17-19 сәуірде ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесіне іссапармен барып, ШҰАӨ басшыларымен келіссөздер жүргізіп екі жақты ынтымақтастықты талқылағаны ақпарат құралдарында жарияланды. Онда «Қос тарап терроризм, экстремизм және сепаратизмге қарсы күресу, құқық қорғау органдарының ынтымақтастығын нығайту, трансшекаралық өзендер саласындағы қарым-қатынас, экономикалық байланыстар, сонымен қатар транспорттық сала, консулдық қызмет тақырыптарын талқыланып, қос ел арасындағы «алтын көпір» жағдайы, Қытайдағы қазақ диаспорасы, қос азаматтықты реттеу мәселелері бойынша пікір алмасу болды» делінген.
Осы ақпарат таралысымен қандастар арасында вице-министр Мұхтар Тілеуберді мырзаға деген өкпе-реніштер айтыла бастады. Қытайдағы қазақтардың жағдайына алаңдаған қамкөңіл ағайын «Мұхтар Тілеуберді ШҰАӨ басшыларымен Қытайдағы қазақтардың мәселесін талқылаймын деп кеткен дипломат Ата заңымыздағы бірінші байлықығымыз адам мәселесін емес, экономикалық және басқада байланыстарды айтып, индустриалдық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыру мәселелерін ғана талқылап келіпті. Қытай тарапына қандастарымызың арыз-талаптарын анық қоймай, сырттан сыпайы қамшылап ғана өткен сияқты, ештеңе бітірмей қайқан сияқты, біздің елдің елшісі Қытайдың аудан дәрежелі басшысымен ғана кездесіп қайтыпты» деген пікірлерін әртүрлі әлеуметтік желілерде көптеп білдіруде.
Естеріңізде болса, бұл сапардың мақсатын 16 сәуір күні Парламент Мәжілісінде өткен үкімет сағатында ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұxтар Тілеуберді «Мен ертең өзім Үрімжіге шығамын. Сол жақтағы қазақ диаспорасының мәселелерін талқылауға барамын» деп өз ауызымен айтқан болатын. Осы күні «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігі Мұхтар Тілеубердінің үкімет отырысындағы Қытай үкіметі қазақтарды тіркеу мәселесі бойынша ұстап отыр деген пікіріне келіспейтінін, келіссөзге кетіп бара жатқан Сыртқы істер министрлігінің назарға алар басты мәселелерді ескертіп, ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың атына хат жазып, СІМ өкілдері көзі мөлдіреген барша қандастарымыздың мүддесін қорғау жолында, әлемдегі барша қазақтың сүйенері, қазақ мемлекетінің атынан, қазақ мемлекетінің президенті атынан бара жатқан соң, Қытайдағы қазақтардың мәселесін толық түсініп, ел мен Елбасының үмітін ақтауыңызды, Қытайдағы әріптестеріңізге есе жібермеуіңізді өтінеміз деген болатын.
Қазіргі жағдайда Қытайдағы қазақтардың қиын жағдайынан алаңдаған барша ағайын вице-министр Мұхтар Тілеубердінің сапарынан үлкен үміт күткені рас. Мұхтар Тілеуберді мырзаның жолына қарап телмірген ағайын жоғарыдағыдай сыпайы-салтаң ақпаратты естіген кезде, көңілдері су сепкендей болғанын да түсінуге болады. Өйткені, барша ағайын Қытайдағы қазақтар мәселесінен нақты жауап күтіп отырған еді. Сондықтан, әлі де кеш демей Мұхтар Тілеуберді мырза осы реткі сапарының жәй-жапсарын, Қытайдағы қазақтар мәселесінде қарсы тарапқа қандай талаптар қойғанын, ШҰАӨ басшылары қандай жауаптар мен келісімдер бергенін ақпарат құралдарында жариялап, халыққа түсіндіргені жөн деп ойлаймын. Мүмкін, министрлік те осы аптадағы жұмыс күнін осы шаруамен бастауды жоспарлап отырған шығар.
