"ҚЫЗАЙ АНА" САЯБАҒЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 2022-05-31 Көрлімі: 607 Сипаттама

Мамыр айының 29 күні «Қызай ана» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Алматы облысы, Талғар...

01.JPG

Мамыр айының 29 күні «Қызай ана» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Алматы облысы, Талғар ауданы, Өстемір ауылында үлкен мерекелік іс-шара өтті. 

«Қызай ана» қоры құрылғаннан бері көптеген қоғамдық игі іс-шаралардың бастамшысы болып, елдің берекесі мен игілігіне қызмет ететін нақты жұмыстар атқарып келеді. Атап өтер болсақ, Өстемір ауылында Қызай ана атына  берілген үлкен көшеде жөндеу, жарықтандыру жұмыстарын іске асырды. Сонымен қатар, жыл сайын «Наурыз мейрамы»  мерекелік іс-шарасын үлкен көлемде дәстүрлі түрде ұйымдастырып, жергілікті бұқара халықтың алғысына бөленуде. Осы іс-шара аясында көптеген қайырымдылық жұмыстары атқырылып, қорға мүше жомарт жандар есебінен отбасы жағдайы төмен, денсаулығы нашар студенттерге шәкіртақы тағайындалып, жергілікті мектеп пен оқушыларына қаржылық-материалдық көмек жасалуда. Қор құрылғаннан бері басты жоспарлардың бірі – Қызай ана саябағын салу болатын. Мұндағы басты мәселе саябақ салатын жерге байланысты кешеуілдеп келген еді. Қор құрылтайшысы – Рақым Айыпұлы, өз жеке меншік жерінен 2 га ( 30 мың шаршы метр) жер телімін келісім шарт негізінде «Қызай ана» қорына ұсынды. Жер телімі Өстемір ауылының маңында Өстемір-Жалқамыс тас жолының бойына орналасқан.

1.JPG

Былтыр «Қызай ана» қоғамдық қоры үндеу жасап, Қызай ана саябағын салуға ұсынған жер телімін абаттандыру үшін көпшіліктен жылу жинаған болатын. 88 азамат қолдау көрсетіп 1904000теңге жиналды және қажетті  ағаштар алынып, абаттандыру жұмыстары істелінді. Осы мамыр айының 29 күні  «Қызай ана» қоғамдық қоры және Рахым Айыпұлы ұйымдастыруымен «Саябақты ашу» іс-шарасы көпшіліктің қатысуымен салтанатты түрде аталып өтті. Салтанатты шараға белгілі қоғам қайраткері, тарихшы ғалым Әлімғазы Дәулетханұлы, «Қызай ана» қорының төрағасы, тарихшы ғалым Нәбижан Мұхаметханұлы, Отандастар қорының төрағасы Мұқан Мамытқанұлы, қоғам қайраткері Тауқитан Зәменұлы қатарлы қызай елінің ақсақалдары мен қордың атқарушы деректоры Базарәлі Әріпұлы, қордың құрылтайшылары, Дүние жүзілік қазақ қауымдастығы Алматы бөлімшесінің бастығы Омарәлі Әділбекұлы, тағы басқа зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, қызай ана ұрпақтары қатысты.

3.JPG

Салтанатты іс-шараның ашылу сөзін қор төрағасы Нәбижан Мұхаметханұлы бастап ашып, қордың атқарылған жұмыстары мен болашақта атқарылуға тиісті істері туралы жалпы баяндама жасап, құттықтау сөзін айтты. Абыз ақсақалымыз  Әлімғазы Дәулетханұлы бастауымен, Мұқан Мамытқанұлы, Тауқитан Зәменұлы ағаларымыздың қостауында елді-жерді бірлікке, елдікке шақыратын, салиқалы ойларын ортаға салып, келелі кеңестермен бөлісті. Қор құрылтайшысы, осы шараның негізгі ұйымдастырушысы Рахым Айыпұлы саябақтың бас жоспарымен таныстырып, қорытынды сөз айтты. Салтанатты ашылудан кейін жиналған көпшілік дәстүрлі түрде жаңа шырша ағаштарын отырғызып, қуанышқа жайылған ақ дастарханнан дәм татып, осы шараға арналған концерттік бағдарламаны тамшалады. 

