Шыңжаң Ұйғыр автономиялы ауданына сапарлап барған кезде үйқамаққа алынып, артынша саяси үйрену орталығына тоғытылған Қазақстан азаматы Гөзәлнұр ЖЕҢІСҚАЗЫ елге қайтып оралды. Бұл туралы «Жас Алашқа» оның жолдасы Жеңіснұр АЯТХАН хабарлады.
– Ақпарат құралдарына әйелім жайлы сұхбат беріп, басымыздағы оқиғаны баяндаған соң, Бейжіңдегі Қазақстан консулдығынан хабарласып, қол ұшын қолын созған еді. Сыртқы істер министрлігі араласып, әйелімді қамаудан босатып, бүгін, шілденің 5-і күні Астанаға ұшақпен жеткізді. Ертең, шілденің 6-сы күні Алматыға келмек. Қазақстанға келген соң, әйеліммен телефон арқылы хабарластық, денсаулығы жақсы. Бірақ қорқып қалған, ақпарат құралдарына сұхбат бермеймін деп бірден кесіп айтты. Сол жақта «шулатсаң, осындағы туыстарына қиянат жасаймыз» деп қорқытып қойған болуы керек. Шыңжаңда туыстары, туған әпкесі тұрады. Оның үстіне сыртқы істер министрлігі араласып жатқан күннің өзінде, әйелім маусымның 22-сінен шілденің 1-і аралығында саяси үйрену орталығына қамалған.
«Жас Алаш» бұған дейін 2016 жылдың маусымында Шыңжаң өлкесінің Құтыби ауданына жұмыс бабымен барған Гөзәлнұр Жеңісқазының үйқамаққа алынғаны жөнінде жазған еді. Әйелі қамауға алынғалы бері екі және төрт жастағы балаларын өзі бағып отырған Жеңіснұр Аятхан бізге берген сұхбатында басына түскен тауқыметті баяндап, анасыз бала өсіруді тозаққа теңеген болатын.
З. ЖЫЛҚЫБЕК
Дерекккөз: "Жас Алаш"
Jebeu.kz