Дүние жүзінің барлық елдерінде дерлік ЖІӨ өсімінің төмендеп, экономиканың тұрақсыздануымен қатар, өзара сенім мен мәмілегерліктің берекесі кете бастағаны белгілі. Бұл үрдіс, өте-мөте, екі алып - АҚШ мен Қытай арасындағы сауда тіресінен кейін тіпті асқынғаны бар. Өзара салықты көтерумен есте қалған бұл егес, жаңа жыл келуімен ерегескен екі жақтың келіссөз үстеліне мүмкіндігінше сабырлы да жауапты қалыппен беттесуімен, уақытылы болса да, тиянақ тапқандай болған. Үдересті жіті бақылап отырған қырағы сарапшылардың пайымына қарағанда, дүлдараз тараптар арықарай бет жыртыспастай белгілі мәмілеге тақаған сыңайлы. Ендігі мәселе келісілген мазмұндарды егжей-тегжейлі атқару мен орындаудың нақтылы тетіктерін белгілеуде тіреліп тұрғанға ұқсайды. Қос тараптың да осы пайымдарды терістемеуіне қарағанда, екеуара сауда соғысының тоқтауына, немесе тыныстауына үміт артуға болатындай. Сәуірдің 4-і осы мәселедегі Қытайдың бас келіссөзшісі Liu heны қабылдаған Трамп, тіпті, “келіссөз аса сәтті өтіп келеді. Оның нәтижесінен келесі 4 апта көлемінде хабарлы болып қалуымыз керек” деп мәлімдеді.
Дәл осы буынды сәтте Халықаралық валюта қоры(IMF) 63 мемлекеттің 1995-2015 жылдардағы сауда моделдеріндегі өзгерістерді бақылауға негізделген зерттеу материалын жариялап, екі жақтылы немесе көпжақтылы сауданың қайсысында болсын, тараптардың жалпы экономикалық жағдайының шешуші фактор есептелетінін, кедендік салықты көтеру сынды құралдарды қалай ойнатудың да мардымды рөл көрсете алмайтынын қорытындылайды. АҚШ-Қытай арпалысқан бір жылда, АҚШ-ның Қытайға сауда теріс сальдосының кемейгеннің орнына керісінше 43.6 млрд.долларға көбейгенін дәйектеп, АҚШ-ның саудадағы теңгерімсіздігінің, Трамп айтатындай, екінші елдің өзімен әділетсіз сауда ұйымдастыруынан емес, өзінің тұтыну ынтасының ырыққа көнбей үдеуінен деп түйеді. “Сөздің қысқасы, жалпылама айтқанда, Американың тұтыну көлемі оның өндіру көлемінен асып кетті де, сауда серіктестерінен неғұрлым көп тауар алуға мәжбүр болды”. Зерттеу нәтижесін көлденең тартқан IMF-ның, керісінше, тарифтерді түсіруге берген кеңесін АҚШ-ның қаперге алғаны пайдалы сияқты.
