"Жебеу" Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Омарәлі Әділбектің "Қазақ әдебиеті" газетінің тілшісі Назым Дүтбаеваға берген сұхбаты
– Шыңжаңдағы саяси жағдайдың күрделенуі және ол туралы анық ақпараттың аз болуы ел ішінде түрлі әңгімелерді үдетіп жіберген сыңайлы. Сіз басқарып отырған бірлестік бұл мәселенің оңтайлы шешілуі жолында бірқатар шаруа атқарып жүр екен. Қазіргі жағдай қалай, ондағы азаматтар паспорттарын қайтарып алды ма?
– Ең алғаш 2017 жылдың қаңтар айында біз бір топ қандасымыздың Қытайға қайтып жатқанын естідік. Қорғас бекетінде адам шамадан тыс көбейіп, бірінші күні арғы бетке өте алмаған ағайын екінші күнді күтіп қиналып қалыпты. Бұған түрткі болған Қытайдағы тиісті мекемелердің белгілі бір уақытта зейнетке шыққан қызметкерлердің әрі компартия мүшелерінің өз мекемесіне барып қайтадан тіркеуден өтуі керек деген нұсқау екен.
Шыңжаң автономиясы аумағында қолға алынған бұл тексеру Іле қазақ облысына келгенде біраз өзгеріп, жергілікті орган басшылары асыра сілтеп жіберген. Тіпті, кей жерлерде «Қазақстан азаматтығын алсаң, Қытайдан не үшін зейнетақы аласың?» деп біраз азаматтың паспортын жиып алған. Бұл жағдайлардың жәй-жапсарын анық білу үшін Қытай мемлекеттік орындарының өкілдерімен үш-төрт рет кездестік. Астанадағы Бас елші бізді өзі қабылдады. Оның алдында Қытайда «Бір белдеу, бір жол» атты Халықаралық ынтымақтастық форумы өтіп, оған біздің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан еді. Осы жиыннан соң Қазақстандағы Қытайдың Бас елшісі бірқатар азаматтардың басын қосып, баспасөз мәслихаты секілді түсіндіру басқосуын өткізді. Алматыдан бір-екі жігіт бардық. Осы жиында да мен осы мәселені Бас елшіге жеткіздім. «Қытай мен Қазақстан мемлекетінің 20 жылдық достық қарым-қатынасының арқасында екі елдің экономикасы едәуір ілгеріледі. Қытайда біздің көптеген қандастарымыз тұрады. Екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайту жолында жоғарыдағы билік өкілдері көп игі іс атқарғанымен, оны үлкен қалалардан шалғайда жатқан ауыл әкімдіктері дұрыс орындамай жатады», – деп айта келе Шыңжаң өлкесіндегі паспорт жинап алу науқанының салдарынан Қазақстанға қайта алмай жатқан адамдардың санын көрсеттік. Бас елші Қытай елінде зейнетке шыққан адамдар Қытай елінің дамуына еңбегі мен маңдай терін сіңірген адамдар. Олар сол еңбегі үшін берілетін зейнетақысын әлемнің қай түпкірінде жүрсе де ала алады. Мұны жергілікті орган қызметкерлерінің ұстап қалуға, бермей қоюға хақысы жоқ. Ық-
тиархат алғандардың ықтиярхатын жоққа шығаруға да олардың құзіреті жүрмейтінін айтты.
