.
Батыс коалициясының тарапынан жасалып жатқан мұндай әрекеттердің барлығы негізінен Қытай мен Ресейге қарсы бағытталғанымен олардың бұл тіке-тіресінде Орта Азияның әлі бұғанасы бекіп үлгермеген мемлекеттерінің құрбандыққа шалынғалы отырғанын жасыру мүмкін емес. Қазір бұл бағыттағы жасалып жатқан іс-әрекет идеологиялық жағынан да, саяси жағынан да, әскери дайындық жағынан да пісіп-жетіліп келеді. Ал оған қарсы тұрарлықтай біздің елдеріміздің ішкі дайындығы қай деңгейде? Тағдыр-талаймызға түсіп, ондай жағддай маңдайымызға жазыла қалса, мына ел-мен жерді сақтап қалу қолымыздан келеді ме? Мәселе сонда!
Зікірия Жандарбек
Jebeu.kz