Қытай қайда беталды

admin2 2018-02-16 558 ℃ Қысқаша

40 жыл қарқынды дамыған Қытай келесі бір жол айырығына жетті. ҚКП-ның 19-съезіне дайындық...

19256tth3gwlfjpg.jpg

 

40 жыл қарқынды дамыған Қытай келесі бір жол айырығына жетті. ҚКП-ның 19-съезіне дайындық басталғалы бергі бірқыдыру нышандар осыған меңзейтіндей. 2013 жылы билікке келген Си Цзинпин Қытайдың Маодан кейін билік тұтқаларын бірден өз қолына шоғырландырған екінші КП бас хатшысы, ҚХР төрағасы, ҚХР әскери істер комиететінің төрағасы. Іле-шала елдің экономикалық өмірінің бағытын белгілейтін “экономикалық реформаларды басқару группасын” құрып, оның да басшылық міндетін өзіне алған. Мұны Қытай халқы Си төраға ұран қылып көтерген , елді ендей жайлаған жемқорлықты тыюдың кепілдемесі ретінде қабылдаған және соған үміттеніп, қолдау білдірген. Алдыңғы бес жылдық билік белесін “партияны сақтап қалудың жолы оның өзін ішінен тазалау” деп бастаған Си билігі, шынымен де партия ішілік былық пен ел өмірінің өн бойына тараған “парақорлық және шіріктесу” үрдісімен аяусыз күрес жасады. Жағдай бейнелеп айтқанда аңыздардағы тоғыз басты аждаһаның кебінде екен, бір басын шапса тағы бір басы шығып жатты. Бірақ халық тілегі мен келісімінен қолдау тапқан шара жол ортада қалып қоймады. Тексеру барысында жемқорлардың виллаларынан тонналап алтын шықты, ақша бумалары сөгілмеген шаң басқан қалпында табылды, тәркіленген ақшаларды санауға санау аппараттары шыдас бермей сынып жатты. Америкадан мешкей шенеуниктердің асыраған тұтас “тоқалдар ауылдары” табылды. Ең қорқыныштысы, жайындардың атамандары Сидің өзімен “бір мекемеде” қанаттас, тіпті тең дәрежеде жұмыс атқарған, үзеңгілес әріптестері   болып шықты. Си билігі одан да ыққан жоқ, бастысы ығуға жол да жоқ еді. Өйткені, Сәл екіленудің, іркілістің өзі оның өз пәрменінің іргетасын шайқап жіберері хақ еді. Не керек, күні бүгінге бір кездері ту деген түкірігі жерге түспейтін, биліктің ең жоғары баспалдағында қызмет еткен айтулы тұлғалардан бастап, орталық әскери комитеттің орынбасар төрағалары, минстрлер, вице-минстрлер, армия генералдары, өлкелік партия комитеттерінің бұрынғы бірінші хатшыларына дейінгі шенеуниктен 194-і істі болып, жазаға тартылды. Қытай сынды алып ел үшін мұның нені білдіретінін топшылай беріңіз.

Осымен қанаттас, Си билігі әлемдік дағдарыс әсерлерімен күресу, өсімнің төмендеуі,  өндіріс қуатының асып қалуы, жұмыссыздық әлегі сынды елішілік экономикалық мәселелерді орнына келтіру жайын да назардан тыс қалдырған жоқ. Артық өндіріс қуатынан арылу, ұсыным құрылымын реформалау, “бір белдеу-бір жол”және Азия инфрақұрылым банкі жобасымен артық өндіріс қуатын басқа елдерге “ұзату” сықылды шаралар қабылдап, тоқтаусыз жүргізіліп келе жатқан экономикалық реформаны аяқсыз қалдырмағанның сыртында, оның мазмұнын жаңғыртып, “Қытай реформасының атасы” Дэн Сияопин жолға салып кеткен экономиканы реформалау мен есікті ашық ұстау саясатын онан ары жалғастыратынын паш еткендей болды. 2017 жылғы Даос форымында әлемде бас көтеріп келе жатқан сауданы қорғаушылықты сынаған Си Зинпин, өз елінің еркін саудашылық пен экономиканың ғаламдануының табанды қолдаушысы екендігін, сондықтан да “бір белдеу-бір жол” сынды бастама көтеріп, дүние жүзіне ғаламданудың Қытайлық үлгісін ұсынып отырғандығын жариялаған болатын.

Бұлардан дүниежүзінің даму беталысы ағымымен келе жатқан, тіпті оған бастамашы болғысы келетін ниеттегі Қытайдың сұлбасын көргендей болған едік.