Арада біраз уақыт өткенде осы мәселеге байланысты Қазақстанға Қытайдан қызмет тобы келетіні белгілі болды. Ол алдымен Астанаға, сосын Алматыға келіп бізбен кездесті. Біз өз пікірімізді ашық айтып, нақты қиындыққа тап болған 15 адамның тізімін бердік. Қытайдың Солтүстік Шыңжаңындағы төрт аймақтан Қазақстанға келген 200 мыңға таяу адам бар. Оның біреуінің зейнетақысын тоқтатқан, біреуінің паспортын алып алған, беруінің әке-шешесі қонаққа барып келе алмаған, енді бірінің баласы барып қайтпаған. Солардың барлығын жидық, «Жебеу» РҚБ-ның бес мүшесін қосқанда 15 адамды Қытайдың Бас консулы қабылдады. Сол кезде көптеген адамдар бұл кездесуге барғысы келді. Бірақ ол ресми кездесу болғасын алдын ала тізім белгіленіп, көп адам кіре алмады. Делегацияның құрамында Қытай Сыртқы Істер мекемесінің хатшысы, Қытай мәдениет департаментінің, еңбек департаментінің басшылары бар жеті адам бар. Үш сағаттай қызу талқыда біз барлық мәселені нақты фактілермен анықтап айттық. Ол делегация өз елдеріне барып бұл мәселе жөнінде жұмыс тобын жасақтап, мәселені анықтайтынын айтты. Арада екі-үш күн өткенде Іле қазақ облысында жиып алынған паспорттар таратылып берілді деген хабар алдық. Тоқтаған зейнетақыларын берген. Бірақ зейнетке шықса да партияға мүше болып отырған мемлекеттік кадрлар бар. Олардың көбі партияның мүшесі, қазір бізде партиялық тәртіп күшейіп тұр, сол себепті партияның қай мүшесі қай жерде жүргенін білуіміз керек, сондықтан олар екі айда бір рет өздерінің қайда тұрғандарын хабарлап отыруы керек деді. Ыхтиярхатты да қайтарып берген. Бірақ Қытай паспорттарын әр адамның тұрғылықты жеріндегі мекемеге сілтеп, тұрғылықты жердегі мекеме басшысы Қазақстанға барып келуге рұқсат берсе барып келіп тұрады деді. Ал ондағы басшылар әртүрлі ғой… Кейбір мекемелер рұқсатын берді, кейбірі бермеді. Осы аралықта бізге арызданып келген біраз кісілердің туыстарының елге оралуына ықпал еттік.
Қытайдағы бұл мәселені ондағы Тибет, Ұйғыр мәселесімен қатар қойып халықаралық дауға айналдырғысы келетін мүдделі топтар бар. Ал біз өз алдына дербес елміз. 27 жыл бойы қалыптасқан Сыртқы саяси жүйеміз бар. Қытайдағы қазақтар өте көп емес – 2 млн, қазақтар шоғырланған жерде Қытайдың үлкен саясатына қайшы келетін оқиғалар орын алып жатқан жоқ. Сол себепті ондағы халықты осы даудан арашалап алсақ. Ол Қытайдың ішкі шаруасы, дегенмен оны дипломатиялық жолмен шешсек. Өйткені, Қытайдың бізде көптеген мүддесі бар. Мұнай-газ саласында Қытайдың үлесі 20 пайызға жетті, өзге де салаларда біршама үлесі бар. Қазір бізге шетелден келген азаматтарға еңбек лицензиясын беру талабы күшейді. Ал Қытайдағы 2 млн қандасымыз үлкен еңбек күші. Оларды Қытай компанияларымен бірге еңбек күші ретінде алып келуге мүмкіндік жасалса жақсы болар еді.
– Осы ұсынысыңызды тарқатып айтасыз ба? Сіздіңше, оның қандай жолы болуы мүмкін?
– Ол біздің Сыртқы Істер министрлігіндегі азаматтардың кәсіби біліктілігіне байланысты. Қазір миграция жөніндегі заң біршама кемелденді. Бұрынғы заң бойынша әрбір Қытай азаматы бір жылдық немесе көпжылдық виза алып сауда жасап жүре беретін. Ал жаңа заң бойынша ондай адамдарға еңбек лицензиясы берілмейтін болды. Еңбек лицензиясын алу үшін Қазақстанға инвестиция салуың керек. Сосын 40 адамға бір лицензия беріледі. Мәселен, үш лицензия алсаңыз 120 адамға жұмыс беруіңіз керек. Бұл 120 адам ойдан құралған адам емес, оған 10 мың теңге айлық берсеңіз де, олардың әлеуметтік, зейнетақы, медициналық салықтарын төлеп отыруыңыз тиіс. Мұны Қытай азаматтары жақсы сезініп отыр. Бұрын қытайлық компаниялар аспазынан жүргізушісіне дейін сол елден алып келетін. Қазір олай ету оларға тиімсіз. Ал осы тұста біздің дипломаттар біліктілік танытып, Қытайдағы қазақтардан лицензия талап етпейтіндей келісімге келсе біраз мәселе шешілер еді деген ойдамын. Бұдан біраз уақыт бұрын ашылған Ақтоғай кенін Қытайлар екі жылда салып бітті. Сонда жұмыс істеген азаматтардың барлығы дерлік біздің қандастарымыз. Бұл Қытайға да, бізге де пайдалы.
