«ДАДА ҚОРҚЫТ КІТАБІ» ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҚОРҚЫТ ЖАЙЫНДАҒЫ АҢЫЗ ЖЫРЛАРЫ

admin2 2018-07-05 3 ℃ Қысқаша

І Бағы заманнан келе жатқан мәдениет куәсі «Дада Қорқыт кітабы» («Қорқыт ата кітабы») –...

1507789314_article_b_1500_.jpeg

І

 

Бағы заманнан келе жатқан мәдениет куәсі «Дада Қорқыт кітабы» («Қорқыт ата кітабы») – жалпы түркі тілдес халықтарға ортақ байырғы жазба әдебиет нұсқаларының ішіндегі құнарлы да құнды шығармалардың бірі. Бұл шығарманың біздің заманымызға жетіп отырған екі түрлі қолжазба нұсқасы бар. Оның бірі Шығыс Германиядағы Дрезден қаласының кітапханасында, енді бірі Римдегі Ватикан кітапханасында сақтаулы. Бұл екі нұсқа жалпы жағынан мазмұндас, мәндес болғанымен, көлемі, тіл ерекшелігі, тағы басқа жақтардан әрқайсысының өзіне тән өзгешеліктері де бар. Дрезден нұсқасының мұқабасына «Кітаби Дәдам Қорқұд» деп жазылып, оның астына «Алалисани тайфа – ій оғұзан» («Оғыз тайпасы тілінде») деген түсінік көрсетілген. Ватикан нұсқасы «Хикаяти оғұзнамаий Қазан бек уа ғайры» («қазан бек және басқалар жайындағы оғызнама хикаясы») деп басталады. Дрезден нұсқасы он екі дастаннан (хикаядан), Ватикан нұсқасы алты дастаннан (хикаядан) құралған. Тіл өзгешеліктері жөнінен алғанда, Ватикан нұсқасында оғыз сөздері, Дрезден нұсқасында Қыпшақ сөздері басым.

Дрезден нұсқасы ХІХ ғасырдан бастап ғылым дүниесіне әйгілі бола бастаған. Бұл нұсқаны Килисили Рифат 1916 жылы араб әріпімен қайта бастырды. Ал Ватикан нұсқасы осы ғасырдың 50- жылдарынан бастап әлемге әйгілі бола бастады. Бұл нұсқаның Ватикан кітапханасында сақтаулы екендігі алғаш рет 1950 жылы зерттеуші Этторе Россының (Ettore Rossi)«кітаби дада Қорқыттың» жаңа нұсқасы жайлы мақаласынан мәлім болды. Кейін Р.Россы бұл нұсқаның фото көшірмесі мен текстіне түсініктер, көрсеткіштер беру арқылы алғы сөз жазып, 1951 жылы Римде бастырып таратқан. Жоғарыдағы Нұсқалардың Станбол университетінің профессоры Мүһаррам Аргын алғы сөз жазып, түсінік берген кітабы Станболда үш рет басылды, оның 3-басылымы 1980 жылы таралды.

«Дада Қорқыт кітабы» («Қорқыт ата кітабы») – кесек тұлғалы тоғыспалы дастандар тобы, ол он екі дастаннан (жырдан) құралған. Оған кірген он екі дастан мыналар:

1.«Дырсеханұлы Боғаш хан туралы жыр»;

2.«Салор Қазанның үй мүлкінің талан-таражыға түсуі туралы жыр»;

3.«Қам Пүреұлы Бамси Бейрек туралы жыр»;

4.«Қазан биұлы Ораз бидің азғын болуы туралы жыр»;

5.«Дұға Қожаұлы Тұмрұл туралы жыр»;

6.«Қаңлы Қожаұлы Қанторалы туралы»;

7.«Қазылық Қожаұлы Игенек туралы жыр»;

8.«Басаттың Тебегозыны өлтіргені туралы жыр»;

9.«Бегіл ұл Әміренің жыры»;

10.«Усұн Қожаұлы Сегрек жыры»;

11.«Салор Қазан тұтқынға түсіп, оны Ораздың құтқарғаны жайлы жыр»;

12.«Сыртқы оғыздың ішкі оғызға жау болуы, Бейректің өлуі жайлы жыр» [1].