Дегенмен, ҚКП 19-съездінің шешімдері мен дәстүр сабақтастығы жалғасуы шарт КП-ның билік ауысу тетіктерінде нәзік те бүлкетпе  құбылмалылық аңғарылғандай болды. Съезд баяндамасында Си Цзинпин социалистік Қытайдың дамудың жаңа белесіне аяқ басқанын---жаңа дәуірдегі социалистік Қытайдың сомдалып келе жатқанына назар аудартады. Сондай-ақ, осы тұжырымын теориялық әм идеалогиялық деңгейге көтеріп, оны “жаңа дәуірдегі қытайлық өзгешелікке ие социализм идеясы” деп атайды. Іле-шала осы “идея” ҚКП-ның жарғысына кіргізілді. Бұл Қытай тарихында Мао Цзэдон, Дэн Сиаопин идеяларынан кейін партия жарғысына кірген бағыт сілтегіштік идея санатына енгізіліп отыр. Осыдан барып,  Қытайдың басқан қадамын “саптыаяқтың сабынан қарауылдап” отырған шетел сарапшылары тарапынан болсын, жалпы ҚКП қарапайым мүшелері тұрғысынан болсын күдікті сұрақ туындап отыр. Сұрақтың өзегі Си Цзинпиннің сіңірген еңбегін алдыңғы екеуімен қатар қоюға келеме, немесе оның аталмыш идеясымен қоса тұтас болмысы осы биікке лайықпа дегенге саяды. Сөздің төркінінде оны осы пайымға лайық санамау тұр. Енді ары қарай оған лайық болмай тұра, Си Цзинпин неге осы шешімге келді немесе оны осыған кім (не болмаса не) итермеледі деген сауал туындайтыны екібастан. Талқылаушылар оның жауабын жеке билікті идеалогиялық тұрғыдан мейлінше бекемдеу, өзін алдыңғы екеуі дәрежесіне жеткізе сыйлату, билік тізгінін уыстан шығармауға әрекет етушіліктен іздейді. Қалай болғанда да мұнан коммунистик диктотура мен солшылдықтың иісі мүңкіп тұрғаны белгілі. Бұл күдікке май құя түскен тағы бір фактор бар. Дэн ақсақалдың Джян Зэминге билікті өткізгеннен бері қалыптасқан дәстүр бойынша, КП-ның қазіргі бас хатшысы екінші рет сайланып, командасын жасақтағанда , келесі бас хатшы белгіленіп, ол осы командаға кіруі керек-тін. Ал кезекті съезд шақырылуға дайындалып жатқанда, яки съезд шақырылуға 4-ақ ай қалғанда, келесі бас хатшылықтан үміткерлердің ішінен шоқтығы биік көрінген Сунь Зжэнцай керісінше “жемқорлығына байланысты” істі болып кетті. Саққұлақтар осыдан-ақ Сидің “жалғасты отырғысы” келетін тәбетін аңдағандарын баяндап жатыр. Бұл енді Сидің Дэннан қалған дәстүрді тәрк етіп, дара билеуге барама, жоқпа деген мәселеге ұштасады.

Мұнан да маңыздысы әм үрейлісі, Қытай өткізіліп жатқан Халық құрылтайында Атазаңдарына партия басшылығы тақырыбында өзгеріс енгізбекші. ҚКП идеалогтары мен партияның Силік бағытына берілген оқымыстыларының соңғы бірнеше жылдан бері дәріптеп және негіздеп пісіріп келе жатқан бір теориясы бар. Ол—«партия жетекшілігіндегі конституция түзімі» теориясы. Оның негіздемесі бойынша, адамзаттың қазіргі өркениетке өткелі бергі тарихында мемлекетті басқарудың батыс ұстанып және үгіттеп келе жатқан еркін, демократиялы капиталистік үлгісінен басқа, өзінің өміршеңдігін дәлелдеген Қытайлық үлгі бар. Коммунистік идея, социалистік түзіммен отаспайды делінетін нарықтық экономиканы социалистік Қытайда өмірге ендірген ҚКП, социалистік түзім жағдайында да нарықтық қатынастардың жұмыс істейтіндігін дәлелдеді және Сол арқылы бір мрд. халықты кедейшіліктен арылтып, дүниежүзіндегі екінші ірі экономиканы жасақтады, сондай-ақ осыған сәйкес әлемдік жауапкершілік арқалайтынын мәлімдеп отыр. Демек бәсекелес  партиялардың еркін сайланбалы тәртіппен билікке келуі елді саяси басқарудың адамзат мұрат тұтатын бірден-бір өлшемі әм үлгісі болмауы тиіс. Қытайдың, атап айтқанда, ҚКП-ның жетістігі адамзатқа мемлекеттік басқарудың екінші нұсқасын ұсынып отыр. Ендеше, бір партия жетекшілігіндегі ел басқару түзімі де конституциямен бекітілуге әбден лайық. Былайғы түсінікте парламенттің рөлінлегі Халық құрылтайының ісжүзінде КП-ның хаттама кеңсесі сияқты орган екенін ескерсек, атазаңға партия жетекшілігінің енгізілетіні кесілген үкім.

