Сайрагүл Сауытбай: Өзімді шексіз бақытты сезініп тұрмын

Уақыты: 2018-08-01 Көрлімі: 4351 Сипаттама

Тамыздың 1-күні түстен кейін Алматы облысы Панфилов аудандық сотында "шекараны заңсыз...

IMG_4268.JPG

Тамыздың 1-күні түстен кейін Алматы облысы  Панфилов аудандық сотында "шекараны заңсыз бұзды" деп айыпталған қандасымыз Сайрагүл Сауытбайдың ісі бойынша шешім шықты.

Судья Динара Құйқабаева "Қазақстан Қылмыстық кодексінің 392-бабы 1-тармағы бойынша Сайрагүл Сауытбайды кінәлі деп тауып, 6 айға бас бостандығынан айыру туралы шартты жаза тағайындалсын. 6 ай мерзім пробациялық бақылау мерзімі тағайындалсын. Сот залынан босатылсын" деп Сайрагүл Сауытбайды Қазақстанда қалдыру туралы шешім шығарды.

IMG_4257.JPG

Судья Сайрагүл Сауытбайдың қылмысын онша ауыр емес деп бағалап, Отбасымен, бала-шағасынан ажыратпау үшін, Этникалық қазақ ретінде, Қазақстан азаматтығын алуға құқығы бар болғандықтан Қазақстаннан шығарып жіберу жазасы тағайындалмағанын айтты.

IMG_4249.JPG

Сот аяқтап, сот залынан бостандыққа шыққан Сайрагүлді қолдап барған қауым «Қазақстан жасасын!», «Әділетті сот жасасын!» деген ұрандармен соттың алдында шашу шәшіп күтіп алды. Барша қуанышты ағайын бір-бірін құттықтап, Тәуелсіз еліміздің болғанына тәуба айтып жатты.

IMG_4270.JPG

Сот залынан қуанышпен гүл құшақтап шыққан Сайрагүл :«Осындай әділ сот үкімін, әділетті заңды орнатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа және сол кісінің артынан еріп келе жатқан, «Әр қазақ менің жалғызым» деген барлық ел жұртқа ризамын! Бәріңізге, рақмет! Қазақстан жасасын! Осындай бірліктеріңіз, қаймағы бұзылмаған берекелеріңіз тұрғанда менің елім Қазақстанның болашағы тіпті де нұрлы болады, тіпті де дамиды деп сенемін. Атажұртымдағы азаматтарыма рақмет. Мен басында келгенімде жалғыз екенмін деп ойлағанмын, бірақ жалғыз емес екенмін. Сіздердей ел-жұртым барда, сіздердей жығылып жатқан бір қазаққа  сүйеу болатын мына рухтарыңыз тұрғанда мен қандай бақыттымын! Мен әуелбастан Қазақ елінде өмір сүремін деп келген адаммын.  Өзімді сондай қатты бақытты сезініп тұрмын. Ел жұртымнан айналайын, Қазақстан жасасын! Мен де Қазақстанда жығылып бара жатқан бір қазаққа сүйеу бола алсам тіпті де бақытты болар едім. Сіздердің осы осы асқақ рухтарыңызды одан ары жалғастыруға ештеңемді аямаймын», - деп ел-жұртқа алғысын айтып, тебірене көңіл күйін жеткізді. Сайрагүлдің күйеуі Уәли Ісләм да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан бастап қолдау білдірген барша ағайынға алғысын жаудырды.

IMG_4239.JPG

Сайрагүл Сауытбай бостандыққа шыққан сот отырысына Рысбек Сәрсенбай, Ермұрат Бапи, Геройхан Қыстаубаев, Расұл Жұмалі, Серікжан Мәмбетәлин, Дина Елгезек қатарлы қоғам қайраткерлері мен журналистер, Республикалық түлі БАК өкілдері, «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері Базарәлі Әріпұлы, Құрмет Қабылғазұы, «Атажұрт» ерікті жастары сиқты тілекші ағайындардың ұзын саны 200-ге таяу болды.

IMG_4226.JPG

Сотта жиналған қауым да, әлеуметтік желідегі тілекші ағайын да Сайрагүл Сауытбай ісіндегі айыптаушы прокурор Арзыгүл Имярова, қорғаушы Абзал Құспанға, судья Динара Құйқабаева   алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдіріп жатты.

IMG_4244.JPG

Тағы бір айта кетеріміз, сотта Сайрагүлдің шекарадан өтуіне жол берген ҚР шекара қызметкерлеріне шара қолдану туралы арнайы қаулы шығарылғанын айтты. Бұл туралы журналистерге адвокат Абзал Құспан: «Бұл өте дұрыс, дәл осындай жолмен шетелдіктер кіріп кетсе, біз қарап отырмаймыз ғой. Сайрагүлдің жағдайы бұл ерекше жағдай. Отбасына қауышу мақсатында, этникалық қазақ ретінде, Қазақстанға жетуге, Қазақстан азаматтығын алуға басқа жол қалмағаннан кейін амалсыздықтан осы жолды таңдады. Бірақ, бұл дегеніңіз Қазақстан шекарасы ашық-шашық болуы керек дегенді білдірмейді. Сондықтан бұл қаулымен толықтай келісеміз. Шекарашыларға бір шара қолдануды, бір ай ішінде судияға қандай шара қолданғаны туралы хабарлауды қажет деп білеміз. Яғни, шекарамыз берік, есігіміз құлыптаулы болуы керек қой»,- деп түсіндіріп өтті.

IMG_4279.JPG

Заңгер Абзал Құспан айтқандай еліміздің тұтастығы үшін шекарамыз берік болуы қажетті. Сайрагүл шарасыздықтан ана ретінде балаларына жетуі үшін, арқа сүйер анам бар деп, қалайда елге жетуді мақсат етті. Әлемдегі әр қазақтың панасы, анасы болған Отанымыз өз сәбиіне пана бола алатынын көрсетіп, әр қазаққа үлкен үміт сыйлап, рухын бір көтеріп тастады. Бұл ел ішіндегі де, сыртындағы қазаққа да үлкен медет болары анық. Ал шекара мәселесіне келсек, Сайрагүлдің өтіп, бүгінгі сотта бостандыққа шығып жатқанына қуанғанымызбен, «Сайрагүл өткен жерден өзгелер де өткен жоқ па? Алдағы уақытта өзге елдің азаматтары өтіп кетпей ме?» деген күдік ел амандығын ойлаған есті жанды ойландырмай қоймасы анық. Сондықтан Сайрагүлдің жағдайы шекара мәселесі кем түспейді. Бүгінгі сотта бұл мәселенің де алдағы уақытта шешім табатына көз жеткізгендей болдық.

IMG_4269.JPG

 Тұрдыбек Құрметхан

Суреттер Jebeu.kz тілшісіне тиесілі

Jebeu.kz


Пікір жазу
  • Баланы анасынан артық кім қорғамақ?
    Қ. Әбдірахманов: Сайрагүлдің бостандығы екі елдің қарым-қатынасына ешқандай салқынын тигізбейді