Бұл дастандарда жырланған негізгі мазмұн ерлік пен бірлік. Онда ерте заманда ру-тайпа одағына енген тайпалар тобының – ішкі оғыз бен сыртқы оғыздың арасындағы қақтығыстар да бар, бірақ бұлар, көбінесе, батыс жақтан келген шапқыншы жауларға қарсы күреседі. Сөйтіп, өзінің елін, жерін шеттен келген шапқыншы жаудан қорғау жолындағы ердің ерлігі мен елдің бірлігі баса мадақталып, өз халқын, өз елін сүю жөніндегі отаншылдық идея дәріптелді.

«Дада Қорқыт кітабына» енген он екі жырдың желісі бір ғана бас кейіпкердің басынан кешкен оқиғалардан өрбіген емес, олар жеке-жеке жыр-дастандардан құралған. Алайда осы жырдың қай-қайсына болса да Қорқыт қатынасады, ол аңыз кеипкері ақылгөй ата – кемеңгер жырау, ғайыпты болжайтын білгір ретінде суреттеледі. Оның айтқаны айтқандай келіп отырады, бұл шығарманың тілі жаттық әрі көркем, онда қара сөз бен жыр алма-кезек ауысып-жарысып отырады. Ақыл-нақыл, мақал-мәтел, шешендік және қанатты сөздер жиі кездеседі. Тіпті қара сөзбен баяндалған оқиғалар өзара ұйқасып отыратын желдірмемен суреттеледі. Бұған Салор қазанның ауылын жау шабар алдында көрген түсін Қаракөнеге айтқан сөздерін мысалға алуға болады. Ол:

«Қайғылы қара түс көрдім, түсімде сұмдық іс көрдім,

Қолымда талпынған қыраным, өліп-өшкенін көрдім.

Көктен ағылған найзағай, ордама келіп түскенін көрдім,

Үйіме қасқыр шапқанын көрдім, қара түйе еңсемді басқанын көрдім.

Қара шашым қарыс ұзарып, қас-көзімді жапқанын көрдім,

Он саусағым білегімнен, көлкіген қанға батқанын көрдім» деп желдірте сөйлейді. Барлық жаман ырымдар жан түршігерліктей әсерленіп баяндалады. Ал, кейіпкердің басындағы күйініш, сүйініш, көңіл күйлері кәдімгі батырлар жырына тән толғаулар сияқты баяндалады.

Осындай сұмдық түстен түршіккен Салор Қазан алыстан асығып қайтады да, жау шапқан ауылының қаңырап жатқан жұртын көреді, сонда былай толғайды:

         Қауым халық еліме қоныс жұртым,

         Құлан менен киікке өріс жұртым.

         Ақ боз үйің қаңырап жұрты қалған,

         Қарт анамның құлазып орны қалған.

         Ұлым Ораз оқ атқан бұта қалған,

         Оғыз бегі ат шапқан майдан қалған,

         Қазан қаңысып, ошағы қаран қалған».

Жау шауып кеткен ауылын іздеген Салор Қазан жол-жөнекей аққан судан, жорытқан қасқырдан жоғының жөнін сұрайды. Бұлардан еш дерек ала алмай келе жатқанда, қой жайған шопанның төбетіне тап болады, одан да сұрайды. Мұның бәрі жырмен айтылады. Одан соң қой жайған шопанға келіп:

         «Қараңғы ақшам болғанда қайғылы шопан,

         Қар мен жаңбыр жауғанда шақпақты шопан.

         Үнімді естіп, сөзімді тыңда шопан,

         Ақ боз үйім өтті ме бұл арадан?

         Көрген болсаң кідірмей айтшы маған,

         Қара басым құрбан болсын шопан саған» дейді.