Өте-мөте ескерерлігі, ҚКП тарихында елде маңызды саяси бетбұрыс боларында немесе бір науқан басталарда, КП-ның идеологтары болмаса билікке жақын оқымыстылар партиялық БАҚта қазіргі саяси ұстаным мен идеологиялық сарынды терістейтін саяси сараптама немесе мақала жариялайтын әдет бар. Соңғы жылдары реформаның жетістіктеріне күдік келтіретін, тіпті Дэннің ішінара ұстанымдарын жоққа шығаратын сынни сараптар пайда болып жатыр. 2018 жылдың қаңтар айында ҚКП-ның идеалогтары коп шығатын Халық университетінің марксизм институтының профессоры Зжоу Щин чэнь «Компартиялықтар өз теорияларын бір ауыз сөзге --жеке меншікті жоюға--жинақтағаны жөн» деген мақала жариялап, әйгілі экономистер, Қытай экономикалық реформасының теориктері Зжан У чэн мен У Зжин лияньды жеке меншікті дәріптеп, социялистік жалпылық меншікті құртқалы жүргендер деп жерден алып-жерге салады. Бұл енді жай теориялық талас-тартыс емес! Оның үстіне мақаланың ҚКП-ның органы “Ізденіс” журналында жариялануы бір бәле шақырғандай!

Осы жерде осындай беталыс пен 40 жылдан бергі үдерістің кереғарлығы туындайды. «Партия жетекшілігіндегі конституция түзімін» көтерушілер мен жақтаушылардың Қытай жетістігі туралы айтқандарының бәрі факт және нанымды да. Мәселе, осы ұланғайыр жетістіктер тек партияның, індетіп айтқанда, тек ҚКП-ның бір ғана басшылығы болғасын ғана болдыма? Әрине, Қытайдың аталған мерзімдегі қол жеткізген қордалы қаржылық-экономикалық, мәдени-рухани, дипломатиялық-иммиждік табыстарын ҚКП-ның бастамашылдығы мен басшылығынан айырып қарау әділдікке жатпайды. Бірақ бұл тек дәл осы ҚКП болғандығынан ғана бола қалған жоқ. Қайта оның заманның даму беталысын бағамдап, тарихтың ағымына, әлемдік үдерістің ауқымына бейімделгендігінің, онымен үйлесім таба білгендігінің жемісі болса керек. Болмаса Қытайды 70 жылдан бері осы бір компартия---ҚКП басқарып келе жатқан жоқпа!? Оның коммунистік теорияның сызып берген нұсқасы бойынша догматикалық тәсілмен билік жүргізген жылдардағы “табыстарын” жұрт, әсіресе Қытай халқы қалай еске алатыны белгілі жайт.

 Сондықтан да Қытай жол айырығында тұр деп бағамдар едік. Бір жағынан ҚКП өз үстемдігін конституциялық тегершікпен түбегейлі бекіткісі келген болса, бұл жақсы ырым емес. Ол кезде Қытайдың тағдырының игілікті не берекесіз болуы, ҚКП-ның өзінің тағдырын қоса алғанда, тікелей оның басшылығына келген адамның жеке болмысына байланады деген сөз. Мысалы, пешенесі тайғақ Қытай халқының Мао заманы мен Дэн заманындағы кешірмелері мен тәлейін салыстырып-ақ мәселенің байыбына жетер едік. Ал “жаңа дәуірдегі социалистік өзгешелікке ие Қытай” құрудай Си Цзэнпиндік идеяны партия жарғысына енгізу мен “партия жетекшілігіндегі конституциялық түзімді” Атазаңға енгізу билікте отыра белгісі келетін Сидің жеке басының мұраты болса, оның түбі жақсылыққа апармайтыны күннің шығып-батқаны сияқты анық нәрсе. Екінші жағынан, реформа мен есікті ашық ұстау саясатының баянды жетістіктерінің 40 жылдығын дабыралы құттықтауға сыбана кіріскен ҚКП, 19 съезд баяндамасында өзінің алдына “Қытай халқының ұлы өрлеуін іске асыру үшін, заман ағымына ілесіп, халық тілегін құп алып, реформалау мен есікті ашық ұстауда батылдық танытып, партия мен халық істерінің қарқындап алға ілгерлеуін қуатты қозғаушы күшпен бастан-ақыр қамтамасыз ету” міндетін қойды./14-бет/. Тағыда “Қытайдың есігі жабылмақ емес, қайта онанары айқара ашыла түсетін болады” деп мәлімдеді./34-бет/. Осыған қарап заман ағымынан шеттемейтін ниет пен қазірге дейін келген бағытынан айнымайтын жігерді байқаймыз.

Ендігі мәселе анау солшылдық реңі басым саяси ұстаным мен уәде етілген либералдық бағыттағы даму беталысының қалай үйлесім табуында тұрған сықылды.


   Құрмет Қабылғазыұлы

   05.02.2018
   8-701-603-63-96

Jebeu.kz



Жазушылар одағының VI Пленумы: Жазушыларымыз нені талқылады?
Елдер достығының елшісі - Димаш