– Қазір Саяси үйренуге алынған Қазақстан азаматының нақты санын анық білесіздер ме, қанша адам?
– Бейресми дерек бойынша сегіз-тоғыз адам. Нақты ақпаратқа сүйенсек үш-төрт факті тіркелген екен. Біз өткен жолы елшілікке хат жазғанбыз. Сонда бізге оның себептерін айтты, түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр деді. Біреуі еліміздің елшілігінің араласуымен 8 айдан кейін қайтып келді, бұл жағдайлар Алтай, Тарбағатай аймақтарында кездесіп отыр, басқа жерлер әзірше тыныш. «Саяси үйрену» науқанының мақсаты туралы Бас консулдың орынбасарынан, Пекиндегі орта дәрежелі шенеуніктен сұрадым, бұл науқанды жүзеге асыратын тиісті орындардың бар екенін және оған кез келген басшы араласа алмайтынын айтты. Бірақ шеткері аймақтарда асыра сілтеу болғанын жасырмады. Мұның ар жағы қалай болатынын болжау қиын.
Бұрын қазақтар көп қоныстанған Солтүстік Шыңжаң өлкесінде Саяси үйрену деген болмаған. 2017 жылдың маусым, шілде айларынан бастап Саяси үйрену деген шықты. Оған біздің қандастарымыздың арасынан уатсап жүйесін қолданғандар кіріп кетіп жатыр. Осының өзі Қытайдағы қазақ мәселесін халықаралық дауға айналдырғаннан шығар. Біз өз елімізде отырып, жөнсіз айғайлап-аттандай береміз. Бізде кісілік құқық, демократия деген жақсы ұғым, тәтті ұғым бар. Бірақ, Қытайдың обьективті, субъективті жағдайларын ескеруіміз керек. Бұл айтқаныма кейбір адамдар мені Қытайдан қорықты деп ойлауы мүмкін. Бірақ, бұл қорыққандық емес. Дербес ел ретінде біз өз мүддемізді мәдени түрде, екі елдің заңдарын негізге ала отырып қорғай білуіміз керек.
Қазір Қытай елі біздің мемлекетпен тығыз қарым-қатынас жасауға мүдделі. «Бір белдеу, бір жол» идеясын Н.Назарбаев университетіне келгенде ҚХР Басшысы Си Цзиньпин ортаға салған. Одан бөлек, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолы салынып жатыр. Ол жол толық іске қосылса бүкіл Қытайдың тауары Еуропаға 20 күнде жетеді. Оның 1500-2000 шақырымы біздің Қазақстанды басып өтеді. Бұл Қазақстанға өте үлкен пайда, біз мұны дұрыс пайдалана білуіміз керек. Шыңжаңдағы ерекше жағдайға әрі еліміздің миграция заңының күшейуіне байланысты Қытай азаматтығымен жүрген көптеген орта-шағын бизнес өкілдері нарықтан ығысуда. Барахолка, Алтын Орда базарларынан бұны байқауға болады. Бұл еліміздің орта-шағын бизнес өкілдері, әсіресе жастар үшін нарықтан өз үлесін алудың таптырмас орайы. Мен айтар едім, жастарымыз арзан атақ, айғай қумай, күні-түні әлеуметтік желіге жегілмей, өз жағдайын, отбасының жағдайын дұрыстап алса құба-құп болар еді.
– Шыңжаңдағы жағдайдың киындығы Қазақстанға көшіп келгісі келген ағайындарға қалай әсер етті?
