Елдің үміті Елбасыда

admin2 2018-05-19 305 ℃ Қысқаша

Қытайдың Шынжаң өңірінде тұратын қандастарымыздың жергілікті билік тарапынан қысымға...

Astana-Day-1.jpg

Қытайдың Шынжаң өңірінде тұратын қандастарымыздың жергілікті билік тарапынан қысымға ұшырап, түрлі қиындықтар көріп жатқаны айтыла бастағанына жылдан асты. Бұл жолы діни сенім мен ұлттық болмыс, азаматтық көзқарасы және еркін жүріп-тұру құқы (шетелдерге шығу, шетелдегі туыстарымен байланысуы мен хабарласуын) шектеулерге ұшырағанымен, қазақ мектептері жабылуы мен қарапайым малшы шаруалардың қыстаулық-жайлауық жерлері саяхат орындарына айналуы сияқты белгілі қысымдарды көре бастағанына 10 жылдан асқан еді. Соңғы 2, 3 жылда бұл қысым жылдан жылға күшейіп, былтырдан бастап азаматтардың шетелге шығу құжаттары жиналып алынып, діни және азаматтық көзқарасы үшін азаматтарды жаппай саяси үйренуге кіргізе бастады. Қытайдан келетін қандастардың көші тоқтап та қалды.

Арғы беттегі тұтас бауыр-туыстан байланыс үзіліп, тіпті осында көшіп келген қандастардың өзі жұмыстарымен Қытайға барып, қайта келе алмауына байланысты екіге бөлінген отбасылар қатары көбейді. Осы кезде қоғам белсенділері мәселені шешудің жолдарын қарастыра бастады. Біреулер «Қытайдың қылмысын айдай әлемге жариялап, халықаралық ұйымдар арқылы шешеміз» десе, енді біреулер «қазақтың иесі, арқа сүйері - қазақ билігі мен қазақтың жаңа көшін бастаған Елбасымыз арқылы шешу керек» деген пікірге сүйеніп жұмыс жасады. Соны негізге ала отырып, Қытайда қиындыққа ұшыраған азаматтардың арыз-шағымын жеткізіп, ҚР Сыртқы істер министрлігіне, тіпті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа да хаттар үсті-үстіне жазылды. ҚР Сыртқы істер минситрі Қытай тарапына қандастарымызға сұрау салып Дипломатиялық нота да жіберді, арнайы келіссөз жүргізуге ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді Үрімжіге барып  қайтты. Міне бұның бәрі Қазақ елінің өз қандасын жаттың қолына қалдырмай, сұраушы бола алатынын көрсеткен алғашқы қадамдары еді. Мұхтар Тілеуберді мырза Үрімжіге барып қайтқаннан кейін ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов сәуір айының 24-і күні ресми іс-сапармен Қытайға барды. Іс-сапар барысында ол қытайлық әріптестерімен қазақ-қытай қарым-қатынасы жөнінде және Нұрсұлтан Назарбаевтың маусым айындағы ресми іс-сапарына байланысты ұйымдастыру жұмыстыры жөнінде келіссөздер өткізген.

Осы келіссөздердің алды-артында Қытайда саяси үйренуге кіріп, келе алмай жатқан бірнеше Қазақстан азаматын елге қайтарған еді. Көптен бері екі жақты хабар алысу үзілген кей жерлердегі ағайындар хат-хабар алыса бастаған болатын. Ал күні кеше ҚХР ақпарат құралдары 16 мамыр күні ШҰАР Партия комитетінің бюросының шұғыл жиыны өтіп, көрші елдермен дипломатиялық, достық байланысты күшейту туралы сөз еткенін, осы жөніндегі ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинның тапсырмасын орындау туралы кеңескенін жазды. Бұл туралы әлеуметтік желіде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бас хатшысы Рахым Айыпұлы: «ҚКП Орталық комитетінің бас xатшысы Си Цзинпиннің өзі тікелей жетекшілік ететін орталық сыртқы байланыс комитеті деп аталатын құрлымның 15-мамырда кеңейтілген мәжілісі өткен болатын. Мәжіліс мүлде жабық жағдайда өткендіктен, онда нендей маңызды мәселердің қаралғандығы құпия күйде қалған еді.

   16-мамыр күні таңертең ШҰАР Партия комитеті бюросының шұғыл жиыны шақырылды. Жиында орталықта өткен мәжілістегі Еліміз бен Қытайдың ара қатынасына байланысты кейбір жағдайлардың беті ашылып қалды.

