Д. МӘСІМХАНҰЛЫ: Мұрат БАҚТИЯҰЛЫНЫҢ ұсынысын ТҰТАС ЕЛ болып қолдайық

Уақыты: 2020-05-02 Көрлімі: 990 Сипаттама

Біз Отан құшағына оралған күннен бері осы ұранды жалау етіп, бір тынбастан, қайыспай ті...

27434-6-senatory_m_baktiyaruly_ru.jpg

Біз Отан құшағына оралған күннен бері осы ұранды жалау етіп, бір тынбастан, қайыспай тік көтеріп келе жатырмыз....

Негізгі жұмысымыз ЖОО-да ұстаздық, шығармашылық бағытымыз ғылыми-зерттеу, әдебиет (поэзия), көркем аударма болғанымен, ел ертеңіне деген алаң көңіл бізді осы демография, көші-қон салаларына еріксіз сүйреп әкелді. Міне осылайша ойламаған жерден осы көші-қон және демография саласына қатысты біраз тер төктік. Тіпті бұл тараптағы  еңбегімізді әлі де тоқтата қойған жоқпыз.

Күні бүгінге дейін Қазақ еліндегі  халқымыздың демографиялық жағдайы мен қазақ көші-қонына  қатысты жылт еткен жаңалық болса, құлағымыз елеңдеп тұратыны содан.

Бірер күннің аллында қазақ көші-қоны мен  ұлт демографиясына қатысты биік мінбеден айтылған келелі кеңесті, ұтымды ұсынысты көзіміз шалып, ішіміз елжіреп, көзалдымыз нұрланып кетті.
Елдің тағдыры мен ертеңгі болашағына қатысты өте өзекті, ерекше маңызды ұсынысты жарияға шығарған ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ұлтжанды азамат, нағыз ұлт зиялысы деген атқа лайықты үлкен жүректі саясаткер Мұрат Бақтиярұлы екен.

Біздің ішіміздің елжіреген, көзалдымыздың нұрланған себебі -  осындай айта-айта әбден жауыр болған, бірақ әлі күнге  дейін көкейкестілігі  бір мысқал да кемімеген  - қазақ көші-қоны мен ұлттық демографияфиямызға қатысты  айырықша маңызды ұсынысты Сенат депутатының аузынан айтылуы еді.

Тәуелсіз ел болғанымызға келер жылы 30 жыл толады. Осы отыз жылда шетелден  бір миллионнан астам қандасымыз Отан құшағына оралыпты.

Жауырды жаба тоқып қайтеміз, айтылуда отыз жыл делінгенімен, 2010 жылдан кейін сырттан келетін қандастар көші-қоны негізінен саябырлап қалды.

Демек біз  "көшіріп алдық" деп   өмірі  айтып тауыса алмай, "жырлап" бітіре алмай жүрген "1 млн" қандас тәуелсіздіктің  алғашқы жиырма жылында оралған қазақтар.

Жалпы біз білгенде, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өте данышпандықпен бастаған осы көші-қон саясатына  о бастан-ақ елдің іші сыртында қарсылар аз болған жоқ. Қазақ көші қалай басталды, солай "оралман" деген жұртты еркін БАҚ бетінде отырса опақ, тұса сопақ етіп көрсету модаға айналды. Оны аз десеңіз шеттен келіп жатқан қандастарымызға "өзіміз қиналып жатқанда шетелдегі қазақты нанымызға ортақ қып қайтеміз?", "шеттегі қазақтың бәрі кезінде Отанды тастап қашып кеткен сатқындар", "Шеттен келетін қазақтың бәрі сұрамшақ, жатып ішер жалқау", "Оралманның бәрі сауатсыз тобыр, олар Қазақстанға босқа жүк болады" деген секілді  жала жабылып, күйе жағылды. Ең соңында "Жаңаөзендегі" көтерілісті ұйымдастырған "бұзақы" етіп бірақ тынды. Содан бастап биліктің шеттен келетін қазақ көшіне деген көзқарасы өзгере бастағаны жасырын емес.

Ал енді не болды?

Сентор Мұрат Бақтиярұлының дерегінше "1991 жылдан бастап 2018 жылға дейін Қазақстанда халық саны 11%, көрші Өзбекстанда 60%, Тәжікстанда 68%, Қырғыстанда 43%-ға өскен".  Көрдіңіз бе, Өзбек пен Тәжік  ағайындар екі еселенуге шақ қалған. Өзімізше тұмсық шүйіре қарайтын айырқалпақты ағайындардың өзі 50 пайыздық өсімге жақындаған.
Сонда біз неменеге жетісіп мәз боп жүрміз?!  Оны айтасыз, мына масқараны қараңыз: "Біздің ел үшін басты қауіп – елден көшіп кету. 1991-2018 жылдар аралығында Қазақстаннан басқа елдерге көшіп кеткен адамдар саны 3,7 миллионға жеткен", - дейді депутат.
Сонда біздің үкімет, билік бұтақтары қайда қарап отыр?!

