Бүгін Алматы облысы Жаркент қаласында отбасымен қауышу үшін шекара бұзып өткен Сайрагүл Сауытбайдың соты өтті. Сот процесі сағат 10:00 де басталуға тиісті болған. Тараптардың талабы бойынша түстен кейінгі сағат 16:00-ге ауысты.
Сотқа Рысбек Сәрсенбай, Мұхтар Тайжан, «Жаңа Қазақстан» қозғалысының мүшелері Әміржан Қосанов, Серікжан Мәмбетәлин сияқты қоғам қайраткерлері мен қоғам белсенділері, айтыс ақыны Айтақын Бұлғаұқов, әнші Меруерт Түсіпбева, ақын Ауыт Мұқибек, Керім Елмес қатарлы журналистер және желтоқсаншылар, барша тілеулес ағайындар болып 150-дей адам жиналды.
Сотта Сайрагүлдің адвокаты Абзал Құспан қоғам белсенділері мен зиялы қауым өкілдерінің ҚР президентінің атына, бас прокуратураға жазған ашық хатты сотқа ұсынып, Сайрагүл Сауытбайдың күйеуінің жеке куәлігін, заңды неке куәлігі және балаларының туу туралы куәліктерін, сондай-ақ, халықаралық балалар құқығын қорғау туралы хаттаманы тіркетті.
Осы іске байланысты қандай да бір іс-әрекет пен құжаттарға ерекше назар аударатындығын білдірген айыптаушы жақ жаңа қосқан құжаттармен тансу үшін уақыт керек деп, бүгін жарыс сөзге дайын еместігін айтты. Осыдан кейін судия айыптаушы мен қорғаушының пікірін ескере отырып, сотты 1 тамыз күні сағат 10:00-ге қалдырды.
Жолаушының кешіккенінен дәмелен дегендей, соттың кешіге бергеніне біреу үміттенсе, енді біреу күдіктенеді. Сотқа жиналған барша ниеттес ағайын күдікті үмітке жеңдіріп, Қазақ соты қалайда Сайрагүлді елге алып қалса деген тілектерін білдіріп қайтты.
Jebeu.kz