Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркияға жұмыс сапары аясында Президент Режеп Ердоғанмен және вице-президент Фуат Октаймен келіссөздер жүргізді, сондай-ақ Қазақстан – Түркия үкіметаралық экономикалық комиссиясының ХІ отырысына, екіжақты бизнес-форумның ашылуына және түрік бизнесінің капитандарымен кездесуге қатысты, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
«Елдеріміз арасындағы ынтымақтастық барлық салада қарқынды түрде дамып жатыр, екіжақты қатынастарды сапалы жаңа деңгейге шығарудың негізі салынды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Түркияны Қазақстанның маңызды әрі стратегиялық серіктестерінің бірі ретінде қарастырады», деді А.Мамин Анкара қаласында Р.Ердоғанмен кездесуде.
Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен 4200-ден астам компания тіркелген, олар энергетика, көлік, агроөнеркәсіп, машина жасау секторларында, инфрақұрылымдық құрылыста және басқа да салаларда қызмет көрсетеді. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 2,3 млрд долларға жетті, бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 68%-ға артық. Осы жылдың соңына қарай екіжақты сауда-саттық көлемі 3 млрд доллардан асады деп күтілуде. Қазіргі кезде түрік тарапымен бірлесе пысықталып және іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар пулы 6 млрд доллардан асады.
Келіссөздер барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
А.Мамин Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың монументіне барып, Ататүрік кесенесіне гүл шоғын қойды және Р.Ердоғанмен бірге Түркияда өткізіліп жатқан «Болашаққа тыныс бер» экологиялық науқаны аясында ағаштар отырғызды. Сонымен қатар Үкімет басшысы Түркияның Сауда-өнеркәсіп палатасының жұмысымен танысты, соның ішінде Түркияның мемлекеттік органдарын цифрландыру жұмыстары да бар.
Қазақстан Премьер-Министрі А.Мамин Түркия вице-президенті Ф.Октаймен Ыстанбұлда Қазақстан Түркия үкіметаралық экономикалық комиссиясының ХІ отырысына қатысты.
Іс-шара қорытындысы бойынша сауда және инвестициялар, өнеркәсіп, көлік, білім беру, денсаулық сақтау, туризм тәрізді және тағы басқа салаларда 65 пункттен тұратын Бірлескен іс-қимыл жоспары қабылданды. Бұдан өзге, халықаралық аралас жүктерді тасымалдау туралы үкіметаралық келісімге, 2019-2021 жылдарға арналған «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасы бойынша іс-қимыл хаттамасына, сондай-ақ Сауда және интеграция министрлігі мен Сауда министрлігі арасындағы «халал» санатындағы өнімдер бойынша ынтымақтастықты дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
А.Мамин мен Ф.Октай 500-ге жуық түрік және 100 қазақстандық іскерлік орта өкілдерінің қатысуымен Қазақстан – Түркия бизнес-форумын ашты. Форум аясында инфрақұрылым, индустрия, көлік-логистика салаларында, денсаулық сақтауда, қаржы нарығын дамытуда, мемлекет-жекеменшік әріптестікте тәжірибемен алмасу және т.б. салаларда бірлескен жобаларды іске асыруды қарастыратын, жалпы құны 1,5 млрд доллар сомасын құрайтын 18 құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда, Қазақстанда қатпарлы картон қаптама, лак-бояу өнімдері өндірістерін, «Ақтөбе-Гебзе» индустриялық аймағын ашу, Түркістан қаласын инфрақұрылымдық дамыту, сондай-ақ Алматы мен Қарағандыда университеттік клиникалар, Көкшетау, Қызылорда, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Таразда көпбейінді ауруханалар, Шымкент пен Ақтөбеде диагностикалық орталықтар салу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Қазақстан Премьер-Министрі Түркияның 41 ірі компаниясының басшыларымен – Қазақстан экономикасының қазіргі әлеуетті инвесторларымен кездесті. Асқар Мамин түрік бизнесінің капитандарымен екіжақты келіссөздер, сонымен қатар дөңгелек үстел форматында ортақ кездесу өткізді. Үкімет басшысы түрік бизнесмендерін Түркістан қаласының түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде жаңғыруы мен дамуына үлес қосуға шақырды.
Түркияға сапары аясында А.Мамин Қайсери қаласына барып, онда 2018 жылдан бастап қызмет көрсететін, мемлекет-жекеменшік әріптестік моделі бойынша жүзеге асырылған Түркияның денсаулық сақтау саласындағы алғашқы жобасына айналған қалалық аурухана қызметімен танысты.