2019 жылы 4 шілдеде Алматы қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы Көші-қон жүйелер бөлімі, Алматы қаласы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасымен бірлесе отырып «Оралман мәртебесін беру немесе ұзарту» мемлекеттік қызметі атты дөңгелек үстел өткізіп, оралман мәртебесінің мерзімі өтіп кеткеніне қарамастан этникалық қазақтарға жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын беру жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Дөңгелек үстелге Алматы қаласы Көші-қон қызметі басқармасының аудандардағы өкілдері де келіп қатысты. Сонымен бірге Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігі, «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі қатарлы қоғамдық ұйым мүшелері мен БАҚ өкілдері және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жоғарғы оқу орына дейінгі білім беру факултеті қызметкерлері қатысты. Сондай-ақ ҚР азаматтығын алалмай жүрген қандастар келіп жағдайын айтты.
2017 жылы толықтырулар енгізілген ҚР «Халықтың көші - қон туралы» заңының 21 - бап 2 - ші тармағында сәйкес, оралман мәртебесі 1 жылға беріліп, оралман мәртебесінің уақыты өтіп кеткеніне алты айдан аспайтындарды ғана үш ай мерзімге тек бір мәрте ұзарту мүмкіндігі берілген. Заңдағы осы шектеуден кейін неше мыңдаған қандастар ҚР азаматтығына құжат тапсыра алмай қалған. Осыдан кейін көптеген қоғамдық ұйымдар мен азаматтар ҚР Үкіметі мен парламентіне хаттар жазып, баспасөзде көтерген болатын. Қандастардың өтінішінен кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбеав 2019 жылдың 16 наурызында оралман мәртебесінің уақыты өткен қандастарға 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін құжаттық жеңілдік жасау туралы жарлыққа қол қойған.
Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы Көші-қон жүйелері бөлімінің басшысы Ғалиева Күлпаран Темешқыз аталмыш жеңілдік берілгеніне 3 айдан асса да, орайды пайдаланып ҚР азаматтығына құжат тапсырып жатқан азаматтардың тым аз екенін айтып, барлық қандастарды өсы жеңілдікті тиімді пайдалануға шақырды.
«Биылғы Елбасы жарлығы шыққалы бері оралман мәртебесінің уақытын өткізіп алған Алматыдағы мыңнан артық қандастарымыздың 80-і ғана келіп құжаттарын ұзартуға өтініш тапсырды. Бүгінге дейін сол 80 адамның 34-і ғана Ықтиярхат алуға өтініш білдіріпті. Демек, қалған 50 қандасымыз құжаттың әлі маңызды екенін сезіне алмай отыр. Егер дәл осы 50 адам билығы жылдың 31 желтоқсанына дейін құжаттарын рәсімдеп үлгермесе, тағы да ҚР азаматтығын ала алмай қалады. Сол себепті, Алматы қаласы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқарамасына қала бойынша тексеріс жүргізіп, жедел түсіндіру жұмыстарына алып баруға ұсыныс білдіремін. Өйткені, салғырттыққа салынып тағы қандастарымыз қалып қойса, ертең мұндай мүмкіндік болмайды. "Адырна" бірлестігімен бірге былытырдан бері қандастармен көптеген кездесулер өткіздік. Көптеген қандастарымыз облыстан келіп шағымдарын айтыпжатады. Сондықтан, бүгінгі жиналысқа Алматы облысы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасы қызметкерлерін де шақырғанбыз. Бірақ, ол кісілер келмеді»,- деді Күлпаран Ғалиева.
Дөңгелек үстелде одан сырт қандастарды бейімдеу, тұрақты тіркеуге тұру, студенттердің ҚР азаматтығын алу мәселелері талқыланды. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Алматы қаласындағы бөлімшесінің басшысы Ақбөпе Мақұлбекова қандастар өздері үй алып, өз үйіне тіркеуге тұрғанша тіркелетін жер табуы қиынға соғатын айта келіп, қалалар мен облыстардан Қандастарды бейімдеу орталықтарын ашса, сол бейімдеу орталықтарына қандастар тіркеуге тұрып ҚР азаматтығына құжат тапсыру мүмкіндігі жасалса деген ұсынысын білдірді.
«Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Төрағасы Омарәлі Әділбекұлы қандастар мәселесі бойынша Алматы қаласында көптеген дөңгелек үстелдер өтіп, талқылаулар болатындықтан көп мәселе туындай бермейтінін, көптеген мәселлердің обылстарда орын алып жататынын айтып өтті.
«Қандастарымыз елге келген соң жергілікті ортаға бейімделгенше, түрлі ақпарат тасқынында шын ақпарат пен жалған ақпаратты ажырата алмай, фейк ақпараттардың да жетегінде кетіп жатады. Мемлекеттің кейбір тиімді саясаттары мен берілген жеңілдіктерінен дер кезінде хабардар бола бермейді. Сонымен бірге Қытайда құжаттану мәселесі жақын жылдарға дейін жүйге түсбегендіктен, қандастар құжат жинауға дағыланбаған. Оның үстіне ағайындар кириллицаны оқып-жазудан қиналады. Міне осы мәселлердің алдын алу үшін қандастарымызға дұрыс ақпарат беріп, түсіндіру жұмыстары жасалуы тиіс. Былтырдан бері өздеріңіз (Алматы қалалық Әлеуметік әл-ауқат басқармасы) көптеген кездесулер ұйымдастырып, қандастар мәселесімен айналысатын ұйымдар мен мекемелердің басын қосып, мәселелердің дұрыс шешілуіне атсалысып келесіздер. Осының нәтижесінде Алматы қаласында мемлекеттің көші-қон саясаты өз деңгейінде атқарылады. Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің жанынан «Тарихи Отанына оралған қандастарымыз мәселесі мен миграциялық саясат» туралы жұмыс тобы құрылды. Осы қоғамдық кеңестің жұмыс тобының қоғамдық қабылдауында да қандастар мәселесі жан-жақты талқыланды. Көп жерлерге қарағанда Алматы қаласы қалалық Мәслихат, Полиция департаменті Көші-қон басқармасы, қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы Көші-қон жүйелер бөлімі қатарлы мекемелер бір-бірімен байланыс орната отырып, қандастар мәселесін шешудің үлгісін көрсетіп отыр. Алдағы уақытта да Көші-қон саласында түрлі мәселелер туындап отырады. Олардың да алдын алу шараларын ҚР үкіметіне ұсынатын, алдағы уақытта да сіздермен бірге жұмыс жасайтын боламыз», - деді Омарәлі Әділбекұлы.
Дөңгелек үстелді ұйымдастырушы мелмекеттік органдардың қызметкерлері үкімет тарапынан жасалған жеңілдікті қандастар әлі толық пайдалана алмай жатқанын айтып, баспасөзде, әлеуметтік желіде қандастарды осы мүмкіндікті жіберіп алмауға шақыруды тапсырды. Барша оқырмандарымызға әлі де болса оралман куәлігінің уақытын ұзартып, ҚР азаматтығына өтініш бермеген азаматтарға берілген жеңілдіктің уақыты шекті екенін жеткізуілеріңізді ескертеміз.
Оралман мәртебесі өткен азаматтар ораман куәлігін ұзартуға 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін ғана өтініш бере алады. Оралман куәлігінің мерзімін ұзартуға қажетті құжаттар:
- Өтініш;
- Мерзімі өткен оралман куәлігі (түп-нұсқа болмаса көшірмесі);
- Тұрақты мекен-жайы.
Jebeu.kz