Шет елдерден атажұртқа оралып жатқан ағайындарымыздың біраз мәселесі биыл оң шешімін тапты. Елбасының Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында берген тапсырмасына сәйкес Қытайдан көшіп келген қандастарымыздың Қазақстан азаматтығын алуы үшін олардан соттылығы туралы анықтама сұрау тоқтатылды. Сондай-ақ 2014 жылдан бері Моңғолиядан келген бауырларымыз зейнетке шыққанда сол елдегі еңбек өтілдері ескерілмей, мардымсыз зейнетақы алып, зар илеп жүрген еді – енді Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен бұл проблема да оң шешімін табатын болды. Атап айтқанда, біз, Мәжіліс депутаттары, жуырда қолданыстағы заңнамаға тиісті түзету енгізіп, Сенаттың қарауына жібердік. Бұған қоса, биыл бір жыл мерзім ішінде қажетті құжаттарын дайындап үлгермей, азаматтық алуда қиындыққа тап болған этникалық қазақтардың өтініштерін ескеріп, «Оралман куәлігінің» уақытын үш айға ұзарту жөнінде заңнамалық норма қабылдадық.
Ал үстіміздегі жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тізгінін өз қолына алған Мәдина Әбілқасымованың командасы оралмандар мәселесіне жаңаша, түбегейлі тұрғыда қарап, көші-қон туралы заңнамаға елеулі өзгерістер мен толықтырулар енгізу қамына кірісіп жатыр. Өткен жұма күні осы мәселе жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізген вице-министр Нұржан Әлтаев өздері әзірлеген бірқатар ұсыныстарды ортаға салып, елге белгілі қоғам қайраткерлерімен кеңінен пікір алысты. Ең алдымен, алдағы уақытта шет елдердегі этникалық қазақтардың ешқандай квотасыз Қазақстанға келіп, өздерінің тарихи Отанының игілігіне қызмет етулеріне қолайлы мүмкіндіктер туғызылмақшы. Қандастарымыздың Қазақстан азаматтығын алу тәртібі де барынша жеңілдетіліп, бюрократиялық кедергілердің барлығы алынып тасталмақшы. Соның ішінде оралман мәртебесі мен Қазақстан азаматтығын алу үшін бір-ақ рет құжат жинап тапсыру қарастырылатын болады.
Отырыста қоғамымызда алыстан келген ағайындарға тағылған жағымсыз айдар сияқты болып кеткен «Оралман» атауын өзгерту мәселесі де сөз болды. «Қандастар» немесе «Ағайындар» деп атайық» деген ұсыныстар айтылды.
Меніңше, «Қандастар» деген сөзді қалың жұртшылықтың жақсы қабылдауы екіталай тәрізді. Ұлтымыздың ұғымына жақыны «Ағайындар» сөзі емес пе?
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кəрібай Мұсырманның жеке парақшасынан
Jebeu.kz