Павлодар облысы Моңғолиядан қоныс аударған қандастарды қарсы алды, деп pavlodarnews.kz - ке сілтеме жасап хабарлаймыз.
Моңғолия елінің Қобда және Баян-Өлгей аймағынан Павлодар облысына қоныс аударғандарды облыс әкімінің орынбасары, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Павлодар облыстық филиалының төрағасы қарсы алды.
«Бүгін Павлодар облысы үшін маңызды күн. Өйткені Қазақстан Республикасына, оның ішінде біздің өңірімізге 80 қандасымыз қоныс аударды. Бұған дейін өңірімізге 250 адам көшіп келіп, облысымыз жарты жылдықтың қорытындысы бойынша, жылдық квотаны орындады. «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында облыс әкімшілігі мен «Отандастар» қоры елеулі жұмыс атқарып, барлығы 330 адам келді. Бүгінгі келген 13 отбасының 18-ге толмаған 48 баласы бар. Олар балабақша және мектептермен қамтамасыз етіледі. Жұмыспен қамту мәселесі де шешіледі. Бұл бағыттағы жұмыс осымен тоқтамайды. Облыс әкімшілігі ағайындарымызды қарсы алуға қашанда дайын», - деді облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов.
Атамекенге көшіп келгендердің ішінде көпбалалы отбасылар көп. Моңғолияның Қобда аймағынан келген Кенжехан Төлеудің отбасында 82-дегі қарт әжесі мен 6 баласы бар.
«Бабаларымыздың қонысына отбасымда 9 адам келіп отырмыз. Қуанышпен қарсы алып жатқан ағайынға алғыс білдіремін. Моңғолияда егіншілік және мал шаруашылығымен айналысқанмын. Енді қайда жұмыс бар, сол жерге барамыз. Мал және жеміс өсірумен шұғылдансам деген ойдамын. Балаларымның үлкені мектеп бітіріп келді. Кішкентай балам енді 3-сыныпқа барады. Үлкенім ағылшын тілін жақсы меңгерген. Сол бағытта жоғарғы оқу орынында білім алмақ. Ол жақта аштық көрмедік. Дегенмен ұлтымыз – қазақ, тіліміз – қазақ болған соң, өз еліміздің ортасында болайық деп келдік», - деді Кенжехан Төлеу.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Павлодар облыстық филиалының төрағасы Болат Зауыт 80 адамның 800 келі жүгі бірге әкелінгенін айтты.
«Біз бұл отбасыларды көшіріп әкелер алдында Моңғолияға барып зерттеу жасадық.Ол жақтағы көшуге ниетті отбасыларды анықтадық. Сонымен қатар, Моңғолиядан көшіп келуші отбасылардың тұрмысқа қажетті заттарын, мүліктерін Ресейдің Ташанта кеден бекетінен алып өтуіне тосқауылдар қойылып келген. Келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін Отандастар қорының басшылығы Омбы қаласындағы Қазақстан консулы арқылы жүкті тасымалдауға қолайлы жағдай жасады. Бүгінде барлық отбасы өз жүктерімен бірге аман-есен елімізге жетіп отыр», - деді Болат Зауыт.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Нұрмағамбетов бұл жолы келген қандастарға алдымен Тереңкөл, Май аудандарына және Екібастұз ауылдық аймағына қоныстану ұсынылатынын атап өтті.
«Бүгін 3 ауданның өкілдері келіп, қандастарды алып кетеді. Аудандарды таныстырып, аралап келеді. Ұнаса сол ауданда қалады. Ұнамаса басқа аудандар келеді. Бұл 3 аудан негізінен жұмыс күші қажет аудандар. Осы жолғы келген адамдардың арасында ауыл шаруашылығымен айналысқан және дәнекерлеуші мамандар бар. Аудандарда үй ұсынылады. Ол үйді жалдап тұруына біз 1 жыл бойы жалдау құнын төлейміз. Егер ол үйді сатып аламыз десе, алғашқы жарнасы ретінде сол 1 жылдық жалдау құнын береміз», - деді Қайрат Нұрмағамбетов.
Басқарма басшысының айтуынша, жыл соңына дейін Қытай, Моңғолия, Қарақалпақстан, Ресей елдерінен тағы 300 адам келеді деп жоспарланған. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан көшіп келгендердің жол шығыны өтеледі. Бұл жолғы қоныс аудандарғандардың әрқайсына 88 500 теңгеден қаржы бөлінген.
Айта кетейік, Моңғолия елінің Қобда және Баян-Өлгей аймағынан көшіп келген 80 адам Павлодар қаласындағы бейімдеу орталығына орналастырылды.
Jebeu.kz