Биыл Абайдың 175 жылдық мерейтойы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жыл сайын бөлетін қаражат аясында тойланады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов айтты, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.
«Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған шаралар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 3 млрд теңге көлеміндегі жылдық жоспарланған қаржысы есебінен өтеді. Мысалы, Абай атындағы Опера және балет театры гастрольдік сапарларына бөлінген жыл сайынғы қаржыны Абай жылына арнап, Мәскеу, Түркия, Қытайға барып өнер көрсетеді», - дейді Нұрғиса Дәуешов.
Мерейтой аясында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығын түрлендіру және ақын есімімен байланысты тарихи-мәдени мұра объектілеріне ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу қарастырылған.
«Бұл жұмыстардың бәрі «Қазреставрация» ұйымына бөлінген қаражат есебінен жасалады. Мысалы, Абайдың Семей қаласындағы музейінің ішкі жөндеу жұмыстарына 30 млн теңге бөлінді», - дейді Нұрғиса Дәуешов.
Ұлы Абай мерейтойының ресми салтанатты ашылу рәсімі 21 қаңтар күні Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.