Шопан оған: қарт анасы мен баласы Ораздың жалаңаяқ, жалаңбас байлауда, алтын-күміс қазынасының талауда, сайгүлік аттары мен қызыл түйелерінің олжада кетіп бара жатқанын, мұны көріп жаумен шайқасып оларды шығындатқанын айта келіп, сенің орныңа мен барып жаумен шайқасамын деген батыл талабын білдіреді:

         «Арынды қоңыр атыңды,

         Алпыс тұтам найзаңды,

         Ап-алаша қалқаныңды,

         Қара болат қылышыңды,

         Садақта сексен оғыңды,

         Серпіні қатты жағыңды,

         Бәрін түгел бер маған,

         Орныңа сенің мен барам,

         Шығарып жаудың ойранын,

         Ағызып селдей қандарын,

         Жасаған Алла жар болса,

         Үйіңді мен құтқарам» дейді.

Қаруын беріп қойшыны жауға аттандыруды қорлық деп білген Қазан би ызаға шыдай алмай булығып кете береді.Шопан оның алдына түсе шабады.

«Жә, сен неге кетіп барасың?» деп сұрайды Қазан би. Сода Шопан: «сен жау шапқан үй-мүлкіңді қайтарып әкелуге кетіп барасың, ал мен жаудан қарындастарымның (туған елімнің) қанды кегін әкелуге кетіп барамын» деп жауап қайтарады. Енді қарны ашып көзі қарайған Қазан би шопаннан азық сұрайды.Шопан оны пысырып бөктеріп алған қозының етімен орман ішінде қонақ қылады. Қарны тойған Қазан би: «бұл шопанды ертіп барып жауды жеңсем, оғыздың бектері: егер шопан болмаса жауды жеңе алмас еді деп қара басымнан қиқу кетірмес» деп ойлайды да, шопанды жуан ағашқа арқанмен шырмап таңып тастап: «қарның ашып өзегің талмаған болса, мына ағашты жұлып шық, әйтпесе осы арада қалып ит-құсқа жем бол!» деп кете береді. Бұған қатуланған шопан қатты бұлқынып, жуан ағашты үйелмендей орнымен қопарып жұлып алып, арқалаған беті қазан биді қуып жетеді, «алып ағашты арқалап жүріп не қылмақсың?» деп сұраған Қазан биге, шопан «жауды жеңген соң қарнымыз ашса, осы ағашты жағып ас пісіріп ішеміз» деп жауап береді [2].Бұл оқиғада ру-тайпа бастығы Салор Қазан бидің образы мен еңбекші халық өкілі шопанның образы салыстырыла бейнеленіп, шопанның өз халқына мейілінше берілген, ақ көңіл, адал, отаншыл бейнесі айқын көрсетіледі.

«Дада Қорқыт кітабында» бас кейіпкер ретінде бейнеленген Қорқытта ақыл-нақыл сөздер, афористік [3] қортындылар, шешендік толғау, тапқыр тұжырым жиі кездесіп отырады, мысалы: «ақын тілді, ат тұяқты келеді», «есекті жүгендегенмен жылқы болмас», «атасыз ұл ақылға жарымас, анасыз қыз жасауға жарымас», «ескі темір біз болмас», «қорқаққа қылыш жұмсаудың қажеті жоқ», тағы басқалар, Қорқыттың осы тектес ақыл-нақыл, тұжырым толғаулары қазақ халқы арасына аса кең таралған. Мысалы:

«Ежелгі жау ел болмас, ескі мамық бөз болмас».

«Өткен өмір оралмас, өлген кісі тірілмес».

«Шөлді жердің отын киік білер,

«Ұзақ жолдың сырын көлік білер».

«Сулы жердің қадырын жылқы білер,

Шытырман тау қойнауын түлкі білер».

«Құба түздің ырсын құлан білер, ұла таудың тынысын бұлан білер».

Жоғарыдағы салыстырмалардан «Дада Қорқыт кітабындағы» афористік тұжырымдардың қазақ арасына кең таралған Қорқыт тұжырымдарымен төркіндес, мәндес келіп, қоян қолтық қабысып жатқандығы байқалады.

