“Өткен 40 жылда біз Қытайдың реформа жүргізіп, сыртқа есік ашып дүркіреген ұлы дәуірін бастан кешірдік. Адамзат тарихында қазірге дейін бола қоймаған жан тебірентерлік экономикалық ғажайыптың куәгерлері болдық. 1978-2017жж. 1.3 млрд халқы бар елдің экономикасы 35 есе өсті, әлем экономикасындағы үлесі 1.8 пайыздан 14.8 пайызға жетті... Дүние жүзіндегі ең кемелді делінетін шаруашылық жүйесі жасақталып, Қытайлық индустриялық төңкеріс орындалды. Сонымен бір уақытта, 200 АҚШ долларына жетпейтін жан басындық GDP 9000 доллардан асып кетті. Біз дүние жүзіндегі ең үлкен орта табыстылар шоғырының көтерілуінің куәсі болдық, дәл солардың сұранысы әлемдік экономиканың ауыр басының қалай ауыуы мен әлемдік шаруашылық таралымының қалыбын белгілеп отыр.” (Liu xiao, Пекин унив.Guanghua басқару институтының ректоры. экон.ғыл.докторы, 23.02.2018).
Әйгілі Чин хуа унив. халықаралық қатынастар академиясының президенті, профессор Yan xuetong “жаңа жағдайдағы ірі елдердің қатынастары” тақырыбындағы лекциясында (25.01.2017) мынадай пайымдарымен бөліседі:
“Xалықаралық қатынастар дегеніміз, күшіңе қарап сөз сөйлейтін сондай бір жүйе. Оның сүйенетін ережесі “тоғай заңы”, яғни күштінің әлсізді бағындыру заңы. Мұндайда күштілер алаңның ортасына анағұрлым тақап, әлсіздер солғұрлым шеттей бермек. Шетке шығып қалған ел әлсіреген ел де, ортаға беттеген ел көтерілген ел саналады. Қытайды алып айтар болсақ, біз бүгін сол алаңның ортасына жеткен елміз. Билік тілімен айтқанда да “Қытай дүние жүзілік алаңның орталығына бет алған”. Бұл алаң тым үлкен, сен оның орталығында тұрған екенсің, сенің сөзің өтімді, ал сен қалай ортаға келіп қалдың, сөзің неге өтімді? Ол күшіңе байланысты.”
Онан ары профессор осы пайымдарын Қытай экономикасының өсімімен, сондай-ақ осы өсім алып келген әлемдік экономика нұқтасының шығыс Азияға ауыуы және АҚШ-ҚХР шама алшақтықтарының қысқарып келе жатқандығымен, Қытай әскери қарымының нығаюымен дәлелдеп-дәйектеп, қазіргі халықаралық қатынаста “қауыпсіздікте Америкаға, экономикада Қытайға сүйенетін” екі үйекті жағдай қалыптасып отырғандығын қорытады.
Көріп отырғандарыңыздай, бұлар Қытайдың ең жоғары деңгейдегі оқымыстыларының және Қытай экономикалық саясатының ақылмандарының нысайы. Жуық жылдардан бері, әсіресе Қытай экономикасы ауқымы жағынан әлемдегі екінші экономика деп танылғаннан бері Қытайға “жеттік, толдық” деген ұшық жабысты.
“The New York Times” апталығының 2017 жылдың соңғы сандарының бірі “Қытай ұтты” деген мұқабалық тақырыппен берілген еді. Қытайдың аузы дуалы экономистерінен тартып, кітап ашатын жұрт біткен “Қытай дәуірі жетті” деп бөріктерін аспанға атты.
Ал былайғы қарапайым тірлікте, араласа қалсаңыз, Қытайдың кез келген азаматы “Қытай ғажабы”, Қытайдың экономикалық қуаты, Қытайдың келешектегі әлемге үстемдігі, Қытайдың Аузын айға білеген Американың өзін сескендіріп отырғандығы т.с. Қытай өктемдігін әйгілейтін әфсаналардың неше атасын сапырар еді.
