Мақаланың басын сілтемеден оқи аласыздар
Тағы да билік үшін күрес, үшінші мәрте қайта оралу
Үшінші мәрте аттан құлаған Дэн Сиопиннің айналасындағылар оның салы суға кетіп, үмітсізденіп, торыққан бейнесін көрмегендігін айтады. «Ол жасының 72 келгеніне қарамастан сонау Жиаңшидегі сүргінде жүрген әдетімен өзі тұрып жатқан үйдің ауласында айналып жүріп серуен жасайтын, бірінен кейін бір темекісін будақтатып ойға шоматын, салқын сумен құйынатын», — деп еске алады сол кездегі оның қорғау қызметінде болған ерекше жасақ қызметкерлері. Ол шын мәнінде өзіне ерекше сенімді еді. Себебі, біріншіден, Мао Цзэдуңның талқаны таусылар күні де санаулы қалғандығын ол жақсы білетін. Екіншіден, халықтың өзін шын мәнінде қолдайтындығын таяуда ғана болған 5 сәуірдегі халық толқуларынан айқын сезінді. Үшіншіден, оның ескі жауынгер серіктері мемлекеттік биліктің ең маңызды тетіктерін өз уысында ұстап отырған болатын. Осыдан бірнеше ай бұрын премьер-министр Жоу Ынлай өмірден өткенде ол орталық әскери істер комитетінің күнделікті жұмысын басқарып отырған маршал Ие Жианиңмен сыр ақтарып, пікір алмасқан-тұғын. Сол кезде ол маршалға: «Мені көп кешікпей тағы да қуғындап, құлататын шығар», — деді. Сол кезде қарт маршал: «Біз бір күн жер басып жүрсек, мына айғайшыл әпербақандармен күресті тоқтатпаймыз. Түптің түбінде, оларды орынына қоямыз», — деген болатын. Сол баяғы «Екі қарға таласса, бір қарғаға жем түседі» дегендей, Дэн Сиопин мен төрт кісілік топтың күресінің нәтижесінде үшінші күш билікке келді.
Мао Цзэдуң Дэн Сиопинге сенбейтін болды. Ол ұр да жық төрт кісілік топтың да мемелкетті басқарып жарытпайтындығын бұрыннан жақсы білетін. Мао – тәжірибелі саясаткер, шешуші кезде дұрыс шешімдер қабылдай алатын сұңғылалығымен өмірінің соңында да ең соңғы рет ҚХР үшін ең маңызды, дұрыс шешімді қабылдай білді. Ол Хуа Гопинді уақытша премьер-министр және ҚКПоК төрағасының бірінші орынбасары етіп бекітті. Хуа Гопин ешқандай билік кландарына кірмеген, ешкімге жаманшылық сайламайтын, қазан бұзар қарымы да жоқ, білімі де шамалы, біртоға момын жан болатын. Оны қырқысқан екі тарап та қарсылықсыз қабылдай алатын еді. Төрт кісілік топ көріністе төрағаның шешімін қолдаған сыңай танытқанымен, көлденең көк атты, жүйеден тысқары біреудің аяқ астынан мемлекетте №2 тұлға болып шыға келгендігіне іштей наразы еді. Олар ойлайтын: «Дэн Сиопинді төрағаның өзі емес, біз күресіп жүріп құлаттық қой, оның жемісін неге басқа біреу көруі керек?!» — деп. Төрт кісілік топ енді найзаның ұшын Хуа Гопинге кезей бастады. Олар өз уысында ұстап отырған мемлекеттік ақпарат құралдары арқылы бұдан бұрын Дэн Сиопинді «капитализм жолымен жүруден танбайтын билік иесі» деп атаса, енді «капитализм жолымен әлі де жүріп келе жатқан мансаптылар» деген термин арқылы Хуа Гопинге соқтыға бастағандығын саясаттан хабары бар адамдардың бәрі де сезіп-білді. Мао Хуа Гопинге осындай қысым мен қақпайдың болатындығын білді. Сол себепті де оған өзі айтып, құпия істер жөніндегі хатшысы Жаң Юфынға үш сөйлем өсиет жаздырып, қолын қойып берді. Бұл үш сөйлем: «Ақырын жүріп, анық бас! Сен іс басқарсаң, мен алаңсыз боламын! Бұрынғы бағыт бойынша жұмыс істеңдер!» — болатын.
Осы жерде оқырмандарға Маоның құпия істер жөніндегі хатшысы Жаң Юфын жөнінде қысқаша мағлұмат бере кеткен жөн деп ойлаймын. Осы арқылы оқырмандар Маоның жеке өмірінен де аз-кем мағлұмат алатын болады.