«Дада Қорқыт кітабында» ерте замандағы түркі тілдес тайпалар мен халықтардың өріс-қонысын, тұрмыс-тіршілігін, ой-өрісін, салт-санасын, әдет-ғұрбын, тіл-әдебиетін, ақындық дәстүрін танытатын тарихи мәліметтер мол. Бұл кітапқа енген жпикалық хикаялар әсерлі әрі көркем, оның әдеби құндылығы жоғары. «Дада Қорқыт кітабын» зерттеген әйгілі түрік ғалымы профессор Қуат Копролұ бұл шығармаға жоғары баға берген. Ол өзінің қатысты зерттемесінде: «барлық түрік әдебиетін таразының бір табағына, ал Дада Қорқытты екінші табағына салсаңыз және де Дада Қорқыттың салмағы басып түседі» [4] деген еді.

«Дада Қорқыт кітабына» енген жыр-дастандар. Оқиғасы және баяндау жүйесі жағынан алғанда, ертедегі оғыз-қыпшақ дастандарының түп төркіні, сондай-ақ қазақ эпостарының да арғы тегі екендігі байқалады. Осы кітапқа енген он екі жырдың бірі – «Қам Пүреұлы Бамсы Бейрек туралы жыр». Бұл жырдың мазмұны әйгілі қазақ эпосы «Алпамыс» жырымен ұқсас, «Алпамыс» жырын әзербайжандар «бамсы Бейрек», өзбектер «Алпамыш», башқұрттар «Алпамса манан баршын хылу», алтайлықтар «Алып Манаш» деген атпен жырлайды. Бұған қарағанда «Алпамыс» деген сөздің «Алып Бамси» дегеннен өзгергендігі байқалады. Бұдан «Алпамыс» жырының алғашқы нұсқасы Алпамыс батырдың шыққан Қоңырат тайпасының сол заманда құрылған Оғыз тайпалар одағына енген дәуірінде (VIII-X ғасыр) жарыққа шыққанын, сол дәуірде «Дада Қорқыт кітабындағы» дастандар қатарына қосылғанын аңғаруға болады.

 

ІІ

 

«Дада Қорқыт кітабында» суреттелген Қорқыт ата образы мен қазақтың аңыз-жырларында айтылатын Қорқыт образы негізінен ұқсап келеді.

Қорқыт жайындағы аңыз-ертегілер мен мен жырлар қазақ ауыз әдебиетінің өте ертедегі нұсқаларының қатарына жатады. Қазақ ауыз әдебиетіндегі әйгілі аңыз кейіпкері Қорқыт – Дана – даңғыл ақылгөй ата бейнесінде:

         «Ежелден, күн шығыстың бір шетінде,

         Атақты Алтай тауының күн бетінде.

         Өтіпті Қорқыт атты бір қария,

         Ақылгөй адам екен даңғыл дана» [5] деп суреттеледі.

Қорқыт – қазақтың ұлттық музика аспаптары домбыра мен қобызды алғаш рет жасаушы, майталман күйші. Қазақ халқы арасында күні бүгінге дейін ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан «Қорқыт күйі» делінетін күйлер бар, қазақтың бармағынан бал тамған күйлері осы «Қорқыт күйін» күй бастар етуді дәстүрге айналдырған. Қорқыт өз заманының дарынды жырауы, даңғыл ойшылы болумен қабат, жыршы, күйші және бақсылардың пірі ретінде былай жырланады:

         «Жыраудың үлкен пірі – Қорқыт ата,

         Атадан барлық бақсы алған бата.

         Таңғалып жұрттың бәрі тұрады екен,

         Қобызбен Қорқыт ата күй толғаса» [6].