АҚШ-ның сауда өкілі Robert Lighthizer мен қаржы минстрі Steven Mnuchin ҚХР вице-прьемері Liu heмен келесі келіссөзге дайындалып жатқанда, АҚШ-ның одақтасы Италия Қытайдың “бір белдеу, бір жол” жобасына қосылу меморандымына қол қойды. Сонымен бірге, мұнан, басқалар күдіктеніп жатқандай, қарызға байлаудай мақсат көріп отырмағанын, сондай-ақ аталмыш жобаның елдің қауыпсіздігіне қатер төндіре алмайтындығын мәлімдеген осы елдің экономикалық даму вице-минстрі, Ағылшындардың Азия инфрақұрылымды инвестициялау банкіне кіруде атойшы болғаны секілді, осы бағытта өз елінің Еуропаның алдына түсіп кеткенін және кәрі құрлыққа бастамашы болатынын желпіне жеткізді. Қазіргі қытайға сауда көлемінің шамасын (13 млрд.) жақын жылдары кемінде Францияның деңгейіне (20млрд.) жеткізуді көздеп отырған ел, бұл рет Қытаймен сомасы 20 млрд.долларға тең 29 жобаға келісіпті және теңіз портын жасақтау, көпір салу сияқты ішінара жобаларды кешіктірмей қолға алатын көрінеді. Бұл енді оның кәнігі одақтастарының ренішін тудырмай қоймасы анық. Ең алғашқы болып реакция білдірген АҚШ, Қытайдың аталмыш жобасын стратегиялық өңірлерде өзінің саяси ықпалын кеңейту мен мемлекеттердің егемендігін басып қалу мүддесіндегі “шабуылдық” сыйпаттағы стратегия деп бағалап, Италияның Бейжиңге портын ұсынуы Қытайдың әскери осызамандануы мен теңіз армиясын әлемге оңтайлы орналасуына қол ұшын беру болып саналады деп айыптады. Бұған төзуге бомайтынын Еуропа Комиссиясының төрағасы Юнкер де “Қытайлық компаниялар Еуропа нарығына кіре алады, дегенмен біздің компаниялар Қытай нарықына еркін кіре алмайды. Біз бұған жалғасты төзе алмаймыз” деп төтесінен жеткізді. Англия парламенті дипломатиялық жұмыстар комитеті іле-шала Қытайлық компанияларды елдің коммуникация сынды инфрақұрылымдық салаларына жолатпау ұсынысын қабылдап, үкіметті осы мәселе бойынша 2019 жылдан қалдырмай жаңа стратегия жасақтауға үндеп отыр. Комитет төрағасы “Англияның саяси түзімі мен қоғамының ашықтығы оның барлық қуатының түбегейлі қайнары еді. Бірақ, өзінің халықаралық ықпалын арттыруға ұмтылған авторитарлы мемлекет үшін (Қытай-Қ.Қ), Англияның мұндай ашықтығы оның әлсіздігінің қайнарына айналып кетуі мүмкін” дейді. Елдің СІМ-нің баспасөз қызметі бұл ұсынысты мұқият қарастыратынын мәлімдеп үлгірді.
Сәуірдің 2-4 күндері 70 жылдық мерейтойына жиналған НАТО-ның 29 мүшесі Ресейдің ірге кеңейтушілігі мен қатерін талқылады. “Үйреніскен жаумен” жалғасты жұлысатынына келіскендер, саяси ықпалы мен ақпараттық шеңгелін ырықтандыруға өршелене кіріскен Қытайдың қатерін де назардан тыс қалдырмады. Ортақ мүддеге ұйысып отырған НАТО-лықтардың ішкі келіспеушіліктерін де бір сапырып алды. Мұндағы мәселе көбінеки әскери бюджетке саяды. Ұйымның белгілемесі бойынша, ұйым мұшелері олардың ЖІӨ-нің 2%-ін әскери бюджетке арнаулары шарт. Алайда, қазірге дейін осы талапты орындап отырған АҚШ, Ұлы британия, Латвия, Грекия, Эстония сынды бес мемлекет қана. Көрсеткіші 3.5%-тен асып жығылатын АҚШ, әрине, бұл жағдайға наразы пейілде. Трамп президент бола сала одақтастарын талапты орындауға шақырған, тіпті, келісілмеген жағдайда АҚШ-ның ұйымнан шығатынын да ескертіп доқ көрсеткен. Мемхатшы Пемпео бұл ретте де мәселені ұмыт қалдырған жоқ. Әскери шығын жайында АҚШ, әсіресе, әлеуеті жете тұра талпынбайтын Германия, Франция сықылды еуропа алыптарына ренжулі.
Қысқасы, қазіргі әлемде мұрнағы кәнігі азулылар ара болсын, олар мен жаңадан жетіліп келе жатқан “қысырақтар” арасында болсын, тіпті, одақтастардың “үй ішілік” ауызбіршілігінде болсын, мамыражай болмаса да, қандайда бір ымыршылық пен сыйысу жағдайының ауылы алыстап бара жатқандай. Қайта, тиіп кетсең шытынағалы тұрған әйнекті елестеткендей.
Құрмет Қабылғазыұлы
Jebeu.kz