“Достық ордені” неге Путинге берілді?

admin2 2018-06-11 46 ℃ Қысқаша

2018 жылдың 8 маусымында ҚХР-ның “социалистік осызамандандыру құрылысы, Қытай мен шете...

     94175965-A35D-4CF5-BA52-F6E4F320E168.jpeg

2018 жылдың 8 маусымында ҚХР-ның “Cоциалистік осызамандандыру құрылысы, Қытай мен шетелдердің барыс-келісі мен ынтымақтастығына дем бергені, дүниенің бейбітшілігін қорғау үшін айтулы үлес қосқан шетел азаматтарына беріледі” деп тағайындалған “достық орденінің” тұңғыш данасы Қытайға мемлекеттік сапармен, сонымен бір уақытта ШЫҰ кезекті саммитіне қатысуға барған Ресей президенті Путинге сыйланды.

Неше мың жылдық өркениет тарихы бар елде бұрын-соңды болмаған мұндай “мемлекеттік ең жоғары атақты” айшықтайтын орденнің Путиннің иініне ілінуі және ерте де емес, кеш те емес, дәл осы самиттің шақырылуына орайлас “үлгерілуі” тіпті де тегін емес-ті. Осы орденді тағайындау жайлы ресіми түсініктемеде оның “мақсаты - Қытай мен шетелдердің арасындағыдостық үлгісін жарыққа шығаруарқылы дүниеге достық пен бейбітшілік, теңдік пен әділдік сынды басты мұраттарды нәсихаттау, әлемнің Қытайға түсінігін арттыру” деп көрсетілген екен. Хош делік. 

Қарамаққа, “дүниенің бейбітшілігіне қосқан айтулы үлесі үшін” Путинді өнеге етіп дүниеге бейбітшілік, теңдік, әділдік мұраттарын нәсихаттау сайқымазақ сияқты әңгіме. Баса аталған адамзаттық мұраттарда Путин қай түрімен өнеге болар деп мыйығыңыздан күлеріңіз күмәнсіз. Бұл арада әңгіме орден ұсынущы мен қабылдаушының “әпекеме жездем сайлығында” болып тұрғой! Әлемдегі екінші ірі экономикаға айналғалы бері Қытайдың әлемді жаңа тұрпатты халықаралық қатынастар жүйесін жасақтауға үндеп және оған бел шеше кірісіп жатқаны белгілі. “Батыстық осызамандануды адамзаттың бірден-бір сәтті де дұрыс даму логикасы деп қараудың жаңсақекендігіне”, қайта, “даму моделінің кілең батыстануының, батыстық құндылықтардың ауажайылуының, адамзат өркениетінің бір үйектенуінің” өзінің сыңаржақтылығымен дүниені тығырыққа тірейтіндігіне бек сенетін Қытай билігі, өзінің 40 жылдық реформа тарихымен “адамзат дамуының байырғы капитализмнен басқа да жолы бар екендігін (Қытайлық өзгешелікке ие социализм), батыстық еркіндік пен демократияның бәріне бірдей сәйкесе бермейтіндігін, батыстық құндылықтардың жалпыға бірдей мұрат бола алмайтындығын” дәлелдегенін жиі жарияндайтын болды. Оның осы ұстанымы мен үгітіне Путин, шынымен де, таптырмас “өнеге”. Еркіндік, теңдік, демократия, кісілік құқ сияқты құндылықтарға көзқарас жәнеосы құндылықтарды сыйлау мен тұтыну тұрғысынан Путиннің Си Цзинпиньмен бір ұяның бөлтірігі екендігі о бастан мәлім. Ендеше, алғашқы аталмыш орденнің Путинге тағылуы бұлтартпас жөнді де. Бұл іздесіп табысқан екеудің ең әуелі күллі әлемге батыссызда (АҚШ-сызда) күн шығатынын ескерту үшін керек-ті. 

