23 шілдеде Алматы облысы Жаркент қаласында шекара бұзып өткен Сайрагүл Сауытбайдың соты өтеді. Сайрагүл Қазақ жеріне, қазақ еліне, Отанындағы отбасына жетем деп асығып шекара кесіп өтті. Арқа жәйлі болса, арқар ауып несі бар дегендей, Сайрагүл заң бұзса оны Қытайдың қазіргі саясаты жағдайы бұздырды. Шынжаңдағы қазіргі келеңсіздіктер болмағанда, Сайрагүл елге заңды түрде келіп отбасымен қауышар еді.
Сайрагүлдің шекара бұзуына келсек, бір анығы Сайрагүл Қытайдың шекарасынан еркін сауда аймағына заңды түрде өтті де, бері қарай Қазақ елінің шекарасын заңсыз бұзып өтті. Ендеше, Сайрагүл Қазақтың шекарасын бұзғандықтан Қазақ мемлекетінің заңымен жазалануы керек. Біздегі басты мақсат оны Қазақстанда жазалау арқылы Қытайға жібермеуге атсалысу. Сайрагүлді қолдауымыз, жақтас, тілеулес болуымыз керек. Бірақ, Сайрагүл туралы біреу біліп айтар, біреу жалпы барысты білмей ерер. Сондықтан, істі одан ары ұшықтырудың, бостандық сұраймыз деп бұл іске кім көрінгенді араластырудың қажеті шамалы. Оның Сайрагүлге де, мемлекетімізге де пайдасынан зияны ауыр. Өкінішке орай, арамызда Сайрагүлді өздерінің саяси ойынының құралы еткісі келетіндер де жоқ емес. Сайрагүл арқылы "Қытайдың қылмысын ашпақ" ниеттегілер де бар. Олар Сайрагүлдің ауызынан Қытайдағы сорақылықтарды айтқызбаса да, Сайрагүлсіз де қытайдың бет-бейнесін білем деген адам біліп, көрем деген адам көріп жатыр. Енді апарып әлем жұртына Сайрагүлді Қытайдың саясатының былығын ашушы ретінде көрсетудің еш орны да жоқ. Сондықтан Сайрагүді Қытай саясатына қарсы тұрушы тұлға ретінде емес, ана Отаны мен отанындағы бала-шағасына асыққан ана ретінде ғана қарау керек. Сондықтан, әуелбастан бұл істе xалықаралық ақпарат құралдары, xалықаралық ұйымдар дегендерге онша әуес болмаған дұрыс еді. Біз өз ішімізде Сайрагүлді тариxы Отанына асыққан қандасымыз ретінде санағанмен олар оны құқы бұзылған адам ретінде қарайды. Демек олар бұдан кейін бізге өзге бір ұлттың азаматы келіп оларға шықса, бізді босқын қабылдайтын ел ретінде өз талаптарын қоя алады. Бұл іске шетердік күштер араласса, кімнің қандай мақсатпен араласарын білмегендіктен, өз қотырымызды өзіміз қасып, Сайрагүлге азат еліміздің заңы арқылы жаза берсек те елде қалдыруды ойлауымыз керек. Торғай екеш торғай да балапанын қорғайды демекші Сайрагүлдің де өз отаны бар, Отаны - анасы. Баланы анасынан артық кім қорғамақ? Демек Сайрагүл қорғансыз емес.
Сайрагүлдің шекара бұзу себебі әуелбастан белгілі. Оның негізгі себептерімен ҚР Сыртқы істер министрлігі айналысуда. Ияғни Шынжағдағы қазақтардың жағдайы бойынша Қытай тарапымен бірнеше келіссөздер өткізді. Соның нәтижесінде елге біраз адам оралды. Алдағы уақытта көптеген қандастарымыздың елімізге оралуына мүмкіндік туады деп күтудеміз. Міне сондағы бір жарым миллион қазақтың басындағы қиын жағдай Сайрагүлдің басында да тұр еді. Ол сол ауыртпалықтан құтылудың жолын шекара бұзу арқылы шешуді таңдады. Сайрагүл өзі қай жолмен келсе де, артта оның ет жақын туыс-туғандарымен бірге тағы сол бір жарым миллион қазақ қалды. Ендеше біз, Сайрагүлді құтқарумен бірге әр іс әрекетімізден арғы беттегі Сайрагүлдің туыстарына, тіпті сол бір жарым миллион қазаққа зиянымызды тигізіп алудан, ҚР Сыртқы істер министрі жүргізіп жатқан келіссөздерге кері әсерімізді тигізуден сақ болғанымыз абзал. Ол үшін жоғарыдағы айтқандай Сайрагүлді «саяси күрескер» мәртебесінде емес, қазақ шекарасын бұзған азамат ретінде өзі айтқандай өз мемлекетіміздің заңы бойынша жазалап қытайға жіберуден алып қала тұрсақ, артынан шулатпай бір жола елде қалдырудың жолы табылар.
Осы жерде тағы бір ескере кететініміз. Сайрагүл Қазақ елінің шекарасын бұзды. Сонда біздің елдің шекарасы бір дәрменсіз әйел кесіп өте беретін шекара ма? Қазақ шекарасынан бүгінге дейін Сайрагүл ғана заңсыз өтті ме? Сайрагүл сияқты қанша адам бар? Сол шекарадан ұлты басқа азаматтар да өтіп жүрген жоқ па? Шекарамызды кесіп өтуге жол бергендер кім? Олар жазаланды ма? Сайрагүл өткен жерден өзгелердің өтіп кетпеуінің алдын алу үшін қандай жұмыстар жасалды? Сайрагүлдің тағдрына алаңдаған әр қазақ қазақ елінің тағдырына одан бір мысқал кем алаңдамас. Құзырлы орындардан әр азамат осы сұрақтардың жауабын алғысы келетін болуы әбден мүмкін.
Jebeu.kz