10 қарашада Түркияның Ыстанбұл қаласында екі елдің мемлекеттік органдары мен іскер топтары өкілдерінің қатысуымен Қазақстан-Түркия бизнес-форумы өтеді. Бұл жөнінде Қазақстанның Түркиядағы елшілігіне сілтеме жасап хабарлаймыз.
Аталған форумның басты мақсаты - Қазақстан мен Түркия іскер топтары арасындағы байланысты нығайтуды көздейтін алаң құрып, екі мемлекет арасындағы сауда жəне инвестиция салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылау.
Форумға Қазақстан мен Түркияның ұлттық компанияларының, даму қорларының, сауда палаталарының басшыларының, мемлекеттік органдардың жоғары лауазымды тұлғалары мен бизнес өкілдері қатысады деп күтілуде. Бүгінгі таңда іс-шараға ниет білдірген 700-ден астам түрік жəне 150 қазақстандық кəсіпкер тіркелген.
Аталған іс-шара Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминнің Қазақстан-Түркия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 11-ші отырысы шеңберіндегі Түркияға сапары аясында ұйымдастырылады. Түрік тарапынан Үкіметаралық комиссияның тең төрағасы - Түркия Республикасының вице-президенті Ф.Октай.
Форум барысында еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылып, энергетика, машина жасау, химия, тау-кен металлургия жəне тоқыма өнеркəсібі, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым жəне қаржы салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланады.
Іс-шара барысында түрік бизнесінің капитандарымен B2B форматында іскерлік кездесулер өтуімен қатар, инвестиция тарту жəне бірлескен индустриалды аймақтар құру жөніндегі, мемлекеттік және жеке әріптестік жобалар жəне жүк тасымалы салаларындағы бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою көзделіп отыр.
Тəуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап орнатылған терең достық жəне бауырластық қарым-қатынас арқасында Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық саладағы ынтымақтастық белсенді дамып келеді. Осы ретте түрік компанияларының Қазақстандағы инвестициялық жобаларға деген қызығушылығы артып отыр. Атап айтқанда, 2019 жылы Қазақстанда түрік инвесторларының қатысуымен жалпы сомасы 2,9 млрд АҚШ долларын құрайтын 18 жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізіле бастады. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің мəліметіне сəйкес, 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан экономикасына құйылған түрік инвестицияларының көлемі 85 пайызға артып, 275 млн АҚШ долларын құрады. Өз кезегінде, Түркия мен Қазақстан арасындағы жыл сайынғы сыртқы сауда айналымы осы жылдың 8 айында 2 млрд АҚШ долларынан асты.
Жоспарланып отырған іс-шара іскерлік қарым-қатынас пен тікелей байланыс орнату контексінде тиімді платформа ретінде екіжақты сауда-экономикалық қатынасты дамытуға, Қазақстан мен Түркия экономикасына шетелдік инвестиция тартуға ықпал етеді.
Jebeu.kz