Жаң Юфын 1945 жылдың 9 қаңтарында Манчжурияда туған. Ол 60-жылдардан бастап темір жолда жолсерік әрі хабарлаушы болып жұмысқа орналасады. Кейін, Маоның арнаулы пойызына күтуші болып ауысады. Мао да ет пен сүйектен жаратылған пенде болған соң, әйел затына деген құштарлығы ешбір еркектен қалыспаушы еді. Маоның өмірінде онымен әуейі болған әйелдер аз болған жоқ. Бірақ, Мао өмірінің соңын ала осы қызға құлай берілді. Ол пойыздағы күтушіден Маоның тұрмыстық күтушісіне айналды. Ресми тілде «төрағаның тұрмыстық хатшысы» деп аталды. 1970 жылдан бастап Мао өмірден өткенге дейін оның құпия істер жөніндегі хатшысы қызметін атқарды. Мао тұрмыста тым бейберекет, мінезі ойпыл-тойпыл, тұрмыстық әдеті де қалыпсыз еді. Сол себепті оған көптеген әйел заты төзе бермейтін. 1949 жылы ҚХР құрылғанда Маоның некелі әйелі Жиаң Шиң 35 жаста еді. Әйел заты үшін жан-жақты толысқан, тұрмыстың ләззатына қанбайтын шақ. Бірақ, қырсық қылғанда, ол әйелі жатыр мойыны ісігі ауруына тап болып, Мәскеуге ем қабылдауға кетеді. Білетіндер содан кейін Мао өзінің некелі әйелімен сирек кездесетінді шығарды деседі. Тіпті кейін келе, мүлде бөлек тұрыпты. Тарихшылар Жаң Юфынды ерекше құрметке лайық адам деп бағалайды. Ол мемлекетке шын берілген, аса принципшіл, өз ісіне шөгел, жан-жақты білімді тұлға болған деседі. Мао ерекше ұнатып тыңдайтын Таң, Сұң патшалықтары тұсындағы ақындардың өлеңін ерекше нақышына келтіріп, жатқа айта алады екен. Ол және Мао қатты науқастанып, тілі күрмеліп, әрең сөйлеп жатқан шағында да, оның сөзін түсініп, бұлжытпай қағазға түсіріп отырған. Маоның жан-дүниесін терең түсініп, тұрмысын да тап-тұйнақтай етіп, бабын таба білген көрінеді. Бірақ, олардың арасындағы тұрмыстық кикілжің де аз болмаған ұқсайды. Бірде Мао Жаң Юфынға ренжіп, ашу үстінде оны ордадан қуып жіберіпті. Маоның қаһарына іліккен адам сірә да оңушы ма еді?! Оның қолшоқпарлары бірден оны Манчжуриядағы төркініне жеткізіп салады. Маоның оған бауыр басқаны соншалық, арада апта өтпестен ерекше құлазып, мазасызданып, Жаң Юфынды іздей бастайды. Орда қызметкерлері амал жоқ Жаң Юфынның аяғына жығылып, оны қайта шақырып келеді. Ол келген соң Мао ерекше жадырап: «Не істейміз, татуласайық?! Менің мінезімнің жетісіп тұрмағанын өзім білемін, сен де барып тұрған қырсық екенсің. Қанша айтқанмен, арғы атаң атақты ожар мінез сардар Жаң Фи ғой!» — дейді аса мейірімді үнмен. Маоның некелі әйелі Жиаң Шиңнің өзі оның алдында құрақ ұшып, құрша жорғалайды екен. Тіпті, оған үнемі қымбат сыйлықтар да беріп тұрған деседі. Бірде Жиаң Шиң сыйлаған жібек көйлекті киіп, Маоның алдына көлбеңдей жүрген Жаң Юфын Маоға қарап: «Мына көйлегім әдемі жараса ма екен?» — деп сұрайды. «Әдемі екен! Қайдан алдың?» — деп сұрайды Мао. «Маған мұны Жиаң Шиң жолдас сыйлаған», — дейді ойында ештеңе жоқ Жаң Юфын. Мао бірден түсін суыққа салып: «Түк те жарасып тұрған жоқ! Дереу шешіп тасташы!» — дейді. «Жаңа ғана жарасып тұр дедіңіз ғой! Жиаң Шиң жолдастың жақсы көңілі ғой, оны да түсінуге тырыссаңызшы!» — дейді. Сонда Мао: «Бұдан кейін соның берген сыйлықтарын алмай-ақ қойшы! Оның қандай шайпау қатын екенін білмейсің де ғой!» — депті.
