2017 жылдың соңы мен 2018 жылдың басынан бастап ҚР азаматтығын алған қандастарымыз ҚХР азаматтығын шыға алмай жүрген еді. Оларды Қытай Консулдығы «алдымен Қытайдағы тұрақты тіркеулеріңнен шығып келіңдер, содан кейін ҚХР азаматтығынан шығарып, құжаттарыңыздың күшін жоямыз» деп қайтарған еді.
Осы жағдайға байланысты белсенді азаматтар жаңадан азаматтық алған қандастардың қолын жинап, «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігі арқылы «Нұр Отан» партиясына, ҚР Сыртқы істер министріне, ҚР Ішкі істер министріне және Қытай Консулдығы мен Елшілігіне хат жазып (хатты осы жерден оқуға болады), қандастарымыздың «қос азаматтық» санатқа қосылуының алдын алу жолдарын ұсынған еді. 3 мамыр күні ҚХР-ның Алматыдағы бас Консулдығы Шыңжаңдағы жағдайға байланысты зардап шеккен қандастар мен «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігін қабылдаған кезде де бұл мәселе ортаға қойылып, бас консул Чжань Вэй бұл азаматтардың шағымы жақында шешімін табатындығын айтқан еді.
Қытай Консулдығы бұған дейін ҚР азаматтығын алған қандастардың екі елдің паспорты мен жеке куәлігінің көшірмесін алып, қажетті құжаттарды толтыртып, біраз уақыттан кейін өздері хабарласатындығын айтып қайтарып жатқан еді. Көптен бері еш хабар болмағандықтан алаңдап отырған қандастарға Қытай Консулдығы 22, 23 мамырдан бастап хабарласып, консулдыққа келіп, ҚХР құжаттарын жарамсыз етуге (қыйдыруға) шақырыпты. Негізі Алматыдағы Қытай Консулдығы әр аптаның бейсенбі күні жұмыс істемейтін еді. Осы аптаның бейсенбісі 24 мамыр күні ҚХР азаматтығынан шығуға өтініш берген азаматтарды өздері шақырып 70, 80 адамның бұрынғы ҚХР құжаттарының күшін жойған.
Қытай консулдығына ҚХР азаматтығынан шығуға өтініш берген қандастармен бірге Jebeu.kz тілшісі де барған еді. Жиалған азаматтардың айтуы бойынша кейбірі өздері Қытайдағы туыстары арқылы Қытайдың тұрақты тіркеуінен шыққанын айтса, енді біреулері Қытай Консулдығы жергілікті орынға өздері хабарласып, ҚХР тұрақты тіркеуінен шығарылғанын айтса, тағы біреулері өздері барып ҚХР тұрақты тіркеуінен шықпағанын, консулдықтың өзі шығарған-шығармағанын білмейтіндігін айтуда. ҚХР азаматтығынан шығарып жатқан консулдық қызметкеріннің де одан хабары жоқтығын айтып, бастысы ҚХР азаматтығынан шығарып жатқанына риза.
Қытай Консулдығы әйелімнің тұрақты тіркеуінен шығаруға ШҰАР-дағы жергілікті полицияға құжаттарымызды жіберіп беріпті деген Жанболат Еркін «Біз Іле қазақ облысы, Моңғолкүре ауданынан келгенбіз. әйелім Зура Шаймұрат 2018 жылдың ақпан айында ҚР азаматтығын алған. Ақпан айының 27,28 күндері келіп, екі елдің паспорты мен жеке куәлігінің көшірмесін және бір анкетаны толтырып өткіздік, қолымызға бір бет қағаз беріп «өзіміз хабарласамыз» деп қайтарды. Содан сәуір айының ішінде арғы жақтағы ауылдық полицияның бастығы Вичат желісінде қослып, мән-жайды сұрап, аудандық бөлімнің қатысты қызметкеріне жолдап беремін деді. Содан ол адам қосылып «әлі де екі елдің азаматтығын таңдауға құқыларың бар. Нақты қай жақты таңдайсың?» деп сұрады. Біз «Қазақстанға көшіп келіп, орнығып алдық, өз еркімізбен ҚХР азаматтығынан шығамыз» деп жауап бердік. Олар содан кейін ҚХР азаматтығы мен тіркеуінен шығарғандарын айтты. Кеше Консулдық хабарласып, келіңдер, паспорттарыңды қыйамыз деді» деп әңгімелеп берді.
Қытайдың азаматтығынан шыққан тағы бір қандасымыз Мақпал Сенбекқызы «Қазақстан азаматтығын 2018 жылы 6 ақпанда алдым. Азаматтық алғанымда Қытайдың құжаттарын 1 айдың ішінде өткізіп беруім керектігін айтты. Сондан консулға неше рет келіп жүріп бір қағаздарды толтырып, Қазақстан мен қытайдың паспорты мен жеке куәлігінің көшірмесін алып қалып, өзіміз хабарласамыз деп қайтарды. Содан кеше ғана бүгін кел деп телефон шалды. Қытайдың тұрақты тіркеуінен шығардыңдар ма деп сұрасам, оны өздерің жергілікті орыннан сұрап біліңідер деп, паспортымды қиып берді» деп өзінің ҚХР азаматтығынан шыққанымен тұрақты тіркеуінен шықан-шықпағанын білмейтіндігін айтады.
Осы мәселеге байланысты жоғарыдағы қатысты орындарға хат дайындаған кезде Нұртұрған Нұрданбек атты азамат Ватцапта 2018 жылдың басынан бері азаматтық алып, қытайдың азаматтығынан шыға алмай жүрген адамдардың басын қосқан еді. Сол топтағылардың айтуы бойынша Қытайдың тұрақты тіркеуінен шықпаған зейнеткерлерге Консулдық алдымен қытайдың тұрақты тіркеуінен шығып келуі керектігін айтып хабарласқанын айтады. Осыған қарағанда Қытай консулдығы ҚХР азаматтығынан шығуға өтініш берген қандастардың құжатын ШҰАР жергілікті үкіметіне жіберіп, тұрақты тіркеуі мен азаматтығынан шығаруға сұраныс жолдайтын сияқты. Жергілікті орын консулдық жіберген өтініштерді қарап, Қытайдың тұрақты тіркеуі мен азаматтығынан шығарған жағдайда Қытай консулдығы азаматтарды шақырып, ҚХР құжаттарының күшін жойып жатқан көрінеді. Өйткені жоғарыдағы айтылған 3 мамыр күнгі кездесуде бас консул ҚХР азаматтығынан шығару үшін консулдық өтініштерді жергілікті орынға өздері жіберіп беру арқылы ҚХР азаматтығынан шығаратындығын айтқан еді.
Қазірге шешілмей тұрған зейнеткерлердің ҚХР азаматтығынан шығу мәселесі де алдағы уақытта шешімін табар деген үміттеміз. Көптен бері қолдарында екі елдің құжаттары болған қандастар «қос азаматтық» аталып, зардап шекеміз бе деп қорқып жүрген еді. Бұған дейін ҚХР барып, саяси үйренге кірген бірқатар ҚР азаматтарын қос елдің азаматысың деген сылтаумен ұстап тұрғаны да айтылып жүр. Сондықтан, қандастардың шағымы қабылданып, қос азаматтықтан шығарылған қандастарды ертеңгі күні қытай үкіметі де бұрынғыша жолын тоса алмас деген үміттеміз. Алдағы уақытта екі елдің арасындағы қандастардың басқада мәселелері толық шешімін тапса деп тілейміз.
Тұрдыбек Құрметхан
Jebeu.kz