Енді Алашты ешкімнің қорлауына бермейік десек...

admin2 2018-02-15 227 ℃ Қысқаша

Сабыр Адай: «Әр қазақ менің жалғызым». Сабыр Адайдың осы бір тауып айтылған сөзі тұтаст...

wv2sMPAHbcA.jpg

Сабыр Адай: «Әр қазақ менің жалғызым». Сабыр Адайдың осы бір тауып айтқан сөзі тұтастай ұлттың бірлігін ту еткен ұран десек артық айтқандық болмас. Ұлттың тұтастығы мен бірлігі бір ауыз сөзге сыйып тұрғандай.

Бүгінгі күні екінің бірі осы ұранды  ту етеді. Әр қазақ менің жалғызым деп жар саламыз-ау, бірақ ұранымызға әрекетіміз сай келе ме? Әр қазақты жалғызым деп сүйіп жүрсіз бе? Әрине, бір-бірімізді жалғызым деп жанымызға балағанымызға не жетсін. Бірақ, іштей тыжырынып, сырттай бауырым деп жақсы көргеніміз кімге керек? Осы ұранды бауырларымыздың қаны мен санасына сіңіре алдық па?

Меніңше, қазіргі таңда «Әр қазақ менің жалғызым» дегеніміз тек жалаң ұранға айналып бара жатқанға ұқсайды. Жалғызым деп жақыннан жәрдем берудің орнына жағаға жармасып, жардан құлатуға жақынбыз. Адамдар  арасында бір-біріне деген сенімі мен құрметі кетіп, біреу сүрініп кетсе жығылып жатып күліп, жығылғанды көрсе жұдырық ала жүгіруді әдетке айналдырып алған сияқтымыз.

Қазір екінің бірі ұлтшыл, ұлт жанашыры. Іштегі, сырттағы қазақтың қамын жеуші қайраткер. Бірақ сол қайраткерлеріміздің бір ісі «ұлттың жоғын жоқтап, мүңын мүңлау» болса, екінші ісі өзімен пікірі бір жерден шықпайтындарды жерен алып, жерге салып адам қатарынан шығару. Белгілі бір топты не жеке тұлғаны біреу бастап қаралап, ұлттың жауы, ұлттың сатқан арамза етіп көрсетеді, қалғаны бөріше шулап, оларды адам қатарынан шығарып тастауға дайын тұрады.

Қазір қарап отырсаңыз қай салада болсын бір-бірімен аңдысқан, айтысып-қағысқан адамдар. Біз әлемдік өркениетке қарай ұмтылудың орнына бір-бірімізбен айтысып-тартысып уақытымызды босқа өткізіп жатқан жоқпыз ба? Ұлттың, белгілі бір қауымның басындағы мәселе ешқашан өздерінің ішнен жау іздеп, «сатқындарды анықтаумен» шешілмейді. Ана тіліміздің үстемдігін қазақ тілін білмеген қандастарымызды қаралап жүріп орната алмаймыз, елмізге анау биліктің адамы, анау хадықты адамды деп тұлғаларды бөліп демократияны орната алмаймыз. Сол сияқты қазіргі кездегі өзекті мәселенің бірі болған қытайдағы қазақтардың мәселесін де осында сол жақтан келген аз қазақ бірімізді-біріміз қытайдың сатқыны деп жүріп, ондағы қазақтың мәселесін шешеміз деуіміз еш қисынға сыймас.

Егерде әр қазақ сіздің жалғызыңыз болса, енді онда бір-бірімізді қаралауды қоятын кез келген болар. Біз бұлай, әр қазақты жаудай көріп жүре берсек ұстағанның қолында, тістегенің тісінде кетеріміз анық. 100 жыл бұрын Алаш арысы Сұлтанмахмұт Торайғыров «Енді Алашты ешкімнің қорлауына бермейміз» деп кеткен еді, әлі де болса біреудің қорлауына бергіміз келмесе, шын ниетімізбен «Әр қазақ менің жалғызым» дегеніміз жөн болар. Әр қазақ баласы басты мұратын өнер-білім үйренуге жұмсап, өзара озық тәжірибелерімен бөлісіп, бір-бірінен жетелеп, кешірімшіл бола біліп, адасқанға жол сілтесе енді Алашты ешкімнің қорлауына бермес. Терең білімді, өр рухты халық бір-бірін қолдай да, қорғай да алады. 

Сөзімнің соңы кәкім Абайдың "Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой - Бес асыл іс, көнсеңіз" деген жыр жолдарымен "Ғылым таппай мақтанба" деп түйінделсін.

25353999_1510168559100741_101319754314783650_n.jpg

Құрметті Құрметханныңұлы Тұрдыбек

          Jebeu.kz

Алмас Ахметбекұлы: Соңғы көштің серкесі едің, Жақсылық!
Кешіре білу – жан саулығы