Жеріміз мынау далиған, үстінде жүрген қазақ анау бір шөкім! Тағы келіп "жерімізге қытай көзалартып отыр" деп бұртыңдаймыз. Бос жатқан жерге  кім болса да  алартады көзін. Бүгін қытай көзін салса, ертең орыс, арғы күні тіпті Өзбек пен Тәжік тамсанады.

ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕ ҚАЗАҚ КӨБЕЙМЕЙ КӨСЕГЕМІЗ КӨГЕРМЕЙДІ

Ол үшін  шетелде жүрген қандастарды қайтармай, қатарымыз өспейді!

Заман тыныш болса, көлденең көп кесепаттан аман болса, жалпы өсем, көгеріп-көктеймін, көбейемін деген халықтың мүмкіндігі аз болмауға тиіс. Ал, қазақ халқының мынандай жолдар мен іс-шаралар арқылы көбеюге мүмкіндігі бар:

Біріншіден: Ата-бабаларымыздан қалған «балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар», «адам мың жасамайды, ұрпағы мың жасайды», «атадан пұл қалғанша ұл қалсын...» деген танымды бүгінгі жас жұбайлардың, жастар мен жасөспірімдердің санасына сіңіріп, жанына терең ұялатып, олардың өзгелерге жалаң еліктеуден туған отбасын жоспарлау ниетін түбірінен өзгерту керек. Бұл мәселеде әрбір ата-ананың атқарар рөлі ерекше. Олар өз ұрпақтарының құлағына сәби кездерінен бастап көп балалы болудың өзінен бастап мемлекетке дейінгі тигізер пайдасын, игілігін сәт сайын құйып отыруы керек. Осы тұста мынандай мәселе еске түседі, бүгінде біздің қазақтар, отбасында балаға елдік есепттен, ұлттық мүддемен, мемлекет тағдырымен байланыстырып тәрбие беруді ұмытқан. Есесіне тауып, бағып-қағып отырған бірді-екілі баласын әрі кеткенде «қызмет қылып, шен алуға», бері болғанда «нан тауып жеуге» баулиды, сол туралы тәрбиені қақсап көп айтады.

Бұл мәселеде, ең бастысы, мемлекет көп балалы отбасыларға деген қамқорлықты барынша арттыру керек. Екі және одан көп баласы бар отбасына баспана, бес және одан көп бала тапқан анаға аудан әкімінің жалақысына теңестірілген жардемақы тағайындау керек.

Екіншіден: Балалар үйіндегі тастанды сәбилердің шетелдіктерге асырап алуға берілуіне, сатылуына тыйым салып, оларды мықты тәрбиеші аналар арқылы өз бауырымызға басып тәрбиелесек, солардың бәрі болмаса да, көбі еліміздің есті ұл-қызы болып ержетеріне еш күмән жоқ. Бұл ретте біз өзге емес, «өз ағамыз» өзбектерден үлгі алсақ та жетіп жатыр. Өзбек үкіметі өз елінің жетім балалар үйіндегі сәбилердің бәрінің аты-жөнін, ұлтын өзбек қып жазып жіберетіні өз алдына, біздің Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының балалар үйіндегі сәбилерді де «асырап алу» деген желеумен көптеп әкетіп жатыр деген ақпарат бар...Мақсат не? Халықтың санын арттыру! Тастанды балаларды былай қойып, кезінде Өзбекстандағы орыстан өзге ұлт өкілдерінің біразы «өзбек» болып жазылуға мәжбүр болғаны кімге құпия?! Бүгінде өзбектер 30 миллионға жетіп отырса, олар халық ретінде көбейсек деген ынта-ықыластың, қажыр-жігерінің, кешенді елдік саясатының арқасында жетіп отыр. Түркияда демографиялық ырықтылыққа жетудің бұл тәсілі (тастанды балаларды түріктендіру, өзге халықтарды «түрік» деп жазып алу) ежелден бар үрдіс. Сондықтан республикамыздың түкпір-түкпіріндегі балалар үйіне жоғары жалақымен ұлтжанды, мықты тәрбиешілер тағайындап, балаларды ұлтжандылыққа, имандылыққа, қазақстандық патриотизмге баулып өсіру қажет-ақ.

Үшіншіден: «Дүние жүзіндегі қазақтың саны он бес миллионнан асты» деп бөркімізді аспанға жиі атамыз. Орынды қуаныш. Біздің межеміз бойынша, тіпті одан да көбірек болуымыз ғажап емес. Себебі, ҚХР мен Өзбекстанның ресми мәліметіне сену қиын. Мәселен, Қытайдағы қазақтарды асырып айтпай-ақ қояйық, екі миллион қазақ емін-еркін шығады. Бұл туралы сенатор Мұрат Бақтиярұлы бүй дейді: "шет елдерде 7 миллион этникалық қазақ тұрады екен.Бұл Қазақстанда тұрып жатқан 18,5 миилион халықтың 38%-ын құрайды. Демографиялық аспектіде үлкен әлеует болып табылатын осы ресурстарды дұрыс пайдаланудамыз ба?! Өкінішке қарай жоқ деп ойлаймын. Ол үшін көші-қон жөнінде бүгінгі заман талабына сай жаңа құжат дайындап, соған орай нақты іс-шаралар қабылдауы тиіс".

