Қазақ халқы өз тарихындағы қилы кезеңдерде, әсіресе өткен ғасырдың бас кезіндегі саяси қуғын-сүргін мен қолдан жасалған ашаршылықтың салдарынан қырғынға ұшырап, бір бөлігі бас сауғалап, дүние жүзіне тарыдай шашылып кеткендіктен, Кеңес өкіметі тұсында өз жерінде азшылық болып қалып, ана тілінен, ата салт-дәстүрінен айырылып, ұлт ретінде құрып кету қаупі төнген еді. Оған қоса, кезінде әртүрлі себеппен Қазақстанға қоныс аударылған басқа этностардың өкілдері өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы экономикалық дағдарыс кезінде өздерінің тарихи Отандарына үдере көшкендіктен, еліміздің тұрғындарының саны да азайып, жас мемлекетіміздің адами және экономикалық әлеуеті әлсіреп қалған болатын. Осыны ескерген Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел басшылығына келісімен жат жұртта атамекендерін аңсап жүрген ағайындарды қарашаңырағымыз – Қазақстанға қайтып оралтып, халқымыздың санын көбейту қамына кіріскені мәлім.
Нұрсұлтан Әбішұлы шетелдерге барған сапарлары аясында қазақ диаспорасы өкілдерімен ұдайы кездесіп, олардың жағдайларын біліп, қамқорлық көрсетіп отырды. Әсіресе Ауғанстандағы қазақтардың қиын жағдайына алаңдап, оларды сол елмен шекаралас мемлекеттердің жабық әуе кеңістігін 24 сағатқа аштырып, Қазақстанға ұшақпен көшіріп әкелгені Елбасының халықаралық деңгейдегі зор беделінің және шетелдегі қандастарымызға шынайы жанашырлығының теңдессіз айғағы болып қалды жаңа тарихымызда.
Өткен ғасырдың соңында күрделі экономикалық жағдайға тап болған Моңғолиядағы қандастарымыздың алғашқы легі Елбасының қолдауымен 1991 жылғы наурыз айында Еңбек шарты бойынша Қазақстанға қоныс аударды. Қилы заманда Алтай асып кеткен ағайындардың атамекенге оралуының ұлы көші осылай басталды. Кейін Нұрсұлтан Назарбаев Моңғолияға барған сапарында сол елдің азаматтығынан шықпағандығы себепті Қазақстан азаматтығын ала алмай, қиындық көріп жүрген 70 мыңдай қандасымыздың осы өзекті мәселесін де оңынан шешіп берді.
Тұңғыш Президентіміздің тапсырмасымен 1991 жылғы 18 қарашада Қазақ КСР Министрлер Кеңесі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» №711 қаулыны қабылдады.
Содан кейін Елбасы 1991 жылғы 31 желтоқсанда Қазақ радиосы арқылы «Алыста жүрген ағайындарға ақ тілек» үндеуін жолдап: «Қандас бауырларымызды байырғы атақонысына тарту мақсатында адам құқығы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық», деп мәлімдеді. Бұл үндеу 1992 жылғы 1 қаңтарда «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды.
Сол жылғы қыркүйек айында Алматыда Елбасының тікелей қолдауымен және қатысуымен әлем қазақтарының бірінші құрылтайы өткізіліп, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды. Оның Төрағасы болып Нұрсұлтан Назарбаев бірауыздан сайланды.
Шетелдердегі қандастарымызды атамекен – Қазақстанға оралуға шақыру – ел болашағын ойлаған Елбасының батыл да тарихи маңызы зор, дана шешімі болғандығы сөзсіз. Соның арқасында Тәуелсіздік жылдары тағдырдың жазуымен Моңғолия, Қытай, Түркия, Иран, Ауғанстан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және басқа елдерде тұрып жатқан 1 миллионнан астам этностық қазақ атажұртқа қайтып оралып, жас мемлекетімізді нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Халқымыздың құрамындағы қазақтардың үлесі 40 пайыздан 67 пайызға дейін өсіп, мемлекет құраушы ұлтқа айналды.
Елбасының тапсырмаларына сәйкес Үкімет шетелдерден көшіп келетін ағайындарды қабылдау және қазақ диаспорасының жас өкілдерін еліміздің жоғары оқу орындарында оқыту квоталарын енгізді, «Нұрлы көш» бағдарламасы қабылданып, бірқатар өңірде қандастарымызға арналған жаңа елді мекендер бой көтерді, көші-қон заңнамасы ұдайы жетілдіріліп, этностық қазақтардың атамекенге көшіп келуі және бейімделуі, Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуы үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалды, атамекенге оралған ағайындар мен әлі де шетелдерде тұрып жатқан этностық қазақтарды қолдау мақсатымен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жанынан «Отандастар» қоры құрылды.
Елбасы «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында: «Қазақтардың атамекеніне бет алған тарихи көшін біз бейнелі түрде «Нұрлы көш» деп атадық. Қазақстан мемлекеттік репатриация саясатын жалғасты жүргізген әлемдегі санаулы елдердің біріне айналды» деп жазды.
Жоғарыда баяндалған жайлардың негізінде және қандастарымыздың өтініштеріне орай «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңның 4-бабына («Кәсіби және өзге де мерекелер») сәйкес Үкімет өз қаулысымен 18 қарашаны «Нұрлы көш» күні деп белгілеу мәселесін қарастырса, игі болар еді.
«Нұрлы көш» күнін мерекелік дата ретінде белгілеу Елбасының көші-қон саласындағы ел мен жер тағдыры үшін маңызы зор бастамаларын насихаттау және оларды дәйекті жалғастыру ісіне оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын.
Осы мерекелік датаны атап өту аясында этностық қазақтарды Қазақстанға репатриациялау тарихы, шетелдерден көшіп келген қандастарымыздың және жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аудару бағдарламасы мен «Серпін» әлеуметтік жобасына қатысушылардың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі, олардың жаңа ортаға бейімделуінің өзекті мәселелері, сондай-ақ сыртқы және ішкі көші-қон проблемалары туралы ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер және басқа мерекелік іс-шаралар өткізу, соның ішінде елеулі жетістіктерге қол жеткізген қандастарымыз бен қоныс аударушыларға құрмет көрсету жөн болар еді.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Парламент Мәжілісінің депутаты, Nur Otan партиясының мүшесі
Дереккөз: "Егемен Қазақстан"