Қазақ халқының аңыз жырларында айтылуына қарағанда, Қорқыт өз елінің аянышты ауыр халын көріп, қауым халықты мүшкіл халден құтқарып, мәңгі бақи өлмейтін бақытты өмірге жеткізуді аңсайды, осы мақсатпен төңіректің төрт бұрышын кезеді, бірақ, Қорқыт қайда барсада аянышты ауыр жағдайға тап болады: көктемде құлпыра шешек атқан шөптердің күз келісімен сарғайып солғанын, мәуелі ормандардың жапырағы төгіліп, қайғымен қамығып, бас шайқап тұрғанын, бір заманда аспанмен тілдескен асқар таулардың мыжырайып шөгіп бара жатқанын, айдын шалқар көлдердің суы тартылып құрып бара жатқанын көреді. Адамзат, жан-жануардың мұң-зарын естиді, осы мұң-зарды домбыра мен қобызға қосып толғайды. Қорқыт образындағы аса асыл адамгершілік қасиет – оның қара басының қамын күйіттемей, елдің мұңы мен қамын ойлауында.

         «Разы ол ен даланы емірентсе,

         Толқытып тоқсан толғау күйге шертсе.

         Мұңайса мұңға сүңгіп, мұңды кешсе,

         Мұңлы ойдан тобыршықтай түйін шешсе.

         Қобызын күңірентіп күндіз-түні,

         Ойлағаны ел қамы, елдің мұңы.

         Жүрмейді ол қарабастың қамын күйіттеп,

         Үй-мекен, азық-түлік, мал-мүлік деп» [7].

Өлім тағдырына қарсы шығып, ажалдан қашқан Қорқыт, жеті ықылым жер жүзін аралап, төңіректің төрт бұрышын кезеді, бірақ, қайда барса да оған арнап көр қазып жатқандарға тап болды, - «қайда барсаң да Қорқыттың көрі» деген сөз осыдан қалған екен.

Ол ең соңында «өмір жолы өлімнен қашу емес» деген қорытындыға келеді де, нағыз өлмес өмірді мәңгі бақи жасайтын халықтың ән-күйінен табады, өмір күйін, көңіл күйін жырлап, адамзат пен табиғатты жадыратады.

         «Домбырасы дыңғырлап берді кеңес:

         -Өмір жолы өлімнен қашу емес,

         Қарт Қорқыт қабыл алып иді басын.

         Қолға алды қасиетті домбырасын,

         Жырлады елдің мүңын, ердің мүңын,

         Толғады өмір күйін, көңіл күйін.

         Бойы ұйып, балқығандай таудың тасы,

         Жел тынып, тамды жерге бұлттың жасы.

         Елжіреп қанатты құс, аяқты аң,

         Еміренді ен далада тау мен орман.

         Таратып өмір күйін өр көңілден,

         Көшті бұлт, есіп ескек, жылжып өзен.

         Үн қосып бау-бақшаның сандуғашы,

         Сұлудың қақты қанат қалам қасы» [8].

Қорқыт жайындағы аңыз-ертегілер мен жырлар – қазақ халқы әдебиетінің тым ертедегі нұсқалары. Онда суреттелген заман белгілері де бұл аңыздардың алғашқы нұсқасы өте ерте заманда жарыққа шыққандығын көрсетеді. «Қорқыт жырында»:

Таңбасыз тай, енсіз қой, жеміс-жидек,

Осыны жеп қарыны тоқ, киімі көк» делінеді.

Әрине тайға басатын таңба мен қойға салатын ен – меншікті мүлік тәртібінің қалыптасуына байланысты жарыққа шыққан, тайдың таңбасыз, қойдың енсіз болуы алғашқы қауымға тән құбылыс.

Қазақ аңыздарындағы Қорқытта шаманизм ұғымы басым, Қорқыттың өлімге қарсы күресіп, мәңгі-бақи өлмейтін бақытты өмірді көксеген утопиялық қиялы ислам дінінің өлім тағдырына сөзсіз бойсұнуды «иман» қатарына қосқан қағидаларымен отаспайды. Бұл сияқты өлімге қарсы күрес, Шумер халқының «Гилкамеш» дастанында да, Сибир түркі халықтары арасына кең таралған «Гірлік хан» әңгімесінде де кездеседі. Бұған қарағанда, Қорқыт аңыздарының алғашқы нұсқасы ислам дінін қабылдаудан бұрын жарыққа шыққан болса керек. Ал «Дада Қорқыт кітабында» кездесетін исламдік ұғымдар түркі тілдес халықтар ислам дінін қабылдағаннан кейін, дастанды көшірушілер жағынан жаңғырылған жамау-жасқаулар сияқты.

