Италияда жағдай өте ауыр. Кеше бір күнде 7503 адам коронавирус жұқтырып, 683 адам қайтыс болған. Жалпы бұл індетпен ауырғандар 74386 адамға жетті. Италия бұндай жағдайға қалай тап болды?
Қысқартып айтқанда оның себептері мынадай:
1) Ауру бізге келмейді деп, немқұрайлы қарады.
2) Ерекше (супер) ауру таратушыларды дер кезінде оқшауламады.
3) Қарама-қайшылықты ақпараттар аурудың асқынуына себепші болды.
4) Мемлекеттің індеттің алдын алу шаралары өте сылбыр журді.
Мәселен, жұқпалы індет байқалған қалашықтарды, одан соң үлкен райондарды карантинге жапты. Ең соңында ауру әбден асқынғанда барып мемлекетте төтенше жағдай жариялады. Бұл кезде бәрі кеш еді. Қазір Италия халқы соның зардабын тартып, ауыр бодау беруде.
Біздің үкімет жағдайды ерте бақылап, Қытаймен шекараны жапты. Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантин жариялады. Бүгінде індеттің таралу ауқымына қарағанда үкіметтің аурудың алдын алу шараларының жеткіліксіз екендігі байқалуда. Індеттің өршу қаупі сезілуде. Біздің үкімет өте қатаң шараға барып, тездетіп мемлекет бойынша карантин жариялау керек. 1,5 млрд халқы бар Қытай үкіметінің қатаң шарасы мен темірдей тәртібі бізге осыны ұқтырды. Әлі де кеш емес, "сақтықта қорлық жоқ", сақтан Қазақстан!
Базарәлі Әріпұлы