Жер тоңы жібіп, алғашқы көк дүркіреп шыға бастаған кезде шыбық қадап, тал отырғызу – сауапты іс. Өйткені, жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырағы дараққа айналып, жазда сая, қыста қамсау болады. Әрі экологиялық ахуалды жақсартып, қоңыржай климат қалыптастыруға әсерін тигізеді. «Бұтақ жайған ағаш қартаймайды, ұрпақ жайған адам қартаймайды» дейді халық даналығы.

2.JPG

Пайғамбарымыз Мұхаммед (ғ.а.с.) хадисінде «Ақырзаман келіп тұрса да егер бойыңда ағаш егуге жетерлік күшің болса, онда ағаш ек» деген хадис қалыпты. 

Пайғамбарымыздың (ғ.а.с.) ағаш отырғызу ісіне ерекше маңыз бергенінің мәні бар. Себебі, ағаш адамзатқа теңдессіз, қалтқысыз қызмет етіп келеді. Адам ауасыз өмір сүре алмайтын болса, ауаны жасайтын, тазалайтын, сүзгіден өткізетін, яғни ауадағы түрлі газдарды өзіне тартып, орнына оттегі бөлетін ағаш. Адамзат өз тарихында осы күнге дейін әлі ағаштан артық ауаны тазартатын бірде-бір қондырғы ойлап таба алмапты.

 Бүгінде бақшада 1300 түп ағаш егілсе, оның 900 түбі  жеміс ағашы, қалғаны шырша және т.б. әсемдік көрініс ағаштары. Олардың күтіміне мән берілген. Бірнеше жылда мәуелі ағаштары бар шырайлы жерге айналары сөзсіз. Болашақта Саябақта Қызай анамызға арнап үлкен ескерткіш орнатып, жанынан Қызай ана атындағы мұражай ашу жоспарланып отыр. Осы ретте, АҚШ тарихында ерекше есте қалған Президенті Франклин Рузвельттің сөзі еске түседі. 32-і Президент «Бір елдің өркениет дәрежесі өмір сүрген жерінде ағаш егу мәдениетін қалыптастырғанымен өлшенеді» деген екен.

Әлемде ағаш егу мәдениетін қалыптастыру мақсатында Халықаралық ағаш егу күнін атап өтеді. Тіпті, Лесото, Уганда, Коста-Рика, Намибия, Танзания, Малави т.б. елдерінің ағаш егу күндері бар.

Алла осы саябақтың сауабын Қызай анамыздың рухына, артындағы ұрпағына, осы игі істің бастамашы қамқоршысы болған барша жомарт жандарға, жер телімін беріп, болашақтағы күтіп-баптау жұмыстарын өз жауапкершілігіне алып, өз қаражатына мұражай салғалы отырған Рахым Айыпұлы ағамызға, ұрпақтарына еселеп сауаптан жазсын!

ТҮЙІН. Қазақта «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөз бар. Бағзыдан қалған өнегеден ағаш егу – сауапты іс екенін ұғасыз. Мұндай игілікті іс Қызай ана саябағында басталып жатыр. Саябақты құрудағы  негізгі мақсат – «өлі разы болмай, тірі байымайды» дегендей, Қасиетті Қызай анамыздың рухына құрмет көрсетіп, есімін ұлықтап, атын ұрпақ жадында мәңгі сақтау; болашақта Қызай ана ұрпақтарын осы саябақта дәстүрлі түрде бас қосып, түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырып, ұрпақ сабақтастығын жалғастыру; тарихи тізбекті жалғап, санасы сау ұлт қалыптастыру; жергілікті тұрғындардың мәдени, экологиялық жағдайын жақсартып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға атсалысу; шеттен қандас болып оралған аз қазақтың тәуелсіз отанының іргетасына бір кірпіш болып қаланып, бай-қуатты, мәңгілік ел қалыптастыруға тамшыдай болса үлес қосу.

Экологиялық тәрбие  – азаматтардың саналық деңгейінің артуына, табиғатқа қарым-қатынасының өзгеруіне, табиғат ресурстарына ұқыптылықпен, үнемшілікпен қарауға әсер ететіні сөзсіз.

4.JPG

 Нұртәліп Шәріпқазыұлы


Пікір жазу
  • Қандастарға қамқорлық білім беруден басталады
    Көші-қонға жаңа тәсіл қажет