Кейін Мао қайтыс болғанда Жиаң Шиң өзінің заңды некедегі әйелі екендігін көлденең тартып: «Маоның жеке құжаттарын мен алып кетуім керек!» — деп Жаң Юфынға қатты қысым жасап, шу шығарады. Ол кезде екеуінің арасында баяғы сыйластықтың ізі де қалмаған. Бірақ, бұл құжаттардың мемлекеттік құпияға жататындығын көлденең тартып, оның бір талын да Жиаң Шиңға ұстатпайды. Және орталық комитет кеңсесіне мәлімдеп, Маоның қорғау қызметінің басшысы Уаң Дуңшиңнан құпия құжаттарды және өзін қорғауды өтінеді. Оның осы еңбегін ескерген Қытайдың кейінгі көсемдері оны ерекше бағалады және оған лайықты құрмет көрсетті. Ол Маоның соңғы дәуіріндегі орда құпиялықтарын ең терең білетін адам. Бірақ, ол оны ешқашан жария еткен емес. Қазір зейнеткер, екі қыздың анасы, немерелерінің құрметті әжесі.
Төрт кісілік топ пен Хуа Гопиннің текетіресі әліптің артын бағып отырған Дэн Сиопин мен маршалдарға тиімді болды. Себебі, билікке таласып, қырқысқан осы екі жаққа да Дэн Сиопиннің соңына шырақ алып түсіп, оны қудалау онша қызық болмай қалды. Төрт кісілік топ үшін Дэн Сиопин өлген арыстан, енді ол олармен тіресуге жарамайды. Хуа Гопин үшін Дэн Сиопин өзімен ұзында өші, қысқада кегі, бес бересі, алты аласы жоқ зейнеттегі шал. Осындай өлара шақта Дэн Сиопин де өз жақтастарымен астартын сөз байласып жатты.
Бір күні ол ауласында серуендеп жүрген кезде кенеттен генерал Уаң Жың оны іздеп келіпті. Дэн Сиопиннің одан сұраған бірінші сөзі: «Маршал Ие Жиаңиң қайда тұрып жатыр?» — еді. Генерал маршалдың тұрағын айтқаннан кейін ертесі Дэн Сиопин көшеге шығып, бой жазып қайтайын деген сылтаумен маршал Ие Жиаңиңді іздеп барады. Ие Жиаңиң де науқасын сылтау етіп, қайшылықтан бой тасалап, үйінде жатыр екен. Сол кездесуге куә болғандар екі шалдың есік-терезені тарс бекітіп, ұзақ сырласқандығын айтады. Нақты не әңгіме болғанын екеуінен басқа ешкім білмейді. Олар кейін де бұл кездесу туралы тіс жарған емес. Әрине, ол екеуі өз саяси қарсыластарын қалай күйретіп, мемлекеттің ең жоғарғы билігін қалай қолға келтіру жайлы ақылдасқандығын межелеу қиын емес.
Хуа Гопин мен төрт кісілік топтың арасындағы қайшылық өліспей беріспейтін деңгейге жеткен еді. Хуа Гопин амалсыз әскери билікті қолында ұстап отырған маршалдарға арқа сүйеуге мәжбүр болды. 1976 жылы 6 қазанда, Мао өлген соң бір айға жетпей-ақ, Бейжіңде саяси өзгеріс болып, Маоның жесірі бастаған төрт кісілік топ және Маоның немере баласы Мао Юаншин қатарлылар ұсталып бірден түрмеге тоғытылды. Бұл жолғы өзгеріс Сталин өлгеннен кейін Берияны құрықтау оперциясынан еш кем болған жоқ. 1976 жылдың 7 қазанында Хуа Гопин, Ие Жиаңиң, Уаң Дуңшиң қатарлылардан құралған ҚКП-ның жаңа орталық комитеті өмірге келді.
Дэн Сиопин бұл хабарды төрт күн өткен соң №301 әскери госпитальда қуық асты безі операциясын жасатып, ем қабылдап жатқанда бір-ақ естіді. Бұл қуанышты хабар осыдан бес жыл бұрынғы Дэн Сиопиннің Жиаңшиде жатып естіген өзінің ежелгі саяси қарсыласы маршал Лин Биаодың өлімін естігендегі қуаныштан да асып түсті. Ол өзіне билікке оралудың тағы бір орайы жақындап қалғандығын айқын сезінді. Әрине, ол бірінші кезекте қолына қалам алып, ҚКП-ның жаңа орталық комитетіне хат жазып, өз қуанышымен бөлісті. Ол өзінің осы қысқа ғана хатында төраға Хуа Гопин бастаған партия орталық комитетінің кескін шешім қабылдап, мемлекет пен халыққа лаң салған, қылмысы басынан асатын төрт кісілік топты құрықтаған ұлы жеңісіне құтты болсын айтты. Ол бұл жеңіске шын жүректен қуанатындығын және жаңа жасақталған партия орталық комитетінің жұмысына қолдау білдіретіндігін айтып, өзінің саяси позициясын айқын сездірді. Хатының соңында ол жас төраға Хуа Гопинге көпшік қоя сөйлеп: «Сіздің партия орталық комитетінің төрағасы, орталық әскери істер комитетінің төрағасы болуыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздің сайлануыңыз партиямыз бен социалистік істеріміз үшін айрықша маңызды! Сіздің жасыңызға қарағанда пролетарлардың билігі кемінде 15 жыл, тіпті, одан да ұзақ болуына кепілдік береді. Бұл шешім партиямыз мен халықымыз үшін сөз жоқ данышпандық шешім. Бұған қуанып, қол соқпаған пенде жоқ шығар», — деп көсіледі.