  Аймақ басшы Шын Чуанго өз сөзінде: " Төраға Си Цзинпиннің сыртқы қатынастағы бітұтас басшылығына қатаң бағыну, оның саясатын, әмір-пәрмендерін бұлжытпай атқару, жібек жолы экономикалық белдеуі жобасының күре тамырында орналасқан елдермен (Қазақстанды айтады) белсенді түрде селбестік орнату, сыртқа есік ашуды жеделдету, бір белдеу, бір жол құрлысына тың серпін беру, бұл үшін көрші елдермен( Қазақстанмен демекші) қарым-қатынасты оңтайлы реттеу, белсенді барыс- келістер арқылы көршілермен достық қарым-қатынасты ілгерлету және бекемдеу, сол арқыллы ШҰАР аймағының сыртқы байланыс қызметін жаңа белеске көтеру керектігі" – айтылған» деп жазып, Шынжаңды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстамақ болған басшының аяқ астына өзгере қалуы орталықта өткен мәжілісте Қытай төрағасы тарапынан қатаң сынға ұшырағанынан болу керек деген ойын білдіріп, «Батыс елдері және оңтүстік көршілерімен ара қатынасы салқындай бастаған Қытайдың айналасымен де жауығуына еш қандай себеп жоқ. Және де Европа мен Парсы шығанағына шығудың ең сенімді де тиімді дәлізі тек қана Қазақ жері. Сондықтан, өзбасым мұны жақсы өзгерістің бастамасы ретінде қабылдап отырмын. Біздің тілегімізге қасиетті рамазан айында алла сәтін салайын деп тұрған сияқты. Егер Елбасы осы жолғы Қытай сапарында ол жақтағы қазақтарға қатысты өз талабын айтса, Қытай төрағасы май сұрасаң, міне құйрық дейін деп тұрғанға ұқсайды» деген үмітімен бөлісіпті.

Рахым Айыпұлының бұл пікірі әлеуметтік желіде таралып, көптеген қандастарға үміт сыйлағандай болды. Шында да Елбасының сапарының алдында Қытай тарапы көршілермен достық қатынасты бекемдеу туралы сөз еткені тектен тек емес. Бұл да бір екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстардың нәтижесі болса керек. Негізінен ШҰАР-дағы қалыптасқан қазіргі жағдайды реттейтін ШҰАР Партия комитеті бюросының мүшелері деседі. Соныдқтан, бұл жиын мен алдағы Елбасымыздың сапары Қытайдағы қазақтарға оң өзгерістер әкеледі деген үміттеміз. Өйткені, біздегі көптеген сарапшылар ҚР президенті араласса, Қытайдағы қандастардың көші жалғасын табады деген пікірлерін білдіруде. Соның бірі белгілі саясаттанушы Әзімбай Ғали бұған дейін «Менің ойымша осы жерде жасалған ұсыныс біздің мүддені қытайдың мүддесімен сәйкестендіру. Біздің мүдде қазақты бері жіберу. Ол орындалады деп ойлаймын. Елбасы Қытайларға мүмкіндік берді. «Бір белдеу – бір жол» стратегиясының орындауға, заводтарын ашуға рухсат беріп отыр. Бұның бәрі үлкен қадам. Бірақ, соған қарай лайықты жауап берілмеген сияқты. Алдағы уақытта екі ел арасында дипломатиялық келісімдерден нәтиже болады деген ойдамын. Оларда да прагматикалық бағытта ойлайтын адамдар бар. Қазір АҚШ-тың экономикалық санкциясына түсіп отыр, осы жағдайда оларға да бір терезе керек. Сондықтан мүмкіндіктерді ойластыру оларға да керек, олар ары-бері ойланып  Қытайдағы қандастардың мәселесін шешуге мәжбұр болады» деген пікірін білдірсе, саясаткер Әміржан Қосанов Қытайдағы қандастар мәселесі жөнінде 24 сәуір күні өткен қоғамдық талқыда бұл мәселеде президентке жүгіну керегін айтқан еді.

Жақында Елдос Орда атты қытайтанушы жас ғалым фейзбуктегі парақшасында «Қытаймен арадағыны шешу жолы мен шеше алмау жолы» деген мақаласында қазақ билігі мен қазақ қоғамына  өзінің 6 ұсынысын айтқан еді. Сол ұсынысында да Елдос: «Қазақ билігі қытаймен арадағыны шешуде тек билік құзіретінің араласуымен шеше ме, әлде халықаралық күштерге сүйене білу керек пе? деген талғам. Меніңше халықараны біршама аз араластыру керек. Өйткені, халықаралық ұйым екі бөлікке бөлінеді. Бірі заңды ұйым, екіншісі заңсыз халықаралық ұйым. Жоғарда айтып өттім, қытайдағы саяси олигархтардың біразы шетелге қашып өтті, олар қытайда жүргенде Қазақты тіптен аузына да алмайтын лидерлер еді, енді олар "шыдамаған буаз итін жүгіртеді" дегендейін, қазіргі қытай билігін құлатып өздері сол билікке келулері үшін оңды-солды сілтеп қазақ пен ұйғырға «жаны ашып», бұл мәселені барынша өздерінің саяси стратегиялық қолжаулығына бұрмалап әлек, сондықтан қытайға қарсы тұрғанның жөні осы екен деп немесе қытайдағы қазаққа дем беруде мынау өзі таптырмас "орай" екен деп саяси аңқаулықпен жұғысуға болмайды. Ал, заңды деген халықаралық ұйымдар бұған дейін қаншалық мәселе шеше алды? Ауғаныстан, Ирақ, Сирия немесе басқада адамзат қоғамындағы ірі оқиғалар орын алғанда халықаралық ұйымдар тек гуманитарлық көмек беруден ары аса алған емес. Қытайда тау шағылып, су телегей теңіз боп ағып қазақтар зор зардап шегіп жатса халықаралық ұйымдардан көмек сұрауға болады, ал басқа саяси тепе теңдік мәселелерінде Қазақстан-Қытай екі жақ бірге шешу керек. Халықаралық ұйымға жүгінем дегенде Қазақ қоғамы тарап таңдау дейтін сынға түседі, Евразиялық Экономикалық Одақ, ТМД, Еуроодақ, Ақш, Мұсылман әлемі, Түркі Дүниесі, Шаңхай Ынтымақтастық Ұйымы, тағысын тағы. Ал, тарап таңдау дәл қазір қазақ қоғамына тиімсіз», - деген пікірін білдірген еді.