Әрине, бұл елдің 40 жылда жеткен табыстары мен оның дүние жүзі экономикасына жасаған игі ықпалы әрқандай құрметке толықтай лайық. Десе де, экономиканың жалпы көлеміне аса мән беру, осы жағынан әлемдегі екінші орынға көтерілуді АҚШ-тан кейінгі қуатты елге айналуға балау және әрбір харекетін осы екінші күшті ел тұғырынан пайымдау үрдісі басымдыққа ие болып бара жатқан сыңайлы. ҚКП-ның 18 съездінде елдің “әлем сахнасының орталығына жеткендігін” мәлімдеген төраға Си Цзинпин, партияның 19 съездінде “Қытайлық өзгешелікке ие социализмнің жаңа дәуірге аяқ басуы дегеніміз, таяу заманнан бері небір машақатты көріп бүгінге жеткен Зжонь хуа ұлтының орнынан тұру, баю, күшею сынды ұлы белестерді бағындырып, Зжонь хуа ұлтының ұлы өрлеуін іске асырудың шұғылалы келешегін күтіп алуын...білдіреді”-деп жариялады. Демек, бұл мемлекеттің экономикалық әлеуетінің ел билігінің ұшар басына да дем болып отырғандығынан дерек береді. Мұның мысалы ретінде Қытай бас болып белсене қолға алып жатқан “бір белдеу-бір жол”, “Азия инфрақұрылым банкі”, “Жібек жолы қоры”, "БРИКС банкі" жобаларын атауға болады. Си Цзин пинь билікке келе, Қытайдың сыртқы саясатының да Дэн белгілеп берген және Дэннен кейінгі Қытай басшылары да бойсынып келген “ақырын жүріп, анық басатын” дәуірді артқа тастағандығын, енді “кеудені керіп, есе қосатын” кезеңге аяқ басқандығын ҚКП 18 съездінің баяндамасында жариялаған-ды. Senkahu аралына байланысты Жапонияны, THAAD жүйесіне байланысты Кореяны жазалауы, батыс елдерінің экономикалық жазалауына ұшыраған Ресейге қол ұшын беріп, 300млн.$-лық газын сатып алып, тыныстауға мұрсат беруі, Пакистанның Gwadar портын оны кеңейтіп салу-іске қосу шартымен басқаруға алуы, мұздықтардың еруіне байланысты қатынау мүмкіндігі пайда болған Солтүстік мұзды мұхиттың тасымалына “мұз мұхит жібек жолы” жобасымен кіруге талпынысы, осының барлығы да Қытайдың шынымен де халқаралық мәселелерге “кеудесін кере” кірісіп жатқандығын, бұрындары ылғи да “қалыс белет” тастайтын бәсең қалыптан кеткендігін айғақтаса керек.
Өткен жылдың соңында шақырылған ҚКП 19 съездінде Си Цзинпинь ҚХР-ның партия, мемлекет, әскери басшысы болып қайта сайланды. Бұл Қытайдың әлемдік қатынастар мен мәселелерге болған позициясы осы күйінде қалатынын білдіреді. 2018 жылдың 25 ақпанында ҚКП орталық комитеті бүкілқытайлық халық құрылтайына Қытай конституциясына өзгерістер енгізу жайлы ұсыныс жасады. Мұндағы бір айтақалсын жаңалық сол: “ұсыныста” бұрынғы “ҚХР төрағасы мен оның орынбасарының жалғасты сайлану мерзімін екі мәртеден асырмау” туралы бапты алып тастау қарастырылған. Бұл төраға Си Цзинпиннің қамы үшін жасалынған болса, ол Қытайдың осы алған бағытының күшеймесе әлсіремейтіндігінен дерек береді. Алдынғы 5 жылдық кезегінде жемқорлықпен қатты күрескен Си төраға, орнына қайта жайғаса сала “мафиялықты құрту, озбырларды тектеуге” сыбана кірісті. Мұны өз билігін нығайту мен қарсыластарын жығынды етудің шарасы деп бағалап жатқандар жетеді. Дегенмен, ел ішінде бұл жұртты тәртіпке шақыру мен реформаның кедергілерін аластау есебінде дәріптелуде. Жалпы белгілісі, компартияға туа бітті солшылдық нышан мен әлеуметтік қысым Қытайда жылдан-жылға күш алып келеді. Жылдан бері жыр болған Қытайдағы қазақтарға жасалып жатқан өктемдік жайы да осы үрдістің бір парасы. Тек СУАР-да осы өңірдің бәріне белгілі өзгеше келбетіне байланысты, бәр нәрсенің өңінің айландырылып кететінінде болып тұр. Оысның өзінен “біз күшейдік” деген астамшылдықтың иісі бұрқырап тұрмай ма?!
Ал, шынымен де Қытай осыншама қуаттанды ма, немесе әлемдік үдерістерге өз болмысын тықпалайтын жағдайға жетті ме дейтін сұрақ аса сабырлылықпен және жете сақтықпен жауап беруді күтеді. Өйткені осы сұрақтың өзі мемлекеттің ғылым-білім, техникалық-технологиялық, инновоциялық, экологиялық, мәдени-өркениеттік, адами-гуманитарлық, басқару-құрылымдық, базалық қаржылық қарымын жете қарастырмай, тек экономикалық әлеуетке негізделген шешімдер мен соған табынды әлеуметтік ойдың неге ұрындырары туралы қарсы сұрақ шақырады. Сонымен бірге, онымен Құдайы көрші, жалпы беттік стратегиялық әріптес, ең ірі импорттық серіктес ел ретінде, еліміздің де ондағы өзгерістерді жіті бақылауды, онымен сұқпаттастықта оның беталысын өте-мөте ескеруді талап етеді.
Құрмет Қабылғазыұлы
Дереккөз: «Дат» газеті
Jebeu.kz