Дэннің бұл хаты биліктің іші-сыртындағы Дэн Сиопиннің қайтадан билікке келуін талап етушілерге берік негіз қалады. Бірақ, Дэн Сиопиннің ағынан жарылып, аямай көпшік қоя жазған бұл хатын Хуа Гопин салқын қабылдады: «Төрт кісілік топты талқандау, Хуа Гопин, менің жеңісім ғой! Оның Дэн Сиопинмен қандай қатысы бар?! Төрт кісілік топтың партия мен халық алдында қылмыскер екені рас, бірақ, Дэн Сиопин де сүттен ақ, судан таза емес қой?! Ол да марқұм ұлы көсемге қарсы болып, оның айтқанын құлағына қыстырған да жоқ қой!» — деп ойлады іштей. Ол осылай ойлап қана қойған жоқ, 26 қазанда ақпарат және үгіт-насихат саласындағы жауапты тұлғаларды қабылдағанда: «Төрт кісілік топтың қылмыстарын аяусыз әшкерелеңдер! Бірақ, Дэн Сиопинді сынау да ұмыт қалмасын!» — деп ескертті. Себебі ол өзін Маоның адал ізбасары санағандықтан ол кісінің шешімдерін бұзу — ұлы көсемнің өсиетіне опасыздық болады деп түсінді. Тіпті, Дэн Сиопин билікке қайта оралып, өз билігіне ешқандай қатер төндірмеген жағдайда да, ол Маоның шешімдерін бұзу дұрыс болмайды деп санады. Ол партия ішінде «Әйтеуір, төраға Мао Цзэдуң жасаған шешімдерге біз толығымен қолдау көрсетуге тиістіміз! Әйтеуір, төраға Мао Цзэдуңның айтқан тапсырмасына біз бастан аяқ, қалтқысыз бағынуға тиіспіз!» деген ұран тастады. Бұл кейін тарихта Хуа Гопиннің «Екі әйтеуір» теориясы болып қалды. Әрине, Хуа Гопиннің бұл теориясының да табан тірер тиянағы берік емес болатын. Себебі, төраға Мао өзі өлген соң төрт кісілік топты, әйелі мен жақын туыстарын қоса тұтқынға алыңдар деп айтқан жоқ қой. Егер Хуа Гопин тек Маоның өсиеті мен нұсқауларын ғана орындайтын болса, онда оның бұл қылығын қалай түсінеміз?
Төрт кісілік топ құрықталған соң, ендігі күрес Хуа Гопин мен Дэн Сиопиннің жақтастары арасында өрбіді. 1977 жылы наурызда шақырылған орталық комиеттің қызмет мәжілісінде бұл қайшылық тіпті әшкере қозғалды. Мәжіліске арналған орталық комитеттің баяндамасында маршал Ие Жиаңиң «Дэн Сиопин жөніндегі пікірді тым қазбаламай, жұмсартып айтқанымыз жөн. Бұл оның ортамызға ертерек оралуына пайдалы болады» деген пікір айтты. Бірақ Хуа Гопин: «Дэн Сиопин жөніндегі шешім ұлы көсеміміз – төраға Мао Цзэдуң жасаған шешім. Оны сынаудың сөзсіз қажеттілігі бар» — деп қасарысты. Тіпті ол қызды-қыздымен Дэн Сиопиннің қателігі төрт кісілік топтың қылмыстарымен төркіндес дегенге саятын көзқарасты тықпалай бастады. Бірақ ол Дэн Сиопин жақтастарының батылдығы мен қарым-қабілетін тым төмен бағалап еді. Осы жолғы жиналыс барысында шағын топтарға бөлініп, мәжіліс баяндамасын талқылау кезінде ҚКП және армия тарихында аса жоғары лауазымды қызмет атқарған Чын Юнь, Уаң Жын қатарлы ақсақалдар Дэн Сиопинді және Тиан Ан Мын алаңында болған 5 сәуір оқиғасын ақтау керек деген пікірді ашық ортаға салды. Чын Юнь өз сөзінде: «Меніңше, алаңға барған басым көпшілік халық бүлік шығаруға емес, марқұм премьер-министр Жоу Ынлай жолдасқа аза білдіру үшін барды. Ал оны төрт кісілік топ бүлдіріп, бұрмалап, қантөгіске дейін апарды. Ал Дэн Сиопин жолдастың бұл оқиғамен ешқандай қатысы жоқ. Қытай төңкерісі мен ҚКП қажеті үшін Дэин Сиопин жолдасты қайталай қызметке шақыру дұрыс болады және бұл сөзсіз қажет!» — деп кесіп айтты. Ал генерал Уаң Жын өз сөзінде: «Дэн Сиопин жолдастың саяси қабілеті жоғары, ойы ұшқыр, ондай дарын иесі сирек кездеседі. Бұл сөзді төраға Маоның өзі айтты ғой. Премьер-министр Жоу Ынлай да төрағаның осы сөзін көпшілікке дәріптеп жүрді. 