Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН. Зардыхан тарихтың толағайы еді
1996 жылы менің кейінгі 20 жылдық өмірімді мәнді де мағыналы етіп өткізуіме тікелей себепші болған қамқор ағам Қойшығара Салғараның жол көрсетіп, таныстыруымен Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих-этнология институтына жарты жүктемемен жұмысқа орналасқан едім. Ежелгі және Орта ғасыр бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып кабинетке кірсем төрде бурыл шашты, көзінен мейірім нұры төгілген орыс әйелі және ол кісінің қатарында сұңғақ бойлы, жараған аттай шымыр денелі, қою қоңыр шашты, аса кішіпейілдігі көзінен көрініп тұрған ақсары адаммен қол алыса амандасып таныстық басталды.
Орыс әйел, атақты Ораз Жандосовтың келіні, бөлім меңгерушісі Клавдия Антоновна Пищулина екен. Ал ақсары адам сол уақытқа дейін-ақ атағы алысқа кеткен, қоғам қайраткері – моңғолиялық қандасымыз Зардыхан Қинаятұлы екен.
Уақыт шіркінде тоқтау-толас деген болған ба, арада апталар, айлар зырлап өтіп жатты. Бізді күн өткен сайын жақындастырып, етене бауырластырып жіберген тылсыматтың жұмбағын дәл басып шеше алмасам да, шамалап айтар болсам, тағдырластық, мақсат-мүддеге темірқазық болған өмірлік ұстанымдарымыз бен армандарымыздың ортақтығы,ұқсастығы деуге болар.
Зәкең Моңғол елінен арқалап келген тарихи деректер мен өзі тікелей басынан өткізген ғұмырбаяндық естеліктер негізінде жазылған кітаптарын бірінен соң бірін баспадан шығарып, өзінің кім екенін, қолынан не келетінін, тәуелсіз Қазақ еліне адал қызмет етудің қандай болатынын әйгілей бастады.
Қазақ жеріне аяқ басқан 22 жылда аса құнды 11 монография мен 200-ден аса ғылыми мақала жазып, баспасөзде жариялаған Зәкең, ондаған кандидаттық, докторлық жұмыстарға жетекші һәм оппоненттігінің сыртында, 6-7 кітапқа және ұжымдық зерттеу еңбектеріне қосымша автор болған екен.
Моңғолиядағы демократиялық өзгерістер мен жаңғыруларға тікелей ықпал етіп, әлемдік саясаткерлер назарына іліктірген алғашқы еңбегі «Социализм бе, әлде өркениеттің адасуы ма?» деп аталған екен. Өткен ХХ ғасырдың 90-жылдарының басында тоталитарлық режим сіресіп тұрған заманда «социализм» деп аталған дүлейге бұлай соқтығудың ақыры не боларын Зәкең ойламады дейсің бе? Бұл арада, Зардыхан сияқты көреген ойшыл азаматымыздың әлемдік сөзге араласып «Өркениеттің адасуы» туралы ой-толғаулары америкалық саясатшылардан да бұрынырақ немесе қатар басталғанына отандастарының назарын аударғымыз келді.
Зардыхан Қинаятұлының 76 жылдық ғұмырнамасы үш үлкен кезең бойынша саралануы керек деп түйдім. Оған себеп болған 2010 жылы жарық көрген «Көшпенділік ғұмыр» атты өзі «Эссе» деп айқындаған тамаша еңбегі еді. Бұл кітап Зәкеңді белгілі қоғам қайраткері, білгір тарихшы ретінде білетін адамдарға жазушы, ақын, тамаша этнограф Зардыхан тұлғасын сомдап бергендей болды.
Зәкең ғұмырының бірінші кезеңі балалық шағы өткен туған жер, ержеткізген орта, көз көргендер туралы перзенттік тебіреністерге толы естеліктері, тұнып тұрған төлтума этнографиялық материалдары арқылы бедерленген. Оқырман сол арқылы ХХ ғасырда қиыр қонып, шет жайлаған Моңғолия қазақтарының басынан өткен «Жылаған жылдар» шежіресімен танысуға мүмкіндік алады. Анадан 7 жасында, әкеден 16 жасында айырылып «Қинаяттың жалғызы» атанған Зардыхан қазақтың қасиетті туысқандық, қауымдық қоғамының қамқорлығы арқасында елдің аялы алақанында ержетіпті.
Зәкеңнің екінші ғұмырлық кезеңі едәуір ұзақ та, мағыналы оқиғаларға толы болғанын көреміз. Орта мектепті моңғол мектебінде үздік бағамен аяқтап, ҰланБатырға білім қуып барған 1961 жылдан былай қарайғы бірыңғай қоғамдық ғылымдар аясындағы ізденістер соқпағы оны Мәскеуге апарып КОКП Орталық комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасын аяқтап, тарих ғылымдарының кандидаты дәрежесіне қол жеткізген болатын.