 

ІІІ

 

«Дада Қорқыт кітабының» алғашқы түп нұсқасы сақталмаған, оның біздің заманымызға жеткен екі нұсқасы (Дрезден нұсқасы мен Ватикан нұсқасы) кейінгі көшірме нұсқалар есептеледі. Шығарманың жарыққа шыққан уақыты мен авторы және оны көшіргендердің кім екені мәлімсіз. Бұл жөнінде зерттеушілер түрліше тұспал айтады. Түркиялық ғалым доктор Сағадат Ш.Шағатай: «бұл кітапты кім қай кезде шығарғаны немесе кімнің зерттегені мәлім емес, жалпы алғанда, оның XV ғасырдың орталарында немесе екінші жартысында аты мәлімсіз бір ақын жағынан жазылғандығы, екі нұсқаның қай-қайсысы да XVI ғасырға тән екендігі аңғарылады» [9] дей келіп, кітаптың тілінің XIV-XV ғасырлардағы әдеби шығармалар тілінен өзгешерек екенін көрсетеді. Бұл жөніндегі екінші анықтамада былай делінеді: «Қорқыт ата кітабы» - оғыз-қыпшақтардың әдеби мұрасы, Қорқыт ата хикаялары – VII-VIII ғасырларда Сыр бойын ұрпақтан ұрпаққа таралып, түркі халықтарының байырғы тұрмысын, әдет-ғұрпын, ақындық дәстүрін танытатын эпикалық әрі тарихи мұраға айналды. ХІІ ғасырларда Қорқыт хикаялары әр жерде көшіріліп кітап болып тарала бастады» [10].

Енді Қорқыт жайлы мәліметтер мен шежіре деректерге тоқталайық. Римдегі Ватикан архивінде Қорқыт жайында мынадай мәлімет сақталған: «Рәсолғаиһессалам заманына жақын кезде (VII-VIII ғасырларда) Баят (Сырдария) бойында Қорқыт ата атты бір ер болыпты. Ол кісі Оғыздардың барлық өлкесін өзіне қаратып, неше түрлі ғажайып сөздер сөйлеуші деді. Қорқыт ата Оғыз қауымының мүшкіл халқын сөйлер еді. әрине іс болса, бәрі оның алдына келіп кеңес сұрап, ол не бұйырса соны қабыл етер еді, ғайыптан түрлі хабар айтар еді. Хақ тағала оның көңіліте ылһам (шабыт)» берер еді... [11].

Тарихи деректер мен халық шежіресіне қарағанда, Қорқыттың атасы Қыпшақ тайпасынан, әкесі Қарақожа Оғыздардың қамы (қайыспас) деген атасынан шыққан. Сондықтан, Қорқыт Оғыз бен Қыпшақтар арасында бірдей ел ағасы болып өткен... жазба ескерткіштердегі дерек бойынша Қорқыт 95 (кей деректе 195) жыл жасаған қарт данышпан, бұл қазақтың «Қорқыт» жырындағы:

«Өтіпті Қорқыт атты бір қария,

Ақылгөй адам екен даңғыл – дана.

Ел аралап, жұрт кезіп өмірі өткен,

Байқұс Қорқыт қартайып жасы жеткен» деген баяндауларға сайма-сай келеді.