1975 жылы ол орталық комитет пен мемлекеттік кеңесті басқарып тұрған кезде біз таңғажайып табыстарға жеттік қой. Ол төрт кісілік топпен күресте алдыңғы шепте болғаны үшін төрт кісілік топ барлық қулық-сұмдықтармен, арамза-сұрқиялықтармен оны орға жығып тынды. Тиан Ан Мын оқиғасы қалың халық бұқарасының төрт кісілік топқа деген ашу-ызасының бұрқ-сарқ қайнаған шегі болатын. Біз осындай қайсар халқымыз болғаны үшін мақтануға тиіспіз! Кімде-кім Тиан Ан Мын оқиғасының сипаттамасы мен негізгі бағытын мойындамаса, іс жүзінде ондай адамдар төрт кісілік топты ақтаушы болып саналуға тиіс!», — деп бір-ақ кесті. Бұл сөздердің салмағы Хуа Гопиннің «Екі әйтеуірінен» әлдеқайда салмақты еді. Бірақ, бұл сөздер жиналыстың хаттамасына енбегенімен, мәжіліске қатысушылардың қызу қолдауына ие болды. Мәжілістен соң Дэн Сиопиннің билікке оралуы жайлы талаптар толассыз айтыла бастады. Ең соңында, Хуа Гопин де алғашқы ойынан айнып «Орайлы сәтте Дэн Сиопин жолдас қызметке қайта оралса болады. Қалың халықтың Тиан Ан Мын алаңындағы қарсылығы марқұм премьер-министр Жоу Ынлайға арналған аза тұтуы. Ешқандай заң бұзушылық, бүлік емес», — деп өз позициясын түзетуге мәжбүр болды.
Ескі жауынгер достарының табанды қолдауы Дэн Сиопиннің билікке қайта оралуы жайлы сенімін бекемдей түсті. Бірақ оның өзі де «Кім мені қашан келіп шақырады?» — деп қол қусырып қарап отырмады. 1977 жылдың 10 сәуірінде ол партия төрағасы Хуа Гопинге тағы бір хат жазды. Хатында ол: «Еш бүкпесіз айтар болсам, мен сіздің жуықтан бергі сөз-әрекетіңізге шынайы қолдау білдіремін. Партия орталық комитеті мен сіздің Тиан Ан Мын оқиғасын менің жеке басымнан бөліп қарағаныңызға алғыс айтамын. Сіз аталған оқиғаны «қалың халық бұқарасының ақылға сыйымды әрекеті» деп бағалағаныңызға қатты қуандым!» — деді. Бұл хат Хуа Гопиннің көңіліне де көп демеу болған еді. Себебі, Дэн Сиопин билікке қайта оралған соң, өзіне қандай көзқараста болады деген мәселедегі алаңдаушылығын сейілткендей болды. Ол хатында Хуа Гопинге ұнай бермейтін өз пікірін де жасырып қалған жоқ. «Біз ұрпақтан ұрпаққа Мао Цзэдуң идеясының дұрыс, кемелді идеологиялық жүйесімен мемлекет пен халыққа басшылық етуге тиіспіз», — дей келіп, өзіне де лайықты сындар айтты. «Менің 1975 жылғы қызметімде кемшілік пен қателіктің болғандығын мойындауға тиіспін, біздің ұлы көсеміміз төраға Мао Цзэдуң жолдастың маған айтқан сындары мен ескертпелерін шын жүректен қабылдаймын», — деп аяқтады. Ең соңында ол өзінің осы хатын партия ішінде ашық таратуды өтінді. Ондағы себеп партия ішіндегі аса көп санды адамдардың оған қолдау білдіретіндігін жақсы түсінгендігінде еді. Егер осы хат көпшілікке тарқатылар болса, өзіне қарсы болған азғантай адамның жағдайды өз бақылауында ұстауы қиынға соғатындығын жақсы білді. 3 мамыр күні ҚКПоК Дэн Сиопиннің хатын партия ішінде таратты. Осыдан соң, Дэн Сиопиннің мәселесі бүкіл партия көз тіккен маңызды мәселеге айналды. Оның билікке қайтып оралуына қарсы болғандар дараланып қалған аз сандағы топтар екені партия ішінде айқын көрініс тапты. Енді Хуа Гопин бастағандар Дэн Сиопинмен қалай тіл табыссақ екен деген мәселемен бас қатыра бастады. Бірнеше күн өткен соң ҚКПоК төрағасының орынбасары Уаң Дуңшиң мен орталық комитет аппаратының жетекшісінің орынбасары Ли Шиң екеуін Дэн Сиопинге сәлем беруге жіберді. Олармен кездесудің бұлар әспеттеп жүрген бойтұмары «Екі әйтеуірмен» өз басының үзілді-кесілді келісе алмайтындығының ешбір маймөнкелемей ашық айтып салды. Ол: «Екі әйтеуір деген болмайды! Егер екі әйтеуірдің қисынына жүгінсек, онда мені ақтап алуды қандай қисынмен түсіндіре аласыңдар? 