Омбының «Степной край» газетінің 1897 жылғы сандарынан Әлиханның «V» деген бүркеніш атымен жарияланған 3 мақаласы табылды.19 Дәл осы жылы өзі газеттің саяси шолушысы немесе, С.П.Швецовтың сөзімен айтқанда, «марксизмнің жападан-жалғыз жарқын уағыздаушысы» болып істеді ме, жоқ па, ол белгісіз. Оның есесіне бұл таңбаны публицист араға 9 жыл салып өзінің редакторлығымен басылып тұрған үш басылымның бірі – «Иртышъ» газетінде де пайдаланғаны анықталды. Газеттің әзірше осы күнге қарай табылған 90-ға жуық санынан «V» қолтаңбасы қойылған тағы 3 мақала20 ұшырады.
Осы жерде ерекше тоқтала кеткен дұрыс. Осыған дейін «Иртышъ» газетінің жарыққа шығып үлгерген 90-нан астам санынан бар-жоғы 2-ақ саны ғана табылған болса, соңғы кезде Омбыдан «Ресей қазақтары» қоғамдық бірлестігінің белсендісі Данияр Шәріпов Омбының мемлекеттік тарихи-өлкелік мұражайынан «Иртышъ» газетінің 2-ден 92-ге дейінгі сандарын түгел сақталығанын анықтады.
Бұл мәліметті мұражай директорының орынбасары Юрий Тимофеев толық растады.
Тағы да осы Д.Шәріповтің хабарлаған тың мәліметіне қарағанда, «Иртышъ» газетінің 10 саны, ал «Омичъ» газетінің 3 саны Томск мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасында сақталыпты.
Ал Томск университетінің ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Галина Ерохина осы жолдардың авторына «Иртышъ»-тың 10 саны мен «Омичъ»-тің 3 санынаның электрондық көшірмелерін түгел жөнелтті. Омбының мемлекеттік тарихи-өлкелік мұражайынан «Иртышъ»-тың қалған барлық санынның көшірмесі алынды.
Ал бастапқы тақырыбымызға оралсақ, Ә.Н.Бөкейхан дәл осы «V» бүркеніш есімін отаршыл Ресей үкіметінің басына реакцияшыл премьер-министр әрі ішкі істер министрі Петр Столыпин келіп, 5 миллион қазақтың кең байтақ өз даласында тынысы тарылып, ал ұлт көсемі туған жерінен Самарға жер аударылған 1908-1911 жылдары және өз ықтиярынсыз Мәскеуде тұруға тура келіп, қазақ газет-журналдарында өзіне мақала-материал жариялауға мұрша бермеген 1922 жылы және 1924 жылдың соңы мен 1927 жылға дейін дерлік жиі-жиі пайдаланды.
Ал «V» қолтаңбасының өзіне жататынын саяси қайраткер-қаламгер Әлихан алдымен «Қазақ» газетінде шыққан, одан кейін «Айқап» журналында қайта басылған «Он төрт тоғыз бола ма?» атты мақаласында былай деп жазды: «…мен абақтыда жатып (!) қазақ жері туралы жазған мақалаларым «Сибирские вопросы» деген орыс журналының мына нөмірлерінде: 16-17, 18, 21-22, 27-28, 33-34, 35-36, 37-38, 45-46, 47-48, 1908 жылғы, «V» деп қол қойған. Орысша білетінің оқып қара».21
Совет өкіметі тұсында Алаш қозғалысы мен партиясының көсемі «V» қолтаңбасын Мәскеудегі Совет халықтарының Кіндік баспасындағы Қазақ секциясында әдеби қызметкер болып жұмыс істеген алғашқы кезеңінде – 1922 жылдың күзінде «Еңбекшіл қазақ» газеті мен «Қызыл Қазақстан» журналында қолданды [кітаптың соңында берілген библиографиялық көрсеткішті қара. Құрастырушы]. Одан соң 1924 жылдың соңы мен 1925 жылдың басында және 1926 жылдың басынан 1927 жылдың күзінде Кіндік баспадан «штатты қысқарту» деген желеумен өзін мезгілінен бұрын зейнетке шығарып салғанға дейін дерлік сирек те болса «Еңбекшіл қазақ» газеті мен «Жас қазақ» журналынан, негізінен «Жаңа мектеп» журналынан көрінді.
Совет өкіметі жылдарындағы «V» таңбасын кімнің қолданғанына байланысты қазіргі қазақ тарихшылары мен әдебиеттанушыларының арасында оны Алаш көсемінікі дегенмен келіспей дау айтушылар да жоқ емес көрінеді. Бірақ мұндай дауға ешқандай негіз болмағандықтан, оған тоқталып жатпаймын.
Ал пікірталастырушылар табыла қалса, онда қолдағы бар тарихи айғақ-деректерді қалың оқырман талқысына ұсынуға болады. Осы дерек-айғақтарды саралап көрген соң «V» таңбасын кімнің пайдаланғанын оқырман қауымның өзі шешеді.
«Қазақ» газетінің беттерінде жиі ұшырасатын «Түрік баласы» мен «Арыс ұлы» есімдерінің де иесі туралы жаңсақ пікір бар. Оның ішінде «Түрік баласы» беймәлім есімдердің тізіміне жатқызылса, «Арыс ұлын» ешбір дәлелсіз Ахмет Байтұрсынұлының лақап аты деген пікір де жоқ емес.
Ешқандай айғақ-дәлелсіз айтылған ол пікірлерді теріске шығарып әуре болудың қажеті шамалы болса, ал «Түрік баласының» да, «Арыс ұлының» да Ә.Н.Бөкейханның кезекті лақап аттары болғанын бұлтартпай дәлелдейтін фактылар мен мәліметтер жетіп артылады. Қажет болып жатса, бұл мәселеге қайта ораламын.
Ал жоғарыда аталған санктпетерборлық «Сибирские вопросы» журналында жарияланған үлкінді-кішілі бір топ мақаласын Әлихан «V» таңбасымен ғана емес, көбіне Алаш көсемінің өз жақындарына мәлім, сонымен қатар совет дәуіріндегі санаулы болса да «әлихантанушы» экономист ғалым мен тарихшыға белгілі «Статистик» деген бүркеніш есімімен ұсынған.
Сұлтан Хан Аққұлы
«Әлихан Бөкейхан» кітабы
Дереккөз: «Алауинформ»