1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайын шақырып, қазақ көшін бастаған кездегі Елбасының  жоспары да, арманы да шетелдегі ағайындардың ішіндегі отанға келем деушілерді көшіріп алу болатын. Ендеше шетелдегі қандастарымыздың ішінде Отанға оралғысы келетіндері бар ма?

Бұл туралы Мұрат Бақтиярұлы: "Әлеуметтік сауалнамаларға сүйенсек, Қазақстанға шетелден 1,5 миллион этникалық қазақ тұрақты қоныс аударғысы келеді. Солай бола тұра соңғы 8 жылда қандастар легі жылына небәрі 10 мың адамды ғана қамтыған",-   деп ашына жазады сәуірдің 30 күні Baq.kz-сайтына шыққан мақаласында. (https://baq.kz/news/othernews/shetelde-7-mln-qazaq-bar/.

Ендеше сол қандастарымызды көшіріп алуға  қазір кім қарсы, не кедергі?!
Еліміз Тәуелсіз!
Президентіміз қазақ!
Үкімет төрағасы қазақ!

ХХ ғасырдың  90-шы жылдарындағы ел экономикасының қиын кезінде де бір миллиондай қандасымызды елге көшіріп алуға әлеуетіміз жетіп  еді ғой.  Ал қазіргі жағдайымыз ол кездегіден әлде неше есе жақсарғанын күнде "уралап"   айтып жүрген жоқпыз ба?!
Әр облыста ең кемінде үш миллионнан  қазақ болмайынша...

Қазақстан тәуелсіздік  алғалы бері шеттегі ағайынның  да елеңдеп, қопаңдап қалғаны әмбеге аян. Биыл көштің алдыңғы легі келгеніне отыз жыл! Осы отыз жылда шеттегі ағайынның бір миллионын әзер әкеліппіз. Әрине, өкінішті!

Енді  біз шетте жүрген  қандастарымыздың бәрін болмаса да (түгел келсе, тіпті де нұр үстіне нұр болар еді) келем деп отырған 1,5 миллионын  ел болып, үкімет болып Отан құшағына оралтып алсақ, жел кеулеген бүйіріміз бүтінделіп, ортамыз толып қалмас па еді?!
Бұған кей ағайын тағы да   бүгінгі «қиын кезеңді» көлденең тартатын шығар. Қазір қанша қиын болса да, «коллективтендіру», «32-жылғы ашаршылық», «Отан соғысы» жылдарындағы қиыншылық жоқ қой. Сол қиын замандардың өзінде де  кәріс пен немістің, орыс пен украиндардың жетім-жесірлерін «жиендеріндей» асырап, үйінің бір бөлмесін босатып беріп, жарты күлшесін бөліп жеген қайран қазақ бүгін өз бауырларына келгенде «қиын кезде бұлар да...» деп қынқылдай бермей, милиардерлеріміз бен басқа да байшыкештеріміз  баяғыдағы өзгелерге жасаған мәрттігі мен бауырмалдығын қандастарына да бір қайталап жіберсе, тіпті  мемлекетімізге онша салмақ та түспес еді!

Елбасының, Президенттің, Қазақстан үкіметінің шеттегі қандастарды көшіріп алу саясаты, Сенатор Мұрат Бақтиярұлының  мына ұсынысы мен жанайқайы  – ұлтымыздың болашағын, тәуелсіздігіміздің тағдырын ойлаудан туындаған ұлы бастама.

Егерде бұны біз  «шеттегі қазақтарды құтқарып алу үшін» деп қана түсінсек, қатты қателесеміз. Өйткені, қазір алыстан келетін ағайынның Отанға деген мұқтаждығынан гөрі мемлекеттің оларға деген мұқтаждығы өте маңызды, айырықша  шұғыл болып отырғаны ащы да болса ақиқат.
Қысқасы Қазақстанның әрбір облысында үш миллионнан  қазақ өмір сүретін жағдайға жеткен күні ғана қазақ деген халық та, оның мемлекеті – Қазақстан да ертеңінен, тағдырынан алаңсыз күй кешетін болады.

Сол күнге дейін ұлттың  демографиялық өсім  мәселесі  күн тәртібінен түспейге тиіс.....
Демек, көсегіміз көбейсек қана көгереді.

Депутат, мемлекетшіл АЗАМАТ Мұрат БАҚТИЯҰЛЫНЫҢ ұсынысын ТҰТАС ЕЛ болып  қолдайық ағайын!

Без названия.jpg

Құрметпен, Дүкен Мәсімханұлы

Дереккөз: "Отандастар" қорының Баспасөз қызметі

Пікір жазу
  • Бірлігі бар елдің тілі бір болуы керек
    Айдос Үкібай: Түпкілікті шешімді ел Президенті қабылдайды