1976 жылғы қалың халық бұқарасының Тиан Ан Мын алаңындағы ереуілін ақылға сыйымды деген мәселеде мына қисын бойынша ақылға сыймайтын бірдеңе болып шығады». Дэн Сиопиннің бұл сөзін естігенде Хуа Гопин жақында ғана орталық комитеттің қызмет мәжілісінде келісімпаздықпен айта салған екі ауыз сөзі «екі әйтеуірмен» қайшылықты көзқарас болып шыққанына, оны Дэн Сиопиннің өзіне қайта табақ қып тартып отырған тастай логикасына таң-тамаша болды. Ол енді біртіндеп қорғанысқа көшті. Оның қолында қалған ең соңғы көзірі Тиан Ан Мын оқиғасы болды. Егер бұл оқиға Дэн Сиопинмен қатысы жоқтығы анықталса, ол осы оқиғаны кері төңкерістік оқиға деп бағалаған төраға Маоның көзқарасына қарсы шыға қоймас, — деп топшылады. Ол Дэн Сиопинге тағы да өз адамдарын жіберіп, онымен саудаласа бастады. Ондағы оның қойған шарты Дэн Сиопин өз қателігін мойындап, кешірім сұраса және Тиан Ан Мын оқиғасын кері төңкерістік оқиға деп мәлімдесе ғана оның мансабын қалпына келтіруге уәде берді. Хуа Гопиннің ойынша, мансапқа қайта оралу үшін Дэн Сиопин өз жақтастарын сатып кетсе, ол мансапқа қайта оралған күннің өзінде де онша қорқынышты болмайды деп ойлайтын. Бірақ Дэн Сиопин: «Менің өз қызметіме қайта оралу-оралмауым маңызды емес, бірақ, Тиан Ан Мын оқиғасы – төңкеріс оқиға», — деп жауап берді. Бір кездері Дэн Сиопиннің мансаптан қуылуда осы Тиан Ан Мын оқиғасымен байланысты болды ғой. Егер өз мансабы үшін бір кездері басын бәйгеге тіккен сол қолдаушыларын сатып кетсе, онда мұның кім болғаны?! Дэн Сиопиннің Хуа Гопинге берген жауабы жұртқа тараған соң, оның қолдаушылары еселей түсті. Хуа Гопин амалсыздан ешқандай шартсыз түрде оның мансапқа қайта оралуына келісім беруге мәжбүр болды.
1977 жылы шілдеде ҚКП 10-кезекті орталық комитетінің үшінші жалпы жиналысында Дэн Сиопин 15 айға созылған үзілістен соң, бұрынғы барлық мансабын толығымен қайтарып алды. Ол ҚКПоК мүшесі, саяси бюроның мүшесі, саяси бюроның тұрақты мүшесі, орталық комитеттің орынбасар төрағасы, орталық әскери істер комитетінің орынбасар төрағасы, премьер-министрдің орынбасары, армияның бас штаб бастығы қызметіне қайта тағайындалды. Сол күннен бастап, ҚХР тарихында жаңа дәуір – Дэн Сиопин дәуірі басталды.
Маоның ізбасармен күрес және шешуші билікке жету
73 жастағы Дэн Сиопин өз мансабына қайта оралған соң, қарттықтың қалған күндерін биік мансаптың арқасында шалқып өткізсем деп ойлаған жоқ. Биік мансапқа үшінші мәрте қайта оралған ол бұл тағдырдың оған сыйлаған өз арман-мақсатын орындаудағы соңғы мүмкіндігі екенін жақсы түсінді. Ол барлық ерік-жігер, ақыл-қайратымен осы бір құзға құлап, күйреудің аз-ақ алдында тұрған алып елді ел санатына қосуға бел байлады. Бірақ ол әлі де түпкілікті шешім қабылдай алатын бірінші басшы емес болатын. Оған ең басты кедергі Мао тағайындап кеткен және оған шын берілген ізбасарларының өзіне ең басты кедергі екендігін жақсы түсінді. Алда тағы да үлкен арпалыстар күтіп тұрған болатын.