Жуықтан бері онсызда мәз болып көрмеген Вашингтон мен Бейжин арасы мүлдем қожырай бастаған. “Америка мүддесі бірінші орында” ұранымен билікке келген Трамп, сол АҚШ мүддесін басшылыққа ала отырып, үстегі жылы сәуірде Қытайдан импортталатын құны 50 млрд$ өнімге 10-25% кедендік бажсалығын енгізетінін мәлімдеуі сол екен, Қытай да оның экспорт тауарларына бажсалығын көтеретінін жариялап, жауырынын күжірейткен. Өзара дөңайбат шегіскен қостарап кейіннен едәуір итіс-тартыспен ымыраға келгенімен, бұл түбегейлі бітім деуге келмейтін жағдаят-тын. Бұл текетірестің Қытайға бергені сол, Трамптың қолға тұрмайтын қиғылықты мінезі мен қисынға құлықсыз мәмілесіне сеніп, арқаны кеңге салуға болмайтындығын ескертумен бір уақытта, Қытайдың Америкамен тәжікелесуге шамасының, әсіресе, жоғары технологиялы және инновациялы салаларда шанақтыекендігін көрсетіп берді. ТРР-дан шығып, өңірлік одақтардан ауаша болуды қалаған Трамп, былтырдан бері осы тактикадан тайқып, мұрнағы тынықмұхит әскери округін Үнді-тынықмұхиты қолбасшылық штабы деп өзгертуімен, геосаяси алаңда бұл өңірден бас тартпайтындығын, Қытайды түстік теңіз тарапынан қыспаққа алатынын түсіндірді. Осындай экономикалық, геосаяси жайсыздықтар Қытайды Ресеймен оң қабақпен мәмілелесуге итермеледінемесе мәжбүрледі. 

Ақүйге Трамп келгелі Ресейге де “санкциялар шеруін” төпелеткені белгілі. Бұл кезегінде Кеңес ыдырағаннан бергі мерзімде нақтылы құрылымдық өзгертулер жасалып, жүйелі жаңғыртылмаған Ресей экономикасына ауыр соққаны аян. Батыстың қыспаққа алуынан кейін шикізатын сатар нарық және соған шығар жолға зәрулігі артқан Ресей де тал қармағандай кепте еді. Осы тұста мұнай мен газдың қомағай нарығы, инвестиция мен несиенің ықтимал көзі - Қытайдың оң ишарасы оған іздегенге сұрағандай әсер етті. Айлас қатын мұңдас дегендей өзара мүдделестік тараптарды жақындастыра түсті. “Бір бірінің өзекті мүддесі мен көкейтесті қалауына ыждағаттық танытып келген қостарап қатынасының тарихтағы ең жоғары деңгейге жетіп, қазіргі әлемдегі мемлекеттер ара байланыстың үлгісіне айналғанын” білдірген Путинге, кезегінде Си Цзинпинь де “Қытай мен Ресейдің қай-қайсысының да қарсы жақтың өзекті мүдделерін табандылықпен қорғап келгендігін, жершарын меңгеруге бірлесе де белсене қатысып, жаңа тұрпатты халықаралық қатынастар жүйесі мен адамзаттың тағдырластығы қауымдастығын қалыптастырудың мызғымас діңгектеріне айналғандығын” жеткізді. Екі алып елді бір бірін жаңа көргендей табыстырып отырған да, Путинді “достық орденімен” қауыштырып отырған да екі басшының жаңағыдай баса дәріптеулеріндегі “өзекті мүдделер” болып табылмақ. 

Ал, аталмыш орденнің тура ШЫҰ саммиті тұсында берілуі де кездейсоқ емес. ШЫҰ түптеп келгенде, осы Қытай мен Ресейдің жетекшілігімен, сондай-ақ, АҚШ-ның Азия-тынықмұхит аймағында аяғын аңдып басқызу үшін құрылған ұйым. Әрі екеуі де осы ұйымды нығайту мен кеңейтуге барын салып келеді. Жайшылықта бастары бір дастарханға бірікпейтін Үндистан мен Пакистанның бұл ұйымға килігісе кірулері де осы екеуінің ықпалымен іске асқан шаруа. Аталған орденнің дүние жүзі жан санының жартысына жуығының басын қосып отырған ұйымның саммиті қарсаңында табысталуы, өте-мөте Трамптың Еуроодақ пен Канада сынды дәстүрлі одақтастарына да кеденсалығын көтерем деп, олардың жаппай наразылығына қалып, “үлкен жетіліктің” қаржы мимистрлері басқосуының осыған бола ырың-жырың болып жатқан тұста табысталуы, өздеріне қырын көзқарасты Америка мен батысты мұқату, халықаралық ұпай жинау үшін де таптырмас орай болғаны шүбасыз. 

  Құрмет Қабылғазыұлы

  Jebeu.kz

 


Қажыгелдин: «Назарбаевқа баяғыдан бері айтып келем…»
Назарбаев пен Ши Жинпиңнің 18 кездесуі: үміт ақталды ма?