«... Қорқыт өз өмірінде үш хан тұсында уәзірлік қызмет атқарған. Тарихта Қорқыт ықпалында болған Инал, Көл – еркен, қаңлы қожа деген хан аттары аталады. Ал бұл хандардың Жетісу (Алмалық, Ыстық көл), Талас, Сайрам, Қазықұрт, Қаратау, сыр бойы, Орталық Қазақстан, (Ұлы тау), Кіші тау, Есіл, Нұра, Сарысу», Торғай өлкесі, Ертіс бойы мен Алтайда әкімшілік құрғандығы тарихтан белгілі. Қорқыт осы тұста әлеуметтік жора (заң) негізін жасап, оны: ата-баба жасаған мекенді «ұйық» деп білу, оны сыртқы жау шабуылынан қорғау, жер-суды белгілі тәртіппен пайдалану, дау-жаңжалды ақылмен шешу, кінәлі болған адамды жазалау сияқты салаларға бөлді. Сондай-ақ халық әскерді сапқа тұрғызғанда ортасын алқа-қотан етіп, екі қанатын оң қол, сол қолға бөлу, халық жиналыстарда тәртіппен отыру, ас-той үстінде мүше беріп, шүлен тартқандағы тәртіптердің бәрі де Қорқыт жасаған аталық заңға (жораларға) жатқызады» [12]. Бұл деректерге қарағанда, Қорқыттың өз заманындағы көшпелі елді әдет-ғұрпына, дағды-салтына өзгерістер енгізіп, заң жаңарысын жасаушы қоғамдық саяси қайраткер болғандығы байқалады.

Қорқыттың туған жері қазіргі Қазақстан Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, осы Қызылорда облысы Қорқыт темір жол станциясынан үш километр жерде (Сырдария жағасында) Қорқыттың мазары болған, бұл мазарды ХІХ ғасырда белгілі ғалым Әбубакір Дибайыф пен И.А. Кастение зерттеген. 1898 жылы Әбубакір Дибайыф бұл мазардың суретін түсірген. Қорқыт мазары шамамен ІХ-ХІ ғасырларда Қорқытқа тұрғызылған мазар, Қорқыт мазарының жалпы жобасы қазақ киіз үйінің формасы тәрізді дөңгеленіп келген (алты – сегіз қырлы), күмбезді, күмбездің ішкі еңсесі қазақ үйінің уық саласына ұқсас. Қабырғалары кереге өрнекпен нақышталған [13].

Жоғарыдағы деректерге қарағанда, «Дада Қорқыт кітабының» және Қорқыт жайындағы аңыз-жырлардың қаһарманы Қорқыт VII-VIII ғасырлар шамасында өмір сүрген тарихи адам. Қорқыт жайлы хикаялардың алғашқы нұсқалары да осы мезгілде ауызша аңыз түрінде жарыққа шығып, сол заманда аралас-құралас қатар өмір сүріп отырған түркі тілдес ру-тайпалар мен халықтар арасына кең таралған. Бұл аңыздар ауыздан ауызға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан сайын өңделіп, көлемі ұлғайған, тіпті түркі тілдес халықтардың бір сыпыра жыр-дастандары да Қорқыт ата атымен байланыстырылған. Сөйте келе күйші, жырау, ақылгөй, ата Қорқыт нақтылы тарихи адамнан легандарлық аңыз кейіпкеріне, әдебиет образына айналған, Алғашында ауызша аңыз күйінде жырланған Қорқыт хикаялары ХІІ ғасырдан бастап қағаз бетіне түсіп, әр жерде көшіріліп кітап болып тарала бастайды. «Дада Қорқыт кітабының» әлемге әйгілі екі нұсқасы, өз заманындағы көп көшірмеден «балдан қалған сарқыттай» сақталып, біздің заманымызға жетсе, қазақ халқының, тағы басқа халықтардың Қорқыт жайындағы аңыз-жырлары ауыздан ауызға көшіп біздің заманымызға жетіп отыр.

