Жастарды жұмыспен қамту және әлеуметтендіру бойынша жол картасын қабылдады

Уақыты: 2018-09-18 Көрлімі: 1660 Сипаттама

Бүгін Қазақстан Үкіметі NEET жастарды жұмыспен қамту және әлеуметтендіру бойынша жол ка...

20180918151742.jpg

Бүгін Қазақстан Үкіметі NEET жастарды жұмыспен қамту және әлеуметтендіру бойынша жол картасын қабылдады. Аталған мәселе бойынша негізгі баяндаманы жасаған Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаевтың айтуынша, 18 бен 29 жас аралығындағы NEET жастарды, оның ішінде 2018 жылғы түлектерді жұмыспен қамту және әлеуметтендіру бойынша жол картасын қабылдау жұмысы жүргізілген.  

«Ең бірінші - кәсіптік бағдар. Кәсіпті таңдау бойынша жастар үшін консультациялық орталықтарды құру, болашақтағы перспективалық кәсіптерге жастарды бағдарлау үшін функционалдық шолулар өткізу. Екінші - техникалық және кәсіптік білім беруді жолға қою. Дуальдық білім тиімділігін арттыру. Инженерлік кадрларды дайындауды есепке алып колледждерде құзыреттілік орталықтарын құру», - деді министр.

Үшіншіден, министрдің айтуынша, мемлекеттік қолдау және дамыту шаралары туралы жастарды ақпараттандыру деңгейін арттыру көзделеді. Еңбек нарығында жастар тарапынан сұраныс және ұсыныс картасын әзірлеу, бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастыру тәжірибесін жалғастыру, ақпараттық науқан мен қоғамдық тыңдауларды жүргізу де қолға алынады. Төртіншіден, жастар кәсіпкерлігін дамытуға баса назар аударылады. Жастардың стартап жобаларына бизнес-жоспарды ұсынған кезде мемлекеттік гранттық қаржыландыру мәселесі енгізіледі.

20180427165224.jpg 

«Бесінші - әскери-патриоттық тәрбие. Жастарды өңірлік әскер қатарына тарту. Жедел әскери қызметке шақыру бойынша атаулы жұмысты жүргізу. Алтыншы - жастар ресурстық орталықтарының қызметін жетілдіру. NEET жастардың мәліметтер базасын құру және мониторингтеу. Жетінші - тұрғын үй мәселесін шешу. Жастардың тұрғын үй кооперативтерін құру. Алматы қаласының тәжірибесін негізге ала отырып, өңірлік тұрғын үй бағдарламаларын құру», - деді Дархан Кәлетаев. Оның айтуынша, сегізіншіден, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және гранттық қаржыландыру құралдарын бейімдеу жүргізіледі. Балаларды тастап кетуге жол бермеу үшін жалғызбасты жас аналарға қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлінеді.  

Тоғызыншы - әдістемелер мен заңнамаларды жетілдіру. Еңбек заңнамасына NEET түсінігін нормативтік-құқықтық бекіту мүмкіндігін қарастыру. NEET жастар бойынша мақсатты зерттеулер жүргізу. «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйе шеңберінде NEET санатындағы жастарды есепке алу жүйесін ұйымдастыру. 

«NEET жастардың негізгі әлеуметтік бейнесін анықтау мақсатында диагностикалық және мониторингтік әлеуметтік зерттеулер жүргізу. Оныншы - салауатты өмір салты. Жастардың көп жиналатын орындарында воркаут-алаңдарын жоспарлау», - деді министр.

Jebeu.kz


Пікір жазу
  • Қазақстан Республикасының Конституциясы
    Марат Тәжин. Тамұқтан жарыққа шығаратын – әдебиет