Тәуелсіздік қазаққа не берді? Бұл сұраққа әркім әр қилы жауап айтары анық. Бірақ көкірегі ояу, көзі қарақты әрбір қазақ білуге тиіс жалқы ақиқат: тәуелсіздік – әлемде тарыдай шашырап жүрген қазақтың басын қарашаңырақта қауыштырды. Бұған мысал жетіп жатыр. Басқасын айтпағанда газет бетінде өздеріңіз суретін көріп отырған қос қарияның бірі – Моңғол елінен, екіншісі Қытайдан көшіп келіп, елорда төрінде тағдыры тоғысқан бір атаның балалары. Егер еліміз тәуелсіздік алып, туын көтермесе бұлардың басы бір шаңырақ астына қосылар, я қосылмас. Ақын Жәркен Бөдеш ағамыз айтқандай: «Жем болмай ит пен қасқырға, Жем болмай қашқын-пысқынға, Біз қашан түгенделеміз, Бір шаңырақ астында» деп армандаумен дәмі таусылар ма еді, кім білсін.
Әңгімемізге қайта оралайық. Біз сөз етіп отырған қос қарияның бірінің есімі – Саған Рабай, екіншісінің аты – Жапанхан Иманбала. Бұлардың үлкен аталары Жырғалаң деген адам екен. Оның Бөке және Шөке деген екі ұлы болыпты. Бұл екеуі қытай қазақтарының азаттығы үшін басын бәйгеге тіккен тұлғалар. Бұл адамдар туралы 1987 жылы Шыңжаңда жарық көрген жазушы Шәміс Құмарұлының «Бөке батыр» атты тарихи романы бар. Бұл туынды 1993 жылы «Жұлдыз» журналының 1-2 сандарында жарияланды. Осында қос батырдың ерлік істері жайлы егжей-тегжейлі баяндалады.
Жоғарыдағы шығарма желісінен қаузай сөйлесек, ХІХ ғасырдың соңына таман Алтай-Тарбағатай өңірінде қазақ-қалмақ арасында жерге талас, жайылымға егес туындап, әсіресе байырғы Жібек жолы бойындағы байланыс бекеттерін күш-көлікпен қамдаудан бас тартқаны үшін қытай билігі Бөке батырға қырын қарай бастайды. Осындай әртүрлі себептерге байланысты Бөке батыр өзіне бағынышты елді бастап шығысқа қарай Боғда тауына көшіп барады. Бұл өлке бұған дейін қазақ баласының табаны тимеген жер.
Боғда өңірінің орталығы Шонжы қаласында төрт ұлттың (ханзу, ұйғыр, моңғол, қазақ) өкілдігі ашылады. Әр ұлттан шаңия (өкіл) тағайындалады. Қазақ атынан Бөке батыр сайланып, дара билік жүргізеді. Халқына жайлы өмір жасайды. Осыдан кейін Алтай-Тарбағатай қазақтары Бөкенің қарамағына көшіп келе бастайды. Жергілікті қытай шенеуніктері қазақтардың күшейіп кетуінен қорқып, Үрімжідегі үкіметке «Бөке жеке хандық құруды қолға алып жатыр» деп арыз түсіреді. Сөйтіп Бөке батыр тұтқындалады. Елін Алтай-Тарбағатайға қайта көшіру үшін әскер аттандырады. Ел көшуден бас тартып, әскерлермен қақтығысады.
Батырдың інісі Шөке Үрімжі ұлығына үлкен сый беріп ағасын босаттырып алады. Түрмеден шыққан Бөке елдің астанасы Пекинге барам деп аттанып кетеді. Бірақ Пекинге бармайды, жайлы қоныс іздеп жер шалып кеткен екен, жыл өткен соң келіп елін бастап шығысқа қарай көшеді. Сол кеткеннен мол кетіп Тибет асып, Үндістанның шекарасына ат тұмсығын тіреп тоқтайды. Бұл 1900 жылдар шамасы.
Бөкенің елін қайтару үшін Үрімжіден толық қаруланған 500 атты әскер шығады. Оларға Бөке батыр қарсылық көрсетіп, қырғын соғыс болады. Қазақтар 500 қытай шерігінің 300-ін жер жастандырады. Қазақтардан батырдың інісі Шөке және жиырмадай адам шығын болады. Шамасы жетпеген қытай үкіметі Бөкенің басы үшін мол сыйлық тағайындайды. Осыған қызыққан тибет төрелері 1904 жылы жазда Бөке батырды ел астанасы Лхаса қаласына шақырып, қонақасы кезінде улап жібереді. Содан еліне оралған Бөке келе сала ауырып, қаза табады. Халқы батырды інісі Шөкенің қасына жерлейді. Бұл жер қазір «Есекбатқан» деп аталады. Тибет автономиялы районы, Алтынтоқ қорық ауданы аумағы.
Бөке батыр қаза болғаннан кейін 12 тәулік өткенде Үрімжіден қисапсыз әскер келіп елді қайтадан кері айдайды. Бөке батырды көрден суырып шығарып, басын кесіп әкетеді. Өйткені бұл басты әкелген адамның алдында зор қошемет күтіп тұрған еді. Батырдың басын Үрімжі көшесіне іліп қояды. Соңында батырдың баласы Рабай әкесінің басын сұрап алып, байырғы мекені Шіңгіл бойындағы Аралтөбе ауылына қарасты Обаты қыстағына жерлейді. Осылай Бөке батырдың денесі Тибетте, басы Алтайда қалды.
Осы оқиғадан кейін Бөке батырдың баласы Рабай елін бастап Моңғолияға ауып кетеді. Ал Шөке батырдың ұрпағы Иманбала Шіңгілде қалып, артынан Баркөл жаққа қоныс аударған екен. Рабайдың баласы, яғни Бөке батырдың немересі Саған ақсақал 1995 жылы Астана қаласына қоныстанса, 2007 жылы Қытайда қалған Шөке батырдың жалғыз ұлы Иманбаладан туған Жапанхан ақсақал да елордаға көшіп келді. Жапекең өткен көктемде бақилық болды. Тағдыр-ай деші. Жапанхан ақсақалдың атасының басы Тибетте, әкесінің басы Баркөлде қалса, өзі қазақтың сайын даласы Сарыарқада дамыл тапты. Қос қарияның ұрпағы Қазақ елінде аман-есен өсіп жатыр. Міне, бұл тәуелсіздіктің қазаққа берген сыйы.
Бекен Қайрат
Дереккөз: "Егемен Қазақстан"