ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 5-6 желтоқсан күндері Германияға мемлекеттік сапары қарсаңында Deutsche Welle телерадиокомпаниясына сұхбат берді.
Сұхбат барысында президент «Қазақстан президенттік басқару жүйесінде қала беретінін мәлім етті.
«Қазақстан жалпы демократиялық мемлекет. Мазмұны жағынан заңдарымыз да демократиялық сипатқа ие. Біздегі көптеген факт басқа мемлекеттерге қарағанда (қайсысы екенін сұрамай-ақ қойыңыз – Қ.Т) Қазақстанның демократиялық ел екенін айғақтайды. Алайда кемелдікте шек жоқ. Сол себепті, мен өз бағдарламамда, 2 қыркүйектегі халыққа Жолдауымда «біз қоғамның саяси жаңғыруын жалғастыратынымызды, саяси реформалардың экономиканы дамытудың мүмкін еместігін» атап өттім. Қазақстан президенттік басқару жүйесінде, президенттік республика болып қалады», - деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның өз үлгісін жасауға тырысатынын, елде демократия бар екенін айтып өтті.
"Біз өзіміздің үлгіні жасауға тырысамыз. Демократияны дамытуға ұмтыламыз. Айтпақшы, кейбір журналистердің әртүрлі пікірлеріне қарамастан, Қазақстан Республикасында демократия бар. Елімізде біз қолдау көрсетіп отырған 3500-ден астам үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне белгілі журналистер, қоғам қайраткерлері, блогерлер, экономистер енген. Мен олармен үнемі ақылдасып, кеңесіп отырамын. Дoing business (бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау сапасын анықтайтын Бүкіләлемдік банк индексі) көрсеткіші бойынша Қазақстан әлемде 25-орында. Бұл коэффициент бойынша Ресейден алда тұрмыз", деді ҚР пезиденті.
Қасым Жомарт Тоқаев тілшінің "қос билік" туралы сұарғына да жауап берді.
«Ресейдегі билікті беруге қатысты айту мен үшін қиын. Себебі ол басқа мемлекет. Қазақстанға қатысты айтар болсам, бұл жерде өзінше бөлек саяси инновация орын алды. Нұрсұлтан Назарбаев - зор құрметке лайықты адам, Ұлт көшбасшысы, Қазақстан Республикасының негізін құраушы. Мен заңды сайланған Президент, Мемлекет басшысы, Жоғарғы бас қолбасшы саналамын. Біздің арамызда ешқандай қарама-қарсылық (кейде баспасөз бұл тақырыпта қауесетті көпіртуге құмар) жоқ. Бір-бірімізбен ақылдасып отыратындығымызды, тіпті кейде мен оның кеңесін сұрайтындығымды да жасырмаймын. Бұл жерде қос билік, тандем жоқ – заңды сайланған Президент бар», - деді мемлекет басшысы.
ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай мен АҚШ арасында сауда соғысы жүріп жатқанда, Шынжаңдағы этникалық қазақтар мәселесін айналасындағы кейбір шуларды геосаясаттың бір бөлігі ретінде жақсы түсінетін айтып өтті.
"Біріншіден, Шыңжаңда Қытай азаматтары тұрады. Халықаралық ұйымдар ұсынып жатқан көптеген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қалай болғанда да этникалық қазақтарға қатысты осы тақырыптың айналасында әдейі шу шығарып жатқан сияқты. Біз мұны геосаясаттың бір бөлігі екенін жақсы түсінеміз, себебі Қытай мен АҚШ арасында қазір сауда соғысы жүріп жатыр. Бұл қалай аяқталатынын, Қытайға қатысты санкциялар алына ма я қала ма, ол жағын уақыт көрсетеді. Бірақ Қазақстан антиқытайлық фронттың бір бөлігіне айналып кетпеуі тиіс",- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, Президент сұхбат барысында Германияға мемлекеттік сапары барысында 2 млрд доллардың келісіміне үміт артатынын жеткізді.
«Қазақстан үшін Германия негізгі еуропалық серіктес саналады. Германияның Орталық Азиямен сауда-саттығының 86 пайызы Қазақстанға тиесілі. Сапар барысында болжамды бағалауға сәйкес шамамен 2 млрд доллар болатын келісімдер мен меморандумдар топтамасына қол қойылады деп үміттенемін. Жалпы, Қазақстанның Еуропалық одақпен қарым-қатынасы тек қана оң. 2018 жылы Қазақстанның ЕО-мен сауда-саттығының көлемі 37 млрд доллардан асып жығылды. Бұл еліміздің барлық сыртқы сауда айналымының жартысына тең. Біздің экономикамыздағы герман инвестициясының 80 пайыздан астамы шикізаттық емес секторға салынған. Бұл өте маңызды», - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Германия бүгінде машина жасау, ресурстық материалдарды қайта өңдеу сынды салаларда көшбасшы болып отырғандығына назар аудартады.
«Сондықтан біз ынтымақтастыққа мүдделіміз. Демек, барлық қызықты салалар немістің әлеуетті инвесторларына ұсынылатын болады. Бұған қоса, біз оларға арнайы шарттар, өзіміздің ондаған арнайы экономикалық аймағымыздан алаң ұсынамыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.