«Аыңыз адам» журналына aқын, Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің гарн-при және президент кубогының иегері Ербол Алшынбайдың Таңжарық Жолдыұлы туралы берген сұхбаты.
- Ербол, Таңжарық Жолдыұлы Алаш идеясымен алғаш қалай танысты?
- «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 45 санында «Қазақ» газетасын 10 обылысқа қараған киіз туырлықты Қазақ байдың баласынан 1913 жылдың ішінде алдырып тұрғандардың есебі көрсетілген мақала жарияланады. Сол мақалада «қытай қазағы – 10» газет жаздырып алып тұрғаны туралы мәлімет бар. Міне, сол он адамның бірі Таңжарық ақын жақын жүрген Күнестегі Сасан ауылы болатын. Ал, екінші зиялы Қорғас өңіріндегі қызайдың атақты биі Жабықбай болыс. Таңжарық осы кезде он жастағы бала. Демек, ауызында ана сүтінің дәмі бар бозым бала кезінен-ақ алаштың ұлы мұраттарымен таныс болды. Екінші бір дерек, тағы да сол «Қазақ» газетінің 1917жылғы №222 санында «Баспахана туралы» деген атпен Іле қазақтарынан келген хат жарияланған. Сол хатта ұлтым деген адамның жүрегін ерітер сөздер бар. «Қазақ» басқармасының баспахана туралы жазған сөзіне ішіміз еріп, Қытай қол астындағы Күнес елінің қазақтары «Азамат» серіктігіне 600 сом ақша жібердік. Қолға алған ісінен біз де құр қалмалық дедік. Алаш туының астына біз де қосылдық. Қараңғы бір шет жерден біздер қосылғанда, басқа көзі ашық, көңілі сергек қай қазақ қарап қалар дейміз» дейді. Осы екі деректен-ақ Таңжарық ақынның алаш идеясымен тым ерте кезден таныс болғанын аңғарамыз. Сонымен бірге, қазақ санасына дауылдай тиген, ел арасына ерекше қарқынмен тараған сол кездегі Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» кітабы мен Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» жинағын да Таңжарық Жолдыұлының жастанып оқығаны өлеңдерінен аңғарылып тұр.
«Ахмет, Абай, Әсет, Мержақыптар,
Жетпейді оған жисаң мың баланы.
Шәкерім, Әріп пенен Мұрын, Омар,
Көмбеге олар шапса, тың барады», - деп жазады Таңжарық ақын.
– Қазақстанда Совет үкіметі орнаған соң біраз Алаш зиялылары Шығыс Түркістанға барды. Таңжарықтың олармен қарым-қатынасы болды ма?
Қарым-қатынасы өте тығыз болды. Сәбет үкіметі орнаған соң Шығыс Түркістан ауған алаш арыстары бұл өңірдің әр аймағына өтсе де, отызыншы жылдардың басына қарай, ептеп бәрі Құлжа қаласына жинала бастады. Бұл басқосуды Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Шәуешек сапарының жалғасы деп қараған абзал. Шәуешек арқылы өткен Райымжан Мәрсекұлы, Құлжаға келген Жетісу Алашордасының басшысы Ыбырайым Жайнақов, Иса Тергеусізов, Молдағали Бектұрұлы, Мейірман Ермектасов сияқты алаштың асылдарының басы қосылып, Шығыс Түркістан қазағының рухани-мәдени дамуы мен оқу-ағарту мәселелерінде жетекшілік етіп, азаттық рухын оятты. Иса Тергеусізов пен Таңжарық Жолдыұлы «Іле өзені» газетін бірге шығарды. Иса Таңжарықтың орынбасары болды. Сонымен бірге қытай қазақтарының алғашқы сахналық қойылымы ретінде Бейімбет Майлиннің «Шұға» пессасын сахыналайды. Бұл 1935 жыл болатын.
- Таңжарықтың Қазақстанға келіп қайтуы Алаш идеясын тереңдей түсінуіне қаншалықты әсер етті?
- Таңжарық Жолдыұлы Қазақстанған келген кезінде алаш идеясы санасына сіңген, Абайдан Ілиясқа дейінгі қазақ әдебиетінің өрлеу дәуірін толық таныған тұлға болатын. Ол Қазақстанға келгенге дейін «Айқап» пен «Қазақ» газеттерінің шарықтаған дәуірінің, қазақ ойының өлшемі болған кезеңінің жақсы оқырманы болды. Керісінше, сондай асқақ рух, ұлы мұратпен келген ақынға болшевиктердің күшіне мініп, алаштың аймаңдай арыстары шетке сырыла бастаған сол бір өтпелі кезең еркіндік пен өрлеуді аңсап келген ақынға ұнай қоймады. Ол Таңжарық Жолды ұлының сол кездегі өлеңдерінен анық аңғарылады.