Саясаткерлер үшін күрес – ең алдымен саяси ұстаным мен бағыт-бағдарға саятын. Коммунистер үшін идеологиялық күрес — №1 күрес болып табылады. Ол кезде орталық комитетте биік тұғырда отырған Маоның оған көзсіз берілген адал ізбасарлары ғана емес, миллиардтан асатын Қытай халқының аса ауқымды бөлігі де Маоның айтқандарын құранша жаттап, құлшылық ететін. Адамдардың санасында оған шек келтіру қылмыспен парапар еді. Бірақ Мао өмірінің соңында оңбай қателесті ғой, тіпті қылмыс жасады. Оның кереғар пікірлері миллиондаған бейкүнә жандарды атып-асумен, түрмеге тоғытумен, жан түршігерлік қинау мен азаптауға душар еткен жоқ па?! Былай қараған адамға көз көріп, құлақ естіген осы қылмыстарды ашып айта салса жеткілікті-ақ болар еді. Бірақ сол кездегі қоғамдық сана оны бірден қабылдай қоймайтын. Басты мақсат — адамдарды үрейден арылту. Оның шығар жолы бірден оңай табыла кеткен жоқ. Дэн Сиопин ең алдымен Мао Цзэдуңның өз сөздеріндегі қайшылықты тұстарды біртіндеп арши бастады. Ол Маоның «шындықты іс жүзінен іздеу» деген философиялық тұжырымын өзіне басты қару етіп алды. Бұл сөз Маоның жеке тапқырлығы да емес, ол ертедегі Қытай жазбаларындағы «Ханнама» атты кітабында ұшырасады. Мао тек оны тарқатып, нанымды етіп түсіндіре білді. Маоның түсінігінше: «Іс жүзі дегеніміз — объективті өмір сүріп отырған барлық зат, шындық дегеніміз – объективті заттардың ішкі байланысы. Ал іздеу дегеніміз – біздің зерттеуіміз». Енді мәселе туындайды: Маоның айтқаны бәрінен қымбат па, әлде шындық қымбат па? Егер шындық қымбат болса, төраға Маоның өзі айтқанындай неге біз сол шындықтың бетіне тура қарамаймыз? Осыдан кейін биліктегі және ғылымдағы Дэн Сиопинмен ниеттес, пікірлес, мұраттас жандардың бәрі де Маошылдардың «екі әйтеуірін» түпкілікті терістеудің саяси теориясын іздей бастады. Кешікпей ол да табылды.
Бұл жердегі басты сұрақ — ақиқаттың өлшемі не? Ақиқатты қайдан табамыз? Егер ұлы көсем Мао Цзэдуң бәрін бізге дайындап қойған болса, «елбасының саясатын жалғастырам» деген сияқты басқа бір жаңа соқпақ, жаңа жол іздемей-ақ, сол көсем салған жолмен тартып отырсақ болды емес пе?! Рахат! Тыңнан түрен салып, реформа жасаймын деп тыраштанбайсың. Тіпті, миды шірітіп, бас қатырудың да қажеті жоқ. Бірақ, сол көсем салған сара жолдың тығырыққа тірелгендігін көзқарақты пенденің бәрі де көріп біліп отыр. Егер көсемнің жолы ақиқат болса, не себепті осы бір алып мемлекет күйреудің шегіне жетті? Неге одан мұраға қалған мәселе шешімін күтіп, тау болып үйіліп жатыр? Сұрақ көп, жауап жоқ. Кейін Ху Яу Баң бастаған сұңғыла теоретиктер «ақиқаттың өлшемі – өмір шындығы» деген тұжырымдаманы ойлап тауып, бүкіл Қытай көлемінде үлкен айтыс бастады. Соңғы қорытынды — егер ақиқат іздейтін болсақ, оны өмір шындығынан іздеуге тиіспіз. Мейлі кім айтса да, тіпті, ұлы көсемнің сөздерінде өмір шындығының таразысына салып, оның тезінен өткенде ғана ақиқат деп қабылдауға тиіспіз. Егер көсемнің айтқандары, яғни, Маоның айтқандары өмір шындығынан алшақ болса, оны қабылдамауға әркімнің хақысы бар. Осыдан кейін Мао айтса болды – жұрт айтса көнді деген «екі әйтеуір» теориясы іс жүзінде қолданыстан шығып қалды. Енді көсемнің шешімдерін де майшаммен қайта қарау керек.