Міне осы пікірлердің барлығы мәселені  Елбасының дипломатиялық шеберлігіне әкеліп тірейді. Деседе, Елбасы сапарынан кейін ШҰАР билігі қандастарымызға дұрыс қарай бастағанымен, мәселе толық қанды шешімін тауып кетпесі анық. Сондықтан, ондағы мәселенің толық шешімін табу жолы экономикалық қарым-қатынасты негізге ала отырып, Елбасының өзі бастаған жаңа көшке қайта серпін беруіне келіп тіреледі. Бұл жөнінде Елдос Орда жоғарыдағы айтылған мақаласында «Қытаймен арадағыны шешу үшін қытайға біздің билік "қазақ мәселесі" деген терминді атамай Қазақстан-Қытай сауда-бизнес саласындағы еркін келіп кету мәселесін одан арыталқылау деген сылтаумен қазақтың мүддесін соған сидырып шешсін дедік қой, енді Қазақстан жақ орта және шағын кәсіпкерлікті шынайы қолдап қазақ жастарының қытаймен сауда бәсекелестігін арттыру керек. Бұны айтудағы себебім, қытай орталық азияның сауда бизнесін монополдау үшін қытайлық ұйғыр бизнесмендерін көп қолпаштан еді. Таяу жылдан бергі саяси олигархтардың тайталасы кезінде көп ұйғыр бизнесмендерінің саудасы құлдырап олардың қытай мен орталық азиядағы орны үңірейіп біршама бос тұр, соны Қазақ билігі орайды қолдан жібермей жас қазақ кәсіпкерлеріне алып беруі керек. Қазақ жастары жаппай бизнес ашып, ұлттық капитал қалыптастыра алуы керек»-десе, «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Омарәлі Әділбекұлы «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатында «Қытайдағы бұл мәселені ондағы Тибет, Ұйғыр мәселе­сімен қатар қойып халықаралық дауға айнал­дыр­ғысы келетін мүдделі топтар бар. Ал біз өз алдына дербес елміз. 27 жыл бойы қалыптасқан Сырт­қы сая­си жүйеміз бар. Қытайдағы қа­­зақ­тар өте көп емес – 2 млн, қа­­зақ­тар шоғырланған жерде Қы­тайдың үлкен саясатына қайшы ке­летін оқиғалар орын алып жат­қан жоқ. Сол себепті ондағы ха­лық­ты осы дау­дан арашалап ал­сақ. Қалғаны Қытай­дың ішкі шаруасы, де­генмен оны дипломатиялық жол­мен шеш­сек. Өйткені, Қытай­дың бізде көптеген мүддесі бар. Мұнай-газ саласында Қытайдың үлесі 20 пайызға жетті, өз­ге де са­ла­ларда біршама үлесі бар. Қа­зір бізге шетелден келген аза­мат­тарға еңбек лицензиясын беру тала­бы күшейді. Ал Қытайдағы 2 млн қан­­дасымыз үлкен еңбек күші. Олар­­ды Қытай компания­лары­мен бір­ге еңбек күші ретінде алып келу­­ге мүмкіндік жасалса жақсы бо­лар еді», деген пікірін айтыпты.

Көкейге қонымды осы сияқты қоғамдық пікірлер Елбасына жетті деп білеміз, сондықтан көпшілік Елбасының алдағы сапарынан зор үміт күтеміз. Елбасы сапарының алдындағы ҚХР басшыларының көршілермен достықты нығайту туралы жиналыстар өткізуі үмітіміздің үстіне үміт сыйлағандай. Көп тілеуі көл деген, Ораза айындағы Елбасы сапары ағайынды қуанышқа бөлесін, мәселені уақытша шешей, Елбасы өзі бастаған көштің енді еш кедергісіз жалғасуын бір жола шешіп келсе деген тілегімізді білдіреміз.

Судың сұрауы болса, қазақтың иесі Қазақстан. Қазақ елі, қазақ билігі әлемдегі әр қазақты қорғайды дегенмен, әр қазақ алаңсыз өмір сүру үшін өз елінде өмір сүруі керек. Бар қазақ - бір қазақ - азат қазақ болады деген елдің үміті Елбасында!

Тұрдыбек Құрметxан

Jebeu.kz

 

 

 

 


Жайнагүлді елге қайтару керек
Үкімет шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау бойынша Іс-шаралар жоспарын бекітті