«Абыйыр имандыдан сөгіліп тұр,
Дінсіздер имандыны кеміріп тұр.
Мұсылманның талайы діннен шығып,
Қайта шауып, қағынып, емініп тұр.
Нысап, ұят ойлаған бір пенде жоқ,
«Құдай жоқ» деп оларың еліріп тұр.
Сан жүйрік – шаршы топта бәйге алғандар,
Арбаға осы күнде жегіліп тұр.
Құртам деп жер бетінен ислам дінін,
Япырм-ай бұлар мұнша не біліп тұр.
Жамандық жер бетіне тұтас жауып,
Жақсылық жер астына көміліп тұр» деген өлең осы кездерде жазылған. Алаштың рухымен сусындап өскен, Оның ар жағында өзі де эпостың ортасында туып, ерлік дәуірінің сөзін көкірегіне құйған ақын Кеңес үкіметі салтанат құрған елден іздегенін таба алмай, енді бір жағынан, ұлтшыл, алашордашыл деген көрсетіндімен артына қуғын түсіп, екі жылдан кейін туған ауылына ат басын бұрады. Оның кері қайтуы, Алаш арыстарының бір бөлігінің Шығыс Түркістанға қоныс аударып, алаш ісін сол жақта жалғастыруымен де тұспа-тұс келіп тұр. Жалпы бұл тақырып індете зерттеуді қажет ететін, құпиясы көп дүние.
- «Т.Жолдыұлы Құлжа қаласындағы «Алаш – азаттық» ұйымын құрушылардың бірі» – деген дерек қаншалықты рас? Ол қандай ұйым, нақты қандай жұмыстар істеді?
- Бізге Қытайдағы архив құжаттарына қол жеткізу қиын. Сол себепті, бұл жерде тек ел арасының қария сөздеріне және ақынның өз шығармаларына сүйенеміз. Мақсұт Сасанұлы, Әбеу Құдышұлы, Таңжарық Жолдыұлы бастаған «арғы беттегі» қазақ зиялылары Шығыс Түркістанға «қоныс аударған» қазақтың тұңғыш ұлттық үкіметі әскери кеңесінің мүшесі Райымжан Мәрсекұлы мен Ыбырайым Жайнақов сынды Алаш идеясының айнымас сарбаздарымен қосылып, Алашорданың Қазақстанда іске аспай қалған ұлы мұраттарын орындау жолында, Құлжа қаласында «Алаш-азаттық» атты құпия ұйым құрып, Шығыс Түркістан азаттығы үшін күрескені жайындағы әңгімелер ел арасында айтылады. Жұрт аузындағы осы сөздерде шындықтың сілемі жатқан секілді. Бұл ақын шығармаларында да із қалдырған. «Тұтқындалу» атты ұзақ толғауында тергеушінің аузынан бе-рілетін шумақтарда:
...Алып тұр Алтай жақтан Әбеу хабар,
Амалын Баркөл жақтың Шәмси табар.
Құсайын Үрімжіден саған келген,
Кісің көп сенің мұнда елге шабар.
Бұл істі Мақсұт құрған басында алғаш,
Бір қазақ Мақсұт айтса кірмей қалмас.
Бастап жүр ол кеткен соң Жәйірбегі,
Олардың қайсы қазақ тілін алмас.
Білесің оның бәрін ішінде өзің,
Қай қазақ саған келіп ақыл салмас.
Таратып жатасың сен ұйымшадан,
Кетеді бірден-бірге бәрі жалғас, - деп айтылады.
Таңжарықты зерттеуге өмірін арнаған ғалым Оразанбай Егеубаев 2001жылы Үрімжіден шыққан Таңжарық шығармаларының екі томдық толық жинағына жазған алғысөзінде: «...Кеңес Одағы құрылғаннан кейін Қазақстандағы Алашорда партиясының Шинжаңға келген адамдары, Шинжаңда өздерінің құпия ұйымдарын құрып, бұрынғы қимылдарына кірісе бастайды» деген дерек келтіреді. Осының бәрі де бұл сөздің растығына меңзейді. Тіпті, тергеуде ашынған ақын «Түрме халі» атты толғауында:
«Зұлымға рас қарсы тұрғанымыз,
Ол да рас, құпия ұйым құрғанымыз», - деп ашық айтып тұрған жоқ па?
- Қытай қазақтарының алғашқы басылымдарының бірі – «Іле өзені» газетінің шығуына да Таңжарық ат салысты. Осы туралы толықырақ айтып берсең...