– 8 наурыз күні, Алматыда Бас консулдың орынбасары бастаған үш кісімен «Жебеудің» кеңес мүшелері кең көлемде пікір алмастық. 20 наурыз күні төрт адам Астанада ҚХР Бас елшісінің қабылдауында болып Шыңжаңдағы жағдайлар жөнінде қандастарымыздың арыз-арманын жеткіздік. Екі реткі кездесуіміз де ашық, бүкпесіз жағдайда өтті. Бас елші сәуір айының ортасында осы біз көтерген мәселелер жөнінде Шыңжаңға елшілік, консулдық атынан арнаулы қызметтік топ жіберетінін айтты әрі екі ел қарым-қатынасының жоғары деңгейде дамып жатқанын, әрқандай мәселені бөгде күштерді араластырмай дипломатиялық жолмен шешу мүмкіндігі бар екенін айтты. Естісек бұл арнайы қызмет тобы Үрімжіге барыпты. Еліміз демократиялық құқықтық зайырлы мемлекет. Азаматтарымыз баспасөз еркіндігін еркін сезінеді. Десе де ұлттық, әлеуметтік, қоғамдық қайшылықтарды қоздырғысы келетін, расталмаған ақпараттармен халықты адастырғысы келетін, албырт жастардың отаншылдығы мен ұлтшылдығын басқа мақсатта пайдаланып қалғысы келетін көмескі күштер жанталасуда. Олардың басты мақсаты қазақ көшін тоқтату. Ол мақсаттарын белгілі бір дәрежеде іске асырып үлгерді. Қазір мемлекеттік арналар бұл мәселеде сабырлық сақтап отырса да, көптеген сайттар мен әлеуметтік желі арқылы Қытай халқына қарсы шу көтерілді. Одан Қытай саясатына емес, жеке халыққа деген өшпенділікті үдететін пиғыл байқалып қалды. Бірақ, барлық мемлекеттің өз қателігі, кемшілігі, сыңаржақтылығы болады. Ал біздегі кей сайттар мен әлеуметтік желідегі кейбір азаматтар оны ескермей, жөнсіз шулатып жатыр. Оны Қытай тарапы білмей отырған жоқ, біліп отыруы да мүмкін. Олардың ішінде де ұлтшылдары бар ғой, олар сол мемлекетте өсіп-өніп, тарихи отанына келіп Қытай елі туралы жағымсыз сөз айтқандарға өздерінше тосқауыл қойғылары келуі мүмкін. Сөйтіп, оларды тарихи отынына жібермеу керек деген ой тастауы да ықтимал. Анығын айтсақ, соңғы 20 жыл Қытай қазақтары үшін өте бақытты жыл болды. Қазақтың есесі қайтқан, еңсесі тіктелген кезең болды, Алтай мен Атыраудың арасында еркін қалықтадық. Үрімжіге, Пекинге тойға бардық. Қазақстан шеттен келген оралмандарға көптеген жеңілдіктер берді. Қаншама азамат жұмыс тапты, жағдайларын жасады, балалары есейіп шетелде білім алуда. Осы мамыражай тіршілікті көре алмайтын күштер бар ғой. Шыңжаң аймағы Қытайдың көпұлтты, көпдінді, түрлі мәдениет тоғысқан күрделі аймағы. Ол жерде әр ұлттың ішкі қайшылығы, әр топтың арасындағы мүдделер бар, ол бұрыннан қордаланып қалған. Ол ұлттар мен топтардың өкілдерінің біразы құқық қорғау саласында отыр. Жоғарыдағы сәл қатайған саясатты мұнда отырып «шаш ал десе бас алып» өршіткендер жоқ емес.
– Халықтың осынша сарсаңға түсуі өз құқықтары мен міндеттеріне салғырт қарауынан болған шығар, Сіз қалай ойлайсыз?
