ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада бір топ әйелдер қауымымен кездесті, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.
"Бүгін қандай әдемісіңдер бәрің! Керемет! Бүгін Сіздерді 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтайын деп шақырдым. Қазақстанның қыз-келіншектері, аналар, апалар мына залдың ішіне сыймайды. Бүгін кешке қарай үлкен концерт болады. Сол жерде барлығыңызды тағы құттықтайтын боламыз", - деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, 8 наурыз асыл аналарымыз бен қызғалдақтай құлпырған аяулы қыз-келіншектеріміздің мейрамы болса да, ерлер оны өте жақсы тойлайды.
"Ананың құдіреті шексіз. "Оның алдында бүкіл дүние бас иеді" деп тегін айтылмаса керек. Ерте заманда жауласқан жұрттың ортасына ана ақ жаулығын тастаған кезде соғыс тоқталып, бітімге келетін болғанын білеміз. Дәстүрімізді барынша сақтап келе жатқан біз әйел затын әсіресе қадірлейтін xалықпыз. Қазақ ұлты қыз баланы әр уақытта алақанына салып, аялап отыратын. Бұл салтымыз отбасы үшін бұзылмас заңдылыққа айналып келеді. "Ана" деген қастерлі сөзді естігенде тебіренбейтін жүрек жоқ, толқымайтын көңіл болмайды", - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.
Айта кетейік, кездесуге көпбалалы аналар, кәсіпкер әйелдер, танымал әртістер, ақын, құқық қорғаушы қыз-келіншектер қатысты.
Jebeu.kz