«Көпұлтты» деген тезистен «біртұтас мемлекет», «бір халық» деген тұжырымға көшу керек

Уақыты: 2020-06-04 Көрлімі: 2524 Сипаттама

Оның алғашқысы Еуразиялық эко­но­микалық қауымдастықтың Ресей бастаған, оған мүше жән...

Mukhtar_Kul-Mukhammed.jpg

Оның алғашқысы Еуразиялық эко­но­микалық қауымдастықтың Ресей бастаған, оған мүше және бақылаушы мем­лекеттер басшылары түгел қатыс­қан басқосуында осы ұйымның тағ­дыры мен талайына қатысты мей­лінше ашық әрі әділ айтылған сөзі болды. Тікелей эфирде берілген хабар болғандықтан, Қазақстан Президентінің батыл пікірін оның кейбір әріптестерінің  аса жақтырмай отырғандығы да анық байқалып тұрды. «Айтылған сөз – атылған оқ» дейді халқымыз. Ащы да болса ақиқат пікір айтылды. Ертеңінде көрші елдің баспасөзі мен әлеуметтік желі шулап қоя берді. «Жел болмаса шөптің басы қимылдамайтынын» жақсы білетін біздер осы жолы желдің қай жақтан соққанын бірден аңғардық. Міне, кеше ғана «Комсомольская правда» газетінде жарияланған сұхбатында Қасым-Жомарт Кемелұлы әлемдік ақпарат жүйесін тағы да дүр сілкінтіп, күпті көңілден шыққан көптеген сұраққа өзіне тән байсалдылықпен байыпты жауап берді. Біз үн қосуды жөн көрдік.

Көптен бері Ресей тарапы ашық болмаса да емеурінмен айтып келе жатқан күлбілтелі мәселенің бірі – іргетасы бүгіннен-ақ солқылдап, қабырғасы қазірдің өзінде қақырап тұрған Ресей мен Беларусь Одағына  Қазақстанның кіру мүмкіндігінің жай-күйі. Қазақ Президенті: «Біздің Ресей мен Беларусьтың Одақтық мемлекетіне қосылуға қатысты ешқандай жоспарымыз жоқ», деп бірден кесіп айтыпты. Осымен әңгімені тоқтата салуға болар еді, бірақ әр нәрсенің ара-жігін ажырата сөйлеуді қалайтын Қасым-Жомарт Кемелұлы мұның ар жағында тағы басқа сан салалы сұрақтар жамырап тұрғандықтан, ТМД елдерімен, Еуразиялық экономикалық қауымдастық, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше елдердің барлығымен өзара құрмет, сый­ластық және ықпалдастыққа негіз­делген саясат ұстанатындығын қадап-қадап айтыпты.

Еуразиялық экономикалық қауым­дастықты құру идеясын осыдан ширек ғасыр бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған. Егер Тұңғыш Президентіміздің содан бер­гі айтқан сөздерін саралайтын бол­сақ, соның бәрінде дерлік ол бұл эконо­микалық ықпалдастықтың ортақ тауар нарығын құру мен өзара инвестиция салуға негізделген қауымдастық екендігіне ұдайы назар аударумен келді. Елбасы саясатының сабақтастығын ұстанған Президентіміз осы мәселеге қысқа да нұсқа, ең бастысы – барша қазақстандықтардың көңілінен шығатындай жауап бе­ріпті. Ерекше риза болдық.

«Сыбырлағанды құдай естімей ме» дейді халқымыз. Қазақстанға қызғанышпен қарайтын кейбір «дос­тарымыз» елдегі қосарлы билік туралы да әңгіме қоздатумен келеді. Бұл жөнінде Елбасымыз да бірнеше рет: «Қазақстанда бір ғана Президент бар, ол – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Рас, ол мемлекет тағдырына қатысты келелі мәселелер бойынша менімен ақылдасып тұрады. Мұндай жағдайда мен ақыл-кеңес қосуға әзірмін», деген болатын. Бірақ дәл осы тақырыптың отына май құюшылар әлі де толас­тар емес. Сондықтан бұл сұраққа да Президент айқын жауап беріпті.

Н.Ә.Назарбаев – тәуелсіз Қазақ­стан­ның негізін қалаған тарихи тұлға. Бұл – бүгінгі және кейінгі ұрпақ үшін бұлжымайтын ақиқат. Өткеннің бәрін мансұқтағандар Кеңес Одағы сияқты алып империялар тағдырының қалай аяқталғанын өз көзімен көрді. Ендеше, кезінде Ғафу Қайырбеков ағамыз: «Басқаның патшасының бәрі жақсы, неліктен біздің хандар жаман болған», деп айтқандай, біз де Қазақстан деген киелі Отанымызды қалыптаған мемлекет құрушы тарихи тұлғаға әрқашан құрметпен қарауымыз керек. Бұл тұрғыдан келгенде «мемлекет құрушы әкелер» ұғымын алғаш қолданысқа енгізген әріде АҚШ, беріде Ататүрікті өз атасындай құрметтеуді өмір салтына айналдырған түрік бауырлардан  үлгі алуымыз керек. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жауабы баршамызды осыған үндейді.

Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Жалпы, жер бетінде бір ғана ұлттан құралған бірде-бір ел жоқ. Шынтуайтына келгенде, көпұлттылық – кез келген мемлекеттің ең осал тұсы. Өйткені әлемдегі дау-жанжалдың басым көпшілігі ұлт пен ұлттың, дін мен діннің артықшылығын дәріптеуден басталады. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлы кәнігі дипломат ретінде Қазақстанда қаншама көп этнос болса да, халықтың біртұтас екендігін басып айтқан. Бізде «этностық азшылықтың» да, көпшіліктің де жоқ екендігіне, барлық ұлт өкілдерінің тең құқылылығына ерекше назар аударған. Шындығында біздің идеологтер алдағы уақытта «көпұлтты» деген тезистен «біртұтас мемлекет», «бір халық» деген тұжырымға көшуі керек. Дәл осы ұғымдарды өзін «Қазақстан азаматымын» деп сезінетін әр адамның санасына сіңіру қажет. Егер біз мұны қазақ халқының саны 70 пайыздан асқан кезде айтпасақ, қашан айтамыз?!

Елбасымыз да кезінде өз сұхбат­тарында: «Біздің халқымыздың үлес салмағы 70-80 пайыздан асатын күн алыс емес, сонда бәріміз қазақша сөйлейтін боламыз», деп талай айтқан болатын. Сол межеге тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында келдік. Енді осы бағыттан айнымауымыз керек.

Ресейлік журналистер қойған сұрақтардың бір парасы орыс ұлтының тағдырына, елді мекендер атауының өзгертілуіне қатысты шығыпты.

Әрине, сұрақ қоюшылар Қазақ­стан­ның отарлануы XIX ғасырдың соңына қарай (Әулиеата мен Шымкент Черняевтің қанды қырғыны негізінде тек 1864 жылы ғана жауланды) аяқталғанын жақсы біледі. Олар осыдан небәрі бір жарым ғасыр бұрын қазақ даласында орысша атаумен аталатын бірде-бір елді мекен болмағанын да іші сезіп тұр. Әуелі патшалық Ресей кезінде басталып, кейін КСРО «зор табыспен» жалғастырған озбыр саясат негізінде бабаларымыздың жүздеген жылдар бойы қалыптастырған тарихи атаулары саяси сылтаулармен өзгертілді. Әйтсе де олар ел жадынан өшкен жоқ. Тәуелсіздіктің арқасында солардың көпшілігі байырғы қалпына келтірілді. Әлі де болса сең бұзылмай, сіресіп тұрғандары да жоқ емес. Оларды дәл қазір жаппай өзгертсек, сыныққа сылтау іздеп отырғандардың қандай қитұрқы әрекетке баратынын аңғару қиын емес. Ендеше Абай атамыз айтқандай, әрдайым «ақырын жүріп, анық басатын» Қасым-Жомарт Кемелұлы зымиян сұраққа зиялы жа­уап беріпті. Тағы да «бәрекелді» дестік.

Ресейлік журналистердің Қырым мен Донбасқа қатысты сұрағының астарында зіл жатқанын аңғаруға болады. Президентіміз мұндай болжамды тек арам пиғылдылар ғана жасайтынын сөз астарында айтып, сұрақ қоюшыға «сары майдан қыл суырғандай» қисынды жауап беріпті.

Қазақ қоғамының асыға күтіп отырған жағымды жаңалығының бірі – латын әліпбиіне көшу. Әуелде қарқынды басталған бұл үдерістің кейінгі кезде баяулай түскеніне алаңдаушылық білдірушілер де бар екенін ашық айтуымыз керек. Көп жұмыс атқарылды. Әліпбидің негізі қаланды. Тек 2-3 әріптің таңбалануында ғана пікірталас бар. Оның да оңды жолдары табылған сияқты. Сондықтан өзі бірнеше тілдерді еркін меңгеріп, күн сайынғы қызметінде бірнеше әліпбиді қатар пайдаланатын зиялы тұлғаның латынға көшуді саясаттан емес, цифрлы технологиялар заманында қазақ тілінің коммуникативтік аясын кеңейтіп, әлемдік ақпараттық жүйеге қосу үшін жасалатынын жеріне жеткізе түсіндіріп беруі екі жақтың да көңілінен шығады деп есептеймін.