– Бұл сөзіңіздің жаны бар. Дейтұрғанмен, Қытайды құқықтық ел деп айта алмаймыз. Қытай Республикасы құрылғаннан кейін мәдени төңкеріс, оншылдыққа қарсы төңкеріс деген науқандар көп болды. Ал кейін Дэн Сяопин билік басына келгеннен кейін Қытай экономикаға көңіл бөліп, біраз дамыды. Бұдан бір-екі жыл бұрын Қытайда өткен жиында Қытай эмигранттар қоғамының төрағасының аузынан «1980 жылдары Қытай мен Батыстың арсында текетірес идеология саласында немесе социализм мен капитализмнің арасындағы қайшылық болса, ал енді қазір Қытай мен Батыс арасындағы парық кісілік құқық пен демократияға деген танымға негізделген», – деген пікірді естідім. Демек, бұрынғыға қарағанда бір табан алға жылжу бар. Дегенмен құқық мәселесі, әсіресе Шыңжаңда толық реттелген жоқ, адамдардың бұл тұрғыдағы танымы өте төмен. Өйткені, 1980 жылдары «Нағыз социализм қайда? Ол Шыңжаңда. Нағыз Ислам қайда? Шыңжаңда» деген сөз шықты. 1980 жылдарда Қытайдың өзінде демократиялық реформа аз да болса жүзеге асқанымен Шыңжаң басшылары ондағы халықтың көпұлтты екенін сылтау етіп ол реформаны толық жүзеге асырған жоқ. Оңтүстік Қытайда, Шанхайда, Пекинде болған реформа Шыңжаңда жүрген жоқ. Соның зардабы қазір көрініп отыр. Қытайда сеператистік ұйымдардың қаупі ұлғайды. Оның да субъективті, объективті себептері бар. Ал соңғы жылдары Шыңжаңға келген басшы азаматтар мұны шешуде қатаң позиция ұстана бастады. Оларға біршама құқықтық басымдық берілген. Ал оған төмендегі заң қызметкерлерінің саяси сауатсыздығы, заңдық танымының төмендігі қосылды. Ал ондағы қарапайым қазақтар да өз құқығын қорғай білмейді. Өйткені, олардың да заң жөнінен танымы төмен. Қарапайым мысал айтайын, 25 жылдың ішінде елге келіп тұрақтап қалудың мүмкіндігі көп болды. Ал олардың көбі ықтиярхатпен екі ел арасын жол қылды. Оның үстіне Қазақстан азаматтығын алса, Қытайдағы зейнетақы тоқтап қалады деген үрей болды. Арғы бетке өткен сайын виза ашып әуреге түспес үшін ықтиярхатпен жүрген ағайынның басына бұл жағдай таяқ болып тигені рас. «Әр істің қайыры бар» демекші біз бұдан да өтуіміз керек шығар…
– Бұрын Қытайдағы орталық Ұлттар университеті мен Іле педогогикалық университетінде ғана қазақ тілі кафедрасы болса, былтыр Бейжіңдегі Шет тілдері университетінде, биыл Шанхайдағы шет тілдері университетінде, Ши Ан қаласындағы бір университетте қазақ тілі кафедралары ашылған екен. Қытайдың стратегиялық әріптес ретінде біздің елді қатты зерттей басағаны байқалады. Қазақстан тарапынан Қытай елін зерттеу ісі қай деңгейде жүріп жатыр?
– Қазір Тайванды қоспағанда, Қытайда отыз өлке бар десек, соның көбінде Орта Азияны зерттеу институттары бар. Олардың негізгі жұмысы – Қазақстан мен Орта Азия мемлекеттерін зерттеу. Мен оқыған Пекиндегі Ұлттар университетінде қазақ тілі кафедрасы болды, қазір ол – факультет. Одан кейін Шыңжаң университетінде, Іле қазақ облысының орталығы Іле педагогикалық университетінде қазақ тілі кафедрасы ашылды. Енді қазір Пекиндегі Шет тілдер университетінде, Ши Ан қаласындағы оқу орнында қазақ тілі кафедрасы ашылды. Ши Ан Қытайдың Батыс Солтүстігіндегі ең ірі қала, кезінде Қытайдың орталығы болған. Өткен жылы Шанхайдағы қазақ тілі кафедрасын бітірген қыздарды көрдім. Бұрын қазақ тілі кафедраларына талапкерлер орташа балмен түсетін, қазір жоғары бал алған балалар түсіп жатыр. Енді 10-20 жылдың бедерінде қазақша сайрап тұрған қытай жастары өсіп шығады. Олардың көпшілігі дипломатиялық жолға түссе, кейбірі үлкен-үлкен кәсіпорындарда жұмыс істейтін болады.
Бұл тұрғыда біз әлі де кенжелеп тұрмыз. Қазір Қытайдан келген қазақ азаматтары азырақ қытайша білгенімізге мәз болып жүрміз. Біраз жыл ішінде қазақ тілін оқып жатқан қытай жастары өсіп шыққанда шындығында біз нансыз қаламыз. Қытайда «Соғыста өзіңді де, жауынды да толық түсінсең жеңілмейсің» деген қанатты сөз бар. Күллі Қытай зиялылары осыны ұстанады.
Сол себепті көршімізді терең танып, онымен қарым-қатынаста мейлінше нәзік, әрі өте сақ болғанымыз абзал.
