Грант пен бюджеттік несие: Мемлекет ауыл халқына қандай қолдау көрсеткелі отыр

Уақыты: 2019-06-04 Көрлімі: 1492 Сипаттама

Ұлттық экономика министрлігі «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында ауыл халқына қандай қол...

1551519539_aiyl.jpg

Ұлттық экономика министрлігі «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында ауыл халқына қандай қолдау тетіктері көрсетілетінін атады, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз. 

Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысовтың ҚазАқпарат тілшісіне берген ресми жауабына сүйенсек, жоба аясында ең алдымен аудан орталықтары мен тірек ауылдарға маңыз беріледі.

 «Ауыл - Ел бесігі» жобасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде «бюджеттік сүзгіні» (басым қаржыландыруды) қамтамасыз ете отырып, тірек ауылдарды дамытуға кешенді тәсіл қолданылады. Жобаға ауыл халқының ең көп саны бар әлеуметтік-экономикалық дамудың жоғары және орташа әлеуеті бар ауылдар кіреді. 2019 жылы халықтың ең көп саны бар ірі елдімекендер - аудан орталықтарына баса назар аударылды. Оларда жиналған қордаланған инфрақұрылымдық проблемаларды тез арада шешуді талап етіледі», - делінген Ермек Алпысовтың жауабында.

 Вице-министрдің жауабына сүйенсек, тірек ауылдарды дамыту халықты жақын маңдағы ауылдардан, оның ішінде халық саны 50 адамнан кем елді мекендерден көшіруге ықпал ететін болады.

 «Объективті себептер бойынша (шаруашылықтың, жердің болуы) басқа ауылдарға қоныс аударғысы келмейтін аз қоныстанған ауыл тұрғындары үшін жергілікті атқарушы органдар тұрудың базалық жағдайларымен қамтамасыз етуі тиіс. Мысалы, балаларды мектепке жеткізу, медициналық қызметкерлердің шығуын жүезе асыру, тасымалданатын сумен қамтамасыз ету және басқалар», - делінген жауапта.

 Ермек Алпысов жалпы, қазіргі таңда ауылды елдімекендерді дамыту бойынша мемлекет тарапынан жеткілікті деңгейде қолдау көрсетіліп жатқанын хабарлайды. Мәселен, заңға сәйкес, ауылды жерлерде жұмыс iстейтiн мамандар үшін кемiнде 25 пайызға жоғарылатылған айлық пен тарифтiк мөлшерлемелер бойынша жеңілдік, отын сатып алуға әлеуметтік көмек, қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету түрінде мемлекеттік қолдау шаралары көзделген.

 «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде ісін жаңа бастаған жас кәсіпкерлерге жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар қарастырылған. Сондай-ақ, ауылды елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарын салу, қайта жаңғырту және жөндеуге бағытталған «Ауыл - ел бесігі» жобасы іске қосылды. Жобаның шеңберінде 2019-2021 жылдары 90 млрд теңге бағытталатын болады. Осы жылы 30 млрд теңге бөлінді. Бұдан бөлек, ауылды елді мекендерге әлеуметтік сала және агроөнеркәсіптік кешен мамандарын тартуға арналған «Дипломмен ауылға» жобасы іске асырылуда. «Дипломмен ауылға» жобасының шеңберінде ауылды елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген әлеуметтік сала және агроөнеркәсіптік кешен мамандарына бір реттік көтерме жәрдемақы (70 АЕК) және тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие (1500 АЕК) ұсынылады», - деп жауап берді Ермек Алпысов. 

Еске сала кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын елордада өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов Қазақстан халқының жалпы саны 2025 жылға қарай 20 млн адамға жететінін болжаған болатын. Вице-министрдің пайымдауынша, бұл ретте ауыл халқының саны іс жүзінде 7,6 млн деңгейінде қалады да, ауыл халқының үлесі 42 пайыздан 38-ге дейін төмендейді. 

Сондай-ақ, Ермек Алпысов болашағы жоқ ауылдардың халқына мемлекет қандай қолдау көрсететінін айтып берген еді.

Jebeu.kz

Пікір жазу
  • Халық үшін барлық жағдай жасалады
    Қазақстанның бітімгерлік миссиясы іске асуда