Білім-білігі де, абырой-атағы да аспандап тұрған өткен ғасырдың 70-80-ші жылдарында Зәкең Моңғол өкіметінің қолдап-қолпаштауы арқасында халықаралық деңгейдегі қоғам қайраткері дәрежесіне көтеріліп, әлемнің 27 еліне Моңғол делегациясын бастап барып қайтқан екен. Ғылым саласынан мүлде өзгеше мансап қуғандай болған ол жылдарды Зәкең текке өткізбепті. Өмірлік тәжірибе, орнықты білім, ұлттық ой-сананың желеп-жебеуімен болар, әлемнің жартысына билігін жүргізген тәкаппар Шыңғыс хан әулеті ат төбеліндей аз қазақтың жетім перзентін әспеттеп, сенім артып өкіметтің екінші адамы дәрежесіне көтеріпті.
Зардыхан Қинаятұлын қоғам қайраткері, Моңғолияның реформалық қозғалысының бас идеологы ретінде танытқан 1990 жылдар Зәкең ғұмырнамасының екінші кезеңі жарқын самғау кезеңі ретінде бағалануға лайық.
Қинаяттың жалғызын жалпақ әлемге танытқан «Социализм бе, әлде өркениеттің адасуы ма?» атты манифес мәнзелдес еңбегі сол есею, кемелдену кезеңінің жарқын ескерткіші десе болар. «Көшпенділік ғұмырда» жеке тақырып ретінде баяндалған «Егер қоғам тапсырыс берсе оны өзгертуге 15 адамның ақыл-ойы жетеді екен» дей келіп, 15 адамның ақыл-ойының өзі қоғамды қозғалысқа енгізетінін, егер қоғам қозғалысқа енсе, ақыл-ойдың алдында аппарат машинасының өзі қауқарсыз болып қалатын тәжірибені адамдардың есіне сала кетуді» ескертеді.
Зардыхан Қинаятұлы тарихшы ретінде қазақ тарихы ғылымына қандай жаңалықтар әкелді десек ол жаңалықтарды біздің тарихшылар қалай бағалап, қалай қабылдады деген өз сұрағымызға өзімізше жауап іздеп көрелік.
1. Қазақ оқырмандарына мүлде бейтаныс болып келген Моңғолиядағы шашыранды қазақтардың «Жылаған жылдар шежіресін» жазып беру арқылы тарихи-білім, тағылымдық сабақ дәрісін оқығандай болды. Одан кейін «Моңғолиядағы қазақтар» 1, «Моңғолиядағы қазақтар» 2, «Қобдалық қазақтар» 3, деген алқалы кітаптары арқылы жан-жақтылы мағлұмат алдық.
2. Күні кешеге дейін біресе моңғол-тұңғыс текті, біресе түрік текті делініп келген дүдәмал, ғылыми негізі шамалы зерттеулерге өзек болған найман-керей тайпалары жөніндегі жаңсақтықтарға айқын анықтама берген «Моңғол үстіртін мекен еткен соңғы түркі тайпалары ІХ-ХІІ ғасыр» атты кітабын 2001 жылы жариялады. Қазақ тарихы үшін бұл еңбектің орны ерекше болса да, күні бүгінге дейін ол зерттеушілер назарынан шет қалып тұр.
Бұл тақырыпты ондаған жыл тереңдей зерттеп, түкпірлей қарастырған Зәкең қатерлі науқасқа шалдыққанына қарамай қайтыс боларынан бұрын «Найман хандығы: тарихы және мәдениеті» (ХІІ-ХІХ ғғ) деген тамаша еңбегін аманат етіп қалдырған болатын. Осынау жауапты аманатты баласы Жармұхамет пен профессор Нәбижан Мұхаметхан редакциялап, жомарт жанды кәсіпкер Сабыржан Мұхаметханның қаржыландыруымен «Мерей» баспасынан таяуда ғана басып шығарды.
Кәсіби тарихшылық пен жолбике-әуесқой тарихшылықтың аспан мен жердей алшақ болатынын марқұм Зәкең осы еңбегі арқылы тағы бір рет тағылымдап, өнегелеп бергендей болды.
3. Қазақ тарихын, Қазақ мемлекеттілігі тарихын қай дәуірден, қалай бастау керек деген мәселе күні кешеге дейін даулы, күмәнді, тіпті теріс бағытта қарастырылып келгені белгілі. Өткен 25 жыл бойы бұл мәселе теріс айналып 1991 жылдан бұрын қазақта дербес мемлекет те, анық мемлекеттік шекара да болмаған дейтін сандыраққа жол ашқандай болды. Бірақ жалған жалалы дауға нүкте қойылып, алғаш рет Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы мемлекеттік деңгейде, ғылыми тарих дәлел сипат амалдармен салтанатты түрде атап өтілді.