Шекарамыз ашық, оны жауып қоя алмаймыз. Ал бұл тұста Қытайға жұтылмау үшін ұлы қорғанды адамдардың жүрегіне салуымыз керек. Бұл кезінде Қытайдың атақты билеушісінің аузынан шыққан қанатты сөз. Ал ұлы қорғанды халықтың жүрегіне салу үшін елдің әлеуметтік жағдайын көтеруге, білімін тереңдетуге жол ашуымыз қажет. Сонда халықтың жүрегінде өз еліне деген адалдық ұялайды. Ал мемлекетті қорғауда оған адал болудан артық күш жоқ. Ал адал болу үшін ұрпақ білімді болуы тиіс.
– Қытайдағы қазіргі қазақ оқырманы қазақ жазушыларының қай шығармаларымен жақсы таныс? Ондағы жастар қазақ баспасөзін Сіз студент кездегідей ұдайы оқи ма?
– Соңғы ширек ғасыр керемет жақсы уақыт болды. Кезінде Қазақстанда өткен қысқы олимпиаданы Қытайдың төртінші арнасы тікелей эфирден таратты. Соны көрген қазақ жастары бір-біріне: «Қандай керемет еліміз бар, жеріміз бар. Біз мұнда не істеп жүрміз? Өз елімізге кетейік», – деген ұран көтерген. Одан бөлек Қазақстандағы бүкіл интернет сайттарын ондағы азаматтар күнделікті тұтынатын. Қытайдағы мен барған үйлердің барлығында Қазақстанның туы тұратын. Соңғы 20 жыл ішінде Қытай қазағына Қазақстанның ықпалы өте жоғары болды. Қарапайым мысалмен-ақ көп дерек келтіруге болады. Бізде 2000 жылдардан бастап экономика өте қарқынды дамыды. Қарапайым қазақ өзінің үйіне жиһаз алса да Қытайға баратын. Ал Қазақстаннан Шыңжаң аймағына барып сауда жасаған үлкен компаниялар қаншама?.. Осының арқасында шекараның түбіндегі шағын қалаларда, Үрімші, Құлжа қалаларында екі арада брокерлік жұмыспен айналысатын қазақ жастарының тобы қалыптасты. Қазақстан экономикасының дамуы Қытайдағы қазақтардың да жағдайын дүр көтергенін мойындауымыз керек. Бұл – экономикалық ықпал. Ал мәдени ықпал да көрер көзге айқын көрініп тұр. Қытайдағы 6-7 баспа осында шыққан кітаптардың біразын қайта басып отырды. Қазақстанда баспасөз бетіне шыққан ең жақсы мақалалар Қытайда шағын кітап болып басылып жатты. Бұл Қазақстандағы рухани жағдайдың Қытай қазақтарына қаншалықты әсер еткенін ап-анық көрсетіп тұр. Өкінішке қарай, былтырдан бастап мұның барлығы тоқтады. Интернет желілері жабық. Бұған Қытай елінінің ішкі саясатының қатаюы, жергілікті билік орындарының асыра сілтеуі және мұндағы ағайынның мәселенің байыбына бармай көп шу шығаруы себеп болып отыр. Біз бұдан еш ұтқан жоқпыз, ұтылдық. Ал қазір паспорттардың барлығын жиып алды. Кей азаматтар саяси үйренуге кіріп жатыр. Одан қашан шығары белгісіз. Азаматтық құқық тұрғысынан бұл іске біздің Елбасы араласса ғана шешіледі деп ойлаймын. Өйткені, біздің Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының дипломатиялық шеберлігі өте мықты. Ол Қытайдың бұрынғы басшысымен де жақсы тіл табысқан, қазіргі басшысын да жақсы біледі. Екі ел басшылары араласып, өзара келісімге келсе, меніңше бұл қысым азаяды. Көші-қон мәселесінің реттелуіне көп кедергі келтірген «соттылық» туралы анықтама алу мәселесі араға үш жыл салып Елбасының пәрменімен шешілгені белгілі. Кез келген мәселенің шешімі болатыны секілді, бұл мәселенің де түбі шешімі болады деп сенем. Бір жағынан халық тым еренсіз болмау керек екенін түсінді. Осы мезет шиеленісіп тұрған дүние шешілсе көші-қонның тағы бір алтын дәуірі туады деп ойлаймын.
