Көпбалалы отбасыларға жалға берілетін тұрғын үй салуға 100 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.
Оның айтуынша, 2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасында қаражатты 3 бағыт бойынша бөлу көзделеді.
«Бірінші бағыт - жалпы сомасы 444,3 млрд теңгеге «Нұр Отан» партиясының съезінде Мемлекет басшысы айтқан «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шараларын іске асыру. Осы қаражат аясында мыналар жоспарланып отыр: азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдауды күшейту - 224,3 млрд теңге; аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй салу және Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдікті кредит беруді енгізу -100 млрд теңге; өңірлік инфрақұрылымды дамыту 90 млрд теңге; «Ауыл-Ел бесігі» арнайы жобасын іске асыру 30 млрд теңге»,- деді министр.
Министр екінші бағытта «Жастар жылын» өткізу аясында іс-шараларды іске асыру 24,6 млрд теңге бөлінетіндігін жеткізді. Үшінші бағытта Президенттің 2017 және 2018 жылдардағы Жолдауларында айтылған тапсырмаларын орындауға 286 млрд теңге жұмсалады.
«Осы қаражат аясында Түркістан облысының және Астана қаласының кешенді даму жоспарларын іске асыру, Астана қаласында ғылыми-онкологиялық орталық салу, «Сарыарқа» газ құбырын салу, сондай-ақ ел қауіпсіздігін қамтамасыз етумен байланысты іс-шараларды іске асыру жоспарланып отыр. Елбасының барлық берген тапсырмалары қаржылай қамтамасыз етіледі», - деді Ә.Смайылов.
Jebeu.kz