Елордада «Назарбаев зияткерлік мектептері» базасында шетелдегі қазақ диаспорасы балаларына арналған тұғыш реткі «Ұлы дала ұрпағы» жазғы мектебі ашылды. 10-24 шілде аралығындағы екі апталық жазғы мектепте балалар ана тілін мен қазақтың тарихы оқып, салт-дәстүріннен үйренеді.
"Отандастар" қоры мен Дүниежүзі қазақ қауымдастығының қолдауында ашылған лагерьде Ресей, Иран, Моңғолия, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан сияқты елдерден келген 150 оқушы келген. Мектептің ашылу салтанатына Білім және ғылым министрі Асxат Аймағамбетов қатысып, жеткіншектерге жылы лебізін білдірді.
"Шет елдерде жүрген бауырларымыз – біздің баға жетпес бай қазынамыз! «Ұлы дала ұрпағы» жазғы мектебін ұйымдастыруымыздағы негізгі мақсатымыз да жастардың түп қазығын танып, тамырын ата-жұртында жаюына үлес қосу. Сәйкесінше жазғы мектептің жұмысы қандастарымыздың тарихи Отанымен байланыстарын нығайтып, xалқымыздың салт-дәстүрін танып, ана тілін, ел тарихын зерделеуге жағдай жасауға бағытталған. Бауырларымызды атажұрттың бүгінгі келбетімен танысып, туған жерге деген сағыныш сезімдерін бассын деген үмітпен жинап отырмыз. Әлемнің 7 елінен келген қандастарымыз үшін ашылған жазғы мектеп жоба қатысушыларының көңілдерінен шығады деген үміттеміз", - деді Білім және ғылым министрі.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков алдағы уақытта мұндай шараларға келетін балар саны артатынын айтты.
«Әлемде 16 млн-ға жуық қазақ өмір сүрсе, оның үштен бірі шет елдерде тұрады. Өзім көптеген елдерге барып, шеттегі қазақтардың өз мәдениетін, салт-дәстүрін, тамырын білмейтінін байқадым. Әрине, олардың кінәсі жоқ, себебі өзге тілде білім алады. Біздің басты міндетіміз - әлем бойынша ұлтымызды сақтау. Сондықтан, балаларға жазғы мектеп ұйымдастыруды бастадық. Алдағы уақытта балалар санын 4 мыңға дейін көбейткіміз келеді», - деді Зауытбек Тұрысбеков.
Балалар елорданың басты туристік нысандары - ЭКСПО орталығын, Бәйтеректі, Тұңғыш Президент кітапханасын, Әзірет Сұлтан мешітін, Бейбітшілік жәнен келісім сарайын аралайды. Сонымен бірге, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркіне, «Алжир» музейлік-мемориалдық кешеніне, ашық аспан астындағы «Бозоқ» археологиялық-этнографиялық музейіне, «Родина» агрофирмасы мен «Аққайың» тәлімбағына бару жоспарланған. Ұлттық музейде «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбында тарих сабағы өтеді. «Қазақстан Ғарыш Сапарында» балалар Байқоңыр ғарыш айлағының тарихымен танысады. Назарбаев университетіне, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ мен С. Сейфуллин атындағы аграрлық университетке барады.
«Бұл біздің «Отандастар қоры» және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесіп қолға алған тұңғыш жобамыз. Шетелдегі қазақ балаларына қазақ тілін, Қазақстанның тарихын оқытуға академиялық қолдау көрсетіп қана қоймай салт-дәстүрлерімізді көрсететін, ұлттық қолөнерімізбен таныстыратын үйірмелер ұйымдастырып отырмыз. Ең бастысы тәуелсіздік алғаннан бергі еліміздің жетістігін, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының дамуын және құлашын кеңге жайған Қазақстандағы білім беру саласының мүмкіндіктерін көрсетуді мақсат тұттық. Назарбаев зияткерлік мектептерінде тәрбие жүйесіне арналған концепция бар. Соның негізінде ұлттық құндылықтарымызға бағытталған үйірмелер жұмыс істейді. Бұл жолы шетелден келген 150 бала мен өз мектебіміздің 50 оқушысы ұлттық аспаптар, ұлттық қолөнер/Арт-дизайн, робототехника, аэроғарыш, драма сияқты көптеген үйірмелерге қатысады. Бағдарламаға қазақтың «100 күйі», «100 әні» бойынша ән мен күйдің тарихы да енгізілді. Бұдан бөлек химия, биология, математика, физиканы біріктіріп оқытатын STEM бағдарламасы бойынша кеңейтілген зертханалық жұмыстарға да қатысады. Балалар ел астанасындағы барлық мәдени, тарихи нысандармен танысатын болады. Сондай-ақ оларды «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағына, «Ботай-Бурабай» аспан асты мұражайына және «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне апарамыз. Үйірмелер тек қазақ тілінде жүреді. Сондықтан парсы және орыс тілінің аудармашыларын да алдық. Тіпті бес уақыт берілетін тамақтарға да ұлттық тағамдар түрін таңдадық», дейді Назарбаев зияткерлік мектептерін дамыту департаментінің директоры Жұлдыз Сүлейменова.
Jebeu.kz