– Қытайдың сыртқа есік ашу саясатының Қазақстанға пайдасы қандай, зияны неде?
– Қытай қаупі бізде 1990 жылдардан бері қозғалып келеді. Әсіресе сыртқы күштер оны ұдайы есімізге салып тұрады. Жалпы, жау сырттан келмейді, іштен шығады. Ел ішіндегі әлеуметтік теңсіздік, табыстың дұрыс бөлінбеуі, кландық тартыстар түрлі қақтығыстар туғызады. Бұл белгілі жағдай. Жер-жаһандағы қай мемлекеттің саяси жағдайы тұрақсыз болса, оның астарында сыртқы фактор емес, ішкі фактордың ықпалы болғанын білу қиын емес. Қазір біздің елдің миграция заңы кемелденді. Дәл осы кезеңде Алматы қаласы мен Алматы облысында мықтап қолға алына бастады. Тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем Қытайдың демографиялық экспансиясынан сақтанады. Қытай халқының 62 млн-ы шетелде тұрады екен. Қытай халқы бұрын «Мұхит бар жерде қытай бар» десе, қазір «Күн түскен жердің барлығында қытай бар» деп айтады.
Болашақта Қытайдың еңбек күші сыртқа шығуын азайтады. Өйткені бір бала саясатының қарқыны күшті болғандықтан дәл қазір оларда еңбек күші бұрынғыдай көп емес. Бір баланың нағашы ата-әжесі, өз ата-әжесі, ата-анасы үш отбасы бір бала бағып отыр. Қазір Қытайда еңбек заңы шықты: 200-300 долларға әр адам жұмыс істемейді. Соңғы жылдары Қытай зауыттары Вьетнамға, Индонезияға көшіп жатыр. Әлеуметтік жағдайы өте төмен азаматтар болмаса шетелге жұмысқа барғысы келетін адам аз. Біздің елге олар ауылшаруашылық саласына келуге мүдделі. Бірақ олармен ауылшаруашылық саласында бірігіп жұмыс істеу саясатын жіті ойланып жүзеге асырған жөн.
Қытай біздің елге әдейі, ашықтан-ашық қауіп төндіреді деп ойлау дұрыс емес. Ол елдің де өзінің ішкі қайшылығы жетеді. Оңтүстік пен Солтүстік, бай мен кедей, Тибет мәселесі, ұйғыр мәселесі секілді күрмеуі шешілуі тиіс дүниелері бар.
«Бос жатқан жер жау шақырады» деген сөз бар ғой. Біздің жеріміз кең, байлығымыз көп, адамдарымыздың білімі ортадан жоғары. Біздің ең осал жеріміз – халық санының аздығы. Ол үшін шетелдегі қандастарымызды алып келіп, демографиялық жағдайымызды түзегеніміз абзал. 1962 жылы Қазақстанға Қытайдан жүз мыңдай қазақ келді, олардың әр отбасында бала саны оннан кем болған жоқ. Соңғы 20 жылда да шетелден көптеген қандастарымыз келді. Көші-қон саясаты кешенді түрде одан әрі жүйелі жалғасса деген үміт бар.
Дәл қазір көші-қонның ілгері жылжуы үшін Қазақстан тарапынан кедергі жоқ. Қиындық Қытай тарапынан туындап тұр. Ол жақтағы азаматтарға паспорттары беріліп, елге қайтар мүмкіндік туса көп адам лап етіп елге ағылғалы тұр.
– Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Қытайдан келген қазақтар орыс тілін білмегендіктен көп қиындыққа тап болатын. Қазір сол қиындық сейілді ме?
– Тұрмыстық жақтан сейілді. Мен Қазақстанға 1994 жылы келдім, ол кезде банкке, поштаға кірсеңіз сары шашты қыздар көп отыратын. Оларға орыс тілін білмеймін деп айтсаң «Есің дұрыс па?..» дегендей аңтарылып қарайтын. Қазір базар, пошта, банк, халыққа қызмет көрсету орындары қазақ тілінде сөйлей бастады. Бірақ мемлекеттік іс қағаздары әлі де орыс тілінде жүргізіледі. Ондағы орыс тілінің ықпалы сейіле қойған жоқ, оған мен түсіністікпен қараймын. Оның да өз уақыты келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Назым ДҮТБАЕВА.
Дереккөз: "Қазақ әдебиеті"