Әл-Фараби жылында жаңа инновациялық жобаларды жүзеге асыруға басымдылық беріледі

Уақыты: 2020-01-29 Көрлімі: 3052 Сипаттама

29 қаңтарда Алматыдағы Студенттер сарайында Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы...

18784_large.jpg

29 қаңтарда Алматыдағы Студенттер сарайында Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойының ресми ашылу рәсімі өтті. Шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысып сөз сөйледі. Мерекенің ашылу рәсімінде БҰҰ, ЮНЕСКО, ИЫҰ, ТҮРКСОЙ және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының ректорлары, белгілі шетелдік және отандық ғалымдар мен оқытушылар және студент жастар болды.  


Әл-Фараби жылы ашық деп жариялаған Мемлекеттік хатшы Қырымбет Көшербаев әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу ұлы ғұлама мұраларын және біздің елдегі, сонымен бірге шетелдегі әлемдік өркениет дамуына қосқан үлесін зерделеуге серпін беретінін, жастардың ғылымға ден қойып, инновациялық жобаларды жүзеге асыруларына шабыт беретінін атап өтті.

67552.jpg

«Әл-Фарабидің қызметі әлемдік ғылымның дамуындағы тарихи ірге тасы болып саналады. Сондықтан әл-Фараби жылында ғылым мен жоғарғы технологиялар жүйесіне ерекше мән беріледі. Тек ғана ғылым конференциялар мен доңгелек үстелдер өткізумен ғана шектелмей жаңа инновациялық жобаларды жүзеге асыруға басымдылық беріледі. Атап айтқанда, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде халықаралық аталаптарға сай ғылыми-технологиялық алқабы құрылады.   Ислам Ынтымақтастығы Ұйымынның қолдауымен жүзеге асатын бұл жоба озық технологиялар мен инновациялық жобаларды дамыту орталығына айналады деп жоспарлануда»,-деді ол.

Қырымбет Көшербаев Әл-Фараби мұралары Түрік халықтарын жақындата түсетінін айтып өтті.

«Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасы Қазақстанның тарихы мен бай мәдениетінің аса маңызды және ажырамас бөлігі. Оның мұрасы арқылы біз түркі халықтарының рухани бауырластығы мен жақындығын, тарихы мен мәдениетінің ортақтығын терең түсінеміз. Әл-Фарбидің туған жері Отырар Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орта азияның киелі мекені. Бүгінгі облыс орталығы болған Түркістан орталығы бүкіл түркі әлемінің мәдени, рухани орталығы ретінде дамып келеді. 1150 жылдықты мерекелеу аясында Түркістан облысында әл-Фараби мұрасын қайта жаңғырту және Түркістан қаласын туристік кластер ретінде қайта қалпына келтіруге арналған шаралар жүзеге асатын болады»,- деді Мемлекеттік хатшы.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Әбу Насыр әл-Фарабидың  1150 жылдық мерейтойының орны ерекше екенін атып өтіп, Ұлы ойшылдың арнайы заңмен бекітілген мерекелік шараларының еліміздегі ең басты оқу ордасы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Фараби мұраларын жүйелі зерттейтін іргелі ғылыми орталық – Ұлттық Академия орналасқан Алматы қаласында басталғанын атап өтті.

67554.jpg

«Қазіргі әлемдік қауымдастықпен тығыз араласу барысында біз ұлтымыздың ең басты құндылықтары мен тарихи тұлғаларын жаңа қырынан танып, оларды жұртшылыққа кеңінен насихаттау аса маңызды болып отыр. Бұл үдеріс тек рухани кемелдену арқылы, әл-Фараби, Ясауи, Абай сынды заманынан озып туған данышпандардың еңбектерін жаңаша бағалап, солар айқындап берген даңғыл жолмен жүру арқылы ғана жүзеге асады. Елдігіміз бен интеллектуалдық әлеуетімізді әлем жұртшылығына паш ететін ғұламаның дәл қазақ топырағынан шыққаны - біздер үшін зор мақтаныш. Оның философиялық, логикалық, метафизикалық, әлеуметтік, жаратылыстану ғылым салалары бойынша әлемдік ғылымға қосқан үлесінің теңдесі жоқ»,– деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

 Мерейтойының ашылу салтанатына арнайы келген Каподистри атындағы Афина ұлттық университетінің профессоры, фарабитанушы Георгиос Стейрист әл-Фараби шығармашылығы әлемді біріктіреді деген пікірін білдірді.

«Ұлы ойшылдың шығармашылығы мен қызметі Қазақстан, Ирак, Сирия және Мысырдың тарихи жерлерін, Жерорта теңізінен Қытай шекарасына дейінгі барлық ұлы өркениеттерді біріктірді. Нәтижесінде ол Аристотельден кейінгі ұлы философ атанды. Әл-Фараби - Ислам мен классикалық грек философиясының қиылысында көтерілген мәселерді бірінші болып зерттеген философ. Ол екі жақты да дамытатын философиялық және діни бейімделудің үлгісін көрсете білді»,– деді ол.

ЮНЕСКО-ның Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша кластерлік бюросының директоры Әл-Фарабидің өмірі мен ғылымға ұмтылысы әлем мен өмірдің мәнін түсінудің үлгісі болып табылады деді.

67555.jpg

Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық универистетінің ректоры Ғалымғайыр Мұтанов Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толу мерейтойының әлемде оның есімімен аталатын бірден-бір университеттен басталғандығы – біздер үшін зор қуаныш, үлкен мәртебе деді.  

«Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму жөніндегі жаһандық хабы ретінде ҚазҰУ ғұламаның қайырымды қоғам туралы ілімінің негізінде  Университет – 4.0 жаңа легінің моделін дайындап, өткен жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде, ал биыл Ислам Ынтымақтастығы Ұйымында ұсындық. Жаңа жоба халықаралық ауқымда қолдау табуда. Осылайша, Әл-Фарабидің мерейтойы Қазақстандағы жоғары білімнің дамуына жаңа серпін береді», деді ҚазҰУ ректоры.

Снимок.JPG

1150 жылдық мерей той ҚазҰУ-да «Әл-Фараби» орталығының ашуылуымен басталды. Тұсаукесер барысында қонақтар ұлы ойшылға арналған мұражай экспозицияларымен танысты, оның шығармалары қойылған көрмені, Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасына, Абай мен Алаш қозғалысының қайраткерлеріне, сирек кездесетін және құнды кітаптар қорына арналған сандық залды аралап көрді.

 Ендігі кезекте Әл-Фараби мерейтойы аясында Парижде, Нұр-сұлтан қаласында және Түркістан облысында, ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде ғылыми симпозиумдар өткізу жоспарланған. Осы арқылы жастар жылынан кейінгі жыл жастарды ғылымға шабыттандыратын жылға айналмақ.


Тұрдыбек Құрметқан

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың, Ақпараттық жүйелер кафедрасының оқытушысы



 

Jebeu.kz

 

 

 

 

 


Пікір жазу
  • А. МАМИН: Президенттің алға қойған барлық міндеттері нақты орындалуы тиіс
    Алматы қаласының 2019 жылы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші қалай болды