Партия ішілік айтыс Дэн Сиопиннің жеңісімен аяқталды. Бұл жеңіс іс жүзінде Маошылдарды биліктен шеттетіп Дэн Сиопиннің шешуші рөлін бекемдей түсті. Ендігі міндет – «мәдениет зор төңкерісін» түпкілікті теріске шығару. Онсыз еш нәрсе алға баспайды. Дэн Сиопиннің екінші рет биліктен тайдырылуы да Маомен арадағы мәдениет төңкерісіне байланысты келіспеушіліктен туындаған болатын. Ол билікке қайта оралысымен мәдениет төңкерісіндегі қателіктерді түпкілікті шешуге бел шеше кірісті. Әрине, оны Маоға деген жеке өшпенділігі немесе оның алған бетінен қайтпайтын қырсық мінезімен байланыстырып ойлау жаңсақтық болады. Дэн Сиопин мәдениет төңкерісінің мемлекет пен халыққа қаншалық дәрежедегі ауыр апат әкелгендігін өз бастан кешкендері арқылы терең сезінетін. Сол бір апатты жылдарда өзінің туған ұлын қызыл көз белсенділер әбден қинап, азаптаған соң екінші қабаттан лақтырып жіберіп, ол мәңгілікке сал ауруына душар болды. Бүгінде көзі тірі. Дэн Сиопиннің кіші қызынан басқа балалары тоз-тоз болып, тентіреп кетті. Мұндай отбасылар сол кезде Қытайда миллиондап саналатын. Қытайдың билеуші элитасы, зиялы қауым, кезіндегі бай-манаптар, тіпті қарапайым еңбек адамдарына дейін обалды, нақақ айыпталған қылмыстық істердің шет-шегі жоқ еді. Ал осыларды түгелге жуық ақтап, оларды қоғамның тең құқылы азаматы санатына қосу үшін Маоның және оның қолшоқпары болған маршал Лин Бяо мен төртшіл топтың қанқұйлы қылмыстарын жұрт алдына жайып салу кезек күттірмейтін мәселе-тұғын.
Толық емес мағлұматтарға қарағанда, мәдениет зор төңкерісі жылдары екі миллионнан аса нақақ қылмыс қозғалыпты. Тіпті сорақысы, олардың сандаған миллион отбасы мүшелері мен туыс-туғандары да қоса жаза арқалаған. Оларды қосып есептегенде, 100 миллиондаған адам қуғын көрген. Бір мәдениет саласының өзінен 11 мың адам қуғындалып, 2900-і қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бір Гуаңдуң өлкесінен 28 мың адам кері төңкерісші ретінде жазаланған. Саяси қудалау тек мәдениет төңкерісімен шектелмейді, мәдениет төңкерісінен бұрынғы саяси қудалаулардың өзінде 100 мыңдаған әр сала қайраткерлері жазаға тартылған. 1977 жылдың ортасынан 1982 жылдың қыркүйек айындағы ҚКПоК 12 құрылтайының қарсаңында түрлі себептермен жазаға тартылған саяси қудалауға ұшыраған барлық адам түгелге жуық ақталып шықты. Жай ақталып қана шыққан жоқ, олардан кешірім сұрап, мансаптыларының мансабын, жұмыстағылардың жұмысын, мүлкі тәркіленгендердің мүлкін, қуғындағы жылдары берілмей қалған еңбекақысын толығымен есептеп, қолдарына ұстатты. Әрине, осы қылмысқа ортақтасып, қолын қанға бояған ұр да жық белсенділер, жалған куәлік беріп, жала жапқандар да жазасыз қалған жоқ. Бірақ бір ғана адам ешқандай жаза арқаламастан, жер қойынына тапсырылмай қалып қойды. Ол – Қытай коммунистерінің көсемі Мао Цзэдуң болатын. Әрине, Мао Цзэдуңға тарих өз бағасын беретіндігі шындық. Және беріп те жатыр. Бірақ Дэн Сиопин Маоның атақ-абыройын қорғап қалды. Себебі Маоны түбірімен жоққа шығару ҚКП да Маомен бірге жерлеумен бірдей еді. Дэн Сиопин: «Біз Мао Цзэдуң жолдасқа Хрущевтың Сталинге қаратқан саясатын қолданбауға тиіспіз. Себебі Мао Цзэдуң жолдастың қателігінде бәріміздің де үлесіміз бар», — деу арқылы ҚКП көсемдерінің тарих алдында түгелге жуық қылмыскер екендігін ишаралап жеткізгендей болды. Ендігі бағыт Қытай халқы алдындағы осы қылмысты жуып-шаю. Мемлекетті халқы бай, берекелі, гүлденген, нағыз құдіретті елге айналдыруды мақсат деп білді.
1978 жылдың соңында шақырылған ҚКП 11 кезекті орталық комитетінің үшінші жалпы мәжілісінде Дэн Сиопин Маошылдармен күресте түбегейлі жеңіске жетіп, ең жоғарғы билікті өз қолын алған соң: «Ендігі кезекте партиямыздың ең басты міндеті -социалистік осы замандандыру құрылысына ден қою», — деп жариялады. Осыдан бастап алып Қытай даму арнасына түсті...
(Жалғасы бар...)
Рақым Айыпұлы
Дереккөз: "Жас Алаш"