- Бұл туралы жоғарыда да ептеп айтып өттік. «Іле өзені» Шығыс Түркістан қазақтарының алғашқы ұлттық-демократиялық бағыттағы басылымдарының бірі. Бұл газетті шығаруда Таңжарықпен бірге сол кездегі қазақ зиялыларының ұжымдық жұмысы. Таңжарық осы газеттің шығуын ұйымдастырушылардың бірі болды және газетке басшылық етті. Сөз басында айтып өткен Таңжарықтың екі жыл Қазақстанда тұрып, кейін қытайға қайта өтуінің де бір себебі, осындай ұлттық бағыттағы жұмыстар үшін болса керек. Жетісу алашордасының белсенді қайраткері Иса Тергеусізов сияқты қайраткерлердің газет редакциясында жұмыс істеуі де көп нәрсені аңғартады.
- Таңжарық өз өлеңдерінде Алаш идеясын қаншалықты насихаттады?
- Таңжарық Жолдыұлының тұтас шығармашылығы алаш идеясымен суарылған. Алаштың мұратына өмірін арнап, сол жолда ажал құшқан жауынгер. Оның қай шығармасын алсаңыз да Алаштан басқа ары жоқ, Алладан басқа жаны жоқ тұлға екенін аңғарасыз. Бірер мысал келтірейін:
Аз жазып қысқаша өмір тарихымды,
Кетпекпін ойыма алған формалымша.
Жақтырса жастар алып оқып жүрсін,
Ахымет, Мержақыптың жорналынша
Немесе:
Өлсек те, өлмес біздің атағымыз,
Белгілі істеп жүрген «шатағымыз».
Алыстан алтын сәуле бір күлімдер,
Болғанмен қазір түнек жатағымыз.
Алатын құнды қуып иеміз бар,
Біз де елміз шөберелі, аталымыз.
Бұл сұхбатқа орай бірер мысал ғана. Көзіқарақты оқырман өздері оқысын. Таңжарықтың жыры ұйқтаған рухыңды оятып, өлімші болған намысыңды дүр сілкіндіреді. Сонымен бірге, оның шығармасының басым бөлігі түрмеде жазылғанын да ескеру керек. Бұл алаш арыстарының түрмеден жеткен дауысы.
- Түрмеде жазылған демекші, «Түрме әдебиеті» қытай қазақтарында жақсы қалыптасқан. Мұның себебі не?
- Жалпы қазақ бодандық қорлығын көп көрген елміз. «Ер жақсысы түрмеде, ат жақсысы кермеде» деген мақал шығарыппыз. Біздің елдің қасіретті тарихының айнасы сияқты. Ел болашағын ойлаған асыл ерлер отарлаушыға қайдан ұнасын. Сосын «Ер жақсысы түрмеде» болмай қайтсін. Кешегі Иманжүсіп пен Мәдидің әндері де түрмеде туды. Орыс түрмесінің бетон қабырғасынан шықпай қалған алаш арыстарының асыл сөзі қаншама? Таңжарық түрмеде жазған жырларды Мағжан мен Міржақып жазбады дейсіз бе? Жазды ғой. Тек ол бізге жетпей қалды. Таңжарықтың жыры – алаш арыстарының түрмеден жеткен даусы болатыны сондықтан. «Түрме әдебиеті» деген тақырып та өз зерттеушісін күтіп жатқан тақырып.
- Таңжарықтану ғылымының дамуы қандай? Зерттеп болдық па?
- Таңжарықтану туралы айтқанда алдымен аруағыңнан айналайын, Оразанбай Егеубаевқа алғыс айту керек. Тұтас ғұмырын осы Таңжарықтану мәселесіне арнады. Таңжарықтың екі елде де академиялық жинағын шығарды. Монография жазды. Таңжарық туралы көркем фильмнің ценариін де жазып, сонау 1992 жылдар экранға шығарды. Әрине, бұл жұмыста сол кездің ақылды басшы, аяулы азаматтары демеу болғаны да түсінікті болса керек. Таңжарықтанудың бастауында Бұқара Тышқанбаев, Тілеужан Сақалов, Сәбит Мұқанов қатарлы іргелі ғалымдар да қалам тербеді. Жазушы Тұрлыбек Мәмесейіт екі томдық роман жазды. Ғалым Дүкен Мәсімханұлы да бұл туралы іргелі зерттеу жасаған. Енді Таңжарықтың мұрасын жаңа қырынан танитын кез жетті деп ойлаймын. Тағы да ойы озық, пікірі оқшау ғалымдар шығады ел аман болса.
Сұхбаттасқан: Жақсылық Қазымұратұлы
Дереккөз: «Аңыз адам»
Jebeu.kz