«Дада Қорқыт кітабындағы» Қаңлы Қожа, Усұн (Үйсін) Қожа, Телі, Тұмрұл, Салор Қазан, Бегіл, Баяндұр хан сияқты кейіпкер сол заманда өмір сүрген Қаңлы, Үйсін, Телі, Салор, Бегіл, Баяндұр, Оғыз, Қыпшақ, тағы сол сияқты тайпалардың жинақты образын көрсетеді. Мұның өзі осы хикаялардың алғашқы желісі көптеген түркі тілдес тайпалардың аралас-құралас өмір сүрген тайпалар одағы кезінде туылғанын аңғартады. Бұл ру-тайпалар кейінгі кезде ұйғұр, қазақ, қырғыз, өзбек, әзербайжан, түркмен, қарақалпақ, тағы осы сияқты түркі тілдес ұлттардың құрамына енді және өздерінің ертеде жасаған әдеби, мәдени мұраларын ала барып, өзі енген ұлттардың әдебиет, мәдениет қорына қосты. Сондықтан да, сонау ерте заманда жарыққа шыққан «Дада Қорқыт кітабы» («Қорқыт ата кітабы») жалпы түркі тілдес халықтардың бәріне ортақ маңызды ескерткіш, сондай-ақ ғасырлар бойы Қорқыт атын өшірмей, аңыз-жыр мен ән-күйінде сақтап келген қазақ халқының да тіл әдебиеті мен мәдениетіне қатысты маңызды мұра болып есептеледі.

«Дада Қорқыт кітабы» түркі тілдес халықтардың сонау ерте заманнан келе жатқан байырғы мәдениет куәлігі, олардың тіл-әдебиетін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, ақындық дәстүрін әйгілейтін эпикалық әрі тарихи маңызды мұра болғандықтан, түркі тілдес халықтардың тіл-әдебиеті мен тарихын зерттеуші ғалымдар бұған назар аударып көптеген зерттеу жүргізді. «Дада Қорқыт кітабы» орыс, неміс, италиян тілдеріне аударылды. Академик Бартолд 1922 жылы «Дада Қорқыт кітабын» орыс тіліне аударды. 1962 жылы академик В.М.Жиомоский мен А.Н. Кононов бұл аударманы толықтап және кейбір қосымшалар қосып қайта жариялады. «Дада Қорқыт кітабы» әзербайжан тілінде Бакуде басылды және бұл жөнінде зерттеулер жүргізілді.

«Дада Қорқыт кітабы» ханзу тіліне аударылмағандықтан, түркі тілдес халықтардың тіл-әдебиеті мен тарихын зерттеуші еліміз ғалымдарының көпшілігі бұл кітаптың мән-жайына қанық емес. Біз бұдан былайғы жерде «Қорқыт ата кітабын» ханзу тіліне, қазіргі ұйғұр, қазақ тілдеріне аударып, оны жан-жақтылы зерттеуге, «бұрынғыны бүгінгіге қызмет еттіру» бағыты бойынша, оның халыққа тиімді жақтарын алып, социалистік рухани мәдениет жасау сапарында пайдалануға тиіспіз.

714582bd82bcc858ccfe7f77e8ce8546.jpg

Нығмет Мыңжани

 

Ескертулер:

1. «Дада Қорқыт кітабы», 3-басылымы, Станбол, 1980 жыл.

2. «Доктор Сағадат Ш.Шағатай «Түрік диялектілерінен өрнектер», Анқара, 1963 жыл, 322-325-беттер.

3. Афористік – өткір нақыл сөз.

4. «дада Қорқыт кітабы», 3-басылымы, Станбол, 1980 жыл.

5. «Қорқыт жыры», («Мұра» журналы 1-сан, 1982 жыл).

6. «Қазақ Совет энциклопедиясы», 6-том, 615-бет.

7. «Қорқыт жыры», («Мұра» журналы, 1-сан, 1982 жыл).

8. Бұл да «Мұра» журналында.

9. Сағадат Ш.Шағатай «Түрік диялектілерінен өрнектер», 230-бет, Анқара, 1963 жыл.

10. «Қазақ Совет энциклопедиясы», 5-том, 453-бет.

11. С.Шағатай. «Түрік диялектілерінен өрнектер», 321-бет, Анқара, 1963 жыл.

12. «Қазақ Совет энциклопедиясы», 6-том, 615-бет.

13. «Қазақ Совет энциклопедиясы», 5-том, 616-бет.

 

(«Шалғын» журналының 1983 жылғы 4-санынан).

         Дереккөз: Нығмет Мыңжани "Таңдамалы мақалалар"

         Jebeu.kz


«Алашқа қызмет қылмасақ, қазақ тілінде кітап жазбасақ, өзге жол бөгеулі…»
Кері қайту