Кейінгі кезде кейбір ресейлік саясаткерлер мен журналистер АҚШ-тың Қазақстандағы қайдағы бір мифтік «әскери базасы» туралы әңгімені қоздатып жүр. Газет тілшілері бұл сұрақты да айналып өтпепті.

Мәселенің жай-жапсарын нақты білетін адам ретінде бір ауыз түсіндірме жасап кеткенді жөн көрдім.

Осыдан тура 10 жыл бұрын, дәлірек айтсақ, 2010 жылдың 20 маусымында Қазақстан мен АҚШ арасында Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға арналған арнайы жүкті темір жол арқылы тасымалдау үшін Ақтау, Құрық порттарын пайдалану жөнінде келісімге қол қойылды. Бірнеше тараптар мақұлдаған бұл келісімде мұндай жүкті тасымалдау үшін Қазақстаннан басқа Әзірбайжан, Өзбекстан, Ауғанстан сияқты елдердің қатысуы да қарастырылған. Тіпті келісімнің бастапқы жобасы бойынша жүк Ресейдің Илецк қаласынан бас­тау алатындығы көрсетілген болатын, кейін олар бұл пікірінен айныды. Бірақ қашанда берген сертіне берік Қазақстан келісімді ратификациялады. Бар болғаны осы. Барлығы бүкіл әлем жұртшылығы алдында жария түрде жасалды.

Бұл құжатта Қазақстанда АҚШ-тың әскери базасын салуға қатысты бір ауыз сөз болмаса да, кейбір ресейлік саясаткерлер, Соловьев сияқты атышулы тележурналистер түймедейді түйедей етіп, аузынан көбігі шыққанша көпіріп, үлкен дау-дамай туғызды. Президентіміз екілене сұрақ қойған тілшілердің екпінін оп-оңай басып, өте салмақты жауап беріпті.

Жалпы, АҚШ-пен ядролық қарусыз­дандыру саласындағы ынтымақ­тас­тықты 90-жылдардың басында Ресей Президенті Б.Ельцин бастаған. Кейін 1994 жылы қарашада Будапешт қа­ла­сындағы үлкен саммитте Қазақстан Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаев ядролық қару­дан өз еркімен бас тартып, еліміз­ді ядролық қарусыз мемлекет деп жария­лап, оған АҚШ пен Ресей Прези­дент­тері кепіл ретінде қол қойған болатын. Сондықтан кімнің не дегеніне қара­мастан, Қазақстан мен АҚШ-тың өзара сенім мен ықпалдастыққа негізделген қарым-қатынасы барлық стратегиялық бағытта алдағы уақытта да жалғасын таба береді.

Ресей тарапының «бүйректен сирақ шығарып» жүрген тағы бір мәселесі – Алматыдағы бұрынғы обаға қарсы инс­титут базасында құрылған референс-лабораторияға қатысты.

Ресейде обаға қарсы ондаған инс­титут пен лаборатория әлі күнге дейін жұмыс істейді. Қазақстандағы институт та 1949 жылы КСРО заманында құрылған. Осы институт базасында АҚШ-тың қаржылай көмегімен 2016 жылы референс-лаборатория ашылды. Бұл – түгелдей Қазақстан меншігіндегі және тек біздің елдің Денсаулық сақтау министрлігіне ғана бағынатын мекеме. Дәл осы институт COVID-19 індетімен күрес барысында көп жұмыс атқарды. Оның жұмысы халықаралық қауымдастық үшін (оның ішінде Ресейге де) мейлінше ашық. Онда қазір бірде-бір америкалық маман жоқ. Сөйте тұра бұл мәселені ресейлік саясаткерлер (олардың ішінде біздің депутат әріптестеріміз де бар) «қажет жағдайда» ушықтырып отыруға әуес. Сондықтан сұрақ қойылмаса да Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл мәселенің де алдын алып, басын ашып, тіпті оған Ресей мамандарын бірлесіп жұмыс істеуге шақыруы бұл тақырыптағы дау-дамайға біржолата нүкте қойды деп білемін.

Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап, Елбасымыз біздің елмен достық, әріптестік, ынтымақтастық қарым-қатынас орнатуды мақсат еткен мемлекеттердің бәріне айқара есік ашып, баршасымен өзара сенім мен құрметке негізделген саясат ұстанды. Сондықтан саясатта – сабақтастық, әлеуметте – әділдік, экономикада – өрлеуге негізделген Қасым-Жомарт Кемелұлының ұстанған бағыты – айқын, жолы – тура. Мемлекет басшысының сындарлы сұхбатынан біз осыны түйдік.

 

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД,

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы

Дереккөз: "Егемен Қазақстан"

Пікір жазу
  • Қ. Тоқаев: Жалған сарапшылардың мұндай болжам жасауына ешқандай негіз жоқ
    Төлен Әбдік: Ақиқаттан биік ақсақал жоқ