Ал енді алаңдаған барша ағайынға көңілге медет болар бірер сөз айта кеткенді жөн көрдік. Ең бастысы Мұхтар Тілеуберді мырза бастаған ҚР Сыртқы істер министрлігі өкілдерінің Қытай үкіметімен келіссөз жүргізуге барғаны - қазақтың қорғаны, иесі барын Қытай үкіметінің есіне салу болды. Бұл Қазақ мемлекетінің қазіргі кездегі Қытайдағы қазақтар мәселесі бойынша жасаған бірінші нақты қадамы, алдағы уақытта министрдің орынбасары ғана емес, министрдің өзі де баруы мүмкін. Тіпті шешімін таппай жатса, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ҚХР төрағасы Си Цзиньпинның өзімен осы тақырыпта сөйлесеріне және ондағы қазақтар мәселесін шешеріне үміттіміз. Оған біздің Елбасының тәжірибесі де, халықаралық ықпалы да жетеді. Қазірше министрлерге тапсырма беріп, өзі араласпаса да шешіліп қалады деп отырса керек.
Біздің ойымызша, Мұхар Тілеуберді мырза кәсби дипломаттық көрсеткен сияқты. Ондағы толық барысты көрмегендіктен, бір ауыз ақпаратқа сүйеніп артық айтқанымыз жарамас. Экстремизм және сепаратизмге қарсы күресу туралы айтса, онда ондағы қандастарымыздың экстремизм мен сепаратизмге еш қатысы жоқтығын түсіндірген болар. «Бір белдеу, бір жол» жобасын жүзеге асырудағы Қазақстанның рөліне тоқталып, ынтымақтастықты дамытуды айтқаны екі елдің арасындағы «Алтын көпір» қытайдағы қазақтардың мәселесі шешімін табуы керегін айтқаны емес пе? Экономикалық байланысты айтса, қазіргі кездегі қазақтардың қысым көріп отырғаны, құжаттарының жиналынып алғаны екі арасындағы барыс-келісті үзіп, экономикалық байланысқа да кері әсерін тигізіп отырғанын айтқан шығар. Вице-министр көтерген екі ел арасындағы ынтымақтастықтың бәрінің сәтті жүзеге асуы қытайдағы қазақтар мәселесінің шешілуіне тікелей қатысты екенін қытай үкіметіне ұғындырып қайтқан болуы бек мүмкін.
ҚР Сыртқы істер министрлігі бұған дейін Қытайда қамалған қандастар мәселесі бойынша ҚХР тарапына дипломатиялық нота жіберген болатын. Қытайда туыстары ұсталған азаматтар ҚР Сыртқы істер министрлігі және Қытай Елшілігі мен Консулдығына хаттар жазған. «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігі де Қытайда ұсталған Ерсенбек Құрмет пен Азатбекке сұрау салып жоғарыдағы айтылған құзырлы органдарға сұрау салған. Арман Сейтмұхамет қатарлы біраз азаматтардың туыстарының арызын айтылған органдарға жеткізген (бұның ішінде Ерсенбек Құрмет пен Арман Сейтмұхамет босап елге оралды). «Жебеу» РҚБ наурыз айында Алматыдағы Қытай Консулдығы мен Астанадғы Қытай Елшілігімен кездесу өткізіп, Қытайдағы қазақтардың мәселесін толыққанды жеткіген болатын. ҚХР елшілік өкілдері барлық арыз шағымды ҚХР жергілікті үкіметіне жеткізетінін, ал Қытайда ұсталған ҚР азаматтарын қстап тұруға нақты себебі болмаса елге қайтартындығын айтқан еді. Осы кездесулерден кейін Қытай елшілігі 5-10 сәуір аралығында ШҰАӨ-ге арнайы қызмет группасын жіберген. Осы сияқты дипломатиялық жұмыстардың нәтижесінде 10-15 сәуір аралығында Қытайда ұсталған 4 қандасымыз босап, елге оралған болатын.
Бұл сапардың да нәтижесі алдағы уақытта жемісін көрсете беремек. Министрлік те осы келіссөз бойынша жауап беретін шығар. Ең бастысы Қытай үкіметі «судың да сұрауы» барын білетін болады, Қытайдағы қазақтарды ондағы басқа сұраушысы жоқ елдермен салыстыруға келмейтінін түсінер. Бірте-бірте жағдайды реттеуге тырысар. Мұхтар Тілеуберді бастаған топ та қытай жақтың қазақ еліе мүдделі түстарын естеріне бір салып қайтты. Қазақ билігі бұнымен тоқтап қалмас, өз қазынасына өзі ие болып, әлемдегі әр қазаққа өзі қорған екенін дәлелдейді деп сенеміз.
Тұрдыбек Құрметхан
Jebeu.kz