Зардыхан Қинаятұлы бастаған біраз тарихшылардың зерттеулері қазақ халқының ат-атауымен алғаш рет тарих сахнасына шыққан 550 жылдық ұлы оқиғаға байланысты болғаны, ал қазақ мемлекеті тарихы Жошы хан шаңырағын көтерген Ақ Ордадан басталады деген концепцияға негізделіп 2004 жылы «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» деген монографиясын жариялады. Араға 10 жыл салып 2014 жылы «Ел таным» баспасынан жаңа тараулармен, қосымшалармен толықтырылған нұсқасы жарық көрді.
Қазақ тарихында алғаш рет «Моңғол ұлыстары билігі дәуірі» деген аталым пайда болды. Бұл дәуір 240 жылға таяу уақытты (1224-1465/66 қамтиды. «Жошы отырған Ақ Орданың шаңырағы Ертісте көтеріліп, кейінірек Сығанаққа көшірілді. Ақ Орданы әуелі Жошы хан, онан кейін Жошының тұңғыш ұлы Орда Еженнен тараған хандар биледі. Қазақ мемлекетінің үлгісі (прообраз), жер аумағы, этникалық қауымы, әскери-саяси құрылымы, билік династиясы Ақ Орданың аясында қалыптасты», деп жазады тарихшы.
360 беттік тамаша монография бай деректемелік негіздерге сүйене отырып, нақтылы ғылыми дәлелдермен жазылғандықтан Қазақ мемлекеті тарихы Ақ Ордадан басталады деген тұжырымға тоқтау керектігіне шақырады.
715 беттік «Шыңғыс хан және Қазақ мемлекеті» атты әйдік зерттеу еңбегінде моңғол, тұңғыс, орыс, араб, парсы, ұйғыр, қытай жазба деректерінен 2080 сілтеме жасаған Зардыхан тарихшының жанкешті еңбегі мен зейін-зердесінің, азаматтық жауапкершілігінің алдында бетпе-бет тұрғанымызды бір сәт ойласақ пендешіліктен арылуға болар ма еді деп қиялдаймыз.
Аллаға шүкір, тәуелсіздіктің арқасында қазақ есін жиып, тәубесіне келе бастады. Осы тұста тарихшы, қоғам қайраткері Зардыхан Қинаятұлының ұлы Абай рухымен қалай қауышып, қалай толғағанына тоқтала кеткім келді.
«Абай және қазақы мінез-құлық» атты шағын еңбегінде көтерген терең ойларынан бастайын. «Абай өмірді ақ пен қара, адал мен һарам, өтірік пен шындық, махаббат пен арсыздық, сұлулық пен сүйкімсіздік, ғақыл мен қуат һәм осынау екі жақтылықтың ара-қатынасынан іздеді.
...Ол қазақтың менталитеттік мінез-құлқын тұрмыс-тіршілігінің сырын, өмірінің келеңді-келеңсіз жақтарын бүйрек-сирағына дейін ақтарып ашып салды. Онысы қараңғы халқы арланса арлансын, намысы қозса қозсын, ізденсін, бір серпіліп көзін ашсын, ой-өрісін кеңейтсін, көкірегін оятсын дегендіктен еді» (Көшпенділік ғұмыр». 103-б).
Бүгінгі қазақ қоғамына талдау жасаған профессор Зардыхан «...қазақтың бұрынғы басқаға бас ұрушылық, ұлттық нигилизм психологиясы және ұлттық дербестікке, азаттыққа ұмтылған жаңа патриотизм, ұлттық сезім арасындағы қарама-қайшылық» бой көрсеткеніне назар аударады. Сөйтіп, «...ел боламыз, ұлт боламыз деп талпынған бүгінгі қазақтың серпіліс күші неде» деген сұраққа қайсы біреулер ұлттық идеология қажет дейді. Меніңше қолдан жаңа идеология жасау мүмкін емес. Қазақта идеология біреу, ол – ұлтының азаттығы. Бұл идеология әлі де тірі, қазақтың басына түскен қайғы-қасіретінің жүгі ауырлаған сайын тәуелсіздік (азаттық) идеологиясының салмағы арта түседі», деп жауап береді.
Тарихшы, әдебиетші, ақын, қоғам қайраткері Зардыхан Қинаятұлы қай салада, қандай тақырыпта қалам тартса да, одан тағылымдық, тәрбиелік һәм көркем эстетикалық мән-мағына тауып, ұлт мүддесіне, мемлекет мүддесіне қызмет еттіруге баса мән бергендігіне көзім жетіп, көңілім сенді. Ендеше, ғұлама ғалым Зардыхан рухы да өзінің қазағымен бірге жасай бермек.
Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН,
тарих ғылымдарының кандидаты
АЛМАТЫ
Дереккөз: «Егемен Қазақстан»